Корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Пакпен әңгіме
Бүгінде бес халықтық реформаны тайға таңба басқандай белгілеп, іске асыра бастаған қазақстандықтардың тәжірибесіне терең үңіле бастаған өзге елдер аз емес. Ең бір артықшылығы өз атауынан көрініп тұрғанындай, оның халық үшін жасалғаны. Осы реформаның төртіншісінде мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелетіні атап көрсетілген. Өйткені, қазақтар жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барлық ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Мұндай міндет Қазақстандағы өзге этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа деген шексіз құрметі мен алғыс сезімі одан әрі арта түскен жағдайда ғана ойдағыдай іске аспақ. Батыс Қазақстан облысындағы корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим ПАКПЕН тілшіміздің өзара әңгімесі осындай бағытта өрбіді.
– Максим Валериевич, сіз осыдан үш жыл бұрын Орал қаласында «Қазақ халқына мың алғыс» атты монументтің тұрғызылуына бастамашы бола білдіңіз. Осы істің қалай басталғанын білсек пе деп едік.
– Қазақ халқында мен істедім дегенше, мың істеді десеңші деген ұғым мен түсінікке төркіндес келетін нақыл сөз бар екен. Осы қисынға сайсақ, монументті мен істедім деуге аузым бармас еді. Иә, 2012 жылы тағдырдың теперіші және сонау 1937 жылдың ызғарымен корейлердің қазақ топырағына табандары тигендеріне 75 жыл толған еді. Осы датаға байланысты Қазақстанды мекендейтін барлық корейлердің атынан айрықша монумент қою жөнінде ұйғарым жасалды. Бұл қадам бүкілқазақстандық корейлер мәдени орталығы басқармасы мүшелерінің ортақ шешіміне сәйкес жалпы жиналыста қабылданды. Осыдан-ақ бұл тоқтам Қазақстандағы барлық корей этносына қатысы бар екенін аңғарып отырған шығарсыз.
– Әрине, аңғарамын. Дегенмен, граниттен соғылған, балталасаң да бұзыла қоймайтын, үлкен талғаммен әдіптелген сәулет пен қолөнер туындысының бой түзеуіне басты себепкер неде екенін сәл тереңдетіп айтып бермес пе екенсіз?
– Неге айтпасқа?! Репрессия жылдары біздің ұлттың жүздеген-мыңдаған өкілдері қазақ жерінен пана тапты. Бақытқа кенелді. Төл тұрғындар бас сауғалап келген корейлермен бүтін құрттарын бөліп, жарты құрттарын жарып жеді. Ең басты айтайын дегенім, қазақтар оларға өздерінің алақаны мен жүрегінің жылуын қатар дарыта білді. Осы жылу 1937-нің ызғарынан дірдектеп келген біздің аға ұрпақ өкілдерінің жүректеріне жетіп жатты. Осы жылуды олар өте жақсы сезінді. Монументте қос алақан жүректі көкке қарай аялай көтеріп тұрған кезі бейнеленуінің басты сыры да осында. Егер, сол бір сүргінде қазақтардың шектен тыс кеңпейілділігі мен толеранттылығына тап болмаған жағдайда Қазақстанға еріксіз аударылған корейлердің тағдыры немен аяқталатынын болжап айтудың өзі қиын. Сірә, қиындыққа төтеп бере алмай дәм-тұздары таусылар еді деген ой да басым түсе береді.
Міне, қазақстандық корейлердің атынан «Қазақ халқына мың алғыс» атты монумент орнатылуының басты сыры мен мәнісі осында. Бүгінде оның көшірмесі граваритті тәсіл бойынша республиканың ұлттық мұражайына қойылған. Бұл еңбек мұндағы Қазақстан халқы Ассамблеясы галереясындағы құнды жәдігерлер қатарын толықтырып тұрғанын лайықты мақтаныш ете аламыз.
Бұған қосарым, бүгінгі қазақстандық қоғам жағдайында да мемлекеттің байырғы тұрғындары – қазақтар өзге ұлт өкілдеріне ұдайы қамқор көзбен қарап, оларға қара ағаштай пана, бәйтеректей сая болып келеді. Елдегі тұрақтылық пен бірліктің сақталуында да – қазақтар басты рөл атқарады деген ойдамын.
– Сіздің ел-жұртқа тигізіп жүрген жеке басыңыздың өнегесі, пайдасы мен шапағаты және меценаттық қырыңыз жөнінде де естіп қалып жүреміз. Бұған не дейсіз?
– Егер еліміздің әр азаматы өзі туып-өскен өңір мен тұтастай мемлекетіміздің одан әрі дамуына, оның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендей түсуіне өз үлесін қосуды тікелей парызы санаса – бұл баға жетпес адами құндылық. Бұл жөнінде Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-сессиясында да арнайы атап көрсеткен еді. Әрине, мұндағы негізгі ой Қазақстан халқы Ассамблеясы мен республикадағы этномәдени бірлестіктер мүшелеріне қатысты айтылғанымен, бұл бәрібір республиканың әр азаматына қатысты деп білемін. Тікелей өз басыма қатысты алғанда да айтар түйінім осы. Мүмкіндігі туып, шағын және орта бизнестен тапқан пайдаң артылып жатса, ел-жұртқа көмектесіп тұрғанға не жетсін!
– Максим Валериевич, сіз қазақстандық біртектілік ұғымын қалай түсінер едіңіз?
– Қазақстан Конституциясына сәйкес елдің барлық азаматының құқығы тең. Бұл арада нәсілдік, этностық және діни ерекшеліктер ешқандай рөл ойнай алмайды. Осылайша құқықтың теңдігіне кепілдік арқылы біз тұрақтылық пен келісім моделін құра аламыз. Егер әрбір қазақстандық жауапкершілік жүгін бірге көтеру қажеттілігін сезіне алса, мұның өзі өзіңіз айтқандай, қазақстандық біртектілікке бастай алатын жолдың басы бола алады деген ойдамын. Мұндай жауапкершілік сезімі қазіргі күні қазақстандықтардың бойында қалыптасып келе жатқаны да айқын байқалады. «Мәңгілік Ел» идеясының арқауында да осындай өрелі ой, терең пайым, түбірлі түсінік тұрғандай көрінеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.