06 Наурыз, 2015

Су тасқынына дайындық басталды

298 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
УралАқжайық өңірі – сулы да нулы аймақтардың бірі. Судың мол­дығы шаруашылыққа жақсы болғанымен, кейде бұдан да зиян шегіп жататын кездеріміз болады. Облыс әкімдігі жылдағыша биыл да су тасқынының алдын алу шараларын қолға алды. Жақында облыс әкімдігі мен төтенше жағ­дайлар департаментінің ұйым­дастыруымен өткен төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссияның отырысында осы мәселе қызу талқыланды. Онлайн режімінде өткен бұл жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары және аудан әкімдері, сала мамандары қатысты. Жиынға төрағалық жасаған облыс әкімі былтыр барлық жау­ап­ты қызметкерлер мен шаруа қожалықтарының, жалпы халық­тың бірігіп жұмыстануының нәтижесінде өңірімізде қауіпті кезеңнің қалыпты өткенін жеткізіп, биыл да апатты жағдайдан аман өту үшін барынша тыңғылықты дайындалу қажеттігін айтты. Облыстық төтенше жағдайлар депар­таментінің басшысы Марат Күлдіков су тасқынының алдын алу бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, жиналғандарды төтенше жағдайлардың алдын алу жос­парымен таныстырды. Оның сөзінше, өткен жылы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша облыс көлемінде жүзден астам отырыс өткізіліп, белгіленген шаралар тыңғылықты орындалды. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алуға бөлінген қаражат жоспарға сәйкес игерілді. Бұдан соң облыстық төтен­ше жағдайлар департаменті басшы­сының орынбасары Бержан Омаров сөйлеп, су тасқынына дайын­дық жұмысы жөнінде әңгімеледі. Оның сөзінше, қазіргі таңда облыс аумағында су тасқыны кезінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүргізілуде. Су тасқынын болдырмау үшін қазіргі уақытта қала көшелері мен елді мекендер қардан тазартылуда. Облыс бойынша су тасқыны кезеңіне 76 құрылым, 1746 жеке құрам және 531 техника, 37 жүзу құралдары, 95 дана мотопомпа дайында­луда. Бұған қоса, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелерімен 6 ұтқыр топ құрылмақ. Олардың әрқайсысының құрамында 20 бірлік шамасында техника мен жүзу құралдары, 100-ге жуық же­ке құрам болады. Күш құралдарының дайын­дығы «Көктем-2015» РКШЖ барысында тек­серілмек. Жалпы, облыстың төтенше резер­віне 463,0 млн. теңге қарастырылған. Су тас­қыны шарасына қажетті материалдық және техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында барлығы 79 гидротехникалық құрылыс нысаны, соның ішінде 52 су қоймасы бар екенін айтқан Бержан Құмарұлы солардың төр­теуіне күрделі жөндеу жұмыс­тарының қажет екенін жеткізді. Бүгінде «Қазсушар» РМК БҚ филиалымен су тасқынын апатсыз өткізуге байланыс­ты кешенді шаралар жүргізілуде. Бұл ретте Жаңақала, Қазталов, Ақжайық, Жәнібек аудандары мен Орал қаласының аумағында арықтарды тазалау, бөгеттерді бекіту, су тас­қынына қарсы жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды атқару үшін бар­лығы 22 267,04 мың теңге жұм­салды. Облыстың климаттық жағ­дай­ына байланысты арықтар желі­сін, су өткізу құбырларын таза­лау наурыз айының екінші-үшін­ші он күндігінде басталады. Су өткізу құбырларының саны рес­публикалық маңыздағы жолдарда – 439, облыстық және аудандық маңыздағы жолдарда – 1142. Көктемгі су тасқыны мен су басу қаупі ірі трансшекаралас Жайық, Шаған, Қараөзен және Сары­өзендерде тек біздің ел жағы­нан ғана емес, сонымен қатар, Ресей Федерациясы аумағында орналасқан су қоймаларымен және судың жіберілуіне тәуелді болады. Мысалға, Сарыөзен суының көтерілуі еріген қар суы­мен ғана емес, сонымен қатар, Ресей жағынан Варфоломеев су қоймасынан жіберілген суға да байланысты. Су тасқыны кезінде едәуір қауіп төндіретіндер де осы ірі траншекаралас өзендер. Сондықтан, біз «ҚазСуШар» РМК филиалымен бірге Ресейдің көршілес облыстағы әріптестермен өзара әрекет ету жоспарына сәйкес байланыста болып, су тасқыны бойынша болжамды ақпараттарды жиі сұратып отырмыз. Наурыз айынан соңғы он күндігінен бас­тап коммуналдық меншіктегі су қоймаларына тәуліктік бақылау ұйымдастырылмақ. Аса маңызды нысандарда, яғни республикалық меншіктегі су қоймаларында арнайы бекеттер жағдайды бақылауда ұстайды. Еріген қар суын шығаруға арнайы бригадалар ұйым­дастырылады, қысылтаяң жағдайда тұр­ғындарды эвакуациялау маршруты анықталды. Облыстың су тасқыны қаупі бар аудандар мен облыс орталығында барлығы 3500 адамға арналған 25 эвакуациялық бекет жасақталуда, деген Бержан Құмарұлы 10 нау­рыздан бастап су тасқынын апатсыз өткізуге арналған күштер мен құралдардың толық дайындыққа келтірілетінін жеткізді. Оның сөзінше, ТЖ қаупі төнген жағдайда тұрғындарға СМС хабарлама жолданбақ. Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев сөйлеп, су тасқынына дайындық жөнінде баяндады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта су астында қалу қаупі бар шағынаудандарға тексеру жұ­мыс­тары жүргізіліп, мұндай аймақтар қардан тазартылуда. Тұрғындарға апатты жағдай ке­зін­де қандай іс-қимыл жасау керек­тігі жөнінде жадынамалар таратылып, оларға күрделі жағдай туындай қалса, уақытша көшірілу тәртібі түсіндірілді. Қала маңындағы саяжайларда 9 мыңдай адам қоныстанған. Су тасқыны әсерінен қауіп төнген жағдайда оларды уақытша орналастыру үшін №5, 10, 12, 14, 26 орта мектептер мен Деркөлдегі мәдениет үйінен және қаладағы «Саяхат», «Орал» қонақүйлерінен орын бөлу жөнінде келісілді. Су қаупінің алдын алуға қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті мөлшерде. Осы жерде Нұрлан Асқарұлы адамдарды апаттан аман сақтау үшін тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін берерде оларға орынды келмейтін қауіпсіз жерден берген жөн деген пікірін жеткізді. Ол, сондай-ақ, қаладағы мейрамхана, дәмхана қожайындарының жауапсыздығынан қала көшелерін­дегі көптеген арықтардың бітеліп қалғанын айтып, қала әкімдігінің өкіліне осы жағдайды қалпына келтіру жүктелді. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі жиналғандарға барлық жағдайға дайын отыруды тапсырды. Айша ӨТЕБӘЛІ, журналист. Батыс Қазақстан облысы.