20 Мамыр, 2015

Күн тәртібінде – «Жаңа Жібек жолын» дамыту жайы

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

22 мамырда Астанадағы эконо­ми­калық форум аясында «Жаңа Жібек жолы» 3-ші халықаралық көлік­тік-ло­гис­ти­калық бизнес-форумы өткізіледі.

Форумға 200 теміржол әкімшіліктері мен халықаралық көліктік-логистикалық компаниялардың өкілдері қатысады.

Онда халықаралық көліктік дәліздерді дамытудағы мемлекетаралық серіктестіктің жайлары, Транскаспий халықаралық көлік бағдары, Еуразиялық құрлықта көліктік-логистикалық шешімдерді жүзеге асыру жайы қаралады.

Форум барысында «Жаңа Жібек жолын» дамыту барысы талқыланады. Оған қатысушылар халықаралық тасымалды тұрақты жасақтау, Азия мен Еуропа арасындағы контейнерлік сервисті ықпалдастыру, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы бизнестің рөлін көтеру жайын сөз етеді.

Аталмыш көліктік-логистикалық форум Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» Жолдауындағы тапсырмаларды табысты жүзеге асырудың қадамдарын қарап, оны әлемдік деңгейге көтеруді көздейді.

«Қазақстан өзінің тарихи рөлін қалпына келтіріп, Орталық Азия өңіріндегі транзиттік және ірі іскерлік хабына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналуы тиіс. Ұсынылып отырған «Жаңа Жібек жолы» жобасы бәсекелестікке сай төрт тәртіпті: жылдамдық, сервис, құны, сақталуы мен тұрақтылығын жүзеге асырады», – деп атап өткен еді Президент Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті отырысында.

Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қазақстанның жаһандық инфрақұрылымдық ықпалдасуын қамтамасыз ету үшін Еуразия құрлығындағы тасымалдау жүйесін жасақтау жобаларын жүзеге асыруды бастады, деп хабарлады «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың баспасөз қызметі.