06 Наурыз, 2015

Демеуші

577 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Нурберген ДаулетовЕл ішінде кәсіпкер көбейді. Олардың әрқайсысы әр саладан әртүрлі табыс табады. Ара­сында елдің өнерін қолдауға қалтасынан қаржы шығаратыны некен-саяқ. Десек те, жыл сайын суретшілерді жаңа туындылар жасауға ынталандыратын кә­сіпкердің бірі – Нұрберген Дәу­ле­тов. Оның қомақты табыс түсіретін зауыты да, цехы да жоқ. Нұрбергеннің негізгі кәсібі – «Ақ желкен» шығармашылық орталығы арқылы құралады. Сол орталықта қолөнер шеберлерінің көрмесін жиі өткізеді. Қолөнер шеберлерінің туындыларын насихаттайтын «Алтын қайық» атты газет шығарады. Әрине, бұдан қомақты табыс түсіру мүмкін бола қоймас. Дегенмен, ол 2011 жылдан бері қолөнер шеберлерінің арасынан таңдалған ең үздік туындыға «Алтын қайық» сыйлығын беріп келеді. Былтыр бір топ әріптестері арасынан үздік туындысымен дараланған батысқазақстандық Ерғали Бекешовке «Алтын қайық» статуэткасымен бірге 1 миллион теңге қаржылай сыйақы берді. «Алтын қайық» аталымының бас жүлдесі қайық үстіндегі қыз бейнеленген алтын статуэтка. Оның салмағы – 976 грамды құрайды және 24 карат таза алтынмен  жалатылған. Осы стату­этканың идеясы «Жерұйық» мәде­ниет орталығы» қоғамдық қорының директоры Нұрберген Дәулетов пен өнертанушы Нұрлан Бермағамбеттің ортақ пікірінен туындапты. Статуэтканың белгілі мүсінші Серік Мәтениязовтың қолынан шыққан. Нұрбергеннің айтуынша, «Алтын қайық» сыйлы­ғын  берудегі басты мақсат – бейнелеу өнері мен қолөнер шеберлерінің шеберлігін арттыру. Өйткені, «Тәуелсіз еліміздің тарихы мен  мәдениетін әлемдік деңгейде танытуға лайықты үлес қосатындардың бірі – суретшілер мен қолөнер шеберлері. Демек, оларды үздік туындылар жасауға ынталандыруымыз қажет қой», дейді Нұрберген Дәулетов. Ұлттық өнердің жанашыры­на айналған Нұрберген Дәулетов жақында тағы да  бір топ суретшілер мен қолөнер шеберінің басын қосып, «Алтын қайық» жүлдесін тапсыру рәсімін өткізді. Осы шараға орай қалтасынан 1 миллион теңге шығарып, атыраулық Әділқайыр Жантасовқа «Үздік кескіндемеші», батысқазақстандық Асхат Әбдешовке «Үздік графика», батысқазақстандық Төлепберген Сарманбековке «Үздік зергерлік бұйым», батысқазақстандық Ерғали Бекешовке «Үздік мүсін», атыраулық Нұрсұлтан Қалиевқа «Үздік қолөнер» аталымына, сонымен бірге, «Жыл жаңалығы» жүлдесіне ие болған Әділқайыр Жантасовқа арнайы диплом мен әрқайсысына 120 000 теңгенің   сертификатын табыстады. Ал бас жүлде – «Алтын қайық»   статуэтка мен 280 000 теңгелік қаржылай сыйақыға батысқазақстандық зергер Төлепберген  Сарманбеков лайық деп табылды. Ол бұл кон­курсқа алтын жалатылған сәуке­лені ұсынған екен. «Мен бұған дейін осы конкурсқа екі рет қатысқан едім. Енді, міне, үшін­ші жылы «Алтын қайық» жүлде­сін алдым. Еңбегім жанды», деп өз қуанышымен бөлісті зергер Т.Сарманбеков. Нұрберген Дәулетовтің өнерді қолдауы мұнымен шектелмейді. Бұдан үш жылдай  бұрын «Сарайшықтан Астанаға дейін» деп аталатын шара өткізуге мұрындық болды. Сол шара аясында Атыраудағы жеті ауданнан 140-қа жуық қолөнер шеберлерінің бұйымдары жиналған еді. Сол шеберлердің қазақтың күнделікті тұрмысына кеңінен қолданылып келген текемет, алаша, түс киіз, қамшы, домбыра секілді ұлттық бұйымдарының жасалу жолдарына көңіл аударылды. Ел ішіндегі қолөнер шеберлерінің бұйымдары облыс орталығында өткізілген көрмеде таныстырылды. Енді сол қолөнер шеберлерінің  қолынан шыққан ұлттық  бұйымдар туралы арнайы кітап дайындалып жатыр. – Біз ұлттық қолөнеріміздің жоғалып кетпеуін, кейінгі ұрпаққа жетуін қалаймыз. Әсіресе, бүгін­гі жаһандану дәуірінде ұлт­тық  бұйымдарымызды тек мұра­жай­лардан көрмей, күнделік­ті тұрмы­сымызда кеңінен қолдануы­мыз қа­жет, – дейді Нұрберген Дәу­летов. – Әрине, ол үшін жас­тар­дың ара­сында ұлттық бұйым­дары­мыздың құндылығы жөнінде кеңі­нен насихаттауды көздеп отырмыз. Оның осы мақсатта көздеген  жобаларының кейбіріне тоқталар болсақ, биыл Атырауда  қазақтың ұлттық бұйымдарын жасайтын қолөнер шеберлерінің  шебер­лік сыныбын өткізуді ойлас­ты­рыпты. Мәселен, Аман Мұқа­жа­нов бастаған зергерлер  зер­гер­лік бұйымдарды, Жолау­шы Тұр­дығұлов домбыраны жасаудың, ал Ұлболсын Дәуленова германиялық технологиямен текемет басудың қыр-сырына қанықтырмақ. Осының бәріне бабалардан мирас болған  ұлттық өнеріміздің жоғалмауын, сөйтіп, бүгінгі дәуір ұрпағының құрметін оятуды армандайтын Нұрберген Дәулетов демеушілік жасағалы отыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.