02 Шілде, 2015

Кәсіпкер әйелдер қатары көбейіп келеді

540 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
55-2Кеше елордада Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің I конгресі өтті. Іс-шара барысында бірінші сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ондағы қаты­су­шыларды аталған кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі отырысының ашылуымен құт­тықтай отырып, таяуда ғана Қазақстан халқының тәуел­сіздік тарихында айтулы белеске жет­кендігін ерекше атап өтті. «Еліміз ұзақ жылдарға созылған келіс­сөздерден кейін Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев осы мәрте­белі ұйымға кіру жөніндегі келіс­сөздердің аяқталғанына бай­ла­нысты халыққа жасаған үн­деуін­де бұл нәтижеге жету үшін еліміз 19 жыл табанды түрде жұ­мыс жүр­гіз­гендігін айтты. Шын мәнінде, ел өміріндегі өте жауапты кезең. Өйткені, Елбасы айтқандай, бүгінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі», деген Г.Әбдіқалықова сондықтан да ДСҰ аясында «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының отан­дық кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға, қабілетін шыңдауға сөзсіз жаңаша серпін беретіндігіне тоқталды. Шын мәнінде Гүлшара Нау­шақызы айтып өткендей, Ел­басының Қазақстанның Дүние­жү­зілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердің аяқталғаны туралы ресми хабарлай отырып, бұл оқиға – біз үшін тарихи сәт, деген болатын. Еліміз ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болды. Сол себепті ортақ мүддеге бағытталған, ел экономикасын дамытуда әйелдер де күш жұмылдыруы қажет. Бүгінгі таңда әйелдер кәсіп­керлігі маңайындағы өзекті мә­селелерді шешу барысында оңтайлы шешімдер мен нәти­желі қарым-қатынас жасау жолында мемлекет пен бизнес-қауымдастықтың әлеуетін арттыру маңызды болып табылады. Бұл тұрғыда бізде жақсы ресурстар бар, деген Мемлекеттік хатшы қай қоғамда болмасын, әйелдің орны ерекше екендігіне назар аударды. Сонымен қатар, Елбасы ұсын­ған 5 институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «Ұлт жос­пары – 100 нақты қадамды» орындауға республикамыздың әйелдер қауымы белсене атсалы­сады деген сенімін білдіре отырып, осы тұста Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жө­ніндегі ұлттық комиссия нәзік­жандыларды еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық өмірінің барлық салаларына барынша тартуды мақсат етіп қоятындығы атап өтілді. Олардың ел үшін қызмет ете жүріп, өздерін жан-жақты дамытуға, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде мол мүмкіндіктерге ие екендігін айтты. Мемлекеттік хатшы өз ре­тімен нақтылап бергеніндей, бұл жиынның барысында кеңес стра­тегиясы талқыланып, он­дағы басымдыққа алынып отырған нақты тапсырмалар мен жұ­мыстың бағыттары, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания­лар ара­сындағы әрекеттестік тетіктері талқы­ланғалы отыр­ғандығы мәлім болды. Мем­лекетімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған ыңғайлы да оң бағыттағы жағдайлардың жасалынып отырғандығы көлденең тартылды. «Елбасының V әйелдер форумындағы тапсырмасына сәйкес, 2009-2015 жылдарға арналған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы жасалынған болатын. Оның аясында кәсіп­кер әйелдерді қолдаудың әдіс-тәсіл­дері уақыт санап дамып келеді», деген Гүлшара Наушақызы әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тер­бететінін айтып өтті. Бұл ретте өткен жылы Әлемдік экономикалық форумда гендерлік теңдік бойынша жаһандық рейтингте біздің еліміз 43-орынды иеленгендігі айтылды. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкер әйелдердің үлесін арттыру бойынша нақты ұсынымдар әзірлегендігі белгілі болды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда еліміз бойынша орта есеппен шағын және орта бизнес субъектілерінің 41,5 пайызына әйелдер жетекшілік етіп отырғандығы, ал 1086,5 мың жеке кәсіпкердің ішінде 542,9 мың әйел азаматша бар екен­дігі атап өтілді. Өткен жылы әйел­дер 794,5 мың жұмыс орнын қам­тамасыз етіп, бұл шағын және орта бизнес секторындағы бар­­лық жұмыс орнының 30%-ын құрайтынын айтты. Осының бар­лығы дерлік әйелдер бизнесін одан әрі дамытуда және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабі­леттілігін арттыруда қолданылып отырған жүйелі шаралардың нәтижесі екендігіне екпін түсірілді. Қостанай мен Қарағанды облыстарындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 48 пайызын әйелдер басқарып отырса, сегіз облыста және Астана мен Алматы қалаларында әйел кәсіпкерлердің саны ерлерге қарағанда басым түскен. Мемлекеттік хатшы «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының Іскер әйелдер кеңесіне әйел бизнесін жоғары деңгейде қолдауға кеңес бере отырып,  осы орайда кәсіпкерліктің әйелдерге жақын түріне, жеңіл, азық-түлік өнеркәсібі, туризм секілді сала­ларға басымдық беруді ұсынды. Сондай-ақ, өңірлік деңгейде әйелдер бизнесінің мектептерін құру қажеттігін айтты. Келесі кезекте сөз алған Іскер әйелдер Кеңесінің төрайымы Ләззәт Рамазанова ағымдағы жылы еліміздің барлық облыс­тары мен Астана, Алматы қала­ларында іскер әйелдер кеңестері құрылғанын мәлімдеді. Бұл орайда аталған бизнеске бейім нәзікжандылардың аты-жөн­дері мен өмірлік ұстанымдары тура­лы ақпарат беретін бейнеролик телеэкраннан көрініс тапты. Сондай-ақ, ол әйелдердің биз­нес-үдерістерге және «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының бастамаларын жүзеге асыруға белсенді түрде жұмыл­дырылатынын айтты. Мемлекеттік хатшы Іскер әйелдер кеңесінің алдындағы бірқатар басым міндеттер туралы әңгіме қозғады. Олардың ішінде кәсіпкерлік қызметтің әйелдерге тән дәстүрлерін қолдау, өңірлік деңгейде әйелдер кәсіпкерлігі мектептерін жаппай құру, әйел­дер бизнесін дамытуға көрсетіліп отырған мемлекеттік қызметтерге тұрақты түрде мониторинг жүр­гізу, бизнестегі әйелдер көшбас­шылығын ынталандыру секілді нақты тапсырмалар бар. Жиынға қатысушылар кәсіп­кер әйелдердің іскерлік әріптес­тігін республикалық және өңірлік деңгейде одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Өңірлерде жаңа­дан құрылған Іскер әйелдер кеңес­терінің өкілдері әр өңірге тән мәселелер жайында айтып, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын білдірді. Соның ішінде еңбекпен қамту, бизнестің әлеуметтік жауап­­­кер­шілігіне, отбасылық-демо­гра­­фиялық саясатқа қатысты ой­ларын ортаға салды. Осы орайда кеңеске мүше бірқатар әйелдер сөз сөйлеп, ұсыныс­тарын ортаға салды және алдағы жоспарларымен таныс­тырды. Шын мәнінде қоғамда әйелдің рөлі уақыт санап артып келе жатқандығы және бұл бел­сенділіктің жоғары деңгейде қол­дауға ие болып отырғандығы, сондай-ақ, техника мен көлік түрлерін меңгеруде нәзікжан­дылардың ерекше алға шығып жатқандығы туралы сөз болды. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдердің іскерлігі мен белсенділігін ұдайы назарға алып, қолдау білдіріп отыратындығына алғыс айтылды. I Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша елімізде әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамыту жолында атқаратын кеңестің стратегиясы мен негізгі бағыттары белгіленді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».