Қызылжар өңірінде шығарылған жаңа комбайндарды сынақтан өткізу басталды
Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен Аққайың ауданы «Солтүстік Қазақстан тәжірибе шаруашылығы» ЖШС базасында орақ науқанына қатысты барлық шараларды қарастыруға арналған «Алқап күні» семинар-кеңесі өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров, А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, аумақтық және облыстық ведомстволардың, аумақтық инспекциялардың, «ҚазАгро» АҚ филиалдарының, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің, астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары, ғалымдар қатысты.
Алқалы басқосу басталар алдында қатысушылар «Солтүстік Қазақстан тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің тәжірибе алқаптарында болып, бастауыш тұқым шаруашылығы бөлімінің өнімдерімен танысты. Ерік Хамзаұлы Петропавл қаласындағы «КазТехМаш» ЖШС базасында шығарылып жатқан «Sampo Asia» комбайнын тізгіндеп, масағы кере-қарыс бидай алқабына шалғы түсірді. Соңғы рет 1978 жылы СК- 5 комбайнында жұмыс істеген едім. Екі мәрте астық бастыратын тетігі бар, жоғары жылдамдықта сабан үгітетін, бункеріне 8 тонна астық сиятын заманауи техниканың артықшылығы бірден байқалды, деді облыс әкімі қанағаттанғандық сезіммен.
Қоңыр күзге дейін оның 50 бірлігін құрастыру көзделіп отыр. Ауылшаруашылық техникалары мен мал шаруашылығы жетістіктері көрмесінде қостанайлық «ESSIL-740», «ESSIL-760», көкшетаулық «Vector» комбайндары мен шетелдік техникалар ұсынылды. Тайынша ауданындағы «Алабота» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС-нің 1245 килолық 5 жасар «герефорд», Мамлют ауданындағы «Қызыләскер» ЖШС-нің қалмақ бұқаларына, «М.Жұмабаев ауданындағы «ЖНВ» ЖШС-нің 560 килолық белоруссиялық «лимузиніне», Аққайың ауданындағы «Дайындық» ЖШС-нің ирландиялық асылтұқымды мініс жылқысына және тағы басқа да қара малдардың «элита-рекорд» тұқымдарына қызығушылар көп болды.
Семинар-кеңесті ашқан Е.Сұлтанов жиынның маңыздылығын атап өтті. Облыс ауа райына тәуелді өлкеде орналасқандықтан, күз көбіне құбылмалы келетіндіктен, әрбір ашық күнді барынша тиімді пайдаланудың, орақ науқанын ұзаққа созбаудың маңызы зор. Оны жылдағы тәжірибе анық байқатып жүр. Үкіметтің жан-жақты қолдауы арқасында өсімдікті қорғау шараларына, жанармай сатып алуға, машина-трактор паркін жаңалауға қомақты қаражат бөлінді. Алдағы басты міндет 15 центнерлік межені сақтай отырып, 6 миллион тонна астық жинау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады. Жақын және алыс шетелдерге 2 миллион тонна астық, оның ішінде, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдар экспортталатын болады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың баяндауына қарағанда, 3,2 миллион гектар дәнді, 470 мың гектар майлы дақылдар себіліп, шығымдылық көңіл қуантады. Жыл басынан бері 577 техника сатып алынды. Астық ору науқанына 9 мыңға жуық комбайн қатысады деп күтілсе, үштен бірі – жоғары өнімді техникалар. Күзгі дала жұмыстарына 73 мың тонна жанармай қажет болса, 91 пайыз қамтылған. 53 астық қабылдау кәсіпорындарының жалпы сыйымдылығы 3,4 миллион тоннаны құрайды. Бұған агроқұрылымдар иелігіндегі 3,1 миллион тоннаға жетеғабыл астық қоймаларын, жуық арада 191 мың тонналық 9 астық сақтау кәсіпорны пайдалануға берілетінін қоссақ, қамбаларға құйылған астықтың сапасы жоғары болады деген сөз. Жауапты науқан қызған кезде тәуліктік қуаттылығы 191 мың тонна болатын 298 астықкептіргіш толық іске қосылады. Баяндамашы орақ науқанын 35-40 жұмыс күні ішінде толық аяқтау, бірінші кезекте 480 мың тонна дәнді және майлы дақылдар тұқымын құйып алу талабына ерекше екпін түсірді. Еңбекке ақы төлеу және басқа да материалдық ынталандыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бөліп айтылды. Жасыратыны жоқ, экономиканың басқа салаларына қарағанда, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайыз төмен. 65,4 мың теңге төңірегінде ғана. Жылдағы тәжірибе бойынша норманы орындаған комбайншылардың күндік табысы 16-24 мың теңгеден айналуы тиіс. Сонда бір маусымда 435-653 мың теңге еңбекақыға қол жеткізе алады.
А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев дәнді және майлы дақылдарды жинау мен топырақты күзде өңдеу технологияларының өзіндік ерекшеліктеріне нақты мысалдар келтірсе, «Тайынша-Астық» ЖШС директоры Анатолий Рафальский, Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралинов егін орағына дайындық жайын сөз етті. Гидрометрология орталығының директоры Қымбат Мерғалимова қыркүйек айының ауа райы болжамын алға тартып, онша қуанта қоймады. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров ауыл шаруашылығын қолдауға қажетті жағдайлар жасалып жатқандығын айта келіп, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы астық сатып алу бағасы өткен жылғы деңгейден төмендемейтіндігін мәлімдеді. Ерік Хамзаұлы семинар-кеңесті қорытындылай келіп, облыс аграршыларының алдына орақ науқанын ұйымшылдықпен жүргізуді қамтамасыз ету, астық шығынына жол бермеу, сапасын төмендетпеу, дәнді дақылдардың пісу қарқынын жеделдету үшін егінге десикация қолдану сияқты нақты тапсырмалар жүктеді.
Қызылжар өңірінде бұған дейін тез пісетін сұлы, арпа секілді дақылдарға шалғы түсіп, гектар шығымдылығы 15-18 центнерден айналып жатса, енді үлкен астық үшін жаппай аттаныс басталып та кетті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»,
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.
Солтүстік Қазақстан облысы.