06 Наурыз, 2015

Жаңарып жатқан Жаңаарқа

785 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
SONY DSCОрайын тауып, ретін келтіріп, мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істелген жерде шаруа ығы келісіп, жарасып жатуы белгілі емес пе. Мұны Жаңаарқа ауданы тынысынан байқауға болар еді. Бұл аймақтың бренді ретінде танылған қымызы мен еті, майы мен құрты жұрт аңсарына айналғаны біраздан алысқа аян. Ежелден осындай игіліктің жасалуын қаз қалпында сақтап, өндірілуін ұлғайтушы өңір сондай-ақ, барлық сала тізгінін тең ұстауға ұмтылыста. Бұған байланысты нендей істер атқарылып отыр. Осы тұрғыда аудан әкімі Ғабдрахман ОМАРОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Алдымен биылғы қыстың қалай өтуіне тоқталсаңыз. Мал саны аз емес, шаруашылықтар бір-бірінен шалғай әрі ауа райы әрқилы өлке сындарлы сәтте қысылып қалған жоқ па? – Арқа жақта алты айға созылатын бұл маусымнан қай жыл­да сүрінбей өту оңайлыққа соқ­пайды. Сондықтан қашанда ерте қам­дану арқасында қиындықтан қаймықпайды. Бұрынғыға қарағанда бүгінде қандай да қақаған аяздарда мал күйін төмендетпеуге мүмкіндік баршылық. Жеткілікті жемшөп қорын дайындап, мал қорасын сайлап алу әр шаруа қожалығы үшін дағдылы әдет. Алайда, сал­ғырт-салақтықтың салдарынан сан соғушылар жоқ та емес. Оларға 1360 тонна мөлшерінде арзандатылған кебек, жем беріліп жатыр. Сөз шаруашылығымыздың негізгі буыны туралы басталған­дықтан жалпы жағдайын айтып  өткенім жөн болар. Аудан бойынша 111 мың 307 қой, 18 мың 304 ешкі, 55 мың 158 ірі қара және 43 мың 142 жылқы өсірілу үстінде. Үстінде дейтінім, өсімі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр ірі қара басының – 15, қойдың – 10, жылқының 8 пайызға артуы осыған айғақ дерек болса, түлік түрлерінің көбеюі жағынан облыстағы ең жоғары көрсеткіш екенін де атауға болады. Мал тұқымын асылдандыру , сауықтыру бағытындағы іс-шаралар басты береке көзін түлете түсері сөзсіз.  – Кейінгі кезде дүкен сөре­лерінен «Жаңаарқада жасалған» деген таңба басылған өнімдер жиірек ұшырасып жүр. Бізге дайын өнімдерді өндіруге бет­бұрыстың нышанындай көрінеді. – Көптен бері мақсат болып келген бұл істің оңтайы келе бастағаны рас. Қазір айлар, тіпті, жыл бойы дәмділігін жоғалтпай, шипалық қасиеттерін сақтайтын қымызды арнаулы шөлмектерге құйып ұсынатын « Жеңіс» ЖШС-ден бастап басқа да өндірістік буындар пайда болуда. Тұздалып, сүрленген жал-жая, қазы-қарта, шұжықты сертификат бойынша сауда орындарына түсірушілер де ұлғайып отыр. Аудан орталығындағы сүт зауытының қаймағы мен ірімшігі, сүзбесі мен женті жан-жаққа өтімді. Шөбі шұрайлы, суы бал жерде жайылып өскен малдың табиғи таза, құнарлы тағамдарына алыс-жақыннан сұраныс көп. Аймақ келешегін азық-түлік қоры арқылы кемелдендіруді ойлаймыз. Сондықтан соған тікелей ықпал ететін өңдеуші кәсіпорындар жұмысын қалыптастыруға баса көңіл бөлінумен бірге, ортақ іске инвестиция тарту үшін жағдай жаса­луда екенін еске салсам артық­тығы болмас. «Ескене», «Қайрат-2» ЖШС-де 2 мың және 3 мың басқа ар­налған мал бордақылау алаң­дарының салынуы, жандарынан ет өңдейтін цехтардың ашылмақтығы жергілікті өндірісті дамытудың бір бағыты. Жалпы, аграрлық сала мемлекет­тің нақты қолдауымен әжептәуір еңселеніп қалғанын айта аламыз. Бұл ретте мынадай екі деректі алға тартсам соның өзінен көмек-қамқорлықтың кеңдігі білінсе керек. Айталық, агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің инвестициялық салынымдар кезінде жұмсалатын шығындары бір бөлігінің орнын толтыру бойынша 100 бастан кем емес сиыры немесе 100 биесі бар 17 шаруа қожалығына 29 миллион 726 мың теңге және тауарлы сүт өндіретін фермаларға лизингке алынған техникалар құнының 50 пайызын өтерлік субсидия берілді. Осыны арқаланып, істеріне сенімі күшейген фермерлердің жұмысы ширақ. – Ғабдрахман Игілікұлы, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беруі аяқталды. Жұрт не деді? – Ел ішімен ой бөліскен, пікірін білген, талап-тілектерін тоқыған бұл әңгімелер әсері үлкен. 14 қаңтар мен 14 ақпан аралығында 2 кент пен 12 ауылдық округте 38 есептік кездесу өткізілді. 200-ге тарта ұсыныс-пікір айтылды. Оның барлығы жинақталып, сарапталып, арнайы іс-жоспарлар жасалып, орындалуы бақылауға алынды. Орындалуы туралы бәріне жазбаша түрде хабарланады. Тұжырымдай айтқанда, негізінен тұрғын үймен қамтамасыз ету, аулалар мен көшелерді абаттандыру, ауыл тазалығын сақтау, мәдениеттілігін көтеру, жылу мен су жүйелерін жөндеу, мал жайылымын кеңейту, жұмыс орындарын ашу сияқты күнделікті тұрмысқа қа­тысты мәселелер көтерілді. Солар бойынша Ескене аулында орга­никалық қалдықтарды өңдеу арқы­лы электр қуатын өндіретін қуат­тылығы 250 Квт биогаз қондыр­ғысын орнату, мал азығының берік қорын жасау үшін шаруа қожа­лық­тарының иелегіндегі бос жат­қан жерлерді жаңадан құрылған МТС көмегімен айналымға қосу, мал басын бірдейлендіруден өткі­зуді аяқтап, компьютерлік мәлі­мет­тер қорына енгізілуін 100 пайыз­ға қамтамасыз ету, Атасу кенті С.Сейфуллин көшесі бойын­дағы көпқабатты тұрғын үйлер­ді орталықтандырылған жы­лу жүйе­сіне қосу, жұмыссыздар деңгейін 4,9 пайызға дейін төмен­дету көзделеді. Ал ағымдағы сансыз шаруалар боса болмасын бір бөлек. – «Сырт көз сыншы» деген сөз бар. Жа­ңа­арқада сүйсінерлік істер басым­дығын мойындамай қала алмай­мыз. Аудан орталығының әсемдігі, сән-салтанаты мүйізі қарағайдай шаһарлардан кем емес­тігін қалай келістіріп жүрсіздер? – Мұның ешқандай сыры жоқ деуіме болады. Біздің жақтың жұрты сәнділікті жақсы көретіндей мекені, қоршаған ортасы сондайлық болуын ұнатады. Үйден бастап көшеге дейін тазалыққа үлкен-кішінің бәрі үйірсек. Жеке үйді немесе дүкенді, мейрамхананы, әйтпесе ғимаратты өз күшімен бірінен бірін асыра көріктендіре салу, айналасын жасыл желекке жайқалту, аулаларды айнадай ұстау әр тұрғынға сіңісті дағды. Меймандарымыз таңғалатындай коттедж үлгісіндегі мекенжайлар бірқатарының қаладағылардан кем еместігі барлықтың арқасы, әлбетте. Ал біздің тарапымыздан оларға тиісті бас жоспарға сәйкес жер телімдері бөлініп, инженерлік инфрақұрылымдар тартылып отыр. Содан ұшқындаған ынталылық бір жағынан Атасуымыз ғана емес, Түгіскен, Ақтүбек, Ескене, Қараағаш сияқты ауылдар да бейнесін түрлендірсе, сонымен бірге, тұрғын үй мәселесін жеңілдетуге шапағатын тигізуде. Тұрғын үй демекші, әр отбасы­ның баспаналы болуы бүгінде оншалықты күрделі мәселе емес. Аудан орталығының кең тұсынан бой көтерген «Жаңа нұр» алабында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрмысқа қолайлы бірнеше үй салынып, кезекте тұрған жеңілдік иелеріне және экономикалық тұрғыдан дамымайтын елді мекендерден көшіріліп әкелінген жұмыссыз жас отбасылар игілігіне ұсынылды. Биыл тағы 12 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан басқа Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 16 пәтерлі үй тұрғызылуға тапсырыс берілді. Ауданымыздағы өркенді өзге­рістер бірлікке, берекеге ұйыстырған Елбасы еңбегінің арқасында екені­не барша қазақ­стандықтардай жаңа­арқалықтар да ризалығы ерекше.  Әңгімелескен Айқын Несіпбай, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы.