Астанада БҰҰ Есірткі мен қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен 3 күнге созылатын өңірлік семинар өтіп жатыр. Дүние жүзінің көптеген елін толғандырған мәселені өзек еткен бұл семинарға Канада мен Италия үкіметтері қаржылай қолдау көрсетіп отыр.
“Қылмысқа қарсы күрестегі халықаралық әріптестік” атты семинардың басты мақсаты – халықаралық әріптестік негізінде аталған мәселені жан-жақты талқылап, сүзгіден өткізу. Семинарға Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан секілді мемлекеттер мен Ауғанстан және оған шекаралас елдер өкілдері қатысып, көпті алаңдатқан есірткі саудасымен және есірткі саудасы қылмысымен күрес мәселелерінің түйінін шешудің тиімді жолын қарастыруға тырысты. Австралия, Еуроодақ елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей мамандары да күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде өз ойларын тарқатты.
Бір атап өтерлігі, бұл семинар БҰҰ Есірткі мен қылмысқа қарсы күрес басқармасының 2010-2013 жылдар аралығын көздейтін Өңірлік бағдарламасы негізінде қолға алынған. Ал бұл бағдарламаның негізгі өзегі – Ауғанстан мен шекаралас елдер басындағы ауыр жағдай. Ауқымды басқосу барысында оған қатысушылар 2008 жылы Астанада және 2009 жылы Алматыда ЕҚЫҰ мен БҰҰ Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының тікелей қолдауымен ұйымдастырылған екі өңірлік бірлескен шараларда қабылданған сараптамалық ұсынымдарды негізге алып, оларды көптің талқысына салды.
Тағы бір айта кетерлігі, 3 күнге созылатын жиын аясында құқық саласында жүрген және қылмысқа қарсы күрес мәселелерін бір жүйеге келтіруді мақсат тұтқан мамандар Орталық Азия өңірінің өзгешеліктері негізінде өздерінің қылмыстық сот саласындағы ұлттық жүйелерінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік алмақ. Сондай-ақ, мұндай бастамалар ұлттық және халықаралық құқықтың әріптестік тетігін нығайтуға, Орталық Азия өңірі мен өзге де елдердегі тергеу органдары мен орталық биліктің арасындағы ақпарат алмасуды жақсартуға да сеп болмақ.
Семинар кезінде сала мамандары кезекті басқосуды келесі тоқсанда өткізіп, онда кезек күттірмейтін нақтылы мәселелерді талқы таразысына салу қажеттігін атап өтті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.