20 Мамыр, 2015

Қаламгер кейіпкері

305 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейде ойланып отырсам, ал­дыңғы толқын, біздің әкелеріміз бен аналарымыз «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет еткен» (Б.Момышұлы) екен. Олар­дың бойларындағы адалдықты, ой­ларындағы саф алтындай мөл­дірлікті қалдырған үлгілерінен айқын көруге болады. Бір ғажабы, сол ардақтыларымыз өмір бойы адалдықтан айнымай, Отанға деген сүйіспеншіліктеріне кір түсірмей, дақ салмай, дара мінездерімен үлгі бола алды. Сол қасиет қазір арамызда жүрген санаулы саңлақтарымыздың бүтін болмысынан да менмұндалап тұрады. Қандай сәтте де олар алған бағыттарынан, көңілдеріне түйген ізет пен инабаттан иненің жасуындай да айнып көрген емес. Қайта жат халықтарды көргенде жауға шабар батырдай қайраттарына мініп, ұлт тектілігін, халықтық қасиеттерді айтып: «Мына қылықтарың қазақ үшін жат, біз секілді қарттардың жүрегіне дақ түсіреді. Оны айтасың, үлгі көрсетпепті, ақыл бермепті деген айыпқа қалдырасыңдар!» деп отыратыны және бар.

egemen (21)

Мен бұл ойды неге қозғап отырмын, себебі, алтын арқау болған ондай абыздарымыз бұл күнде селеудей селдіреп қалды. Олар кейінгі ұрпаққа тарту еткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бейбіт күннің бағасын білетіндер, оның ішінде біздің халқымыз да бар, бір кісідей атап өтіп жатыр. Анау жылдары сұрапыл соғыстың қасіретін айтып, бейбіт күнді тілейтін ардақтыларымыз мол болушы еді. Олармен дидарласқанда естеліктер айтып, асыңқырап кеткен, тасыңқырап жүретін қылықтарымыздан, пен­деліктерімізден бой тартушы едік. Олар: «Тәңірім, соғыс деген бәлекет бізбен бірге кетсін, Кейінгі ұрпақ қатықсыз қара су ішсе де майдан алапатын көрмесін. Уайымсыз, қайғысыз өссе екен!» дейтін. Мен мұндай сөзді майдангер әкем Қайырбек Мән­кеұлынан қарғадайымнан естіп өстім.

Осы күндері соғыстан аман қайтқан солдаттардың ұл-қызы зейнет жасынан асып кетті. Мен де солардың бірімін. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқардым. Оның ондаған жылында мектеп директоры болдым. Қазірде оқушылардың ортасында жүрмін. Бүкіл өмірім ауылда өтіп келеді. Қарап отырсам бір кездері Жеңіс күні қарсаңында әр сынып оқушылары бір-бір ардагерді өз қамқорлықтарына алып, көмек беретін, әр кез қастарынан табылатын. Кездесулер өткізіп жататын. Енді сол майдангерлер елді мекендерде бар болса бірлі-жарым ғана қалды. Кей елді мекендерде аты мен атағы естіледі. Бұл күндері мектептердегі жүздесулерге майдангерлердің өзі емес, көзін көргендер, артында қалған ұрпақтары келіп жүр.

Әкем Қайырбек 22 жасында, яғни соғыс бастала салған 1941 жылдың күзіне қарай майданға аттаныпты. «Мұндай алапат соғыстың өрті алғашында халықты есеңгіретіп тастады. Бірақ Отанға деген әр азаматтың бойындағы рухани сілкініс қайта жігерлендіріп, азаматтар өздері соғыс шебіне сұранып жатты. Мен де солардың қатарында болдым. Күйіп тұрған Сталинград шайқасының бел ортасында жүрдім. Оқ дәрінің иісі естен тандыратын. Бар мақсатымыз қанқұйлы жаудың бетін қайтару. Қасиетті жерімізді олардың табанына таптатпау. Бұл жолда өлсек өкінбейміз деген бір сезім бойымызды кернеп тұратын. Қоғадай жапырылып қалған тұстарымыз да болды. Өмірден өткеннің бетін жауып, бір қолымызда қару, бір қолымызбен жаралы жауынгерлерді сүйреп жүретін едік. Кейде олар: «Өзіңді сақта, мені тастап кет?!» деп жалбарынатын. Көзін жәудіретіп тас­тап кету деген қасірет қой. Талай жауынгерді арқалап жүрдік», деп әкем көзіне жас алып: «Бұрынғылар «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деуші еді, рас екен. Талай ажалдан тірі қалдым, Алла сендердей ұрпақ өсірсін деп шыбын жанымды қалдырған шығар», деп алты ұл-қызына шуақ шаша қараушы еді. «Арманы биік замандастарым толас тапқан бір сәтте: «Елге тірі жетсек, тірлік етіп ұрпақ өсірсек» деуші еді. Бірақ сол боздақтар қыршынынан қиылды. Армандары өздерімен бірге кетті. Біразының аты аталғанмен жерленген жері белгісіз. Менің мойнымда сол қаруластарымның үміті бар. Артында қалған еліне жеткізуге тиістімін», деп аты-жөндері бойынша өмірден өткенше көзін көрген жауынгерлерге іздеу салды. Әр алуан басылымдарға қаруластары туралы деректі мақалалар жіберетін. Ол бірінен соң бірі жарияланып жататын. Еуропа жерінде қалған серіктері есіне түскенде ақын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар», Қа­сым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз», Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» атты өлеңдерін оқып толқитын. «Мен майданнан оралмай қалған заман­дастарымның аналарымен, әкелерімен, сүйікті жарларымен, ұрпа­­ғымен дидарласқан да: «Көрдің бе ұлын ананың, Соғыстан қайтқан сол­даттар... Көрдің бе жарын арудың, Соғыстан қайтқан солдаттар... Көрдің бе оның көкесін, Соғыстан қайтқан солдаттар», деген өлең жолдарымен олар маған сұрау салып тұрғандай болады», деп бізге аталған жыр жампоздарының кітабын қолымызға ұстатып қоюшы еді.

«Майданнан ауыр жараланып елге келсем, тылдағы жұрт та титықтап отыр екен. Күні-түні жәудіреп, күре­жолдан көз алмайды. Дегенмен, қа­зақ – өткенімен емес, бүгінімен, келе­шегімен өмір сүрген халық емес пе?! Содан болар жігерлерін жанып, қайратына қамшы басқанда, тау қопарғандай іс тындыратын. Соның арқасында соғыс зардабы тез жойылды. Ел есін тез жиды», деп отыратын әкем майданнан омырауына 4 орден, 15 медаль тағып оралыпты. Бейбіт күнде ол кісі ұжымшар басшысы, Кеген май зауытының директоры, партия, кеңес қызметтерінде болды. 83 жасында өмірден озды. 58 жыл отасқан Айнаш анам екеуі 6 бала, 19 немере тәрбиеледі. Қазір бәріміз де әке атын ардақтап, есіміне шаң қондырмай, ұрпағымызға оның үлгі-өнегесін жеткізумен келеміз.

egemen (18)

Артында қалған мұраларын қа­­­рап отырсам, майданда жазған өлең­дерінен бастап, тыныштықпен күн кешкен жылдары жазған рухани дүниелері бір шоғыр екен. Әсіресе, қаруластары туралы жазбаларындағы кейбір деректер назар аудартады. Өткен ғасырдың 20-шы, 30-шы жыл­­дарындағы ауыр кезеңдер, кол­­хоздастыру тұсындағы асыра сіл­теулер, тәлкекке түскен тағдырлар – бәрі де қолжазбаларында жан-жақты қам­тылыпты. Әкеміздің осындай зеректігін қазақ қаламгерлері, оның ішінде белгілі жазушы Ғабдол Сланов жоғары бағалап, өзінің «Домбыра күйі – Ақиық» атты кітабына кейіпкер етіп алып, өмір өткелдеріндегі өмірін келістіре баяндаған екен. Өзі сол кітапты қолынан тастамай, ондағы оқиғаларды таратып айтатын. Қанаттас жүрген замандастарын мақтан ететін. «Қа­зақ жерінің зиялы азаматтары» деген көп томдыққа өмір дерегі берілді. Алда айтқанымыздай, әкем өмірден озғанша, қазіргі ел газеті – «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Социалистік Қазақстан», «Жас Алаш» («Лениншіл жас»), Алматы облыстық «Жетісу» («Қазақстан таңы»), т.б. мерзімдік басылымдарға жазған мақалалары да молынан. Біз үшін мақтаныш болатын жағдай, әкеміз бас басылым саналатын «Егемен Қазақстанның» өңірдегі штаттан тыс тілшісі атану еді. Майданның қасіретін көріп, бейбіт күннің шуағына куә болып, еліне қалтқысыз еңбек еткен ардақтымыз қашанда ұрпағының аяулысы да ардақтысы болып қала бермек.

Бақшагүл МӘНКЕЕВА,

ұстаз.

Алматы облысы.