Кеше Астанада Қазақстан Президенті жанындағы орталық коммуникациялар кызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Алтын тобылғы» сыйлығына өтініштер қабылдау басталғанын алға тартты.
«Алтын тобылғы» әдеби шығармалар сыйлығы қазақстандық жас авторлардың шығармашылығына қамқорлық жасау мақсатында ұйымдастырылған екен. Оның бастамашысы әрі құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры болып саналады. Сонымен қатар, бұл жобаға Қазақстан Жазушылар одағы мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры серіктестік ететінін айта кетсек дейміз.
«15 жылдан бері Президент Қоры Қазақстанның талантты жастары мен жас дарындарға қолдау жасап келеді. «Алтын тобылғы» жобасы шығармашыл жастардың жолын ашып, болашақта әлемдік деңгейге көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ, мұндай іс-шаралар жастардың мемлекеттік тілге құрметін және отандық әдебиетке деген қызығушылығын оятады», дейді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұрақанов.
Әдебиет бәйгесіне кез келген 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Сыйлық 4 номинация бойынша табысталады: «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия» және «Үздік балалар әдебиеті». Осы номинациялар бойынша оқ бойы озық шыққан шығарма авторларына 1 млн. теңге сыйақы беріледі. Сондай-ақ, ұлттық бағдарлама «Мәңгілік Ел» тақырыбы бойынша жеңімпаз деп танылған автор бас жүлде үшін 1,5 млн. теңге ақшалай сыйлыққа ие болады.
«Алтын тобылғы» сыйлығы жас буын талабын ұштап қана қоймай, әдебиет әлеміне келіп қосылуына үлкен ықпал етеді. Сол себепті жобаға шын ықыласпен қолдау көрсетіп отырмын», дейді сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.
Динара ДОСПАН.