20 Мамыр, 2015

Еншілегені ерлік істер

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сан ғасырлық шежіренің куәсі Сыр өңірі – Әнуардың туған жері. Балдырған балалық шағы, базарлы күндері осында өткен. Сырдарияның толқын­да­рында ақ ша­бақтай асыр салып өскен Әнуардың қимасы да, сырласы да осы өзен, сол өзен бойында орналасқан туған мекені. Аққорған ауылы – болашақ батырдың кір жуып, кіндік кес­кен ата қонысы. Әбутәліп пен Әлиманың шаңырағында 1922 жылы дүниеге келген ұл өсе келе іске тындырымды, жалынды, мінезі бірбеткей, уәдеге берік бала болып өсті. Күрескенін алып ұратындай қайсар да қайратты жігіт әке-шешесінің ғана емес, бүкіл ауылдастарының да сүйеніші еді.

Алайда, миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке салған, әке-шешесін баласынан айырып, ананы аңыратып жесір, баланы шырылдатып жетім атандырған қанқұйлы соғыс басталғанда Әнуар түбіт мұрты енді тебіндеген 19-ға да толмаған жас жігіт-тін.

1942 жылы Әнуар әкесі Әбутәліппен бірге соғысқа аттанады. Аудан орталығында әкелі-балалы қимай-қимай қоштасты. Әбутәліп ақсақал еңбек батальонына, Әнуар болса қанды майдан жүріп жатқан батысты бетке алды.

Қарулы, тепсе темір үзетін Әнуар зеңбірек тұтқасын ұстағанға дейін талай жауынгерлік жаттығулардан өтті. Ұшаққа мініп, парашюттен секірді. Мылтық істігін пайдаланып, қоян-қолтық шайқасқа дайындалды. Өмірі көрмеген шаңғы тебуді емін-еркін меңгерді. Қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» жауынгердің тап өзі болды да шықты.

1943 жылдың 16 қарашасы күні маршал Малиновский қолбасшылық ететін ІІ Украина майданындағы 53-армиямен Старая Русса қаласына бет алды. Жас жауынгер Әнуар Әбутәліп алғашқы ұрысқа осылай кірісті.

Көп уақыт өтпей Отанды жаудан азат етуде Әнуардың да ізі сайрап жатты. Әсіресе, батырдың даңқын бүкіл елге жайған Венгриядағы шешуші 23 күндік соғыс болды.

Кеңес әскерлері Венгрияны азат етуде Тисса өзені бойына жетіп, жаудың шебін кері қайтара бастаған. Сол ұрыста жауынгер Әнуар Тисса су бөгетін дұшпан ұдайы атқылап тұрғанына қарамастан, ротаның өзеннің оң жақ жағалауына өтуін ұйымдастыруды өз қолына алады. Сөйтіп, өзеннен жалғыз өзі жүзіп, дұшпан жақта тұрған қайықты бергі жағаға алып келеді. Жалғыз қайықпен оқ астында ол арғы жағаға 47 рет қатынап, жауынгерлерді, оқ-дәрілерді және байланыс құралдарын өзеннен өткізген. Әнуар ұйқысыз, демалыссыз бір тәулік бойы жұмыс істегеннің арқасында ротада ешбір шығын болмаған.

Осылайша, кейіпкеріміз қаһармандық ерлік көрсеткендер қатарынан көрінді. Соғыста 18 жау­ды, 3 ұшақты атып түсірген Әнуардың ерлігі еш кетпеді. Оған әскери басшылықтың тапсырмасын орындауда ерекше батырлық танытқаны үшін 1945 жылдың 24 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылды. Және де І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Жеңістен соң, 1947 жылы елге оралған Әнуар батыр колхоз жұмыстарына белсене араласты. «Өзгент», «Мәдениет» колхоздарында ауылдық кеңестің төрағасы, 1967-1970 жылдары Түгіскенге қарасты Сауса бөлімшесінде егіс бригадирі болды, 1970-1983 жылдары Түгіскен массивін игеруге белсене қатысып, күріш орумен айналысты. Еңбектегі ерлігі жоғары бағаланып, 1972 жылы Ленин орденін екінші мәрте кеудесіне тақты. Бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. Батыр ерлігін туған халқы да дәріптей білді. Ер есімін ардақтап, Түгіскен ауылындағы №209 мектепті батыр есімімен атады.

Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.