14 Қазан, 2015

Бекзат

993 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Shaybani«Оқырмандарымыздың Кәмеледдин Бекзаттың кім екенін білетініне біз кәміл сенеміз. Қазақтың ілім-білім саласында бұты атқа, аузы аққа тигеніне талай заман өтті емес пе, бүгінде алаш баласы жан-жақты сауатты» – қазақ поэзиясының классигі (көзі тірілерде классиктер болмайды деген қасаң қалыптан құтылғанымыз абзал, тегінде) Есенғали Раушанов мақаласының бас жағында осылай депті. «Қазір не көп, энциклопедиялар көп, анықтамалық кітаптар көп, сізге керегі өмірбаяны болса біліп аларсыз» дегені тағы бар. Сөйтіпті де өзінің бар назарын сурет сиқырын ашуға аударыпты, сөзінің бар ажарын соған төгіпті. Бүкіл әлем Шығыс өнерінің жарық жұлдызы деп танитын ұлы суретші жайында оқырмандарымыздың білетініне күмән келтірмей-ақ қоялық, соның өзінде де ақын эссесіне әлқисса түрінде біраз өмірбаяндық деректерді қосып айтқанымыз артық та болмайтын сияқты. Өйткені, Кәмелледин Бекзат өнерінің сыр-сипатын тану үшін оның өмірінен біраз хабардарлықтың еш зияны жоқ. Аты-жөні ғылыми әдебиетте Кемал әд-Дин Бехзад деп жазылатын бұл адамның дәл туған жылы анық емес. Зерттеушілер 1455-1460 жылдардың арасы деп шамалайды. Туған жері анық – Герат. Жастай жетім қалып, белгілі хұснихатшы (каллиграф), суретші Мирек Наққаш Қорасанидің тәрбиесінде болған. Ал ол сұлтан Хұсейін Байқара сарайының кітапхана бастығы, яғни китабдары еді. Кәмелледин сол бай кітапханадан емін-еркін білім алған. Негізінде Кәмелледин Бекзаттың осындай өнер тұлғасы ретінде қалыптасуына ең үлкен ықпал жасаған, жалпы бүкіл Гератта шығармашылық ауанын орнықтырған адам – адамзат тарихындағы ұлы таланттардың бірі Әлішер Науаи. 1480-ші жылдарда сұлтан Хұсейін Байқараның кітапханасынан шыққан бірнеше манускриптті Кәмелледин Бекзатқа телиді мамандар. Ол қолжазбаларға салынған миниатюраларда Бекзаттың әрі пейзаж шебері, әрі шайқасты жанр майталманы, әрі кісіні кескіндеуді кемеліне келтіруші ретінде танылуына гуманист ақынның алдын көруінің әсері мол болғаны талассыз. 1506 жылы сұлтан қайтыс болады да, соның артынша Гератты Мұхаммед Шейбани қолы басып алады. Есенғали Раушанов эссесінің негізіне алынған атақты портрет, қазір әлемдегі ең әйгілі музейлердің бірі – Нью-Йорктегі Метрополитен музейінің даңқты экспонаты саналатын «Шайбани ханның портреті» сол тұста салынған. Одан кейін Кәмелледин Бекзат Шейбани ханға еріп, Бұқараға келеді. Шайбани ханды Севефи әулетінің негізін салушы шах Исмаил І өлтіргеннен кейін Бекзат қайтадан бас көтеріп жатқан Парсы империясының астанасы Тебризге көшеді. Бекзат өнері сол Тебризде өзінің шырқау биігіне жеткен. Даңқы да әбден дүрілдеген. Шындыққа қаншалықты жанасатынын қайдан білейік, бірақ 1514 жылы парсылар мен осман түріктері Чалдыран түбінде кескілескен шайқасқа түскенде шах Исмаил І суретші Бекзат пен хұснихатшы Шах Махмуд Нишапуриді империяның жауһар қазыналары ретінде үңгірде күзетіп ұстауға пәрмен берген деген де әңгіме бар. Әуелде Әмір Темірдің, кейіннен Севефи әулетінің сарайларында бас тарихшы міндетін атқарған Хондемир (толық аты – Гиясс-әд-Дин ибн Хумам- әд-Дин-әл-Хусейни) 1522 жылғы 24 сәуірде шах Исмаил І өз жарлығымен Бекзатты шах кітапханасының бастығы етіп тағайындағанын жазған. Бекзаттың шах Исмаил 37 жасында өмірден өтетін 1524 жылдан кейінгі шығармашылығы Севефи әулетінің келесі әміршісі шах Тахмасп І-дің билігімен байланысты. Бұл кезеңде де Бекзаттың бекзат өнері айрықша ардақталған. Оны тарихшы Будаг-муншидің мына жазбасынан да көре аламыз: «Оны (сарайға) Қорасаннан алып келді, бірнеше жыл қатарынан әміршінің жанында сұхбаттасушы болды. Ол дәйім ғибратты әңгіме айтатын. (Сонымен бірге) ол үнемі (шарапты) ұрттап қойып отыратын, бір сәт те көзешінің қолымен құйылған алкүрең шарапсыз жүрмейтін. Ол жетпіс жасқа дейін өмір сүрді, өстіп өзін жас күйінде сақтады. Шарап ішуге тыйым салынғанына қарамастан, оған ешкім тиіспейтін, өйткені ол бәріне керек еді, ал ұлы мәртебелі (яғни шах Тахмасп) зергерді таза өмір сүретін қария деп қастерледі». Интернеттен Тахмасп ішкілік ішу, апиын шегу орындарын, жезөкшелер үйлерін, жалпы көңіл көтеретін мекемелердің бәрін жабу жөніндегі жарлығын 1534 жылдың 16 қыркүйегінде, яғни суретші өмірден өтерден біржарым-екі жылдай бұрын шығарғанын оқимыз. Кәмелледин Бекзат 1535 немесе 1536 жылы Гератта дүние салған деп саналады. Бекзатты Тебризде жерленген деп жазатын тарихшылар да бар. Біз үшін бүгінгі жарияланымның ерекше құндылығы – бүкіл әлем парсының ұлы миниатюрист суретшісі деп білетін Кәмелледин Бекзаттың Иранға да, Тұранға да бірдей ортақтығын айшықты аша алуы. Ал енді авторға кезек берелік. * * * Кәмелледин Бекзат! Менің бүгінгі кейіпкерімді Иран менікі, Тұран менікі дейді. Дұрыс емес. Менің ойымша Иран да,Тұран да онікі. Кәмелледин Бекзат! Тәжікстанда атам заманнан бері Кәмелледин Бекзат атында өнер институты бар. Өзбектің өнер және дизайн институты да Бекзаттың атымен аталады. Иран оны ұлттың Бас Суретшісі деп таниды. Үндістан елі болса оның әрбір суретін өздері табынатын тас құдайынан кем көрмейді. Батыс елдері «Шығыстың Рафаэлі» деп көкке көтереді. Үнді демекші, Бекзаттың аталмыш ұлы мәдениетке қатысы туралы біз алда азды-көпті айтатын боламыз. Мен оның қай жылы, қайда туып, қай жылы, қай жерде өлгенін тізілдіріп тізбелеп уақытыңызды алмаймын. Менің айтпағыма оның түп-тұқиянының түк те қатысы жоқ. Менің айтпағым басқа. Қазір не көп, энциклопедиялар көп, анықтамалық кітаптар көп, сізге керегі өмірбаяны болса біліп аларсыз. Интернет деген атқа жеңіл құбаша ол тұр дайын. Оның үстіне, құрметлу уә ғиззатлу оқырмандарымыздың Кәмеледдин Бекзаттың кім екенін білетініне біз кәміл сенеміз. Қазақтың ілім-білім саласында бұты атқа, аузы аққа тигеніне талай заман өтті емес пе, бүгінде алаш баласы жан-жақты сауатты. Ал «сауаты жоқ білімдарларға» (ондайлар, әсіресе, соңғы жиырма жылда, ескі ақындар жырламақшы: «келеді қаулап өсіп-ау өрт секілді-ай, бұл анық екіге екі төрт секілді-ай») бұл әңгіменің түкке керегі жоқ. Бекзат салған сурет аз да емес, көп те емес. Оның сол заманда сурет салуының өзі ерлік еді ғой білген адамға. Біздің дініміздің бас кітабы «Құрани Кәрімде» «сурет салуға болмайды» деген сөз жоқ. «Сурет салуға болады» деген де сөз жоқ. Бұл өнерге тыйым-тоқтам кейін дүниеге келген хадис-шарифтерде кездеседі. Молдалар хадиске негіздеп тірі нәрсенің жансыз бейнесін салу зор күнә, егер салған жағдайда о дүниеге барғанда суретші байғұсты тұрғызып қойып «сен мына адамның не малдың суретін сызып Жаратқанға шек келтірдің, мықты екеніңді көрейін осы суреттерге жан бітірші!» деп сұрақтың астына алады екен. Әрі қарай қыл қаламшыға тозақ оты дайын тұр. Бекзат заманында бұл тыйымдар қаншалықты кемеліне келіп, қылышынан қан тамып тұрды – оны біз білмейміз. Білетініміз ол өмір сүрген Хорасан мұсылман мемлекетінің астанасы болған Герат қаласында өнер қатты дамыды. Мемлекетке 1469-1506 жылдар аралығында Хұсейін Байқара үкімдарлық етті. Ол саясаткерлігімен қатар асқан өнерпаз адам еді. Бәлкім сондықтан болар, өзінің оң қолы етіп даңқты шайыр Әлішер Науаиды ұстады, кітапхана басшысы (китабдар) мансабына Бекзатты тағайындады. Кітапхана Герат үшін білім ошағы ғана емес, тазалықтың, даналықтың ордасы болды. Бекзат қатардағы көп шенеуніктің бірі емес, «аьзои девон» немесе «аьзои давлат», яки Үкімет мүшесі еді. Хорасан мұсылман қауымы үшін де, мұсылман еместер үшін де жер жәннатына айналды. Сол замандағы Герат басшылығы туралы мынадай әңгіме бар: Бірде Хұсейін Байқара кезекті мүшәйрадан шығып келіп, досы әрі уәзірі Науаимен шахмат ойнамаққа айванға жайғасады. Малдас құра бергенде аяғы досының тізесіне тиіп кетіп дереу жинап ала қояды. «Ой, тоба, – дейді күліп, – бұл Гератта аяғыңды созсаң ақынға тиеді». «Аяғыңды жисаң да ақынға тиеді!» депті сонда Науаи. Олай дейтіні Сұлтан Байқараның өзі де талантты ақын болатын. Оған қоса «Кәләм Шарифті» басынан аяғына дейін жатқа білген хафиз еді деседі. Науаидің Мір Әлішер атанатын себебі кішкене кезінен бастап діни сауаттылығымен ерекшеленген. Ислам діні қағидаттарын жетік білген бұлар суретшілік пен молдалардың арасынан қалай жол тауып отырды – оны біз білмейміз. Оны ешкім де білмейді. Білетіндер рухани Гераттың дәл сол кездегідей шалқып-тасып өмір сүрген кезі бұрын да, кейін де болған жоқ деседі. Білетіннің бірі – «Бабырнаманың» авторы Захараддин Бабур шах. Аталмыш кітапта Хорасан билеушілері мен өнер адамдары туралы көптеген мәліметтер бар. Біз оған да тоқталмаймыз. Керек адам тауып алады. Батыс ойшылдары «әр нәрсенің де ақыры бар» дейді. Біздің қазақ дүниенің баянсыздығын ерте танып «сұм жалған» деген бір-ақ ауыз сөзбен шегелеген. Заман және бір өзгергенде кешегі керторыға мініп тұрған Темір әулетінен басынан баққұсы ұшып, көшпелі өзбектердің ханы Әбілқайыр ұрпағының тасы өрге домалай бастады. Оның немересі Мұхаммед Шайбани хан 1506 жылы Хорасанды жау­лап алып, Гератты уысында ұстады. Ол Гератты алған соң әуелі дін адамдарымен тіл табысуды ойлайды. Молдаларға ілесіп жаңа көсемнің мүбәрек қолын алушылардың арасында Кәмеледдин Бекзат жоқ еді. Ол кейін де келмеді. Арада ай өтті – келмеді, жарты жыл өтті – келмеді. Шайбани оны қозғамады, бұрынғы кітапхана басшысы мансабында қалдырып, айлық төлеп тұрды. Не істеймін десе де қолын қаққан жоқ. Бір жыл өткен соң бірде жұма намазында кездейсоқ ұшырасып қалады да: «Не болды, суретшім, Хорасанның жауыз Темір әулетінен құтылып, түркі жұртына өткеніне қапалысыз ба?» – деп сұрайды. Суретші не десін, үндемейді. Ханның жанындағы жандайшаптарының бірі «Қызылбас пен қызыл итке бәрібір, қарны тойса болғаны да» деп әжуалайды. Сонда Шайбани хан мешітті басына көтеріп ду күлген нөкерлерін сап тыйып: «Жоқ, олай емес, қызылбас ұлы халық, оның үстіне біздің мұсылман бауырымыз, біз бәріміз Ұлы Хорасан жұртымыз. Ал суретшіге келсек ол Алла тағала уа табараканың халыққа берген нығметі. Өнер ғылымды қадірлемек бізге пайғамбар алайхис саламнан қалған сүннет-дүр» – деп сұңғылалық танытады. Сол күннен бастап Бекзаттың жығылған туы қайта тіктеледі. «Сен бөрінің бөлтірігі Байқараның суретін салдың. Оны сұлтан деп аспандаттың. Ақиқатында сұлтан сүйек ол емес, менмін. Атасы Темір шойнақтың да суретін салдың. Тіпті өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп оның ақсақ аяғын да «бүтіндеп» бердің. Айтшы, суретшім, неге менің суретімді салмайсың? Сол қарақшы кәззабыңнан он сегіз мың ғаламның тұтқасын ұстаған атам Шыңғыс кем бе еді, жоқ болмаса нашамент, баччобаз балаларынан мен кеммін бе? Өтірікті қойыңыз. Бұдан былайғы жерде бұл Гератта тек шындық сөйлейтін болады. Әділдік орнайды»дейді бірде. «Ол үшін сіз бен біз бірге отырып жұмыс істеуіміз керек. Бұл жүрдім-бардым, ат үсті, атан қомында бітетін шаруа емес, алдияр!» – дейді Бекзат. Сөйтіп, жұмыс басталады. Нәтижеде бүгінде бүкіл әлем білетін, Батыс пен Шығыс бірдей мойындаған «Шайбани ханның портреті» дүниеге келеді. Енді осы портрет туралы азғана әңгіме. Жоғарыда айттық, Бекзаттан қалған шедеврлер аз емес. Шарафаддин Али Яздидің «Зафар наме», Сағдидің «Гүлстан», Фариддудин Аттардың «Құстар кеңесі» және Әлішер Науаи шығармаларын көркем безендіргені, Ақсақ Темір әулеті баянаттары – бұлар телегей теңіз еңбектің бір пұшпағы ғана. Ол Герат кітапханасын басқарып тұрғанда өз ұстаздары Мирек Наккаш Хорасани мен Пір Саид Тебризидің дәстүрін жалғастырды, бірақ есі-дерті тыңнан жол салу болды. Бұл қиын іс болатын. Өте қиын іс. Бірақ өнер мұраты ешкімге ұқсамау. Бекзаттың сурет өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы туралы белгілі қазақ суретшісі Табылды Мұқатов былай дейді: «Бекзат сурет өнеріне тарихта тұңғыш рет түркілік дәстүрді енгізді. Түркілік дәстүр дегенде біз нені айтамыз? Ол, ең біріншіден бояу жылылығы. Кеңістікке қылдай да қиянат жасамай өз еркіңе бағындыру. Кеңістіктің көлем өлшемі ғана емес екенін ұғу және ұғындыру. Екіншіден, қағазға түсетін әрбір сызықтың, әрбір тамшының салмағын жүрегіңмен сезіну. Жұқа, өте нәзік сызықтармен жұмыс істеу. Үшіншіден, адамдардың, жан-жануарлардың суретін қимыл-қозғалыс үстінде бейнелеп, пейзажды шын қалпында артық-ауыс бояу қоспай салуды енгізді». Табылдының бұл пікірін қоштамасқа шараңыз жоқ. Шығыста Бекзатқа дейін де қыл қалам шеберлері болғанын жоғарыда айттық қой, несін жасырамыз, олар көбіне әлемәш-күлеміші көп, әсіре қанық, кейде тіпті шамадан тыс қалың жағылған алуан бояуларымен ерекшеленіп тұратын. Ал Батыс қыл қаламшылары не дейді екен? 1903 жылы Германияның Мюнхен қаласында «Мұсылман өнерінің көрмесі» өтіп, оған Бекзаттың жиырма шақты шығармасы қойылады. Француз суретшісі Анри Матисстің осы көрмеден кейін дүниеге, көркемөнерге деген көзқарасы мүлде өзгереді. «Шын өнердің қандай болатынын енді білдім» дейді ол. Шынында оның кейінгі өмірі Бекзатты зерттеумен өтті десе болғандай. «Марокка қызы» атты атақты суретін «Шайбани ханның портретін» көрген соң салдым дегенді өзі талай рет айтты. Ал оның алдында француздың басқа бір суретшісі А.Мартэн Бекзатты «Шығыстың Рафаэлі» деп атап көрсеткен еді. Рафаэль демекші, оның кітапхана қорында Шығыс миниатюралары көп болғаны мәлім. Сөйтіп, Бекзат Батыс пен Шығыстың шаппай бері болуына жоғарыда айтқан еңбегі себеп делік. Ол қазір Америкада, атын атағысы келмейтін бір байдың жекеменшік қорында сақтаулы. Бекзаттың альбомдарын Иран Ислам Республикасы Үкіметі арнайы қаржы бөліп шығарып, халық арасына кеңінен насихаттай бастағалы қашан. Ислам мемлекеті бола тұра «сурет салу күнә» деген жоқ. Бірақ қазақ айтатын «жылқы ішінде ала еді» дегендей жұрттың құлағы «Шайбани ханның портреті» десе елең ете қалады. Айталық, оның өзге де, мысалы Әбдірахман Жәми, Әлішер Науаи, Сұлтан Хұсейін бейнеленген жұмыстары да бар. «Аттан аттың несі кем», – дейді ескі мақал, олар да осал адамдар емес еді ғой. Портрет жанры тақияңызға тар келсе, атақты Темір көрегеннің ерліктерін баяндайтын цикл суреттері ше?! Нәйеті бір ақ бет қағазға салған осы бір кішкене ғана суретке әлем назары неліктен ерекше ауды екен? Сағдидің «Бостан» атты шығармасын безендірген суреттері бүгінде Каирдегі Мысыр Ұлттық кітапханасының алтын қазынасына айналған. Низами Гәнжауидің қаламына мансұп «Хамсаға» салған суреттері болса Британия музейіне көрік беріп тұр. «Бұл кітапта Бекзат сызған он алты сурет бар», – деп жазады Ф.Мартин. Шарафиддин Али Яздийдің «Зафар­намасын» да Бекзат безендірген. Қолжазбаның шетінде «Бұндағы сегіз сурет Бекзаттың қолымен салынған. Кітап маған бабам Хумаюннан қалды. Мен бұл жазуларды таққа отырған күні жаздым, 1037 жылы (яғни 1605 жыл). Жаһангер ибн Ақбар» деген жазу бар. Аталмыш нұсқа Балтимордағы (АҚШ) Джон Хопкинс университетінде сақтаулы. Өзіңіз біліп отырғандай, Жаһангердің баласы Шаһ Жаһан әйелі Мұмтаз ханымның құрметіне атақты Тәжі-Махалды салдырып тарихта қалды. Әлқисса, сізден гөрі өлең сөзге шебе­рірек бір Шығыс шайырлары айтқан қасыма сөз (сіз не, шынымен осыған сеніп отырсыз ба сонда? «О sancta simplicitas» деген латын қанатты сөзі қазақшаға «О, қасиетті аңқаулық!» болып ауады, жоқ әлде «Әй, айналайын аңғалдық-ай» деп қотарған жөн бе?):   О дүние бір керуен жол көшкен әрі, Бірі ерте, енді бірі кеш барады, Кетесің не қалдырып артыңа сен, Ел ертең кім еді деп еске алады. Қой баққан, тауық баққан, шошқа баққан, Зәулімдеп сарай салған қос қабаттан, Қарасаң не мықтылар өтіп кетті. Бұл дүние ақ сағым-дүр босқа лаққан.   Санкт-Петербургтің Салтыков-Щед­рин атындағы кітапханасында Қысрау Деһлевидің «Ләйлі мен Мәжнүн» даста­ны­ның түпнұсқасы бар. Мұндағы миниа­тюралардың авторы да осы Бекзат. Осы арада бір қыстырма сөз: Шығыстың осыншама дүри-жауһарлары неге жер ауып, жат жұрттың байлығына айналды деген сұрақ бар, бірақ оның жауабын алатын кез бұл емес. Адамзат тарихы деген солай, жауабы жоқ сұраулардан, қайтарымы жоқ шығындардан, түсініктемесі жоқ оқиғалардан тұрады. Иә, сөйтіп, жазылып жатқан жайға қайта оралсақ, Бекзаттың «Хұсейін Бай­қараның бақ ішіндегі сайраны» атты суреті Теһрандағы Гүлстан өнержайында тұр. Хұсейін Байқараға деген ықыласы ерекше болғанын жоғарыда да айттық қой. Биялайдан жем жеген құс сияқты оның тұсында Бекзаттың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып дүрілдеп тұрды. «Сыйға сый, сыраға бал», бұл өз кезегінде әкесі жасамаған жақсылықты жасаған сұлтаннан ештеңесін аяған жоқ. «Сұлтанның портреті» бүгінгі таңда Париждегі жекеменшік бір қордың ажарын ашып тұр. Біздің қазақтың бұрынғы шалдары айтып кеткен «Атадан алтау туса да, ішінде абаданы бір болар» деп. Осындай атының өзінен ат үркетін ғаламат туындылардың арасында «Шайбани ханның портреті» аттың қақасындай айрықша. Неге? Бұл өзі бір ғаламат үлкен де дүние емес. Көл-көсір көлемімен көп жерді алып жатыр деуге мүлде келмейді. Осы бір шағын кескіндемедегі қарапайым киінген толық адамның өз кезінде даңқы жер жарған Шайбани хан екенін де екінің бірі білмеуі әбден мүмкін. Біз де бұл жолы оның қазақ сұлтандарымен, әсіресе, Қасым ханмен текетіресінің немен аяқталғанына тоқталмадық. Расында, суреттегі адамның кім екені соншалықты маңызды ма? Аталмыш портретті пәлен мың долларға сатып алған коллекционерлер оны Шайбани хан (аруағы) үшін емес, тіпті оны айтасыз Бекзат салғаны үшін де емес, керемет сурет екеніне бола алды емес пе? Хош, ал енді мұның несі керемет? Бірден айтарым, менің танымым – ол менің ғана танымым. Менің талдауыма келіспесеңіз оған өкпе жоқ. Асылы, өнер мұраты өміршеңдік. Бұдан жүз алпыс жыл бұрын жазылған Абай өлеңдері әлі сол қалпында, одан арғы Асан Қайғы мен Шал ақынның арасындағы шалдардың жырлары тура бүгін естігендей әсер етеді. Бекзаттың мына жұмысы да тура осыдан бірер сағат ғана бұрын бітіп, әлі боя­уы кеппеген жаңа жұмыс секілді көрінеді. Көзіңізді жұмып тұрып-ақ әлгінде ғана шеберханадан шығып кеткен суретшінің аяқ дыбысын, стол үстінде жатқан қалам мен бояу құтысын көріп тұрасыз. Сіз бұдан 508 жылдан астам уақыт бұрын салынған (соңғы деректер бойынша портрет 1507 жылы салыныпты) әлдебір ханның жансыз бейнесін емес, таңғы шықтай таза, таңғы ауадай саф, таңғы дауыстай тұнық, таңғы Шолпандай анық бір дүниені көріп тұрсыз. Бұл, асылы бар ғой, таңның суреті. Тәуліктің басқа кезінде мұндай құдірет болуы мүмкін емес. Мұндай ғажап таңда және өлеңде ғана болады. Бәлкім, олардан тысқары он төрт-он бес жасар қыздың көзқарасында болса болар, өзге ешкімнің, басқа ештеңенің мұнда ортағы жоқ, болуы мүмкін де емес. Шайбани белгісіз бір (?) жерде отыр. Суретші оны сіздің назарыңыздан алысыраққа апарып қойған. Объект тым түкпірде болмаса да, сәл әріректе. Маңдай ма маңдай, бетпе бет жақын отырған жоқ. Сол арқылы көрерменге барлап, бажайлап қарай алуға мүмкіндік туғызған. Тақымың тиген бойдан ала жөнелетін төрт аяғы тең жорғалар болады ғой, мұндағы бояу үйлесімділігі ә дегеннен-ақ үйіріп алып кетеді. Үйлесім және жинақылық. Олпы-солпы басы артық дүние мұнда жоқ. Шайбани қап-қара жастыққа сүйеніп отыр. Жастануға емес, сүйеніп отыруға арналған мұндай жастықтарды парсылар пошти дейді. Пошти әдетте түрлі-түсті өрнек салынған кілемдермен тысталады. Бүгінде оның ең әдемісін жәуміт түркпеннің қыздары тоқиды. Маңғыстау қазағына пошти құлдану баста сол түркпеннен сіңген. Қазақ кілемі басқа. Хош, суретте үш қара нәрсе бар. Бірі –жаңағы айтқан пошти-жастық, екіншісі – оң аяғына киген мәсінің тұмсығы, үшіншісі – жерде жатқан сия сауыт. Егер жастықтың түсін әдеттегідей сары немесе ақ, қоңыр, қызыл бояумен сызса, тұтас дүние шашырап кетер ме еді? Мына дүниені қара бояу уысында ұстап тұр. Қазақтың қара өлеңі қалай деуші еді «алтын қалпақ, жез телпек, хандар киер көзіне». Ал мына хан бөлек хан. Алтын тәждің орнына басына сәлде орапты. Ханға тән алтын қылыш та, күміс қанжар да жоқ. Тіпті, көкіректен буынатын күміс белдік те жоқ. Жеңіл шапан киіп, белін жай ғана мата белбеумен орай салған. Оның шеті иретіліп жерде жатыр. Бекзаттың сүттей ұйып отырған елін шауып алып, тұлымдысын тұл еткен, бұрымдысын күң еткен жауыз ханға мүлде ұқсамайды (Шайбанидің Хорасанды шауып алған соң Хұсейіннің отбасына не істегенін, жалпы Темір әулетін қалай қорлағанын білгіңіз келсе «Бабырнаманы» оқырсыз). Бәлкім, анау қысық көздің аржағында жасырынып жатқан жауыз күш бар шығар. Анадай шиыршық ата ширатылған самай шаш тегін адамға біте ме? Әдетте, қорқақтың батыр болып көрінгісі келетіні, ажарсыздың сұлу, әлсіздің күшті болып көрінгісі келетіні бар ғой, Шайбани мүмкін жұртты қарайған қара орманынан айырып, қан құстырған басқыншы емес, дін таратуға келген мәйін мінез жұмсақ пейіл бір домалақ молда болып көрінгісі келді ме екен? Әлде, суретші Шайбаниді кеудесі биік, аяғы қысқа, қарыны жуан етіп көрсеткенде осы бір үйлесімсіз біткен дене арқылы мүлде басқа бір ойлар айтқысы келді ме? Ол қызыл кілемнің үстінде отыр. Парсы, түркі жұртының төсеніш кілемдері, әдетте, ою-өрнекті келеді. Патшаның сән-салтанатына әдемі төсеніш жарасса керек еді, бірақ Бекзат мұнда әлеміш-күлеміші жоқ бірөңкей қырмызы реңкті таңдапты. Қан қызыл түс өзге бояулармен үндесу үшін алынды ма, жоқ мұнда бір астар бар ма, турасын айтар болсақ, адам қанын судай ағызатын жауыздыққа ишара ма? Егер сіз мұны Сұлтан Хұсейін Бай­қа­раның портретімен салыстырып көрсеңіз талай сырға қанығар едіңіз. Шайбани Байқарадай үлкен тұлға емес, ондай тереңдік, ондағы мейірім мен шуақ мұнда жоқ. Дей тұрғанмен Хұсейіннің бейнесінен гөрі Шайбанидің портреті өнер туындысы ретінде анағұрлым биік. «Мона Лиза» сіздің есіңізде мәңгі қалды, ол сізге тура қарап тұр. Қарапайым, бірақ асқақ. Әлем оның бүкіл сыры езуінде ұйып қалған жұмбақ күлкіде деген тоқтамға келген, оған келіспейтіндер де бар. Соның бірі біз. Бірақ ол туралы тағы бірде айталық. Қазір емес. Айса пайғамбардың алуан түрлі сурет­терін білесіз. Көбіне жүзінде иман ұйыған ажарлы адам болып бейнеленеді. Мейірім толы көздеріне көзіңіз амалсыз түседі. Үнді құдайлары да көрерменді тас жанарымен ішіп-жеп тұрады. Ал Шайбани хан сіздің жүзіңізге тура тігілмейді, ол мына жалпақ әлемге бір қырындап қарап отыр. Оны көп ештеңе мазаламайтындай. Алда үлкен істер күтіп тұрған адамға да ұқсамайды. Жаңа ғана бір ғазалдарды көшіріп болып, сәл ғана демалайыншы деген немесе есіктен кіріп келе жатқан әлдекімге сәл немқұрайдылау қарап қалған кебеже қарын, кең құрсақ бір кісінің еркін отырысы. Сол әлдекім сізсіз. Басқа жаққа, мүлде бөлек бір тұсқа қарап қалғанмен ол сізді толық көріп отыр. Сіз оның назарындасыз. Осында да бір сыр бар сықылды. Сөйте тұра, оның малдас құрып отырған осы бір қалпы ешқашан есіңізден шықпақ емес. «Жақсыда жаттық жоқ» депті бұрынғы шалдар. Гератты Хұсейін Байқара билеп тұрған тұста Бекзат тек мұсылмандармен ғана емес, ғайри діндегілермен де көп араласқан деген деректер бар. Мұсылман, мәжуси, пұтпарас, яхуди – дүниеде қанша дін болса, солардың қай-қайсысына да жауласпай, жағаласпай, ілтипатпен қарай білгенін талай шайыр жыр еткен. Мұның бәрі оның, алхамдулиллаһи, мұсылман болып қала беруіне еш кедергі болмады, әлбетте. Рас, оның тым еркін кеткен кездері жиі болғанға ұқсайды. Бірақ, сұлтанның өзі қолдап, қуаттап отырған соң молдалардың оған тісі бата қоймаған. Әсіресе, үнділік ұсталардың көркемөнері оны қатты қызықтырыпты. Ғибадатханалардағы үлкенді-кішілі тас мүсіндердің салыну, безендірілу жүйелері, жарық пен қараңғылықтың айқұшақ қаба бірігуі, қосылмайтын, бірікпейтін екі бөлек дүние болып саналатын сезім мен ақылдың кенеттен тас бетінде әдемі үйлесуі кім-кімді де еліктіріп, баурап алатыны ақиқат қой. «Шайбани хан портретінде» үнді өнерінің де әсері бар дейтіндер, бәлкім, ұлы суретші өмірбаянындағы осындай деректерге де сүйенсе керек. Бұл әңгімені осымен доғаруға да болар еді. Бір жайт болмаса. 1510 жылы парсы патшасы Бірінші Ысмайыл деген шер Шайбани ханды өлтіріп, ел астанасын Тебризге көшірді. Бекзатты бұл да аялап бақты. Біздің айтпағымыз бұл емес. Шығыста бір мақал бар, оны қазақшаласақ шамада мынадай сөз шығады: «Су кетеді, тас қалады, Сүрме кетеді, қас қалады». Патшалар келеді, кетеді, ал Ұлы Өнер өлмейді. Сол Ысмайыл өле өлгенше түрік сұлтандарымен, әсіресе, Селим сұлтанмен тістесіп өткен деседі. Кезекті бір жорыққа аттанып бара жатқанда Бас уәзіріне мынадай аманат тапсырыпты: «Жан бар жерде қаза бар, осы жорықтан аман келсем келгенім, келмесем, таңда тәңір алдында сұрарым – бәрінен бұрын Кәмеледдин Бекзатты сақтаңдар. Бәлкім, Иран жұрты жаттың тақымында кетер. Мүмкін, сығарға битіміз қалмас. Бекзат қалсын. Оны ұрлап кетпесін. Мұқият болыңдар. Бекзат тұрса ел тұрады». Бұл сіздің есіңізге «Колизей тұрса Рим тұрады, Рим тұрса әлем тұрады» дейтін қанатты сөзді түсірмей ме?! Арада оншақты жыл өткен соң Ысмайыл өліп, парсы тағына баласы Тахмасп деген патша келеді. Одан соң тағы біреуі, тағы біреуінен соң одан басқасы келеді, сосын кетеді... Біреулер айтады, Бекзат жасы жетпістен асқан шақта туған қаласы Гератта қайтыс болды деп, енді бір тарихи деректерде оның Тебризде жерленгені туралы жазылады. Бұхара мен Самарқанда болғаны туралы да әңгіме көп. Оның бейітін іздемеңіз, таба алмайсыз. Бізге салсаңыз ол әлі өлмеген секілді. Баяғы Ысмайыл шах бекер айтпаған ғой: «Бекзат аман болса ел аман» деп. Аман болайық, ағайын. Деп Сізге сәлем айттық соңынан біз, Біз бастан жалғыздардың тобынанбыз. Осымен бүгінгі сөз тәмәт-тәмәм, Иншалла, тірі жүрсек жолығармыз... Есенғали РАУШАНОВ. Алматы.