Кеше Женева қаласында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысқан Парламент төрағаларының бүкіләлемдік үшінші конференциясы аяқталды, деп хабарлады Қазақстан Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Форум “Жалпыға бірдей игілік мүддесіне орай жаһандық демократиялық есеп беру мен жауапкершілікті қамтамасыз ету” қорытынды қарарын қабылдады.
Алқалы жиынға қатысушылар көпбелдеулі әлемдегі күрделі әрі терең өзгерістерді, мемлекеттердің экономикалық күш-қуатына қатысты және халықаралық экономикалық ынтымақтастық жолында орын алып отырған түбегейлі бетбұрыстар аясындағы экономиканың жаһандану үрдісін, сонымен қатар, жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың экономикалық өсіп-өркендеуге тигізіп отырған кері әсерлерін ескере отырып, әлемдік қауымдастық елдерін аталған мәселелерді көпжақты өзара іс-қимылдар ең алдымен, барлық мемлекеттерге дербес теңдікті кепілдендіретін БҰҰ арқылы бірігіп шешуге шақырды.
Әлем парламенттерінің басшылары қазіргі заманғы жағдайларда заң шығарушы органдар өз қызметінде ашық, өкілді, қолжетімді әрі тиімді болып, саяси қызметке қоғамның сан алуан өкілдерінің қатысуына дәнекер болуы керек деп есептейді. Осы тұрғыда, халықаралық ынтымақтастық үрдісіне парламенттердің кеңінен қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Төрағалар парламенттер халықаралық кездесулерге және оларды бақылауға белсене қатысуы, үкіметтер қабылдаған міндеттемелердің жүзеге асырылуын қадағалау арқылы, кеңінен жоспарлағанда, халықаралық нормалар мен заңдылық қағидаттарының ұлттық деңгейдегі сақталуын қамтамасыз етуге үлес қоса отырып, халықаралық істермен белсене айналысуы тиіс деп санайды.
Құжатта сондай-ақ, аймақтық парламенттердің маңыздылығы және олардың халықаралық ынтымақтастыққа қосып отырған үлестері атап өтілген.
Декларацияда ең әмбебап, өкілді әрі беделді халықаралық ұйым болып табылатын БҰҰ мен бірегей жаһандық парламенттік құрылым – Парламентаралық одақ үшін жалпыға бірдей игілік мүддесіне орай жаһандық демократиялық есеп беру мен жауапкершілікті қамтамасыз ету мақсатындағы өзара іс-қимылдарды жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар қарастырылған.