02 Шілде, 2015

«Өресі биік маманға әркез жол ашық»

505 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
ректор Мирхалыков– дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жолдауында «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі бойынша еліміздегі 10 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында білікті де сапалы маман даярлаудың мән-мағынасын айрықша атап көрсетіп, бағыт-бағдарын айқындап берді. Бүгінде осы міндетті жүзеге асыратын жоғары оқу орындары анықталып, олар Жолдауда айтылған талаптың үдесінен шығу үшін іске кірісіп кетті. Мұндай ерекше сенім артылып, ондыққа енген оқу орнының бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Индустриялық-иннова­ция­лық даму мемлекеттік бағдар­ла­масының екінші кезеңі аясында мамандар даярлау қажеттігі жөнінде бер­ген тапсырмасы еліміздегі жоғары оқу орындары үшін ауқым­ды үлкен Ұлттық жобаға айналды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің ұжымы мұны әлемдік тәжірибеге негізделген, білім мен өндірісті ұштастырып, нақты нәтижеге қол жеткізетін бастама деп отыр. Әлемдік тәжірибе деп тектен-текке айтылып отырған жоқ. Мамандар бастаманы кезінде Германияда жүзеге асырылған «Үздік нәтижелерге жету бастамасымен», Қытайдағы «Жоба – 985» деп аталған ұлттық жобасымен салыстырады. Дегенмен, қазақстандық жобаның өзіндік ерекшелігі бар. Бұл бастаманың бір артықшылығы – жауапкершілігі өте жоғары. Бес институттық реформаны жү­зеге асыратын Ұлт жоспарының «100 нақты қадамында» 10 жетекші жоғары оқу орнының кадрлар дайындаудағы міндеті арнайы бекітілген. Іріктелген бұл 10 университеттің алдына қойылған жауапты тапсырма бү­гінде Үкіметтің, Білім және ғылым министрлігінің тікелей ба­қылауына алынған. Жоғары оқу орындарына нақты талаптар ұсынылып, олардың әлеуеті мен аймақтық мамандандыру жағын да кеңінен таразылаған Білім және ғылым министрлігі магистратураның 24 бағытын анық­тады. Осы 24 білім беру бағы­тына сәйкес Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңінде алты басымдық негізінде жоғары дәрежелі техникалық мамандар дайындалмақ. Мәселен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ химия, мұнай, тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс индустриясы үшін магистрлер дайындау бойынша бағдарламалар әзірлеу үстінде. Осы арада мынаны айтқан жөн, аталмыш бағыттар Қазақстанның оңтүстік өңірінің инновациялық даму жоспарына толығымен сай келеді. Университет ректоры, академик Жұмахан Мырхалықовтың сөзіне сүйенсек, бұл іргелі оқу орны бұған дейін де өзін еліміздің оңтүстік аймағына, яғни Шымкент өңірімен қатар Жамбыл және Қы­зылорда облыстары үшін де тех­никалық мамандар дайындауға қабілеттілігін даусыз дәлелдеп келді. Нақтырағына көшсек, «Минералдық тыңайтқыштар синтезі» бағдарламасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы химиялық өнеркәсіптерімен қатар, «Тараз химиялық паркін» де білікті мамандармен қамтамасыз етпек. Ал «Силикаттық материалдар технологиясы» магистрлік бағдарламасы бойынша дайындалған маман­дар жоғарыда аталған үш облыс­тың құрылыс индустриясы саласындағы мамандарға туын­даған қажеттілікті 90 пайызға жабады. Демек, бұл салада тағы да 50-ден астам нысан ашылмақ. Тамақ өнеркәсібі – оңтүстік өңірдің негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан, ОҚМУ «Тамақ инженериясы және азық-түлік қауіпсіздігі» атты арнайы бағ­дар­лама әзірледі. Бүгінде осы бағ­дарлама негізінде маман дайын­дауға 200-ден астам өті­нім түсті. Жаңа магистрлік бағдарламаны әзірлеуге арнайы «Жол картасы» жасалды. Енді соған байланысты бұл магистрлік бағдарламаның ар­­тықшылығы неде деген сау­а­­л туын­дайтындығы анық. Оған жау­ап – ең маңыздысы, ен­ді­ріліп жатқан жобалардың технологиясына баса назар ауда­рылады. Алғашқы кезеңде кәсіп­орындардың алдында тұрған мін­деттер зерттеліп, екшелді. Мысалы, құрылыс материалдары өнеркәсібінде – цементті құрғақ тәсілмен өндіру, сондай-ақ, цементтің арнайы түрлерін шығару бүгінгі күннің арқауына  айналып отыр. Ал мұнайды қайта өңдеу саласында каталикалық крекинг қондырғыларын жаңғырту, дизельді депарафинизациялау, Еуро-4,5 маркалы бензин шығару технологиясын енгізу қазіргі таңда көкейкесті болып тұр. Химия өнеркәсібінде қыш­қылсыз технологияларды ендіру, ұзақ уақыт күш беретін кешенді минералдық тыңайтқыштарды өндіру өзекті мәселеге айналып келеді. Түрлі сала алдындағы осы күрделі міндеттер білім беру бағдарламаларының негізі мен сипатын құрап отыр. Университет басшылығы ұзақ уақыт бойы өнеркәсіп орындарымен және аймақтық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, оқу орнына қандай бітіруші түлек керек деген мәселені жіті талқылаған. Сол талқылаулар нәтижесінде білікті бітірушінің келбеті сомдалыпты. Яғни, басты мақсат әйтеуір, қолында дипломы бар маманды даярлап шығу емес, ол маманның қарым-қабілеті неге жетеді, ой-өрісі, тәжірибесі қай деңгейде болу тиістігі күні бұрын анықталады. «Мұндай тәсіл кәсіпорындардың бізге деген сенімін арттырып, болашақ магистрлерді жұмыспен қамтамасыз ету кепілдігін берді. Жалпы, біз 500 магистр дайын­дауға өтінім (тапсырыс) алып, келісімшартқа қол қойдық. Биыл­дың өзінде магистрлік бағдар­ламасы бойынша 210 адамды қабылдамақпыз», дейді университет басшысы. Мұндағы маңызды артық­шылық – магистрлік бағдар­ламалары Германияның аккредиттеу агенттігінде (ASIIN) аккредиттелген, яғни тіркелген ма­мандықтар бойынша әзірленген. Бұл – бағдарламалардың жоғары деңгейінің айғағы. Себебі, магистранттар жарты жыл бойы өн­дірістік тәжірибеден өтеді. Сон­дықтан, әзірленіп жатқан ма­гистрлік бағдарламаларды нақ­ты өндіріспен ұштасқан бірегей білім беру өнімі деуге болады. Әри­не, мұндай білікті мамандарға еңбек нарығында сұраныс үлкен екендігі сөзсіз. Жұмахан Мырхалықовтың айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша басталған жобаға еліміздің айтулы жоғары оқу орындарымен қатар өндірісшілер де кеңінен тартылады. Әрине оқу бағдарламаларын тек универ­ситеттің бір өзі қалыптастырып жатыр деу артықтау болар еді. – Жалпы, менің басқару сти­лімдегі қағидам – оқу орнындағы бір салаға арнайы көңіл бөліп, әр жылды тек сол саланы тере­ңірек дамытуға тырысамын. Мә­селен, өткен жылды педагогика мамандықтарына қыруар қаржы бөліп, кем-кетіктерін түзеп, ка­федралардың жағдайын жасап, студенттерге сапалы білім берудің түрлі жолдарын ұсынып, ұстаздарды тәжірибе жинақтау үшін іссапарларға, семинарларға жіберуді үрдіске айналдырдық. Сол секілді биыл ауыл шаруашылығы саласына ден қойып, оны дамы­тудың, нағыз кәсіби мамандар даярлауға барынша күш салудамын. Біздің бизнесте, өзінің тиісті саласында үздік саналатын шетелдік университеттер арасында стратегиялық әріптестеріміз бар. Бұл бағдарламаға Оңтүстіқ Қазақстан облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы тікелей қатысып отыр. Әрбір бағдарлама бойынша салалық кеңес құрылған. Аталған кеңес кадрларды дайындау бағдарламасының мазмұны мен тәжірибелік контентін, сондай-ақ оқыту әдістемесі мен бағалау жүйесін анықтайды. Біз алдымызға оқыту бағдарламасын өңірдің инновациялық даму бағ­дарламасына барынша кіріктіру мақсатын қойдық. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы бізді толық қолдап отыр. Мынаны ұмытпауымыз керек, зерттеу жұмыстары магис­тратураның құрамдас бөлігі болып табылады. Біздің өндіріске барған түлегіміз ғылымды қажет­сіну деңгейін арттырып, тек атқарушылықпен шектелмей, технологиялық үдерістерді ұйымдастырып, инновацияны басқаратын дәрежеге жетуі тиіс. Ал мұндай мақсаттарды өндірісшілерсіз бағындыру мүмкін емес. Бизнес-серіктестеріміз ре­тінде «ҚазФосфат» ЖШС, «Петро­КазахстанОйлпродакт» ЖШС, «Hill Corporation» ЖШС, «СтандартЦемент» ЖШС, «Фуд­мастер» ЖШС, «Шымкент сүт» ЖШС, тағы басқа да мекеме, кәсіпорындарды ілтипатпен атауға болады, – дейді Ж. Мырхалықов. Осы өндіріс орындарының өкілдері магистрлік жұмыстарға басшылық етіп, оқу модульдерін жүргізеді екен. Бұған қосымша ОҚМУ-дың бастамасымен Ба­вария химия кластері және Бір­лескен химиялық компания­сы­мен әріптестік орнатылған. Университет басшылығы бас­ты жетістіктер осы тұрғыдағы отан­дық және халықаралық ық­палдастық пен бірлестік аясында жатыр деп санайды. ОҚМУ-дың айтарлықтай жо­ғары позициясы (орны, беделі, мәртебесі) әлемдік рейтинг­тегі үздік университет­тер – Мюнхен техникалық университетімен (Германия) және Гента универ­ситетімен (Бельгия) магистрлік бағдарламаларды бірлесіп әзірлеу бойынша келісімшартқа отыруға мүмкіндік берді. Бұл екі университет те «ТОП-100» әлемдік рей­тингіне енген жоғары оқу орындары. Гента университеті жоғары деңгейдегі зерттеулермен шұғылданатын ЖОО-ның классикалық үлгісі. Ал Мюнхен техникалық университеті өзінің кәсіпкерлік типтегі стратегиясы тұрғысынан ОҚМУ-ға едәуір ұқсас. Олар да ОҚМУ сияқты студенттерге кәсіпкерлік дағдыларын үйретуге басымдық береді. Бекітілген бағдарламалар арқауында студенттер бір семестрді Мюнхен техникалық университетінде, ал «Тамақ инженериясы» бойынша зерттеу тәжірибесін Бельгияның белгілі «Package4Food» кәсіпор­нында өткізеді. Аталған университеттер магистрлік бағ­дар­ламаларды әзірлеумен бірге сол бағдарламаларды орын­дауға да қатысады. Ректор Ж.Мыр­ха­лықовтың әңгімесіне назар аударсақ, мұнда бірқатар күрделі мәселелер бар. Еуропаның айтулы университеттерінің профессорларын бір семестрге алдыру оңай шаруа емес. Олардың жалақылары да бізбен салыстырғанда бірнеше есе көп. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігінің қаржылық қолдауы университетке еуропалық әріптестерді тек кеңесшілер ретін­де емес, оқу модульдерін жүр­гізу­шілер ретінде тартуға да мүм­кіндік беріп отыр. – Біз алдымен отандық өнді­рістің ерекшеліктерін ескере оты­рып, мүлдем (затымен) жа­ңа білім бағдарламаларын әзір­леу­ді мақсат етіп қойғанбыз, алай­да еуропалық тәжірибені кө­шіру немесе бейімдеуді мақсат тұт­пағанбыз. Осыған орай ма­гистрлерді дайындаудың негізгі бағ­дарламаларының 30 пайызын өзіміздің университеттің ұс­таздары, тәжірибе негізінде дайын­дауды – бұл жалпы дайын­дық­тың 30 пайы­зын құрайды, оны өндірісшілер өздерінің жауап­кершілігіне алады, ал әзірлеу бағ­дарламасының қалған 40 пайызы (бұл зерттеу модульдері) шетел­дік ЖОО профессорларының енші­сіне тиіп отыр. Әрбір модуль бойынша дербес әрі топ құрамында зерттеулер жүргізіледі. Негізінен бұл әрбір магистрдің дербес және топ құрамында математикалық модульдерді әзірлеп, жобалық шешімдерді қабылдауын мақсат тұтады. Мюнхен қаласында екі рет болдым. Ондағы университеттегі білім беру жүйесі таңғаларлық. Студенттер тек аудиториямен шек­теліп қалмай, өз кәсібінің на­ғыз мамандары болып шығады. Өйткені, оқу орнындағы әр кафе­драның өз зауыты, фабрикасы, лабораториясы бар. Ал кафедра сол зауыттың ішінде орналасқан. Кабинеттері мен аудиториялары да осында. Шәкірттер сол жерде білім алады   әрі зауыттағы қайнаған жұмысты өз көзімен көріп, құрылғылармен жұмыс істеп, тәжірибе арттырады. Дипломдарын да сол жерде қорғап қалыптасады. Теория мен өндірісті қатар меңгерген студент нағыз маман болып түлеп ұшады. Біздегі оқу жүйесіне осы тәжірибені кеңінен тарту қажет. Жасыратыны жоқ, кейбір жекеменшік оқу орындарында студенттер жыл бойы бір-екі кітаппен білім алып шығады. Іс-тәжірибе көрмей өндіріске келгенде біліксіздігін байқатады. Сол себепті мұндай тәжірибесіз маман даярлауды тоқтату үшін студентке оқу мен тәжірибені ұштастыра білім беру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, ОҚМУ Қазақстандағы үздік үштікке кіретін оқу орны. Демек, ол өзінің мәртебесіне лайықты болуы қажет. Біздің түлектер өз ісінің шебері болуы керек. Сол үшін дуалды оқыту жүйесіне біз де көшіп жатырмыз. Мысалы, осы жылы облыс әкімдігі бізге арнайы 100 гектар жер бөліп берді. Қазір онда үш жылыжай жұмыс істеуде. Жылыжайға көкөніс, жемістерді егіп, оны баптап, өсіріп отырған өзіміздің оқытушылар мен студенттер. Қазірдің өзінде студенттер әлгі жерде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауда. Өзіміздің мамандар оларға жерді қалай өңдеу керектігін, арықтарды қазу, егінді егу, суару, шөбін шабу, дәрілеудің барлығын үйретуде. Жылжайларға 50-ге жуық көкөніс, дәнді дақылдарды ектік. Оның ішінде елімізде жоқ дақылдардың тұқымын Калифорния секілді ауыл шарушылығы дамыған аймақтардан алдырттық. Сту­денттер дақылдарды өсіріп, зерттеу үстінде. Бір жылдың ішінде керекті техникалық құралдардың, көліктердің барлығы алынып берілді. Өндірілген өнімнің 70 пайызын қызмет еткендер алса, қалған 30 пайыздық пайдасын университеттің бюджетіне құяды. Мюнхен университетінде осындай жүйе қалыптасқан. Жылжайдан бөлек газды-бетон өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізудеміз. Оған да жергілікті әкімдік жер бөліп, инфрақұрылымдарын тартып берді. Университеттегі құрылыс кафедрасының студенттері зауытты өздері тұрғызуда. Кейінгі жылдары қайта жаңғырған студенттік құрылыс жасақтарының да көп көмегі тиюде. Болашақта зау­ыт­­та студенттер іс-тәжірибе жи­­нақ­тайды. Мәселен, инженер, экономист, эколог секілді бір­не­ше мамандықтың студенттері зауыттың жұмысына өз үлесін тигізбек. Мұнымен тоқтап қалмай ветеринарлық клиниканың жұ­мысын да бастамақпыз. Ветеринар мамандар малды будандастырып, емдеу жұмыстарымен айналысады. Шындығына келсек, қазір малды емдемек түгілі жанына жолап көрмеген мамандар табылады. Міне, болашақта сондай түк білмес шала ветеринарларды даярлаудан, қолдарына диплом беруден сақтануымыз керек. Клиникамыз ашылған бойда шәкірттерімізге тәжірибе жүргізу үшін 100 бас мал сатып алуды көздеп отырған жайымыз бар. Сонымен бірге, электр қуатын үнемдегіш шамдарды шығару жоспарын да түзіп қойдық. Жалпы, электр үнемдеуге көшуді Елбасының өзі де тапсырып отыр. Бұл жүзеге асқан жағдайда электр қуатына кететін шығынды бірнеше есеге дейін қысқартуға болады. Бүкіл әлем қазір осыған келе жа­тыр. Біз де көштен қалмауға тиіспіз. Сондықтан, мұндай тиімді жоғары жобаны қолдау мақсатында облыс әкімдігі Индустриялық карта шеңберінде жер бөліп берді, – дейді Ж.Мырхалықов. Аталған жобаның негізгі мақ­саты – жоғары дәрежелі мамандар дайындау. Бұл – өте маңызды мә­селе. Міне, соған сәйкес, мәселе­нің мәнісіне әр­бір оқу  бітіру­шінің бәсекеге төзімділігі тұрғы­сынан қарау керек. Оқуды аяқ­таған жас маманның біліктілігі сертификатталған болуы міндетті. Өкінішке қарай, Қазақстанда жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейінгі алған білімді сертификаттау жүйесі енді ғана қалыптасып келеді. Осы жағдайды ескеріп-екшеген уни­верситет атқаратын ісіне аса зор міндет қойып отыр. Алдағы уақытта бітірушілердің Еуропа инженерлері қауымдастығы федерациясының (FEANI) кәсіби сертификатын алуы жоспарланған. Осылайша университет бітіру­шілері Еуропалық инженерлер реестріне енеді, сол арқылы халық­аралық еңбек нарығына жол ашылады. Бұл міндетті шешу үшін ОҚМУ Еуропада инженерлік білімді аккредиттеу желісінің (ENAEE) стандарттарын іс жүзіне асырып, бағдарламалар құрамына енгізді.  Бағдарламалар бойынша дайындалған магистрлер EUR-ACE белгісін, ал соңынан «Еуроинженер» атағын алады. Бұл стандарттар технологиялық жобалау мен экологиялық қағи­далардың қатаң сақталуын талап етеді. Университет осы тә­сілді орынды деп санайды. Себебі, аймақтық кәсіпорындардың көп­шілігі шетелдік технологиялармен және тиісті қондырғылармен жұмыс істейді. Бұған қоса кадрлар дайындау процесінің химиялық бағыты ескеріліп, алдағы тамыз айында оқу бағдарламалары Еуропалық химия желісінің (ECTN) сараптауынан өтеді. Бұл химия саласында білім беретін 170-ке жуық білім ордасы мен 37 елдің кәсіпорындарының басын біріктірген беделді ұйым. Ал Қазақстанда тек ОҚМУ ғана осы ұйымның толыққанды мүшесі екендігін атап айтқан жөн. Академик Жұмахан Мыр­халықовтың пайымдауынша, зерт­ханаларды жарақтандыру – қолға алған жобалардың табысты болуының алғышарты іспетті. «Бұл тұрғыда Елбасы жоғары мек­тепке бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетті. Осы мақсат үшін Ұлттық қордан арнайы қаржы бөлінді. Білім және ғылым министрлігі жабдықтарды сатып алу тәртібін бекітті. Ал біздер өзіміз үшін инженерлік бағыттағы аймақтық зертхана айналасында ірі ғылыми-зерттеу кешенін құруды жоспарлап қойдық. Аймақтық зертхана аккредиттеуден өткен, сондай-ақ «ilac-MRA» белгісі бар. Жаңа зертхана кешендері үшін бізге қосымша қаржы бөлінген. Бұл қаражат шетелдің жетекші компанияларының құрал-саймандарын сатып алуға мүмкіндік береді. Еліміздің оңтүстігінде алғаш рет тамақ қауіп­сіздігі зертханасы, гербицидтер мен инсектофунгицилдерді синтездеу, жаңа құрылыс материалдарын зерттеу-сынау орта­лығы ашылады. Құрылғалы жатқан ғылыми-зерттеу кешені аймақтың бүкіл кәсіпорындары мен зерттеушілеріне есігі ашық болады. Кешен Қазақстанның оңтүстігіндегі инновациялық дамудың негізгі тұғырнамасына айналады деген үміттеміз», дейді академик Ж. Мырхалықов алдағы кезде атқарылатын істердің мән-жайын жіліктеп. Несі бар, келешегі кең болатындығына сенім мол. Жобаның бірінші кезеңі аяқталып келеді. Екі айдан соң магистранттарды қабылдау бас­талады. Осы уақыт аралығында алғашқы зерттеу лабораториялары іске қосылуы керек. Қиын міндеттердің бірі – магистранттар контингентін жасақтау. Магис­транттар іргелі білім мен зерттеуге бейімділікпен қатар жеткілікті деңгейде шет тілін білуі керек. Маңызды мәселенің тағы бірі – алдын ала ұстаздардың өзін өзі дайындауы. Бұл ретте «Тамақ инженериясы» магистранттарының ұстаздары Гента университетінің Халықаралық тренинг-бағдар­лама орталығында (ITP Food Safety) 4 айлық оқу курсынан өтеді. «Тамақ қауіпсіздігі және тамақ өнеркәсібіндегі сапа мен тәуекел талдамасы» тақыры­бындағы біліктілікті арттыру бағдарламасынан өтуді әлемнің тамақ қауіпсіздігі саласының әрбір маманы өзіне үлкен мәртебе санайды. Әрине, бұл үлкен ұлттық жобаның идеологиялық жағы да қашанда назарымызда болуы керек. Мемлекет басшысы елдің болашағы ынталы және зияткер жастардың қолында екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан, уни­верситеттің басты бағдары мен нысаны – тек білікті мамандар дайындау емес, әрі жан-жақты дамыған, Отан игілігі үшін жасампаз еңбекке дайын тұлғаларды қалыптастыру екендігіне шүбәсіз се­неміз. Ал солай болуы – уақыт талабы. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.