14 Қазан, 2015

Кешір мені, ұлым!

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Без имени-4Адамның басы Алланың добы, көрешегіңді көрмей көрге кірмейсің деген халық аузындағы сөздер бекер айтылмаған. Ол өмір көрген, оның сан түрлі ауыртпалығы мен қуанышын, қиындығы мен азабын тартып, басынан өткен сан сынақтан ой түйіп, саналарында пісіріп барып, әбден елекке салған пікірлердің жиынтығы болса керек. Менің де басымнан талай қиындық, ұйқысыз түндер мен жан азабын тартар жылдар өтті. 1998 жыл мен үшін өте ауыр болды. Сол жылы 56 жасында анаммен қоштастық. Біз ұл-қызы аралас 8 едік. Үлкеніміздің жасы 38-де, ал кенжеміз 19-да еді. Алыста тұратындықтан сіңілім Фарида екеуміз анамызбен қоштасып қалуға да үлгермедік. Жылай-жылай қашан жетеміз деп асығып келгенімізде ол кісі бақилық өмірге аттаныпты. Ақ сүтін берген анамызды тірі кезінде аялай алмағандай, оның алдында перзенттік борышымызды ақтамағандай көрінемін кейде. Сол жылы баламның үлкені Марат 8, Маржан 6, ал кішкентай қызым небәрі 2 жаста ғана болатын. Күйеуім ішкілікті тәуір көретін еді. Ұрпағы алдында жауапкершілік дегеннің не екендігін білмейтіндігіне қарамастан, балаларым әкесіз өспесінші деп жүргенде, опасыз жар сол 1998 жылы үш баламмен мені тастап, басқа адамға үйленіп кетті. Бірінен соң бірі тиген ауыр соққыдан есеңгіреп қалыппын. Ол кезде мен мектеп-гимназияда ұстаз болатынмын, үш балаға жалғыз қарау, бағып-қағу оңай емес еді. Сәуір айында інім келіп, бір ай балаларымды қарап берді. Алайда, ол көп ұзамай Шымкентке кетті. Үш баламен бір өзім қалғанымда опасыз әке балаларға тиісті алиментті де төлемеді. Менің ең қиын да күрделі өмірім басталды. Қысқа жіптей күрмеуге келмейтін таршылық, өз қолдары өзіне жетпеген балалар, оның үстіне ауырып қала беретін кішкентайыма шырылдап жүргенімде Маратым дамуынан кешеуілдеді. Қайтерімді білмеймін, оған қарасам, кішкентайлар тіптен қорғансыз, жиі ауырады. Оның үстіне қол қысқалығы бар, жаныңды жеген жалғыздық пен тастап кеткен күйеу, тұрмыстағы қиындықтар бәрі үстемелеп келгенде атар таңды ұйқысыз атыратынмын. Көз жасыма ерік беріп, 2 жасар қызымның бетіне қарап, түн баласы жалғыз жылап отыратынмын. Талай түн тағдырыма налып, жастығым жасқа малынып, дәрменсіз, пұшайман халімді ойлағанда қандай қарекет жасарымды білмей, жұмысқа жиналатынмын. Амалым жоқ, қалған екі қызымды жеткізу үшін ұлым Маратты Тараз қаласындағы жүйкесі бұзылған балалар үйіне – мемлекеттік мекемеге өткіздім. Өйтпесіме болмады. Сол жылы ол бірде ортаншы қызбен есік алдында ойнап жүрген жерінен үйден кетіп қалыпты. Маратты күндіз жоғалтып жанұшырып айнала кезіп, түнге дейін іздесем де таба алмадым. Осылай табанымнан таусылып, жылап іздеп жүргенде менің гимназияда оқытқан оқушым Арман Маратты кездейсоқ көріп қалып: «Бұл Алима әпкейдің баласы ғой», деп танып, әкеп берді. Егер Арман кездеспесе қайтер едім. Осылай мен балаларымды асыраймын деп жұмыста жүргенде ұлым бір күні далада өледі ғой деген ойдан бойым қалтырап, лажсыздан жылай жүріп балалар үйіне тапсырдым емес пе?! Шынымды айтсам, өмір мені қаталдандырып жіберді. Көзіме келген ащы жас пен ауыр қиындықтарды жеңу үшін бауырларым жігерлендіре білді. Ұлыма Тараздағы медбикелер мен тәрбиешілер жақсы қарады. Олар: «Марат жаман бала емес. Үсті-басы тап-таза, өзі ақылды», – дейді. Менің Маратым осылайша мемлекеттің арқасында өсіп қалды. Ол енді 25-те. Таяуда туған күні еді. Қазір ол «Қызыл таң» жақта, ал мен оған бара алмай жүрмін. Көбінесе менде қаржы болмай қалады. Өзімді ұлымның алдында кінәлі сезінемін. Ол өте ақылды және жігерлі бала. Өзі жылдам-ақ. Қазір медицина дамыды ғой. Шіркін, ақыл-есі қалайда жөнделіп, ұлым уақыт пен кеңістік жағын айнымай біліп, саналы азамат болса деп армандаймын. Өзім осы ғұмырымда 27 жыл оқытушы болып, қаншама жанға дәріс беріп келемін. Менің арманым – ұлымның денсаулығының түзелгенін көру. Шіркін, сол күнге жетсем! Оның есімі Марат, фамилиясы Кокушев. Жасы 25-те. Жігіттің жасында. Ұлымның алдында өте кінәлімін. Менің басымнан не өтпеді! Алима ЖҰМАБАЕВА.  Қаратау.