06 Наурыз, 2015

Ақтауда сот қызметкерлері майдангер-аналарды құттықтады

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
1425473565_5АҚТАУ. 6 наурыз. Ақтауда сот саласының қызметкерлері майдангер аналарды 8 наурыз мерекесіне орай құттықтады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ақтау қалалық сотының қызметкерлері Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, бүгінде көзі тірі қос кейуананың үйлеріне бас сұғып, оларды 8 наурыз халықаралық қыз-келіншектер күнімен құттықтады. Гүл шоқтары мен арнайы сый-сияпаттарын табыстады. Бүгінде 91 жастағы Қамқа Үмбеталина соғысқа 1942 жылы аттанған. 19 жасында майдан даласынан табылған қыз бастан-аяқ Қиыр Шығыс майданындағы 9-шы әуе әскері құрамында шайқасты. Бомбалаушы ұшақта жаудың нысандарын қиратып, жеңістің жақындауына үлесін қосқан қазақ қызы И.Сталиннің Алғыс хатына ие болады. 1945 жылы Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, елге оралған Қамқа мұнай-газ саласында еңбек етті. Қонақтарын өңірі орден-медалдарға толы жауынгерлік мундирмен қарсы алған майдангер әже ерлікке, қиындыққа толы жастық шағы туралы әңгіме шертті. Ал 90 жастағы Анна Морозова – жетімдер үйінің тәрбиеленушісі екен. Мектепті бітірген соң Саратовқа жұмысқа жіберіліп, авиациялық зауытқа жұмысқа орналасады. Соғыс басталысымен дәрігерлік курсқа тапсырып, санитарлық авиациалық дружинаның командирі болып, кейін 89 артиллериялық дивизияның аға саннұсқаушысы болады да, кейін барлаушы-парашютші ретінде соғысады. Украина, Румыния және Венгрияны азат етуге қатысқан Анна қазір Ақтау қаласында тұрады. Салауатты өмір салтын өміріне серік еткен ол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмектесіп тұрады. Гүлайым Шынтемірқызы. Дерек, сурет: egemen.kz. 1425473510_3 1425473511_6