133 000 000 000
Облыстық статистика департаментінің деректері бойынша, 2010 жылдың өткен алты айында негізгі капиталға салынған инвестициялар осыншама теңге қаржы құрады
Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,8 пайызға көп. Ал, негізгі капиталға салынған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласында игеріліп отыр. Бұл инвестицияның жалпы көлемінің 73 пайызы.
Бюджеттік қаржылар есебінен 18 млрд. теңге игерілді, бұл 2009 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 1,5 есе артық. Осыншама қаржы негізінен инженерлік инфрақұрылымның дамуына, әлеуметтік объектілер құрылысына және коммуналдық жалдау мен несиелік тұрғын үйлерге жұмсалған.
10,3 млрд. теңге көлемінде шетел инвестициялары игерілді немесе ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14,6 пайызға артық.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
94 001 000 000
Батыс Қазақстан облысында биылғы жарты жылдықта инвестиция көлемі осыншама теңгеге жетті
Осы деректі таратқан өңірдегі статистика департаментінің талдауларына сүйенсек, инвестицияның негізгі бөлігі өнеркәсіпке бағытталғанын көреміз. Осылай болуының өзі де заңдылықтай көрінеді. Өйткені, қай кезде де өнеркәсіп экономиканың қозғаушы күші, басты локомотиві болып қала бермек. Екіншіден, ол – инвестиция кұюға өте ыңғайлы сала. Бұл фактор да оның мөлшерінің басым болуына алғышарт қалаған деп есептеуге болады.
Бұдан кейінгі реттерде инвестиция көлік пен қоймаға орналастыру, денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік, білім беру мен сауда және ауыл шаруашылығы салаларына тартылған. Бұған дейінгі тәжірибе барысы көрсеткендей, инвестициялық түсімдер мен қаражаттардан республика аудандары мен ауылдары тиісті үлес ала алмай келгені де рас.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.
400 000 000
Прокуратура қызметкерлері осынша мөлшердегі еңбекақыны қарыз иелеріне қайтарды
Облыстық прокуратура жыл басынан бері 13 мыңға жуық адамның еңбек құқығын қорғап, уақтылы төленбеген 400 миллион теңге жалақыны иелеріне қайтарды. 7 аудан еңбекақы жөніндегі берешектерін толық өтеді. Тайынша ауданындағы “Биохим” АҚ көптен бері жұмысшылардың маңдайтер ақысын өтеуді кешеуілдетіп келсе, 15 миллион теңге жалақыны толық төлеп, есеп айырысты. Оның қатарында “Транспортник”, “Петропавлэлектрмонтаж”, “Петропавл троллейбус паркі” секілді мекемелер бар. Өз міндеттеріне атүсті қараған 44 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дегенмен, кей кәсіпорындар тарапынан еңбек заңын бұрмалаушылық тыйылар емес. “Одежда Эластик” ЖШС 7 миллион, Петропавл киім фабрикасы 3 миллион теңге жалақыны әлі өтемеген. Қолданылған шараларға қарамастан, берешек қарыз 40 миллион теңге болып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.