02 Шілде, 2015

Тастар музейі

336 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_2662Әдетте, тастан суық не бар деп ойлаймыз. Ал сол тастың сұлулығын көргенде осы ойдан қайтарыңды, қайтпасыңды білмей дал боласың. Табиғаттың шеберлігін мойындатып, тылсымын ішіне бүгіп қалатын да тас секілді. Қостанай қаласындағы Солтүстік Қазақстанның геологиялық музейіне кірген кісінің барлық жәдігерді қызықтап болғанша шығуы қиын. Атшаптырым залдағы шыны сөрелерге қойылған тастар алдымен жер қойнауының біз білмейтін талай сырына қанықтырғандай болады. Жеріміздің ежелгі тарихына да осы тастар мен музейдің палеонтология мен петрография бөліміндегі жәдігерлер куә болғандай. Торғай ойпатынан табылған мүйізтұмсықтың, мамонттың сүйегі, тісі, акуланың тісі, тарих дәуіріне дейінгі жануарлардың тасқа айналған бедерлері, тас болып қалған ағаш, жапырақ­тар бедері ежелгі дәуірден сыр шерткендей болады. Музей ең бастысы, көрерменге жеріміздің байлығынан хабар береді. Өйткені, музей кен іздеген геологтардың күші­мен ұйымдастырылған. Тастар негізі­нен Қазақ­станның солтүстігіндегі марганец, темір, асбест, хромит, боксит кендері шығып жатқан Соколов-Сарыбай, Жітіқара, Арқалық, Краснооктябрь, Белинский, Аят, Тауынсор, тағы басқа көптеген кеніштерден табылған. Өзіне еріксіз назар аударатын тастардың бірсыпырасын геологтар өздерінің табаны тиген шет ел кеніштерінен де алып келгенге ұқсайды. Оларға музейде жеке бөлім арналған. Ал қалайы, күміс, мыс, алтын өндіретін кеніштерден алынған тастар да бірнеше сөреден орын алған. Еліміздің жер қойнауында металл емес пайдалы қазбалардың да жеткілікті екенін осы музей «айтып» береді. Құрылыс материалдары, асбест, отқа төзімді саз балшық, көмірдің бірнеше түрін айтпағанда, құрамында алмаз бар жыныстарды да осыдан көруге болады. Тіпті, мұнда Қостанай өңірінен табылған мұнай сынамасы да орын алған. «Суретші тастар» секілді табиғат тамашалары өз алдына қызық әлем. – Соғыстан кейін елімізде пайдалы қазбалар іздеу, геологиялық жұмыстар жедел атқарыла бастады. 1956 жылы осы музей құрылыпты. Музей аймақтық геология, пайдалы қазбалар, минерология жөнінде оқып-үйрену жиынтығы, петрография мен палеонтология, зергерлік және өңделген тастар, кәдесыйлар деп аталатын ірі-ірі бес бөлімнен тұрады. 5 мың жәдігер 50 сөреге орналастырылған, оның сыртында 10 мың тас үлгісі қорда сақтаулы. Музейде геологтар жинаған 146000 тас тілмесі, 707 кеспесі, 178 ұнталған, яғни түпшаймасы сақтаулы, – дейді Солтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану аймақаралық басқармасы Қостанай инспекциясының басшысы Айман Дүйсенова. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.