Бүгінгі күндері күллі әлемнің назары Францияның таспадай тартылған асфальт жолдарының жондарында тұр. Ал мұнда жер-жиһандағы ең көне, ең танымал һәм ең беделді веложарыс өтіп жатыр. Ілкі бастауы сонау 1903 жылда жатқан “Тур де Франс” деп аталатын бұл дүбірлі доданың биылғы 3 шілдеде 97-ші мәрте сөреден шыққан кезекті бәйгесі күн санап өз мәресіне жақындап келеді. Әдеттегідей 21 кезеңге бөлініп өтіп жатқан веложүгірістің қазір 16-шы бөлігі артта қалып та үлгерді. Міне, атышулы сайыстың соңғы сөре сызығы тақаған сайын жан беріп, жан алысатын текетірестің бәсі тіпті қыза түсуде.
Осы ақырғы арқанның айбыны көз ұшынан көлбеңдеп көрінгеннен қазақстандық жанкүйер қауымнан да маза кеткен сияқты. Бұған және себеп те жоқ емес. Осыған дейін толайым топтың басында келе жатқан шоғырдың ішінен табылып келген “Астана” командасының мүшесі әрі оның екі капитанының бірі испандық Альберто Контадор 15 кезеңнен кейін жеңімпаздың сары жейдесін кию құрметіне ие болды. Бұл кезеңде сөре сызығын бірінші болып француздың “Bbox Telekom” командасының мүшесі Томас Феклер қиып өткенімен, белдеуге жетінші болып жеткен Альберто жалпы ұпай санымен турнир кестесінің бірінші орнына шықты. Бұған бір жағы осыған дейінгі жарыс лидері люксембургтік Анди Шлектің (“Saxo Bank”) велосипеді сынып қалып, орта жолдан біраз кідіруі тікелей әсер еткен сияқты. Осылайша біздің команданың тарланы өзінің басты қарсыласынан 8 секундқа алға түсіп кетті. Осы басымдық 19 шілде күні өткен келесі 16 кезеңнің қорытындысында да сақталды. Бұл жолы мәреге француз Пьеррик Федерико бірінші келгенімен, алғашқы ондыққа да іліге алмаған А.Контадор өзі ен тағып үлгерген ілкідегі орнын ешкімге бере қойған жоқ. Әзірге ол манағы Андиді 8 секундқа ұтып тұрса, үшінші орындағы отандасы, испанның “Euskaltel-Eusksdі” клубының мүшесі Самуэль Санчестен табаны күректей 2 минут алда келеді. Ал алда Альбертоға қолайлы трасса саналатын тау жолдары жатыр. Осы кезеңдердің алғашқысынан ол 30 секундтай ілгері шыға алса, қалған қашықтықтарда ешкімге есе жібере қоймайтынын мамандар қазірдің өзінде айтып отыр.
Енді Альберто Контадор жөнінде бірер сөз. Ол испан, 1982 жылғы 6 желтоқсанда туған. Бұған дейін екі рет “Тур де Франстың” жеңімпазы атанған. Былтыр Ресейдің “Катюша” командасы осы спортшыны сатып алудан бас тартқан екен. Содан кейін біздің “Астанамен” келісім-шартқа отырды. Былтыр осы команда сапында өнер көрсеткен ол 26 шілде күні мәреге жеткен “Тур де Франс” 21 турының қорытындысы бойынша мойнына лавр жапырағын орап, жеңімпаз атанды. Онда екінші орын оның қазіргі басты қарсыласы Анди Шлекке бұйырып еді. Ал үшінші орынды америкалық атақты велошабандоз Лэнс Армстронг жеңіп алған. Шамасы, биыл да сол былтырғы көрсеткіш қайталанып қалатын түрі бар.
Лайым солай болғай!
Серік ПІРНАЗАР, АСТАНА.
“COCA-COLA. БЫЛҒАРЫ ДОП” ТУРНИРІ
Биыл елімізде “Coca-Cola. Былғары доп” жалпықазақстандық балалар футболының турнирі жаңа серпіліспен өтіп жатыр. Турнирдің іріктеу ойындары осы жылдың сәуір айында басталды. Алғашқы кезеңде мектепішілік (сыныптар арасындағы) турнирлер өткізілді, содан соң олардың жеңімпаздары аудандық және қалалық жарыстарда ойнады, содан кейін ойындар облыс деңгейінде өткізілді. Енді міне, шешуші ойындарға кезек келді: 18 шілдеде Қарағанды қаласында 1995-1996 жылғы туған жас футболшылар арасындағы жоғарғы топтарда “Coca-Cola. Былғары доп” турнирінің шешуші кезеңінің ойындары “Шахтер” стадионында өтті.
Шешуші турнирдің жеңімпаздарын марапаттау салтанатына Қарағанды қаласы әкімдігінің, Қазақстан Футбол федерациясының өкілдері, Қазақстанның ардагер және бұрынғы көрнекті футболшылары, сонымен қатар, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар даярлаған, “Coca-Cola Былғары Доп” турнирінің демеушісі Coca-Cola компаниясы қатысты.
Өткен көктемде “Coca-Cola. Былғары доп” жалпықазақстандық балалар мен жасөспірімдердің футбол турнирін өткізуді жалғастыру туралы кезекті үш жылдық келісім-шартқа қол қойылды. Биылғы жылы бесінші рет өткізілгелі отырған турнир елдегі балалардың ең көп қатысатын спорт сайысы болып табылады.
2006 жылдан бері біздің елімізде турнир футбол бойынша балалардың ең ірі сайысына айналды. Осы жылы оған Қазақстанның 5000-нан астам мектебінен 500 000 оқушы қатысады. Қазақстанның әр түрлі өңірлерінен – Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау, Қызылорда облыстарынан және Астана, Алматы, Семей қалаларынан және басқа да өңірлерден келген оқушылар финалға шығу үшін додаға түседі.
Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Саян Хамитжанов: “Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту – федерацияның басты мақсаты. Ол “Coca-Cola. Былғары доп” турнирінің міндеттерімен үндесіп жатыр – балаларды спортқа баулу, әсіресе футболға баулу және болашақта кәсіби футболшы болуға және жергілікті және халықаралық деңгейлерде Қазақстан атынан шығып, танытуға қабілетті, талантты жасөспірімдерді іздеу”, – деп атап өтті.
“Біз “Coca-Cola. Былғары доп” турнирінің болашақ кәсіпқой футболшылардың шынығуына мұрындық болғанына қуаныштымыз. Мәселен, 19 жастағы Сергей Хижниченко 2006 жылы үлкен жастағы топта “Coca-Cola. Былғары доптың” ең үздік шабуылшысы атанған. Қазір Сергей Астананың “Локомотив” командасында ойнайды және Қазақстанның футбол құрама командасының мүшесі!”, – деді Coca-Cola компаниясының Орталық Азия елдеріндегі үкіметтік және әлеуметтік байланыстар жөніндегі менеджері Арыстанбек Нұрмаханов. Біз, “Кока-Кола” компаниясындағылар, футболды сүйетін дарынды жасөспірімдердің дамуына үлес қосатынымызды мақтан тұтамыз, себебі олар саламатты өмір салтын дәріптейді”.
Футбол ассоциацияларының Еуропалық одағы (УЕФА) “Coca-Cola. Былғары допты” УЕФА төрағасының өзі қол қойған, арнайы “Әлемдегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша ең құнды оқиға. 2006 жыл” дипломымен марапаттады.
Тіпті, Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстанда өтетін “Былғары доп” турнирі – футболдан қазіргі мектептік сайыстарының негізі – мұндай сәтті болмады. Бүгінгі таңда “Coca-Cola. Былғары доп” оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі күндерінің бөлінбес бөлігіне айналды. Футбол мейрамы оларда көптеген жағымды эмоциялар тудырады, бір-бірін сыйлап құрметтеуге үйретеді, әділ спорттық додада жеңімпазды анықтайды.
“Coca-Cola. Былғары доп” 2010 турнирінің демеушісі – әдеттегідей Coca-Cola компаниясы. Бұл компания 70 жылдан астам уақыттан бері әлемнің 100-ден астам елінде әр түрлі футбол жобаларына қолдау көрсетіп келеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.