06 Наурыз, 2015

Түркістанда өртенген базар саудагерлеріне жәрдем беріледі

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

05-03-15-turkestan-1

ШЫМКЕНТ. 6 наурыз. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында таяуда өрт құшағында қалған «Қуаныш» базарының саудагерлеріне қаржылай көмек көрсетілетін болды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. «Кәсіпкерлер палатасында бас қосқан базар басшылары 500 мың теңгенің қаржысын аудару үшін банктен есеп-шот ашу туралы келісімге келді. Жиналған қаражат арнайы комиссияның шешімімен зардап шеккен саудагерлерге үлестіріледі», - делінген хабарламада. Бұдан бөлек, шығынға ұшыраған әрбір кәсіпкерге базар басшысы 100 мың теңгеден өтемақы төлейтін болады. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері салықтық төлемдерді төлеуде жеңілдіктер жасауға және банктен несие алған саудагерлерге көмек көрсетуге уәде етті. Еске сала кетейік, Түркістан қаласындағы орталық базардан наурыз айының басында өрт шығып, саудагерлер мен кәсіпкерлер шығынға ұшыраған болатын. Іле-шала аудан басшылығы зардап шеккендердің көмексіз қалмайтынын мәлімдеген еді. Бақтияр Тайжан. Дерек: Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы. Фото: egemen.kz.