АСТАНА. 14 қазан. Оңтүстік Кореяның Мунгён қаласында VI Дүниежүзілік армия ойындары аяқталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің құрама командасы 130 қатысушы елдің арасынан 12-орынды иеленіп, армия ойындарының мықты командаларының қатарына кірді.
Жалпы есеппен алғанда командамыздың қоржынында 13 медаль, яғни, 4 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль бар.
Жоғары дәрежедегі марапаттарды елімізге 64 кило салмақта өнер көрсеткен былғары қолғап шеберлері, қатардағы жауынгер Елдос Сарқұлов пен 69 килоға дейінгі салмақтағы АОСК-ның қызметкері Асланбек Шымбергенов, таэквондошы қатардағы жауынгер Нұрсұлтан Мамаев пен еркін стильдегі балуан АОСК-ның қызметкері Мейрамбек Айнағұлов әкелді.
Күміс медальдарын 57 килоға дейінгі салмақта ҚР спорт шебері, еркін күрестен әлем чемпионаттарының жүлдегері АОСК-ның қызметкері Владимир Кудрин, арқамен 100 метр қашықтыққа жүзуде кіші сержант Александр Тарабрин және 91 килоға дейінгі салмақтағы былғары қолғап шебері АОСК-ның қызметкері Кәмшібек Күнкабаев қанжығаларына байлады.
Армия ойындарында қола медальді 74 килоға дейінгі салмақта еркін стильдегі балуандар әлем чемпионы кіші сержант Ғалымжан Үсербаев, 65 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионатының жүлдегері ефрейтор Азамат Шағапұлы, 61 кило салмақта Қазақстанның чемпионы, әскери қызметшілер арасындағы 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері ефрейтор Елдос Әбікенов, кіші сержант Әділет Даулымбаев, сондай-ақ 49 кило салмақта АОСК-ның боксшылары, қызметкерлері Жомарт Ержан пен 60 килоға дейінгі салмақта Жақсылық Ілиясов жеңіп алды.
VI Дүниежүзілік армия ойындары 1 мен 11 қазан аралығында Армия спортының Дүниежүзілік Кеңесі (CISM) шеңберінде өткенін естеріңізге сала кетейік. Ол 4 жылда бір рет өткізіледі және ауқымы бойынша Олимпиялық ойындармен салыстыруға болады.
Биылғы жылы әлемнің 130 елінен бас қосқан 8 500 спортшы ойынға қатысты. Еліміздің намысын ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұқан Дүйсекеевтің басшылық етуімен Армия орталық спорт клубының 58 спортшысынан құралған Қарулы Күштердің құрамасы қорғады. Спортшылар спорттың 11 түрінен өнер көрсетті. Атап айтсақ, еркін және грек-рим күресі, спорттық бағдарлау, дзюдо, жүзу, оқ ату, заманауи бессайыс, әскери бессайыс, таэквондо, жеңіл атлетика және бокс.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі.