Қазақ қонақ шақырып, той өткізгенді жақсы көреді. Ана бір жылдары банктер несиені кез келген адамның бет-жүзіне қарамай бере берген кезде, ұл-қызының қуанышын, алпыс-жетпіс секілді мерейтойларды өткізіп, осы жұрт дүрілдетіп жататын. Артынан тиын санап, алған несиелерін қайтару керектігі естеріне түсіп, қиналып қалған сәттері де жоқ емес. Енді, міне,... дағдарыс деген есік қағып, төрімізге шығып, аста-төк той өткізу науқаны біраз саябырсыған сияқты. Бірақ, ел болған соң тойсыз бола ма, жағдайы барлар мейрамханаларда атап өтіп, қуаныш жалғасып жатыр. Бірақ, той өткізу жалпы қазақтың арасында өзара бәсекелестікке, мақтаншақтыққа айналып, белең алып бара жатқаны ойға түйткіл салады. Тіпті кейбір тойларға барсаң, көңілің пәс тартып қайтатынын жасыра алмаймын. Ең бастысы, той жасаушы адам лауазымды, жоғары қызметте жүрген адамдарды көбірек шақыруға тырысады. Неге шақырдың деп жазғыруға қақымыз жоқ, әркімнің өз еркі. Олар биік орынтақ иелері, шақырған тойларға сөзсіз бір сағат, тіпті екі сағат кешігіп келіп, ерте келген елді екі көзін төрт қылып күттіріп қояды. Әрең басталған тойдың басынан бастап шені мен шекпеніне қарай сөз алған сыйлы адамдардың жарыссөзі басталады. Кей жағдайда мақтаған сөздері шын жүректен шықпағандықтан, тыңдаған құлаққа жағымды естіледі деп айта алмаймын. Барлық осы мақтау аты-жөні өзгертіліп, күні ертең басқа бір тойда қайта айтыла береді. Осындай мақтау сөзге етіміз өліп кеткен, үйреніп алғанбыз. Ал, одан кейін той аяқталмай жатып, әлгі ерекше мәртебесі бар шенеуіктердің орындарынан тұрып, ақысы төленіп қойған ақ дастарқанға қарамай үйлеріне қайту дүрбелеңі басталады. Тіпті олар отырған ортаны менсінбей, қоңылтақсып кетіп бара жатқандай көрінеді. Той иелері де өз-өздерінен қобалжып, ойпырмай, тойымыз ұнамай қалды ма, дастарқанымыз олқы болып қалды ма, музыка қатты ойнап, бастары ауырып қалды ма деп зыр қағып, солардың алдында құрдай жорғалап жүгіріп жүргені. Дүйім көпшілік ортасында мұндай өздеріне ерекше көңіл аударту мәдениеттілік пен парасаттылықтың қай тармағына жататынын білмейді екенмін. Той иесін сыйлап, қошемет көрсетуге келдің бе, шын пейіліңмен қуанып, жылы жүзіңді айналаңа көрсетіп, жанашыр ниетіңді білдіріп отыр. Тағы бір пікірім, пұлыңды шығарып, аста-төк той жасасаң, елдің ойында қалып, санасына сәуле түсіретіндей етіп өткізген дұрыс шығар. Қазір бұрынғыдай емес, тойды мәнді өткізуге шебер өнерлі жандар да жетерлік болды ғой. Келген қонақтар жалықпайтын, асабаның айтқан сөздері өрнекті ойларға толы, мазмұны бай той өткізу дәстүріне сай, айтылатын әні мәнді, биленетін биі сәнді болса, неге тамашалап, дем алып қайтпасқа.
Менің Талдықорған қаласында өткен кішкене сәбидің бір жасқа толған тойына барғаным бар. Бұл сәбидің тойы театр әртістерінің орындауында үш әулие – Ескелді би, Балпық би, Қабан жырау бабаларымыздың бата беруімен басталды. Артынан түйе мінген, қазақтың ұлттық киімін киген бүлдіршін атасы мен апасының жетегімен той төріне шақырылды. Тұсаукесер рәсімі де ұлағатты ата мен апалардың қатыстырылуымен өткізілді. Тойбастарды кішкене ойыншық ат мінген жаңағы сәби әрбір үстелге арнайы тігілген қоржынмен алып келгенде қошеметпен қол соғып, елжіремеген, сүйсінбеген адам қалмады. Әні, күйі бәрі рет-ретімен, ақ тілек білдірген қонақтардың құрметіне орындалып тұрды. Мысалы, ұстаз сөйлеп еді, ұстазға арналған ән орындалды, ата ақ тілегін айтып еді, әке туралы, ақ жаулықты ана сөйлесе ана туралы әндер шырқалып, күйшілер күйін күмбірлетіп, думан жалғаса берді. Ең бастысы, көпірме көп сөз болған жоқ, бір топ адамның атынан бір ғана адам ақ тілегін айтып, артынан бата береді. Сол тойда ішіп қояйық, көтеріп қояйық деген сөздер мүлдем айтылмады. Есесіне дастарқанға қымыз, шұбат қойылды. Ұрпағымызға деген осы құрмет үлгі аларлық емес пе? Әрине, сөзсіз. Тойдың қызықты өткені соншалық, орта шенінен қырық сылтау айтып, үйіне қайтып кеткен қонақтарды көре алмадым. Бұл да қуаныш иелеріне, жиналған қауымға деген құрметтің бір түрі.
Сексеннің сеңгіріне шыққан, Жетісу өңіріне белгілі, Еңбек Ері, батыр апамыз Закария Сейітованың тойы өткен күз айында өткізілді. Аты аңызға айналған апамыздың бүкіл өмірі сахна төрінде, Көксу ауданының әуесқой әртістерінің орындауында, арнайы жазылған сценарий бойынша өткізілді. Осы көріністерді тамашалаған адамдардың көңілдері толқып отырды. Апамыздың жас кезіндегі әндер шырқалып, өмір тарихының беттері қалың жұртшылыққа таныстырылды. Кейінгі жастарға үлгі-өнеге беретін мұндай тойлар жиналған халықтың жадында жатталып қалары сөзсіз. Той өткізу мәдениетін тиісті деңгейге көтеру барысында біз қазақтың салт-дәстүрлерін кеңінен пайдаланып, ортамызға қайта оралуына ықпал етуіміз керек.
Осы үстіміздегі жылдың қаңтар айында Алматы қаласында бір замандасым өзінің алпыс жылдық мерейтойын жасап, шақырған еді. Өзінің ғылыми атағы бар, қолы шипалы дәрігер-хирург болатын. Тойға жиналған қауымның да басым көпшілігі әріптестері екен. Маған бір ұнағаны, қазақтың бетке ұстар дәрігер-хирургтері әрбір айтылған тілектерімен қоса Гиппократтың антын қайталап отырды. Әрбір тілек айтушы адамдардың сөзінен үлкен парасаттылықтың, мәдениеттіліктің, адамшылықтың лебі байқалып тұрды. Әзіл болса да сол медицина саласының жанып тұрған жұлдыздарының барлық жер бетіндегі адамзат қауымы ауру-сырқаудан біржолата құтылып, дәрігер-хирургтер жұмыссыз қалса екен деген бір арман-қиялдары бар екен. Жақсы сөз жарым ырыс дейміз, әрине, адамзаттың өмірі үшін күн сайын, сағат сайын күресіп жүрген ақ халатты абзал жандардың аузынан ондай сөздерді есту кімнің болса да көңіліне толғаныс әкелері заңды.
Иә, қазақ той жасамай отыра алмайды. Той қазына екені даусыз. Қуанышқа барлық жақын-жуықтарымызды, таныс-тамырымызды шақырып жатамыз. Той өткізуді қазақ өмірдегі бір қызық белесіндей, алдына қойған мақсатындай көреді. Бәрі дұрыс, бәрі орынды. Қуанышқа құмарлық, жақсылыққа жақындық қазақтың менталитетінде бар. Бірақ, оны мақтан жарысына, байлық пен барлығын көрсетуге айналдырудың ешбір қажеті жоқ. Той өткізудің мәдениетін жақсартып, маңызы мен мәнін қазақтың салт-дәстүріне сай, аста-төкпелікке жол бермей, үлгілі, сәнді-салтанатты қылып өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА. Алматы облысы, Көксу ауданы.