Әкем Сауытбек Әділжанов – екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Фин соғысынан бастап, фашистік Германиямен болған алапат майданға қатысты. Мәскеу, Сталинград түбіндегі шайқастарда қатарынан ауыр жараланды. Соғыс аяқталған соң, 1946 жылы елге қайтыпты. Соғыстан кейінгі өмірін өзінің туып-өскен жері – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылының өсіп-өркендеуіне сарп еткен жан. «Жақсы әкенің есімі балаларына қырық жыл азық» дегендей, ел ішінен, әкеміздің қатарластарынан, інілерінен «Әкең Сәукең қара күштің иесі еді, осы ауылды гүлдендіру жолында аянбай еңбек етті», деген мақтауларды көп еститінбіз. Әсіресе, аталас інісі Әлімбай аға Бердіқұловтың әкем жайлы естеліктері көп. Ауылымыздағы көзі тірі қалған ақсақалымыздың бірі осы Әлімбай ағамыз болса, екіншісі Орынтай аға. Әкемнің ағалары, құрдастары, өмірімдегі қадір тұтатын қасиетті қара шалдар, ауылдың бір-бір бәйтерегі іспетті. Ақсақалдардың айтуынша, атам 17-18 жасында қырғыздың Тістеуік батырын жекпе-жекте жеңіп, бүкіл Екей мен Есқожаның мерейін үстем етіпті. Көзі көк, алып денелі, тау тұлғалы қарттың бейнесі жадымда.
Есімде, әкеме мінгесіп, үнемі Сламқұл атаның алма бағына баратынбыз. Ол кісі алма ағаштың қыр-сырын айтып, кеңес беріп отыратын. Осы әкелерім өсірген
апорт алмалар керемет үлкен еді. 1960-1970-жылдарда әр үйдің бақшасында елу-алпыс түп алма ағашы болатын. Сол алма ағаштарды баптап, өнімін сатып, одан түскен қаражат бір отбасының қажетіне жарайтын. Қара шалдың қасынан бір елі қалмайтын қараторы інісі Қасентай бар-тұғын. Бір жағы көршіміз, қыдыр қонған құмалақты шашып жіберіп, талай ақ батасын берген, ақжүрек тілеулес атамыз еді. Әкемнің достарынан Молдақұл, Кенжебай аталар, қара сөздің қаймағын бұзбаған шешен кісілер еді. Бастары қосыла қалса, ғибратты әңгімелер айтатын. Мен әкемді тәтем деп өстім. Жаздыгүні Қарақыстақтың батысы сары шұбар, жар тоғайға шөп шабуға барамыз. Көк шалғында демалып, ашымал көже ішіп, рахатқа бөленуші едік. Сондай күндердің бірінде әкемді әңгімеге тартып, соғыста бастан кешкен оқиғаларын айтып беруін өтініп қолқа салған едім. Сонда әкем демін ішіне тартып, аз-кем отырған соң, мына бір әңгімені айтып берді.
«...Көзімді ашсам аппақ, кең бөлмеде жатыр екенмін. Орыстың медбикелері күлімдеп, мені қоршап тұр. «О какой сильный казах и такой большой», деп бір-бірімен шүйіркелесіп те қояды. Мен болсам, бұл күйге қалай түсіп, тап болғанымды еске түсірудемін. Фашистерді келген жағына қуып, Кенигсберг қаласы үшін сұрапыл шайқастың тұтанып тұрған кезі болатын. Қаланы қоршап тұрмыз. Маршал Рокоссовскийдің армиясында қатардағы пулеметші болатынмын. Бір уақытта немістердің минометі ысқырып келіп, жақын маңға түсті. Лезде жанымдағы жауынгерлермен бірге топырақтың астында қалыппыз. Көретін күнім бар екен, бір қолым сыртта қалса керек, санитарлық рота жауынгерлерінің көзіне түсіппін. Мені байқаған олар қолұшын созып, санитарлық бөлімге жіберіпті. Араға 15 күн салып, Горький қаласындағы әскери госпитальдан бірақ шығыппын. Есімді жиған сәтім сол екен. Дәрігерлер төрт жарым ай емдеп, аяғымнан тік тұрғызды. Кенигсберг шайқасында немістің бір танкісін қиратқаным үшін, маған госпитальда ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені табысталды. Елге 1946 жылы қайттым. Шешең Рәш, әпкелерің Маржанкүл, Базаркүл, ағаң Әскербектің көз жастары ғой мені аман алып қалған, балам», – деп әкем бір атым насыбайын атып қойып, әңгімесін тәмамдады.
Анам Рәш Медеуқызының дауысы керемет, ән салғанда елді елітіп жіберетін. Мені түн жарым болса да, шайын қайнатып, күтіп отыратын. Шай ішіп отырғанда анамның айтқан әңгімелері менің бала көңіліме ертегі сияқты еді. Анам әкеме 13 жасында 47 малға сатылыпты. 15 жасында екеуі некесін қиып, қосылған екен. Әкемнің әкесі Әділжан ата, өз байлығы өзіне жетіп артылған ауқатты кісі. Ал атамның інісі Сәмжан сол кездегі меценаттардың бірі Медеу Пұсырмановтың саудасын жүргізген жан. Барлығы кейін мал-мүлкі тәркіленіп, Сібірге айдалып кетіпті.
Соғыс аяқталса да, әкемнің хабарсыз кеткеніне шешем жабығып жүреді екен. «Соғыстың біткеніне бір жыл болса да, әкеңнен хабар-ошар болмады, не қайтыс болды деген қаралы хат та келген жоқ. Сол уақыттарда соғыстан Құдыс қайнағам аман-есен оралып қойған. Бір күні сол қайнағам, колхоз басқармасы шақыртты. Жүрегім алып-ұшып бір жақсылық хабар келгендей сезіндім. Жетіп бардым. Сол екен, қайнағам: «Сүйіктің келе жатыр» дегенді айтқанда, төбем бір елі көкке жетпей қуандым. Көзіме жас іркілді. Кеудемді кернеген сағыныш бүріп барады. «Стансадан ат арбамен алып келе жатыр, ендігі Қаракөтермеге келіп қалса, алдынан шығып қарсы алайық», – дейді. Жаяу жосып, балалар алдында жүгіріп келеді, Қаракөтермеге де табан тіредік. Әкең мінген ат арба да келіп жетті. Өңіне де қарамаппын, кеудесі толған орден, медальдар. Жылап көрістік. Ел-жұрттан айналайын, сондағы барлығы тік тұрып қарсы алғанын айтсаңшы. Кейін білдім, Құдыс қайнағам әкеңнің артынан өлді деген қара қағаздың бір жыл бұрын келгенін айтты. Алайда, балалары бар, ауыр тиеді деп, біздерден жасырған екен. Тірі келіп қалар деген тәтті үміті де болыпты жарықтықтың. Аруағыңнан айналайын, қайнаға!», – деді анам көзіне жас алып.
Әкемнің, ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жері – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, қарашаңырақ Қарақыстақ ауылы. Оңтүстігі Майтөбе, Мойнаққара, ары қарай Жаманқара, одан әрі қырғызбен шекаралас, батысында Суықтөбе, шығысында Қаракөтерме. Алыстан ауылды сағынып келгенде, атбасын осы төбеде іркіп, биігіне шыққанда Қарақыстағым көзіме жарқ етіп, көзіме ыстық көрінген еді дейтін әкем. Онан кейін Сүйінбай бабаның кесенесі әр қонақтың көзіне оттай басылады. Міне, осы Қарақыстақтан соғыс басталмай, 1940 жылы әскерге алынып, алғаш фин соғысына қатысып, Кенигсберг қаласына дейін, пулеметін жаяу сүйреп, туған еліне жеңіспен оралған көп жауынгердің бірі, әкем Сауытбек Әділжанұлы 1980-жылы, 80 жасында бақилық болды.
Әкем үшін ең ыстық, ең қасиетті мейрам 9 мамыр – Жеңіс күні болатын. Осы күні қайран әкем бір марқайып, ауыр еңбектен демалып, рахаттанып қалатын. Алматыдан інілері Сейдахмет Бердіқұлов, Бекболат Ақшалов, бірге туған інісі Қамытбек Ешмұханбет, жезде деп Тапайтай аға келіп, сәлем беріп, әкемді Жеңіс күнімен құттықтап жатушы еді. Әкем: «Әй, кемпір, қазанға етіңді сала бер, Алматыдан Шекендер (Сейдахмет Бердіқұловты осылай атаушы еді) келіп қалыпты, мен дүкенге барып келе қояйын», – деп қуаныштан құлдыраңдап кететін. Қайран әкем-ай!
Биыл сұрапыл соғыстың аяқталғанына – 70 жыл. Қолыма қалам алуыма да осы жайт түрткі болды. «Туған жерге туың тік» деген нақыл сөз бар. Әкемді, оның үзеңгілес достары мен ағаларын, інілерін еске алып, қағаз бетіне түсіруімді перзенттік парызым деп білемін.
Өмірбек САУЫТБЕКҰЛЫ.
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы,
Ұзынағаш ауылы.