14 Қазан, 2015

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев қайтыс болды

779 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
14-10-2015-Balgymbayev 01АСТАНА. 14 қазан. Бүгін Атырауда 68 жасқа қараған шағында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев қайтыс болды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Балғымбаев Нұрлан Өтепұлы 1947 жылы 20 қарашада Атырау қаласында туған. 1973 жылы Қазақ политехникалық институтының мұнай және газ факультетін тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірді. Сондай-ақ, 1992-1993 жылдары Массачусетс университетінің (АҚШ) тыңдаушысы болды. Еңбек жолын 1964 жылы Атырау (қазіргі Маңғыстау) облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі болып бастаған Нұрлан Балғымбаев әр жылдарда жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері сынды жұмыстармен қатар, өндірістік қызмет көрсету базасы бастығының орынбасары, бас инженер, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің бас басқармаларында бастықтың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ, «Шеврон» компаниясында еңбек етті. Одан бөлек, 1994-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті, 1997-1999 жылдары Қазақстан Республикасының премьер-министрі, 1999 жылдан «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясының президенті, Қазақстан үкіметінің мүшесі, 2002 жылдан «Қазақстандық мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ президенті, 2007 жылдан Қазақстан Президентінің кеңесшісі, Каспий теңізі ресурстарын пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнайы өкілі, 2009 жылдың желтоқсанынан бастап «ҚазМұнайГаз» салынып жатқан кәсіпорындарының әкімшілігі» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарды. ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған (1999 ж). Марқұмды жерлеу рәсімі 16 қазанда Атырау қаласында өтеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com.