АСТАНА. 14 қазан. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалында 2015 жылы Оңтүстік Африка Республикасы Иоханнесбург қаласында өткен каратэ-до шотаканнан XVII әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – XVII әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, еліміз бен елордамыздың намысын қорғаған жастарды салтанатты түрде марапаттап, ата-аналарына алғыс жариялау.
Жеңімпаз спортшылар қатарында 5 алтын медаль иегері Бэлла Самашева, 4 алтын 1 күміс иегері Еркежан Мүтәліп және спорт шебері Әділет Үсенбаев пен каратэ-до шотоканнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рауан Тоғызбаевтар бар.
Спортшыларға «Нұр Отан» партиясының хатшысы атынан алғыс хат пен ескерткіш сыйлықтарды партияның қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов табыс етті.
«Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» дей отырып, дене шынықтыруды, спорттың барлық саласын дамытудың маңыздылығын айтты. Жалпы егемендігіміз жарияланған уақыттан бастап салауатты өмір салтын сақтап, дені сау ұрпақ қалыптастыруда мемлекет тарапынан көптеген істер атқарылды. Ендігі маңызды мәселе – осы спортқа деген сүйіспеншіліктің жалпы бұқаралық сипатқа ие болуы. Біздің міндетіміз – аға ұрпақ пен жастар арасындағы байланысты нығайту, осы игілікті шараға белгілі спортшыларды жұмылдыру, жастардың қызығушылығын арттыра түсу. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев ел спортшыларына үлкен сенім артатынын өз сөздерінде қайталап айтып келеді. Сондықтан 2015 жылы Иоханнесбург қаласында өткен каратэ-до шотаканнан XVII әлем чемпионатында жоғары көрсеткішпен жеңіске жеткен Қазақстан спортшыларын арнайы шақырып отырмыз, – деді Сапар Ахметов. – Олар, 10 жасар спортшымыз, әлемнің 10 дүркін чемпионы, аталған халықаралық сайыста 5 бірдей алтын медаль иеленген Бэлла Самашева және 2014 жылы жеңімпаз атанып, биылғы жылғы 4 алтын 1 күміс медаль иегері Еркежан Мүтәліп, сонымен қоса, ересектер арасында ел намысын қорғап, 3 алтын, 1 қоланы жеңіп алған Қазақстанның спорт шебері Әділет Үсенбаев және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, биылғы сайыста 7-ші алтынға қол жеткізген Рауан Тоғызбаев сынды талантты жастар бар. «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы сіздерді шын жүректен құттықтайды. Сіздердің бұл жеңістеріңіз Тәуелсіз Қазақстанның спорт саласындағы алтын қоржынын тағы бір мәрте толтырып, халықаралық қауымдастық алдында ел мерейін үстем қылғаны анық. Осы орайда аталған спортшылардың жаттықтырушыларына және тәрбиелеп-өсірген ата-аналарына зор алғысымызды білдіреміз».
Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының басшылығы, «Жас Отан» жастар қанатының ұжымы, жас спортшылар, олардың ата-аналары, жастар ұйымдары, Астана қаласының жұмысшы жастары, студенттер, оқушы жастар, сондай-ақ республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері қатыстыы.
Айдар Өрісбаев.
Дерек, сурет: «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі.