22 Шілде, 2010

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

1093 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) Бюджет кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде бекітілген өкілеттіктерін іске асыру үшін 2009 жылы бақылау және талдау іс-шараларын жүргізу, мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіру, әдіснамалық құжаттарды әзірлеу, мәслихаттардың тексеру комиссияларымен арадағы өзара іс-қимылдарды нығайту, қаржылық бұзушылықтардың себептерін зерделеу жөніндегі жұмыстарды жалғастырды. І БӨЛІМ. 2009 ЖЫЛҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН ТАЛДАУ Экономикалық дағдарыс еліміздің макроэкономикалық даму үрдістеріне ғана емес, сондай-ақ республикалық бюджеттің сандық және сапалық атқарылу көрсеткіштеріне де келеңсіз әсерін тигізді. Есепті жылы Үкімет республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін екі рет нақтылаған. 2009 жылдың қорытындысы бойынша кірістердің 2 779,2 млрд. теңгеге түсуі бекітілген бюджетті 97,7%-ға, сәуірдегі нақтыланған бюджетті 98,5%-ға және қарашадағы нақтыланған бюджетті 100,4%-ға орындалуын қамтамасыз еткен. Республикалық бюджет шығындары есепті кезеңде 3 118,6 млрд. теңгеге орындалып сәуірдегі нақтыланған бюджеттің 95,8%-ын, ал қарашадағы нақтыланған бюджеттің 98,1%-ын құраған, бұл ретте 59,4 млрд. теңге игерілмеген. 1.1. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІНІҢ  АТҚАРЫЛУЫН ТАЛДАУ 2009 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру еліміздегі іскерлік және тұтынушылық белсенділік төмендеген жағдайда жүргізілді. Сонымен бірге 2009 жылы жаңа Салық кодексінің нормалары іске асырыла бастады, соған сәйкес негізгі салық түрлерінің ставкалары төмендетілген. Кірістер бойынша түзетілген бюджет 100,4%-ға орындалды. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер (83,1%) мен трансферт түсімдері (93,6%) орындалмай қалған. Есепті жылы республикалық бюджет кірістерінің түсімі бұрынғы жылмен салыстырғанда 538,4 млрд.теңгеге немесе 16,2%-ға төмендеген. Түсімдердің азаюына белгілі бір дәрежеде салық ставкаларының төмендеуі себеп болды, соның негізінде жиналған салықтар көлемі 620,4 млрд.теңгеге немесе 30%-ға азайған. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығының (бұдан әрі – КТС) ставкасы 30%-дан 20%-ға дейін төмендегендіктен, бюджетке КТС – 177,9 млрд.теңгеге, қосымша құн салығының (бұдан әрі – ҚҚС) ставкасы 13%-дан 12%-ға дейін төмен­деп, ол 43 млрд.теңгеге аз түскен. Қазақстан аумағынан әкетілетін шикі мұнайға салынатын кедендік баж салығы 2009 жылы қаңтарда алынып тасталғаннан кейін баж түсімдері 257 млрд.теңгеге кеміген. Салық түсімдері бойынша болжамдық көрсеткіштер, негізінен, бастапқы бекітілген жоспарлы көрсеткіш төмендетілгеннен кейін, яғни нақтылау есебінен 105,0%-ға орындалды. Қаржы-шаруашылық қызметі нәтиже бермегендіктен не болмаса залалды болғандықтан КТС төлемейтін төлеушілер санының өсуі салықтық әкімшілік жүргізудегі елеулі мәселенің бірі болып табылады. Тіркелген КТС төлеушілердің жалпы саны ішінде олардың үлес салмағы 2007 жылы декларацияны тапсыру кезінде – 72%, 2008 жылы – 74%, 2009 жылы – 74,6% болды. Салық органдарының қосымша есептеген салықтарын бюджетке өндіріп алу төмен деңгейде қалып отыр. 2009 жылы КТС бойынша жүргізілген құжаттық салық тексерулері нәтижесінде 253,7 млрд.теңге қосымша есептеліп, соның 2,9%-ы ғана бюджетке өндіріп алынған. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге салынатын ҚҚС түсімдері жоспарлы көрсеткіштен 1,8 есе асып, республикалық бюджетке 71,4 млрд.теңге аударылған. 2009 жылы кедендік органдар әкімшілік жүргізетін кедендік төлемдер мен салық түсімдері 575,4 млрд.теңгені (105,5%-ды) құрап, 2008 жылмен салыстырғанда 38,8%-ға азайған. Бұған шикі мұнайға салынатын экспорттық баж салығының алынып тасталуы, ҚҚС ставкасының 1%-ға қысқаруы, тауарлар импорты көлемінің 25%-ға төмендеуі елеулі әсер етті. Импортталатын жекелеген тауар түрлерінің өлшем бірлігі құнының төмендеу деңгейі кедендік органдар тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екендігін көрсетеді. Бұрынғы жылмен салыстырғанда төлемдер 18,7%-ға төмендеген тұста, импортталатын тауарларға салынатын ҚҚС түсімдерінің болжамы 103,5%-ға орындалған. Соңғы бірнеше жылда тұңғыш рет, 2008 жылы импортталатын тауарларға салынатын акциздер түсімдерінің төмендегені байқалды, дәл осындай жағдай 2009 жылы да қайталанды. Әкелінетін кедендік баж түсімдері бұрынғы жылмен салыстырғанда 11,2%-ға төмендеген. Бастапқы белгіленген жоспар 40,1 млрд.теңгеге немесе 31,2%-ға төмендетілгеніне қарамастан, 94,9%-ға орындалған. Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берілген жеңілдіктер­дің жалпы сомасы есепті кезеңде 693,5 млрд.теңгені құрады, бұл бұрынғы жылмен салыстырғанда 44,6 млрд.теңгеге немесе 6,9%-ға көп. Есепті жылы республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттің пакетіне түсетін дивидендтер түсімі 13,4 млрд.теңгенің орнына 15,0 млрд.теңгеге (111,5%-ға) орындалған. Аталған түсімдер “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ның жоспарланған қаржылық көрсеткіштерінің артуы есебінен асыра орындалып, одан түскен түсімдердің үлесі 57%-ды құрады. Есепті кезеңде 11,7 млрд.теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар түсті, оларды орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелері салған. Мемлекеттік меншіктегі мүлікті жалға беруден 3,9 млрд.теңге түскен, яғни жоспар 102,6%-ға орындалған. Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер жоспардағы 5,5 млрд.теңгенің орнына 4,5 млрд. теңгеге (83,1%-ға) орындалған, төлемдер бұрынғы жылмен салыстырғанда 4 млрд.теңгеге немесе 47,1%-ға төмендеген. Есепті жылы республикалық бюджет кірісіне нақтыланған жоспардағы 1 292,4 млрд.теңгенің орнына 1 209,4 млрд.теңге (93,6%) мөлшерінде трансферттер түсті. Соның ішінде, Ұлттық қордан түскен нысаналы трансферт түсімдері жоспардағы 347,9 млрд.теңгенің орнына 261,0 млрд.теңгені немесе 75,2%-ды құрады, бұл республикалық бюджет кірістерінің түсімдері болжамының асыра орындалуына және Ұлттық қордан қосымша қаржыны тартуға қажеттілік болмауына байланысты орын алды. Республикалық бюджеттің жалпы кірісіндегі Ұлттық қор трансферттерінің үлесі есепті жылы 39,7%-ды құрап, 2008 жылдың дәл осындай көрсеткішінен 7,4 пайыздық пунктке асып түсті. 1.2. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ШЫҒЫНДАРЫНЫҢ АТҚАРЫЛУЫН ТАЛДАУ Есепті жылдың шығындары 2008 жылдың көрсеткішінен 17%-ға немесе 462 млрд.теңгеге, 2007 жылдың көрсеткішінен 53,6%-ға немесе 1 103 млрд.теңгеге асып түскен. “Шығындар” бөлімі бойынша 587 бюджеттік бағдарламаны іске асыруға 3 178 млрд.теңге бөлініп, оның 3 118,6 млрд.теңгесі, немесе бекітілген республикалық бюджеттің 98,2%-ы, ал түзетілген республикалық бюджеттің 98,1%-ы игерілген. Есепті кезеңнің соңында Үкіметтің бюджетті түзетуі функционалдық топтағы түзетілген жоспардың нақтыланған жоспардан елеулі түрде ауытқуына әкелді. Нәтижесінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа (31,3%), көлік және коммуникацияға (24,7%), білім беруге, мәдениет және спортқа (11,6%) арналған шығыстар ұлғайған. Жалпы алғанда, нақтылап түзету кезінде республикалық бюджет­тің жалпы шығындары он функционалдық топ бойынша шығындарды оңтайландыру есебінен 0,1 %-ға немесе 2,7 млрд.теңгеге көбейген. Шығындар, негізінен, Елбасының Қазақстан халқына жолдауларына, Үкіметтің шешімдеріне және есепті кезеңде қабылданған бағдарламалық құжаттарға байланысты іс-шаралар өткізу көзделген бюджеттік бағдарламалары бойынша ұлғайған. 73 бағдарламаға бөлінген нысаналы трансферттер шығындардың жалпы көлемінің 22%-ын, ал облыстық бюджеттерге бөлінген субвенциялар 16,9%-ын құрады. Үкімет есепті кезеңнің қорытындысында шығындар бойынша 59,4 млрд.теңге қаражатты игермеген. Қаражаттың игерілмеуінің басым бөлігі “Басқалар” (11,1%), “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық” (6,6%), “Білім беру” (4,6%), “Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік”, “Отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану” (4,1%) функционалдық топтары бойынша байқалады. Қаражаттың басым бөлігі халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге (22,3%), облыстық бюджеттерге субвенция беруге (16,9%), қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметін қамтамасыз етуге, сондай-ақ көлік және коммуникацияға (әрқайсысына 8,3%), білім беруге (7,4%) пайдаланылған. 39 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің тек 9-ы ғана қаражатты толығымен игерген, ал қаржыны ең аз игергендердің қатарына Қазақстан Республикасының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі (94,3%), білім және ғылым (95,1%), энергетика және минералдық ресурстар (95,9%), төтенше жағдайлар (96,1%), көлік және коммуникация (96,4%), туризм және спорт (96,6%) министрліктері жатады. 2009 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда, дебиторлық берешек 40%-ға ұлғайып, 71,9 млрд.теңгені, кредиторлық берешек 2,5 есеге азайып, 726,6 млн.теңгені құраған. Талап қою мерзімі өтіп кеткен дебиторлық (910,8 млн.теңге немесе 2,9 есе) және кредиторлық (78,4 млн.теңге немесе 2,6 есе) берешектер көлемінің едәуір өскені байқалады. Бұл жекелеген бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан жіберілген кемшіліктер мен талап-арыз жұмыстары деңгейінің төмендігін көрсетеді Үкімет мемлекеттік органдарды ұстауға бюджет қаражатын бөлуде теңгерімсіздікке жол бергендіктен, еңбекақы төлеу қорының мөлшері басқа ерекшеліктермен салыстырғанда 40-тан 60 пайызға дейін ауытқиды. Сыйақы беруде тиісті нормалардың болмауы осы органдарды ұстауға арналған бюджет қаражатының жоспарланған және іс жүзіндегі көлемдерінің арасында елеулі алшақтық туғызуда. Елеулі дәрежеде үнемдеуді жасанды түрде жүргізіп, тиісінше, біреулерге – жоғары, екіншілеріне – төмен сыйлықақы беру, ақыр соңында мемлекеттік қызметшілердің арасында әлеуметтік теңсіздікке алып келеді. Үкімет мемлекеттік органдардың негізгі және қосалқы контингенттерінің арасындағы теңгерімсіздікті жоюға пәрменді шаралар қолданбай отыр. Жекелеген орталық мемлекеттік органдарда қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асыратын құрылымдардың саны (әкімшілік-шаруашылық, кадр қызметі, кеңсе, ақпараттық қамтамасыз ету қызметі және басқалар) мекеменің штат санының 40%-дан астамын құраса, басқаларында аталған көрсеткіш 20 пайыздан аспайды. Сонымен, нәтижеге бағдарланған бюджеттеуге көшу республикалық бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану проблемасын шешуге ықпал ете алмады. 1.3. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕРДІҢ  АТҚАРЫЛУЫ МЕН ӨТЕЛУІН ТАЛДАУ 2009 жылға арналған бюджеттік кредит беру бастапқыда 60,2 млрд.теңге көлемінде бекітіліп, нақтылаудың нәтижесінде 14 млрд.теңгеге азайтылып, 46,2 млрд.теңгені құрады. Бюджеттік кредиттерді өтеу нақтыланғаннан кейін 13,4 млрд.теңгеге көбейіп, 27,5 млрд.теңгені құрады, тиісінше, таза бюджеттік кредит беру 27,4 млрд.теңгеге азайып, 18,7 млрд.теңге болды. Қаржы дағдарысы жағдайында бюджеттік кредиттер ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, құрылыс саласын және ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталды. Құрылыс саласын қолдау бойынша есепті жылы жергілікті атқарушы органдарға кредит беру Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – Тұрғын үй бағдарламасы) аясында жүргізілді. 2009 жылы облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға кредит беру үшін бөлінген бюджет қаражатының көлемі өңірлерде 2008 жылдың деңгейінде қалып, 16,1 млрд.теңге болды. Техникалық құжаттама уақтылы әзірленбегендіктен, мердігерлерді анықтау жөніндегі конкурстық рәсімдер дер кезінде өткізілмегендіктен, сондай-ақ мердігерлік ұйымдар шарт міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындамағандықтан, жергілікті атқарушы органдар аталған соманың 3,7 млрд.теңгесін, немесе 23,0%-ын игермеген. Солтүстік Қазақстан (52%), Ақмола (79%) облыстарында және Астана қаласында (59%) қаражаттың нашар игерілуіне жол берілген. Үкіметтің, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, Қызылорда, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында кредиттік ресурстар толық игерілгенімен, тұрғын үйлерді пайдалануға беру төмен деңгейде қалып қойған. Астана қалалық құрылыс басқармасы және Ақмола облысының аудандық құрылыс бөлімдері шарт міндеттемелерін орындамаған құрылыс компанияларына айыпақы талап етудің орнына, орындалмаған жұмыс көлемі үшін төлемдер жасап, шарт сомаларын азайтқан. Республикалық бюджет кредиттері есебінен салынған пәтерлерді коммуналдық тұрғын үй санатына аудару фактілері анықталды, аталған пәтерлер сатылған жағдайда бюджет кірісіне 487,9 млн.теңге түсуі болжанған болатын. Есепті кезеңде 20,5 млрд.теңге бюджеттік кредит, немесе жоспар­дың 74,7%-ы өтелді. Бұл ретте бюджеттік кредиттерді өтеу жөнінде бекі­тілген көрсеткіштер 6,0 млрд.теңгеге, төленген мемлекеттік кепіл­діктер бойынша талаптарды қайтару 1,0 млрд.теңгеге орындалған жоқ. Үкімет бюджеттік кредиттерді пайдалануда, өтеуде және оларға әкімшілік етуде бірқатар жүйелі проблемаларды шешпеген. Біріншіден, бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен бюджеттік кредиттерді түпкілікті алушылардың арасындағы қарым-қатынас тиісті дәрежеде үйлестіріл­меген; екіншіден, олардың тиімді және уақтылы пайдаланылуына мониторинг және бақылау жүргізу төмен деңгейде қалып отыр; үшіншіден, алынған міндеттемелер толығымен орындалмаған. 1.4. МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫ АКТИВТЕРІНІҢ  САТЫП АЛЫНУЫ МЕН САТЫЛУЫН ТАЛДАУ Есепті жылы қаржы активтерін сатып алу бойынша бекітілген бюджетті нақтылау кезінде, ол 49,7 млрд.теңгеге азайып, 147,1 млрд. теңгені құраған. Бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне қаржы активтерін сатып алу үшін бөлінген 138,8 млрд.теңге, негізінен, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын қалыптастыру мен толықтыруға бағытталған. 16 бюджеттік бағдарлама әкімшісі тоғыз функционалдық топ бойынша активтер сатып алған. Қаржы активтерін сатудан 1,5 млрд. теңге түседі деп жоспарлан­ғанымен, іс жүзінде жоспар 591,5 млн. теңгеге, немесе 39,4%-ға орындалған. Бюджетке түсетін 1,2 млрд.теңге мөлшеріндегі негізгі түсімнің акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеттерін сатудан және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысу үлесінен түсуі жоспарланғанымен, іс жүзінде мұндай түсімдер 306,5 млн.теңгені, немесе 25,5%-ды құраған. Бұл елімізде қор нарығының дамымағанына және жеке бизнестің тұтынушылық қабілетінің төмендігіне байланысты болып отыр. Қаржы активтерін сатудан түскен түсімдерді және оларды сатып алуға жұмсаған шығындарды салыстырған кезде айтарлықтай теңгерімсіздік байқалады. Қаржы активтерін сатудан түскен түсімдердің үлес салмағы сатып алынғандардың жалпы көлемінде есепті жылы – 0,4 %, 2008 жылы – 0,01 %, 2007 жылы – 0,08% болған. 2005-2009 жылдар аралығында мемлекеттің қатысуымен құрылған 37 ұйымның 25-інің жарғылық қоры тек акциялардың мемлекеттік пакетінен тұрады, 6 ұйымда акциялардың бақылау пакеті мемлекетке тиесілі. Үкімет тарапынан бақылау болмағандықтан, квазимемлекеттік сектор субъектілерін басқарушы органдарға өз бетінше шешімдер қабылдауға мүмкіндік беруде, ал осындай шешімдер республикалық бюджетті елеулі шығынға ұшыратуда. Үкімет тарапынан жіберілген елеулі кемшіліктердің бірі – қаржы активтерін сатып алуда кешенді мониторинг пен есепке алуға қатысты бірыңғай тізілімнің жасалмауы. 1.5. БЮДЖЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ МЕН ОНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ КӨЗДЕРІН ТАЛДАУ Есепті жылға арнап бекітілген 571,3 млрд.теңге мөлшеріндегі республикалық бюджет тапшылығы 2008 жылға қарағанда 1,7 есе көп. 2009 жылдың қараша айында республикалық бюджетті нақтылау кезінде тапшылық көлемі 573,6 млрд.теңгеге дейін көбейтіліп, іс жүзінде 2009 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің нақты тапшылығы 510,9 млрд.теңгені құрады. Аталған ауытқу есепті жылдың төртінші тоқсанында шығындар­дың игерілмеуіне және республикалық бюджетке түсетін салық түсім­дерінің, басқа да алымдардың көбеюіне байланысты туындап отыр. Есепті жылы республикалық бюджет тапшылығын қаржылан­дырудың негізгі көзі ішкі мемлекеттік қарыздар болып, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару және орналастыру жолымен 707,8 млрд.теңге тартылды. Сыртқы мемлекеттік қарыздар 101,6 млрд.теңгені құрады. Жалпы 809,4 млрд.теңге қарыз алынып, оның 249,0 млрд.теңгесі бұрын алынған негізгі қарызды өтеуге пайдаланылған. 2010 жылғы 1 қаңтарға республикалық бюджет қаражатының бос қалдығы 56,0 млрд.теңге болып, 2008 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көбейген. Есеп комитетінің бағалауынша, қаржы институттарына және жинақтаушы зейнетақы қорларына ішкі қарыздардың есебінен белгілі дәрежеде қолдау көрсетілді. Алайда, оларды толыққанды игермеу салдарынан еліміздің экономикасы қосымша өсу мүмкіндіктерінен айрылып қалған. ІІ БӨЛІМ. 2009 ЖЫЛҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҒАЛАУ Есепті кезеңде Есеп комитеті 53 бақылау іс-шарасын өткізді, осы ретте 27 мемлекеттік орган, 18 квазимемлекеттік сектор субъектісі бақылаумен қамтылды, сондай-ақ өңірлерде 6 кешенді және 2 тақырыптық тексеру жүргізілді. Есепті кезеңде жалпы сомасы 254 306 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталған. Бұрынғы есепті кезеңмен салыстырғанда, қалпына келтірілген қаражаттың көлемі 13 есе артты. Құқық қорғау органдарына процесуалдық шешім қабылдау үшін 56 бақылау материалы жіберілді, олар бойынша 14 қылмыстық іс қозғалып, 22 материал бойынша тергеу алды амалдары жүргізілуде. 5 материал сотта қаралуда, 8 адам сотталған. Тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке 78 адам тартылды 2.1. “2009-2011 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ” ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЗАҢЫНЫҢ  АТҚАРЫЛУЫН БАҒАЛАУ “2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңның (бұдан әрі – Заң) баптарының атқарылуын бағалау 2009 жылы бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкестігіне, салықтық және кедендік әкімшілік ету тиімділігіне, сондай-ақ мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуына жүргізілген бақылау және талдау іс-шараларының негізінде жүзеге асырылды. 2.1.1. ЗАҢ БАПТАРЫ АТҚАРЫЛУЫНЫҢ БЮДЖЕТ ЖҮЙЕСІНІҢ ПРИНЦИПТЕРІНЕ СӘЙКЕСТІГІН БАҒАЛАУ Есепті жылы Үкімет Заңның 43 бабының 22-ін орындауды толықтай қамтамасыз етпеген, 14 бапты толық көлемінде іске асырған, 7 бап нормативтік сипатта. Жалпы алғанда, бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджет жүйесінің негізділік, реалистік, жауаптылық, нәтижелілік, тиімділік принциптерін, сондай-ақ бюджет қаражатының атаулы және нысаналы сипатын ұдайы сақтай бермеген. 2009 жылы бюджеттің бірнеше рет түзетілгеніне қарамастан, Заңда бекітілген бірқатар көрсеткіштер орындалмаған. Мемлекеттік қарыздың көлемі Заңда белгіленген лимиттен асып кеткен. 2.1.2. САЛЫҚТЫҚ ЖӘНЕ КЕДЕНДІК ӘКІМШІЛІК ЕТУДІҢ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ Есеп комитетінің бағалауынша, есепті жылы салық органдары, кеден қызметтері және басқа да уәкілетті органдар республикалық бюджеттің кіріс бөлігін уақтылы және толық орындау үшін резервтерді жеткілікті дәрежеде пайдаланбаған. Салықтық әкімшілік етудің тиімділігі Салық органдарының салықтар мен төлемдер бойынша берешекті бюджетке өндіріп алу жөніндегі жұмысы Үкімет тарапынан дереу шешуді талап ететін салықтық әкімшілік ету саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Есеп комитетінің бағалауынша, салық органдарының бюджетке берешекті өндіріп алу жөніндегі қолданып отырған шаралары тиімсіз. 2010 жылдың бас кезінде салық берешегі 100,3 млрд. теңгеге жетіп, 2009 жылдың бас кезімен салыстырғанда 19,4 млрд. теңгеге немесе 24%-ға өскен. Аталған кезең ішіндегі берешектің жалпы сомасы айыппұлдар мен өсімпұлдарды қоса есептегенде, 1,8 есе ұлғайып, 192,3 млрд. теңге болды. Бұл ретте берешегі бар салық төлеушілердің саны 38%-ға өсіп, 2010 жылдың бас кезіне 228 мыңнан асып кетті. 2007-2009 жылдары салық органдарының салық төлеушілерді банкрот деп тану туралы жалпы сомасы 133,6 мрд. теңгеге берген 7 мыңнан астам талап арызы нәтижесінде шамалы ғана салық берешегі, атап айтқанда, 291 млн. теңге өтелген. Мұны конкурстық массаны бөлу кезінде бюджеттің бар болғаны төртінші болып кезекте тұрғандығымен түсіндіруге болады. Осы ретте салық төлеушілердің жеке шоттарынан 95,3 млрд. теңге көлеміндегі берешек есептен шығарылған. Есепті жылы салық органдарының тексеру нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылық деңгейі төмендеген. Салық төлеушілердің шағымдарын қарастырудың қорытындысы бойынша салықтар мен өсімпұлдардың азайтылған сомасы 153,3 млрд. теңгені немесе қосымша есептелген сомалардың 33,5%-ын (2007 жылы – 0,5%, 2008 жылы – 11%) құрады. Соның нәтижесінде салық органдарының заңға қайшы актілері бойынша сот шешімдерін орындауға бағытталған Үкімет резервінің қаражаты 342,4 млн. теңгеге ұлғайып, осы мақсаттарға қарастырылған қаржының 76,2 %-ын құрады. Трансферттік бағаны қалыптастыру туралы заңнаманы сақтау жөніндегі бақылау жұмысының тиімділігі төмен деңгейде екені байқалады. Есепті кезеңде бар болғаны 9 салық төлеуші тексерілсе, соның ішінде құқық қорғау органдарының бастамасымен 6 салық төлеуші тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша есептелген 21,1 млрд.теңге бюджетке өндіріп алынбаған. Салық есептілігін 6 айдан аса бермеген ҚҚС төлеушілер есептен уақтылы шығарылмағандықтан, олардың контрагенттерінің есебінен алынып тасталмаған ҚҚС сомасы 401,7 млн. теңгені құрады. Механикалық көлік құралдары мен оларға тіркемелердің мемлекеттік техникалық байқаудан өткенін растайтын куәлік үшін 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік баж салығын алуды көздейтін Салық кодексінің нормасы іс жүзінде 2009 жылғы ақпаннан бастап қана іске асырыла бастаған. Соның нәтижесінде бюджет 108,9 млн. теңгеге зиян шеккен. Салық органдары заңды тұлғалардың арасында 4 мың айлық есеп­тік көрсеткіштен асатын қолма-қол ақшалай операцияларды жүргі­зу жөніндегі материалдарды қаржы полициясы органдарына беруді қамта­масыз етпей отыр. Мұндай фактілер Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарында анықталды, олардың жалпы сомасы – 2,4 млрд. теңге. Қолданыстағы заңнамада салық төлеуден жалтаруға қарсы алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік беретін тиімді нормалардың болмауы, сондай-ақ салық заңнамасын бұзу фактілерін анықтау бойын­ша жүйелі рәсімдерді салық органдарының жеделдетіп қолданбауы салықтық әкімшілік жүргізуде кездесетін проблемалар болып табылады. Қалыптасқан жағдайда, теріс пиғылды салық төлеушілер салық төлеуден жалтарудың түрлі схемаларын қолданып келеді. Салық комитеті экспорт-импорт операциялары бойынша мәліметтерді салыстырып тексеретін автоматтандырылған процесті енгізудің мерзімін созып жібергендіктен, өздерінің салық есептерінде 638,8 млн. теңгенің операцияларын көрсетпеген Алматы қаласының 44 салық төлеушісі мәліметтерді өңдеу басталғанға дейін салықтық әкімшілік ету шараларынан жалтарып кетуге мүмкіндік алды. Осының салдарынан, бюджет 191,6 млн. теңгеге зиян шекті. Салық кодексінде жалған кәсіпкерлік қызметін барынша төмендетуге бағытталған нормалардың болғанына қарамастан, бюджеттің шеккен шығыны азаймай келеді. Есепті жылы 180 шаруашылық жүргізуші субъект жалған кәсіпорын деп танылды, олармен жасалған мәмілелер бойынша шығыстарды шығындарға жатқызудың нәтижесінде контрагенттер төмендеткен салықтардың сомасы 101,2 млрд. теңгені құрады. Бұрын жалған кәсіпорын деп танылған 378 кәсіпорын 81 млрд. теңгеге зиян келтірген. Салық органдары келтірілген шығынның бір бөлігін ғана қалпына келтірген: 2009 жылы – 21,3 млрд. теңге, 2008 жылы – 11,7 млрд. теңге. Таратылған кәсіпорындарға салық тексерулері жүргізілген кезде мекенжайларында болмай шыққан салық төлеушілермен жасалған операциялар бойынша шығыстарға үстеме тексеру жүргізілместен, тексерулердің аяқталып отырғаны анықталды. Есеп комитетінің бағалауынша, республикалық бюджетке төленбеген салықтардың жалпы сомасы 1,4 млрд. теңге болды. Қаржы министрлігі тарапынан бақылау тиісті дәрежеде жүргізілмегендіктен, 2009 жылы табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға келтірген зияны үшін төлеген 3,3 млрд. теңгесі республикалық бюджетке аударылудың орнына қоршаған ортаға эмиссия төлемі ретінде Атырау және Маңғыстау облыстарының бюджеттеріне аударылған. Есеп комитеті Қаржы министрлігінің Салық комитетімен бірлесіп жүргізген бақылауы барысында жер учаскелерін сату және жылжы­майтын мүлікті бағалау жөніндегі мәмілелерге әкімшілік жүргізу сала­сын­да бірқатар проблемаларды анықтады. Сөйтіп, алымдар мен төлем­дерді төлеу бойынша бюджеттің шеккен шығыны 3,1 млрд. теңге болды. Кедендік әкімшілік жүргізудің тиімділігі Беларусьтің, Қазақстан мен Ресейдің кедендік одағы жағдайында кедендік әкімшілік жүргізудің рөлі артып келеді. Есеп комитетінің бағалауынша, кедендік органдардың қызметінде республикалық бюджеттің зиян шегуіне алып келетін кемшіліктер мен олқылықтар әлі де кездеседі. Үкімет бекіткен “Кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеу” кедендік режимінде өнімдердің асыра көрсетілген шығу нормалары сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қайта өңделген мұнай өнімдерін баж салығынсыз әкетудің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2008 жылы және 2009 жылдың 9 айында экспорттық баж салығы төленбеуінен болжанып отырған шығындар 90 млн. теңгеден асып отыр. 2.1.3. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАРДА КӨРСЕТІЛГЕН НӘТИЖЕЛЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ МӘНІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ БАҒАЛАУ Есеп комитеті Бюджет кодексіне және Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасында мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы” 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуына бағалауды жүзеге асырады. Стратегиялық жоспарлардың іске асырылуына жүргізілген талдау бірқатар проблемалар мен келеңсіздіктерді анықтады. Бюджет кодексінде мемлекеттік органның стратегиялық жоспа­рына өзгерістер мен толықтырулар бюджет нақтыланған жағдайда, заңнамалық актілер өзгергенде, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау үшін жаңадан стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды қабылдағанда не болмаса, осы құжаттарға өзгерістер енгізгенде, сондай-ақ мемлекеттік органның функциялары мен құрылымы өзгергенде ғана жол беріледі деп белгіленген. Алайда, стратегиялық жоспарларды бюджетке өзгерістер енгізу туралы қабылданған шешімдерге сәйкес келтірудің мерзімі заңнамада көрсетілмеген, сол себепті стратегиялық жоспарлардың жекелеген міндеттері мен мақсаттары орындалмай қалуда. Стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторлары абстрактілі түрде баяндалғандықтан және кейбір жағдайда олардың сандық өлшемдері берілмегендіктен оларды бағалау қиынға соғады. Жекелеген мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарла­рында болжауға өте қиын және көп жағдайда орындалуы мүмкін емес сандық көрсеткіштер басым болып келеді. Стратегиялық жоспарларда нәтижеге бағдарланған бюджетті атқаруға қатысты түбегейлі жаңа көзқарастар жеткілікті дәрежеде көзделмеген, соның салдарынан 2009 жылдың аралық кезеңінде жекелеген іс-шаралар бойынша міндеттер мен күтілген нәтижелер жоспарланған көлемінде орындалмаған. Сонымен, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру кезінде мақсаттар мен міндеттердің көптеген параметрлері бойынша нақты жағдай ескерілмеген, тәуекелдерді анықтау жүйесі әзірленбеген, бюджет қаражатын неғұрлым аз жұмсап түпкілікті нәтижеге қол жеткізетін бағыттар көп жағдайда қолданбаған. Сонымен қоса, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын жасаудың әдіснамалық базасы формальды сипатта болып келеді, яғни оларда салалық ерекшеліктер мен қаржыландыру бағыттары бойынша жан-жақты талдау жасалмаған. 2.2. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІН ЖЕКЕЛЕГЕН БАҒЫТТАР БОЙЫНША БАҒАЛАУ Бағдарламалық құжаттарда бастапқы және түпкілікті көрсеткіштердің болмауы және “желдей жүйрік” уақыттың ағынына ілесе алмау мемлекеттік органдардың нәтижеге бағдарланған бюджеттеуге толығымен көшуіне мүмкіндік берген жоқ. 2.2.1. ЖЕКЕЛЕГЕН МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ САЛАЛЫҚ  БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ Мемлекеттік және салалық бағдарламалар экономикалық тұрақтылықты, өмір деңгейін, әлеуметтік қамсыздандыруды және халықты қорғауды арттыруға бағдарланған мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге бағытталған. Бағдарламалық құжаттарды тексеру барысында үлес салмағы жалпы іс-шаралар санының 58%-ын құрайтын орындалмаған және жартылай орындалған іс-шаралар анықталды. Үкімет тарапынан толыққанды бақылау болмағандықтан, бағдарламалық құжаттардың үйлестірушілері тек жиналған ақпаратты жоғары тұрған органдарға берумен ғана шектеліп, олардың орындалуына атүсті қарауда. Сондықтан бағдарламаларды іске асыру көбінесе орталықтан басқарылмайды, олардың орындалуына кешенді көзқарас қамтамасыз етілмеген, көп жағдайда нүктелік сипатта қалып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсерін тигізуде. Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Үкімет осы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі жұмыстардың барлық кезеңдерін айқындап, регламенттемеген. Іс-шараларды орындауды басқару, ұйымдастыру және мониторингілеу жүйесінің және нақты жағдайдағы өзгерістерді ескере отырып, оларды түзету рәсімдерінің тиімді тетіктері әзірленбеген. Жекелеген нормативтік құқықтық құжаттардың болмауы, құры­лыс­тың техникалық нормалары мен стандарттарының жетілдірілмеуі жекелеген іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына мүмкіндік бермей отыр. Құрылыс барысына техникалық қадағалау жүргізетін білікті мамандар жетіспеуде. Жекелеген объектілердің құрылысы қолданыстағы заңнаманың нормаларын бұза отырып, белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасыз (бұдан әрі – ЖСҚ) басталған, салынған объектілердің теңгерім ұстаушылары айқындалмаған. Сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін медициналық және құрылыс кластерін құру, күрделі шығындарды азайту, құрылыс жұмыстарының құнын төмендету үшін қазіргі заманғы құрылыс материалдарын пайдалануды ынталандыру және басқа міндеттер шешімін таппауда. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру барысында іс-шаралардың 20%-дан астамы орындалмаған, бұл үйлестіруші және жергілікті атқарушы органдар тарапынан пәрменді бақылаудың болмағандығын көрсетеді. Кейбір денсаулық сақтау мекемелерінде балалар мен ұрпақты болу жасындағы әйелдерге алдын ала тексеруге атүсті қарау, медициналық қызметті сапасыз көрсету, жоғары білікті мамандардың болмауы және қазіргі заманғы медициналық жабдықтар санының жеткіліксіздігі байқалады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүкті және босанатын әйелдермен, балаларға, жасөспірімдерге және ұрпақты болу жасындағы әйелдерге диспансерлеу жұмыстары тиісті дәрежеде жүргізілмеуде, бірқатар санитарлық нормалар мен ережелер бұзылған. Денсаулық сақтау саласындағы білікті мамандардың тапшылы­ғынан және емдеу үйлері мен ғимараттарының сәйкессіздігінен қымбат тұратын жабдықтардың пайдаланылмай бос тұру фактілері анықталды. Мемлекеттік бағдарламада тегін медициналық қызмет көрсетудің тізілімі мен көлемі туралы халықты ақпараттандыру жөнінде жұмыстар қарастырылғанымен, бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында аталған тармақтың орындалуына қатысты мәлімет жоқ. Нысаналы трансферттердің мемлекеттік бағдарламада көзделмеген іс-шараларға жұмсалғаны және 6,1 млрд.теңгенің қаржылық бұзушылықтарына жол берілгені анықталды. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі жоспарда айқындалған 130 іс-шараның 24-і орындалмаған. Құрылыс құнының қымбаттауына байланысты, бағдарламаның бірқатар білім беру объектілерін пайдалануға беруден күтілген нәтижелеріне қол жеткізілген жоқ. Оқушыларға тегін ыстық тамақ беру мәселесі шешілмеген, лингафондық және мультимедиялық кабинеттермен қамтамасыз ету төмен деңгейде қалып отыр. Бағдарламаны үйлестіруші оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу, байқаудан өткізу және енгізу тәртібін сақтамаған, тиісті сараптама жүргізбеген. Білім берудің бірыңғай ақпараттық ортасын қалыптастыру, білім беру ұйымдарын мониторингілеу, талдау және басқару ақпараттық жүйесін енгізу, білім беру порталын және білім беру ақпараттық ресурстар орталықтарын құру, сондай-ақ қашықтан оқыту технологияларын қолдану бойынша мемлекеттік бағдарламадан күтілген нәтижелерге қол жеткізілген жоқ. Бағдарламаны іске асыру білім беру жүйесінің маңызды көрсеткіштеріне пәрменді ықпалын тигізбеді. Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы. Бағдарламаның “Есірткіні теріс пайдаланудың және олардың заңсыз айналымының өсуін тоқтату, есірткілердің таралуын қоғамға барынша аз қауіп келтіретін деңгейге дейін дәйектілікпен қысқарту үшін жағдай жасау” деген мақсатына қол жеткізілмеген. Бағдарламаны іске асыруды үйлестіруші оның іс-шараларын жоспарлау, басқару, ұйымдастыру және орындау жүйелерін жетілдірудің тиімді тетіктерін әзірлемеген. Нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу және оларға қарсы іс-әрекет бойынша жұмысты үйлестіру мәселелері жөніндегі комиссия осы салада қабылданған шешімдерді орындау жөніндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген. Бағдарлама үзіктілігімен, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне бағытталған қоғамдық және мемлекеттік институттардың күш-жігерін шоғырландыру жөніндегі шаралардың болмауымен, жоспарланған іс-шараларды пысықтаудың жеткіліксіздігімен сипатталады. Ақпараттық-насихаттау іс-шараларының төмен дәрежеде жүргізілуі, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану барысында 588,0 млн.теңгенің қаржылық бұзушылықтарына жол берілуі Қазақстан халқының есірткіге қарсы иммунитетін тиісті деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік бермеген. “Есірткі шебі” бөгеу жүйесі құрылмағандықтан, Қазақстанның шекара маңы өңірлеріндегі республикалық маңызы бар жолдарға орналасқан постылар өзара ақпараттық-телекоммуникациялық желілермен және басқа да құқық қорғау құрылымдарымен байланыстырылмаған. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009-2010 жылдарға арналған бағдарламасын талдау көрсеткендей, онда өткен бағдарламалардағы кемшіліктер қайталануда. Бұл ретте 2008 жылы аяқталмаған іс-шаралар жаңа бағдарламада көрсетілмеген, әрі бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар оның міндеттерімен сәйкеспейді. Қалыптасқан жағдай Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2014 жылдарға арналған стратегиясында белгіленген міндеттердің орындалмауына және мерзімінен кешіктірілуіне әкеп соғуы мүмкін. Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасының және Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2005-2008 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуына бақылау жүргізілді. 2.2.2. БЮДЖЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ Ұлттық экономиканың басым бағыттарының дамуы бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы арқылы жүзеге асырылуда. 96 республикалық инвестициялық бюджеттік бағдарламаны іске асыруға арналған шығындар 758 млрд.теңгені, немесе республикалық бюджеттің жалпы шығыстарының 23,8%-ын құрап, оның 711,2 млрд.теңгесі, немесе 93,8%-ы игерілген. 46,8 млрд.теңге, соның ішінде республикалық деңгейде – 22 млрд.теңге, жергілікті деңгейде 24,8 млрд.теңге игерілмеген. Республикалық бюджеттің есебінен 2009 жылы құны 759 бюджеттік инвестициялық жоба қайта қаржыландырылған, соның ішінде 539 жобаны жергілікті атқарушы органдар іске асыруда және олардың жалпы сомасы 472 млрд.теңгені немесе бүкіл қаржының 62,3%-ын құрап отыр. Инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың 40%-ға жуығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, көлік және коммуникацияны дамытуға бағытталған. Бұл ретте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы инвестициялық жобалар ең қымбат жобалар болып саналады. Мәселен, аталған саладағы бір жобаның шығыстары 5,1 млрд.теңгені құрап, барлық инвестициялық жобалар бойынша орташа құннан бес есе асып түскен. Инвестициялық жобалард