02 Сәуір, 2015

Омбыдағы Наурыз мерекесіне 7000 адам қатысты

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC_9971 Биылғы Наурыз Омбы қаласында бұрын-соңды болмаған ауқымда өткізілді. Бұрын оны қаламыздағы түркітілдес халықтардың өкілдері өзді-өзі, бөлек-бөлек атап өтетін. Қазақтар бір жерде, өзбектер басқа жерде, татарлар мен әзербайжандар да бұйырған орындарында тойлайтын. Биыл қала басшылығы барлық ұлттық-мәдени орталықтардың бәрінің басын біріктіріп, Наурызды ортақ түрде атап өту керек деген шешім қабылдады. Сөйтіп, оған «Красная звезда» спорт кешені берілді. Жексенбі күні таңертеңнен бастап барлық Омбы халқы «Красная звезда» спорт кешені орналасқан «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы» атындағы паркке ағылды. Олардың арасында мұсылмандар ғана емес, орыстар, украиндар, беларустар да болды. Бәрі де Шығыстың халық мерекесі Наурызды көргісі келетін сияқты. Оның үстіне алдын ала хабарланған бағдарламалары да жұртты қатты қызықтырған еді. Спорттық жарыстар, балаларға арналған ұлттық ойындар, ұлттық ән-күйлер, дәмі тіл үйіретін Шығыс тағамдары болатынын БАҚ қайта-қайта айтып жатты. Спорттық жарыстардың бәрі далада ұйым­дастырылып, оны көбінесе ер-азаматтар қызықтады. Ал спорт кешенінің ішінде әрбір ұлттың тәтті-дәмділеріне толы болған жайма базарлар әже-аналар мен балаларды қарқ қылды. Осы жердегі әзіл-қалжыңдар, ән - күйлер, қызық бағдарламаны көруге келген адамдардың бірін де селсоқ қалдырмай, бәрін де қызығына елітіп әкетті. Соның ішінде құрылғанына екі-ақ жыл болған әзербайжандардың «Ватан-Родина» ұлттық орталығы өздерінің экспозицияларын тұңғыш рет ұсынды. Әзербайжандағы атақты «Қыз мұнарасының» кішірейтілген нұсқасы, ұлттық киімдегі қуыршақтар, музыкалық аспаптар – бәр-бәрі олардың тарихи отандарын көзге елестетті. Сонымен бірге, әзербайжанның ішіне құйылған ыстық су ұзақ уақыт салқындамайтын атақты ағаш тостағандары да жұрттың қызығу­шылығын тудырды. Омбыдағы «Мөлдір» атты қазақ ұлттық мәдени орталығының құрылғанына 25 жыл болған. Олар ұлттық кәдесыйлар сататын «Меруерт» атты дүкен де ашқан екен. Соны­мен бірге, «Омбы қазақтары» атты газет те шығарады. Біз осы газеттің бас редакторы Тор­ғын Әшеновамен сөйлескенімізде ол: «Бүгінгі мереке барлық халықтардың бірігуінің, бір мақсат, бір тілекте болуының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Басқа халықтардың мәдениетін, өнерін білген сайын, таныған сайын оларға деген құрметің де арта түседі. Біздің бір-бірімізді тереңірек білуімізге Наурыздың пайдасы өте көп», деді. Спорт кешенінің ішіндегі «Дастарқан» алаңына келген жұрттың бәріне тегін тағамдар таратылды. Мұсылмандардың дәстүрі бойынша бір қазаннан үлестірілген дәм содан ауыз тиген барлық халық өнімдерін татулыққа шақырады екен. Мереке ойлағаннан да артық көңілді болды. Тек белгіленген орынның тарлығы ғана көзге анық көрініп тұрды. Келесі жылы қала басшылығы бұдан гөрі кеңірек орынды таңдайтын шығар. Сонда Наурыз бүгінгіден де көп халықты бір-бірімен жақындастыра түсері сөзсіз. Андрей МОТОВИЛОВ, «Омская правда» газетінің бас редакторы. Ресей Федерациясы, Омбы қаласы. Суреттерді түсіргендер Евгения КАРМАЕВА мен Татьяна ШИПИЛОВА.