Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары Белгісіз жауынгердің зиратына гүл шоқтарын қоюмен басталды.
Қ.Тоқаевтың Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуі барысында Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды. Сенат Төрағасы Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуде ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт берік құқықтық негіз болып табылатынын атап өтті. Ол құжатқа екі елдің Мемлекет басшылары қол қойып, Парламенттері ратификациялаған болатын.
«Екі ел Президенттері Н.Назарбаев пен В.Путин арасында қалыптасқан достық және сенімді қатынастар біздің стратегиялық және одақтастық әріптестігімізді одан әрі нығайтуға серпін береді», – деді Қ.Тоқаев. Сенат Төрағасының пікірінше, Қазақстан-Ресей қатынастары «өнегелі» болып табылады және өзара тиімді ынтымақтастық пен сенімді әріптестіктің үлгісі бола алады.
Федерация Кеңесінің Төрайымы сайлаудағы айқын жеңісіне орай Президент Н.Назарбаевқа және Қазақстан халқына құттықтауын жеткізді. «Нұрсұлтан Әбішұлы – көрнекті мемлекет қайраткері. Оның президенттік сайлаудағы тамаша жеңісіне біз қатты қуандық», – деді В.Матвиенко.
Қ.Тоқаев Қазақстанды дамудың жаңа сатысына шығаратын және әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына енуіне мүмкіндік беретін Ұлт жоспары – бес институттық реформа, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы әріптесін хабардар етті. Төраға бұл реформалар көрнекті реформатор Президент Н.Назарбаевтың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Жүздесушілер екі ел парламенттерінің жоғары палаталары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, одақтастық қатынастарды нығайтуда Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның маңызды рөлін атап өтті. 12 мамырда Омбыда Комиссияның жетінші отырысы болды және онда шекаралық аймақтардағы ынтымақтастық, қазақ және орыс тілдерін оқытудағы өзекті мәселелер қаралды.
«Біз қазақстандық сенаторлардың Омбыдағы белсенді жұмыстарына ризамыз. Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия нақты және шынайы жұмыс істейді», – деді Федерация Кеңесінің Төрайымы.
Кездесу соңында Қ.Тоқаев пен В.Матвиенко ресейлік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан брифингте сөз сөйледі. Қазақстан мен Ресей парламенттері жоғары палаталарының төрағалары журналистердің сауалдарына, атап айтқанда, ЕАЭО аясындағы ықпалдастық үдерістерін дамытудың келешегі туралы сұрақтарға жауап берді.
«Бұл – шикізат, өнеркәсіп, ғылыми-техникалық әлеуеті бар 200 миллион адам тұратын аса маңызды аймақтық экономикалық ықпалдастық бірлестігі. Ол біздің экономикамызға белсенді дамуға, бәсекеге қабілетті болуға, біздің елдеріміздің халқы жақсы тұруы жолындағы күш-жігерімізді көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл ықпалдастық бірлестіктің бастамашысы – Қазақстан Президенті, Ресейде біздің бәріміз құрмет тұтатын Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл жоба шын мәнінде нақты мазмұнға ие болды», – деді В.Матвиенко.
«Еуразиялық экономикалық одақ – жаһандық ауқымдағы жаңа геоэкономикалық ақиқат. Одақ күллі әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып отыр. Әлемнің 40-тан астам елі ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құруға ықылас танытуда. Әлеуетіміз ауқымды, сол әлеуетті пайдалану үшін тек жұмыс істеу керек деп санаймыз», – деді Сенат Төрағасы.
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы осы оқу орнындағы профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушыларына арнаған лекциясында Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықтағы негізгі бағыттары туралы әңгімеледі. Қ.Тоқаев әлемдік орындар жүйесінде Қазақстан ТМД-дағы екінші экономикаға ие және орнықты саяси жүйесі бар табысты әрі тұрақты мемлекет ретінде орныққанын атап өтті. Қазақстан әлемнің 147 мемлекетімен белсенді түрде жемісті ынтымақтасып келеді.
«Қазақстанның халықаралық іс-қимылы қауіпсіздікті, егемендік пен аумақтық тұтастықты, саяси тұрақтылық пен елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мен нығайтудағы ұлттық мүдделерге негізделеді, – деді Сенат Төрағасы. – Қазақстан 24 жыл бойы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің игілігі жолындағы өзара сындарлы іс-қимылға серпін берді және бұл саясат жалғасатын болады».
Қ.Тоқаев, сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарына, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының негізгі бағыттары мен «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқан бес институттық реформаға аудиторияның назарын аударды. Дипломатиялық академияның профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылары Қ.Тоқаевтың сөзін ықыласпен тыңдады. Сенат Төрағасы сауалдарға жауап берді және оқу орнының белгілі және беделді оқытушыларына Сенаттың Құрмет грамотасын табыс етті.
* * *
Кеше Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Сенат Төрағасы екі елдің үкіметтері мен парламенттерінің күш-жігері аясында екіжақты қатынастардың ауқымды келісімдік-құқықтық негізі жасалғанын, 170-тен астам шарттарға қол қойылғанын атап өтті. «Қазақстан – Ресейдің сенімді стратегиялық әріптесі. Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшылары жүйелі түрде келіссөздер жүргізеді, тек өткен жылы біздің Президенттеріміз 10 мәрте кездесті. Бұл өзара сенім мен құрметті нығайтуға ықпал ететіні күмәнсіз, онсыз ауқымды ынтымақтастық мүмкін емес», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Экономика саласындағы ынтымақтастық туралы айтқанда, Сенат Төрағасы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылды дамытуды басым бағыттар ретінде атап өтті. «Бұл ықпалдастық бірлестіктер біздің мемлекеттерімізді олардың одақтастық мәртебесіне тең ынтымақтастықтың қағидалық тұрғысындағы жаңа сатысына шығарады. ЕАЭО-ның келешегі зор, оған әлемнің 40-тан астам елдерінің еркін сауда аймағын құруға ықылас танытуы дәлел болып отыр. Қазақстан Президентінің пікірінше, ЕАЭО-ның құрылуы – қазіргі замандағы жаһандық сын-қатерлерге, оның ішінде әлемдік экономикалық дағдарыс қаупіне лайықты жауап болады», – деді Қазақстан Парламенті жоғары палатасының Төрағасы.
Сенат Төрағасы «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру барысы туралы айта келіп, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығымен қосылуы оның маңызды ерекшелігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды; индустрияландыру және экономиканы әртараптандыруды; халықтың бірыңғай болашағын қалыптастыруды; мөлдірлік және халыққа есеп беретін мемлекет болуды көздейтін бес институттық реформаға ресейлік әріптестердің назарын аударды.
«Институттық реформалар бағдарламасын іске асыру үшін Президент «Мемлекет құрылысындағы бұдан былайғы 100 нақты қадам» іс-қимыл жоспарын ұсынды, бұл – шын мәнінде Ұлт жоспары. Мемлекетті жаңғырту жөнінде арнайы Ұлттық комиссия құрылды, оған Қазақстан Парламентінің өкілдері де енген. Осы бағдарламалық құжаттардың бәрін іске асыру Қазақстан мемлекеттілігін нығайту үшін жағдай жасайды, біздің елімізге әлемнің дамыған елдерімен бір қатарға тұруына мүмкіндік береді. Бұл біздің стратегиялық мақсатымыз», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Федерация Кеңесінің Төрайымы В.Матвиенко мазмұнды сөзіне орай Қ.Тоқаевқа алғыс айтып, Сенат Төрағасына «Совет Федерации. 20 лет» мерейтойлық медалін табыс етті.
Осылайша, Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың Ресей Федерациясына екі күндік сапары аяқталды.
Сәулебек БІРЖАН.