15 Қазан, 2015

Әріптестік әлеуеті жоғары

231 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
14-10-01Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамотасын қабылдады. Рәсім барысында Қазақстан Президентіне бірқатар елдердің Төтенше және өкілетті елшілері – Корея Республикасынан Чо Ёнг Чон, Иордания Хашимиттік Корольдігінен – Ахмед Идрис Инаб, Испания Корольдігінен – Педро Хосе Санс Серрано, Палестина Мемлекетінен – Мунтасер Абу Зейд, Латвия Республикасынан Юрис Погребнякс Сенім грамотасын тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев ел­ші­лерді дипломатиялық мис­сия­ларының басталуымен құттық­тап, олардың қызметі екіжақ­ты қарым-қатынастар мен ел­дері­міздің арасындағы өзара тиімді ын­тымақтастықты дамытуға сеп­тігін тигізеді деп үміттенетінін айтты. «Бүгінгі кездесуіміз бүкіл Қа­зақстанда айрықша оқиға – Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңі­нен тойланып жатқан кезең­мен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мем­лекеттік құрылым қазақ ұлтын ұйыстыру ісінде айрықша рөл атқарды. Біз жаңа тарихи кезеңде мемлекеттіліктің байырғы дәстүрлерін жаңғырттық», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Осылай дей келе, Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдарының ішінде заманауи мемлекеттіліктің берік іргетасы – қарқынды дамыған нарықтық экономика және тұрақты саяси жүйе құрылғанын айтты. «Биыл Ұлт жоспарының 100 қадамы арқылы нақтыланған бес институттық реформа бас­тау алды. Қазақстанның ай­тар­лықтай транзиттік-көлік әлеуеті бар. «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы аясында біз респуб­ликада инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Жібек жолын жаңғырту арқылы халықаралық көлік дәліздері қалыптасуда. Британ құқығына негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылуда, онда қосымша құн салығын қайтару, жұмыс күшін тарту және басқа да ерекше жеңілдіктер қарастырылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Рәсім барысында Мемлекет басшысы 2017 жылы Аста­нада «Болашақтың энергия­сы» тақырыбына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрме өте­тініне тоқталды. Бұған қоса, елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосуды көздейтін Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын да айту керек. Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрі дипломаттар өкілдік етіп отырған мемлекеттермен арадағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатынын айтты. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, ХХІ ғасырда жаһандық жаңа архитектура қалыптастыру ісі жаһандық қауіп-қатер ұлғайған тұста жүргізіліп жатқанын, бұлармен күресу барлық мемлекеттің күш-жігерін жұмылдыруды талап ететініне назар аударды және Қазақстан халықаралық байланыстар аясын белсенді түрде кеңейту және тереңдету бағытын жалғастыра беретінін атап өтті. «Біз өзара сенімді қалпына келтіруге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті халықаралық құқық негізінде нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерді қолдаймыз. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі әлем елдерімен сауда жасауға мүмкіндік береді. Біз, сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қосылу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынды. Еліміздің кандидатурасы сіздердің мемлекеттеріңіз тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында терроризмге, кедейшілікке қарсы күреске, ядролық қаруды таратпауды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныс жасағанын айтты, Азиядағы сенімді серіктес – Корея Республикасымен достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынына назар аударды. «Біздің ынтымақтастығымыз биік деңгейге көтерілді. Корея Респуб­ли­касының Президенті Пак Кын Хе Аста­наға 2014 жылы мемлекеттік сапармен келді. Сол кезде біз ынтымақтастықты жал­ғастыруға өзара мүдделі екенімізді рас­тадық. Қазақстан экономикасына сал­ған Корея инвестициясының жалпы көлемі 4 миллиард доллардан асты. Корея компанияларының қатысуымен бірлескен 24 жоба іске асырылуда. Астана мен Сеулдің халықаралық мәселелер жө­ніндегі ұстанымдары ұқсас. Сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту халықтарымызға пайда әкелетініне сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақстанның Иор­даниямен өзара тиімді ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Бұл жөнінде Президент: «Екіжақты қарым-қатынастар ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша жүйелі дамып келеді. Жоғары деңгейде сенімді диалог орныққан. Біз Иорданияға Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп, елімізде өткізілген барлық халықаралық шараларға тұрақты қатысып келе жатқаны үшін алғыс айтамыз. Король ІІ Абдаллаға биылғы маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 5-съезінің жұмысына қатысқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Біз түрлі салаларда ынтымақтастықты жолға қоюға, екі ел халқының игілігі үшін бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз бен Испания Корольдігін дәстүрлі дос­тық қарым-қатынастарға құрылған ынты­мақтастық байланыстыратынына тоқтала келе, жоғары деңгейдегі Қазақстан-Испания қарым-қатынастары саяси диалогымыздың белсенділігі мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы арқылы ерекшеленіп отырғанын жеткізді. «Біз Испанияға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылық білдіреміз. Испания Үкіметінің төрағасы Мариано Рахойдың 2013 жылғы ресми сапары елдеріміздің ынтымақтастығына тың серпін берді. Қазақстанда Испанияның көптеген компаниялары табысты жұмыс жүр­­гізуде. Осы бағытты жалғастыру маңыз­ды», – деді бұл туралы Мемлекет бас­шысы. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, Палестинаның Қазақстанның Таяу Шы­ғыс­тағы маңызды серіктесі екенін айтты. «Біз Палестинамен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге зор маңыз береміз. Палестина-Израиль қақты­ғы­сының оң шешілмеуіне байланысты біз­дің ынтымақтастығымыздың әлеуеті әзір­ше жүзеге аспай отыр. Қазақстан өз тәуел­сіз­дігінің алғашқы күнінен бастап бұл проб­леманы халықаралық құқық негізінде рет­теуді жақтап келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қа­зақ­станның Латвия Республикасымен ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін айта келе Латвияны Балтық өңірін­дегі маңызды сауда-экономикалық серік­тесі ретінде қарастыратынын жеткізді. «Көлік-транзит, машина жасау және ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, білім беру мен туризм салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық сала­лардағы байланыстар аясын кеңейтуді көз­деп отырмыз», – деді Қазақстан Прези­денті. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назар­баев елшілерді Астанада жауапты дипло­ма­тиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, денсаулық пен табыс тіледі. Бұл күні Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілер де сөз алып, тараптар арасындағы байланыстар жайына тоқталды. Мәселен, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Енг Чон тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жылдам әрі қарқынды дамуға қол жеткізгенін, ал республика азаматтары болашақтарына сенімді екенін атап өтті. Ол, сондай-ақ, Корея басшылығы екі елдің арасында ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін көріп отырғанын және оны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыруға ниетті екенін айтты. «Менің Қазақстанға келгеніме 6 айға жуықтады. Осы уақыт аралығында мен Алматы, Өскемен, Атырау, Қарағанды қалаларында болдым. Саяси, іскер топ өкілдерімен, мемлекеттік қызметкерлермен, студенттермен кездесу өткіздім. Осындай кездесулер барысында мен Қазақстанның жыл өткен сайын қарқынды түрде дамып келе жатқанына көз жеткіздім. Сондықтан, Қазақстанда қызметте жүрген кезімде өзіме жүктелген дипломатиялық міндеттерді атқаруға күш салатын боламын», – деді Чо Енг Чон. Иордания Хашимиттік Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб Қазақстанда өз елінің атынан өкілдік ету зор мәртебе екенін айта келіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. «Қазақстан мен Иордания Хашимиттік Корольдігінің арасындағы әріптестік байланыстар 1990-жылдардың басынан бері жалғасып келеді. Иордания бүгінде Қазақстанның барлық халықаралық, соның ішінде өңірлік және жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдарын қолдайды. Елдеріміздің арасында экономика, сауда және мәдени салалар бойынша екіжақты келісімдердің қомақты негізі қалыптасқан. Мәдени салаларда да жақсы қарым-қатынас орнатылған. Болашақта біз Қазақстан аумағында, мысалы, фармацевтика саласында Иордания зауыттары салынады деп ойлаймыз», – деді Ахмед Идрис Инаб өз сөзінде. Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Педро Хосе Санс, Серрано өз елінің бірінші болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанына назар аударды. «Мұндай қарым-қатынас екіжақты және көпжақты бағытта нығая түседі деп ойлаймыз»,– деді ол. Педро Хосе Санс сондай-ақ, Испанияның биыл жыл аяғына дейін қол қойылатын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімді қолдайтынын жеткізді. Палестина Мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Монтасер Абу Зейд Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің араб-израиль қақтығысына байланысты барлық қарарға нақты ұстаным танытқаны үшін алғысын білдірді. «Бүгінде Қазақстан сіздің басшы­лы­ғыңызбен Таяу Шығыстағы ахуалды бейбіт реттеу үдерісінде маңызды рөл атқарып отыр», – деді Монтасер Абу Зейд. Латвия Республикасының елшісі Юрис Погребнякс Қазақстан Латвияның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап көрсетті. «Бүгінде көлік, фармацевтика, ақ­па­раттық технологиялар, қалдықтарды қайта өңдеу, азық-түлік өнімдерінің өндірісі, құрылыс сияқты салаларда екіжақты ынтымақтастық үшін зор мүмкіндіктер бар. Қазақстан Латвия үшін маңызды транзиттік серіктес болып саналады. Біз үшін Қазақстан мен Қытайдың шекарасындағы Қорғас «құрғақ портының» мүмкіндіктері зор қызығушылық тудырады», – деді Юрис Погребнякс. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.