15 Қазан, 2015

Биік белес

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
14-10-01-01Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсім барысында сөйлеген сөзінде Елбасы бір ай бұрын Қазақстан ғарышкерінің халықаралық экипаж құрамында алғашқы 10 күндік ғарыш сапарына ұшқанын айтты. «Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен халқымды еліміз бағындырған жаңа жетістікпен құттықтаймын. Біздің қазіргі заманғы тарихымыздағы осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлес қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Ресейлік серіктестер мен басшыларға, сондай-ақ экс­педицияның шетелдік мүше­леріне айрықша ризашылық білдіремін», – деді Мемлекет басшысы сөзінің басында. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ғарышты игеру әр­дайым адамзаттың ең аңсарлы армандарының бірі болғанын атап өте келе, бүгінде бұл барлық Жер шары тұрғындарының ең биік миссиясы екенін жеткізді. «Біздер, қазақстандықтар байтақ жерімізде бүкіләлемдік ғарыш айлағы – Байқоңырда алпыс жыл бойы жұмыс жүргізіліп келе жатқанын мақтан етеміз. Ғарышкерлерді Жер жүзі осы жерден, Қазақстаннан шығарып салады. Адамзаттың ғалам туралы таным көкжиегін кеңейтетін күрделі экспедициялардан кейін оларды осы жерде қарсы аламыз. Ғарышқа ұшқан жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 38 елдің 545 ғарышкері ғарыш кеңістігінде болып қайтты. Сол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Ал А.Айымбетовтің сәтті сапары еліміздің ғарыш жылнамасының жаңа бір парағын ашты», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы сонымен қатар, Қазақстанның әлем бойынша ғарыш кеңістігін бағындырған азаматтарының саны үшеуден кем емес 9 елдің бірі болғанына назар аударды. «Бұл – Күн жүйесінің кеңістігін зерттеу және игеру ісіне өзге елдермен бірге атсалысып отырған Қазақстанның ғарыштық болашағы үшін жасалған жаңа қадам. Жердің тартылыс күшін еңсеруге деген ұмтылыс адамның ең ұлы ерлігінің бірі болды, солай болып қала береді. Ол ең батыл әрі лайықтының ғана қолынан келеді. Осындай батырдың бірі – біздің үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов. Сондықтан мен оған «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағын, сондай-ақ, Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Мұндай жоғары марапаттар оның Қазақстан халқының игілігі үшін жасаған ерлігін айғақтай түседі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті жаңа «Халық қаһарманы» А.Айымбетов енді еліміздің көрнекті батыр-ғарышкерлері қатарында болатынына тоқтала келе, ғарыш саласына қатысты біраз жәйттерді еске түсірді. «Мәселен, біздің тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 24 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бастауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықты еңсеруге тура келгені есімізде. Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев – жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспе­дициясына қатысты. Ол – ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шы­ғып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Талғат Мұ­сабаев – Қазақстан мен Ресей­дің ғарыш саласындағы ынтымақ­тастығының, халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көр­шілестігінің символы», – деді Мем­лекет басшысы. Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев А.Айым­бетовтің Қазақстанның ғарыш­тық зерттеулерінің бесінші бағ­дарламасын жүзеге асырғанын атап өтті. «Салмақсыздық жағ­дайында «кулонды кристалл» алу жөніндегі зерттеулер жүргізілді. Елдің экологиялық проблемалары бар өңірлерін, ең алдымен, Арал­ды мониторингтеу және суретке түсіру жұмыстары жасалды. Бір­қатар маңызды сынақтар ден­саулық сақтау саласына тікелей қатысты болды», – деді Қазақстан Президенті бұл турасында. Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Қазақстан ға­рышкерінің бұл сапары ұлттық экономиканың инновациялық ғарыштық саласын дамытудың жаңа кезеңінің бастауы болғанына назар аударды. Мәселен, Астанада бүгінде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені салынуда, ол жер серіктерін жобалау, құрастыру және сынау жөнінен ТМД-да баламасы жоқ жоғары технологиялы кәсіпорын болады. Сонымен қатар, 2014 жылы жоғары дәлдіктегі жерсеріктік на­вигация жүйесінің жердегі инфра­құрылымы қалыптасты, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін жобалау жұмыстары аяқ­талуда. Бұған қоса, Қазақстанның ғарыш саласына қажетті кадр­ларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін көтеру жүйесі құ­рылды, ол студенттерді ғарыш ма­мандықтары бойынша Қазақ­станның жоғары оқу орындарында, сондай-ақ «Болашақ» бағ­дар­ламасы арқылы шетелдерде оқыту ісін қамтиды. Бұл мәсе­леге қатысты сөйлеген сөзін­де Нұрсұлтан Назарбаев Қазға­рыш­тың ғылыми мекемелері өткен 4 жыл ішінде 37 ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырып, өнертабыс үшін 5 патент алғанына тоқталды. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы еліміздің жаңа «Халық қаһарманы» Айдын Айымбетовті ең жоғары мемлекеттік наградасымен құттықтап, оның өзіне жүк­телген міндетті табысты орын­дағанын айтты. Бұдан кейін сөз алған Ай­дын Айымбетов өзінің сапары Нұрсұлтан Назарбаевтың қам­қор­лығы мен қолдауының арқа­сында жүзеге асқанын айтып, Елбасына алғысын білдірді. «Мен үшін бұл күн – өмірімдегі ең ба­қытты әрі толқулы күн. Өйт­кені, мен Президенттің қолы­нан Отанымның ең жоғары наг­радасын алдым. Мен сіздің тап­сырмаңызбен 1998 жылдан бері ғарышқа ұшуға дайындық жүр­гіздім. Демек, халықаралық экипаж құрамында Қазақстанның аты­нан өкілдік ету мен үшін биік мәртебе», – деді Қазақстан ғарышкері. Осылай дей келе, ол өзіне жүктелген міндеттердің орындалғаны туралы баяндап берді. «Ұшу сапары барысында Қазақстанның ғарыштық зерттеу бағдарламалары іске асырылды. Қазғарыштың ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жасалды. Сондай-ақ, микрогравитация жағдайында микробөлшектердің физикалық қасиеттері зерттелді. Мұның бәрін алдағы уақытта біздің ғалымдарымыз термоядролық энергетика, плазмалық медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібінде пайдаланатын болады. Кейін олар Қазғарыш пен халықаралық ғарыштық ын­ты­мақтастық аясында жалғасады», – деді А.Айымбетов. Ақордадағы салтанатты рәсім кезінде Қазақстан ғарышкері өзі­нің бар күш-қуатын, білімі мен тәжірибесін елдің ғарыш сала­сын одан әрі дамытуға жұмыл­дыратынына сендірді. Бұдан кейін А.Айымбетов Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық ғарыш стансасы бортында планетамызды 150 реттен астам айналып шыққан Мемлекеттік туды табыс етті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.