Менің енемнің аты – Жәмила. Әкесінің аты – Жанұзақ. Қазақтың көрнекті қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжанды дүниеге әкелген алтын құрсақ ана.
Оны «апа» дейтінмін. Енем Қаратаудың теріскей бетіндегі елге белгілі оташы-тәуіптің ерке қызы болыпты. Сәукелесі сыңғырлаған келін болып түсіп, келіншек атанады. Атамның үйінің әрін кіргізген, ауылдың ардақты келіні болады. Ұрпағын өсіріп, әулеттің анасына айналады. Тағдырына екі соғыстың қиындығын бастан өткеру жазылыпты. Шаңырақ шаттығы мен шыжығын, тіршілік қиындығын бастан кешіріп өмірлік тәжірибе жинақтап, отбасы мектебінің ұстазына айналды. Менің бақытты өмірімнің ең негізгі ұстазы апам болды. Сол үшін де апамның бейнесін әрдайым жүрегімнің төрінде ұстаймын.
Қазақта ененің айтқаны қашанда заң. Өзім үшін де алғашқы күннен енемнің айтқандары талқыланбайтын. Енем екеумізді туыс етіп, байланыстырып тұрған қазық – оның ұлы, біздің отағамыз еді.
Өзім түскен шаңырақтың менің басқа замандастарымнан ерекшелігі – Дүкеңнің алғашқы әйелі қайтыс болып, бір ұл, бір қыз қалған екен. Енемнің бір талабы – сол екі бала «Анамыз болса бүйтпес еді, осы ойлағанымды орындап берер еді», дегізбеу болды.
Ұлтымызда ене мен келін болып бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешетін ғұрпымыздың түп қазығы асыл дініміз исламға да байланысты. Апам: «Ата-ананың ризашылығы – Алланың ризашылығы», деп біздің құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп кетті. Өзім Мағазбектің жалғыз перзентімін. Елге барған сайын Ділдабай ағаны ертіп алып әкемнің басына құран оқытып қайтатын едім. Ауылдан келген соң айтқан әңгімемді тыңдап отырған апам: «Шырағым, сен өзің Құранның біраз аятын жаттап алып, әкеңнің басына барғанда өзің оқысаң, сауабы көп болар еді. Мен білгенімді саған айтып беріп отырайын, сен қайталап айтып, жаттап ал», деп менің алғаш Құран аяттарына тілімді сындырды. Ол кісі өмірінің соңына дейін намазын үзбеді. Апамнан үйренген сол аяттарды әлі күнге бір сөзін ұмытпай, өзі үйреткендей тәулігіне сан рет қайталап, ел-жұртыма, отбасыма тілеу тілеп келемін.
Қазақ халқында «Жеті жарғының» заңдарындай жазылып қоймаса да, ауыз ежелден қалыптасқан ене мен келін институты бар. Ене мен келін институты ілкі замандарда алғы буын мен кейінгі буынның үндестігі, дәстүр сабақтастығы түрінде өрбіп отырған. Жасы ұлғайғанда әулетке АНА, отбасында жақсы ене болғысы келген келіндер алғашқы күннен сол дәстүрге жүгінетін болған. Менің енем де сол асыл арқау дәстүрдің жалғастырушысы еді. Үлкен келіні Қызсұлуды да, кештеу түскен мені де жазылмай жалғасып келе жатқан сол заңмен тәрбиеледі.
Кейбір енелерге ұқсап келіндерін «ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстауым керек» демейтін. Келіндерінің білмегенін үйретіп, түсінбегендерін түсіндіріп, ылғи да арқасынан қағып, маңдайынан сипайтын. Бір істі келіндерімен бірге бастап, өзі басы-қасында жүретін. Ересек біз түгілі, немере келіндері Нәзира мен Гүлнарға да көп нәрсені үйретіп, оларды ылғи ботадай жетелеп жүретін. Апамның айтуынша ене – келіннің екінші анасы. Сондықтан келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп. Бүгін келін болып отырған жас қыз, ертеңгі күні өзі де ене атанып, келін тәрбиелейтіні – өмір заңдылығы. Үлкен келіннің он баласын дүниеге келген күннен етегіне орап алып, бағып, өсіріп, немереден шөбере сүйді. Менің де балаларымды бауырына салып, кенжем Әсел туғанда да алғаш рет бесігін өзі тербетті.
Мен келін болып түскенде апам сексенде болатын. Өмірден бар түйгені мен жиған-терген, үйренгендерін бабымен айтып отыратын. Атамыздың ауылындағы ағайын-туыстарды, құда-жекжаттарды Дүкеңнен гөрі мен жақсы танимын. Себебі, олардың отбасы, өмір сүру дағдылары, ағайын-туыстық қатынастары – бәрін апам маған айтқанда жадымда мықтап тоқып алған едім.
Бүгінде сол туыстардың балалары, немерелері жолыққанда аталарының атын атаса болды, апамның айтқандары есіме түсіп – тани кетемін. Үлкендерін сұрап, жастары жайында білгім келіп тұрады. Бұл анамнан қалған үлгі ғой.
Апам намазын оқып болған соң ұзақ отырып, ел-жұртқа тілеу тілеп тәспі тартатын. Әсіресе, Елбасына риза еді. «Айналайын-ай, осынша адамды асырап, еңбегіне ақы төлеп, елді тыныш, жұртты аман сақтап отырғанын айтам-ау! Сонысымен қоймай мен сияқты кәрі-құртаңға пенсия төлейді. «Еңбегіңіздің зейнеті», – дейді, дейтін. Жарықтық өте қанағатшыл еді.
Дүкеңді ағайын-туысы «Түкен» деп атайды. «Д» әрпін төртінші сыныпқа дейін Дүкеңнің өзі де «Т»-мен жазып келіпті. Оңтүстік өңірде ұстахананы «түкен» дейді. «Дүкенбай» деген есім сол ұстахананың құрметіне қойылған көрінеді. Апам ұлына аяғы ауыр жүргенде Қаратау өңіріне аты белгілі шебер – Ақәділ ұста енемнің түсіне кіріпті. «Келін, мынау саған сыйым», – деп көсеу сыйлапты. Содан апам ұл босанғанда қуанғандарынан «түкен қасиетті орын ғой» деп, ұлдарына «Түкенбай» деген ат беріпті.
Мен ас-ауқат әзірлегенді білгеніммен қолөнер, іс тігу дегенге қырым жоқ болатын. Апам керек-жарағының бәрін маған базардан алдыртып алып, жүн түтіп, көрпе қабуды көрсетіп, жастыққа тыс тігуге дейін, қадағалап отыратын. «Жамамай жаңа болмайды», – деп киім болсын, төсек-орын жабдығы болсын сетінеп кеткенін дереу тіктіріп, түймесін қадатып қоятын. Тіпті, қабырғаның жыртылған тұсқағазын жапсыртып, түсіп қалған шегесіне дейін маған қақтыратын. «Отаныңның әрбір затын көзіңнің қарашығындай сақта. Біреуін – екі, екеуін – көп ет», «Төркініңе бере берме – ырысың ауып кетеді. Уақыты келіп дәулеттерің тасығанда оларға да бересің, сонда қадірлі боласың», деп отыратын.
«Адам аштыққа шыдайды, молшылықтың буына шыдамайды. Тоқтық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді» дейтін. «Алла дәулетті әр әулетте бір балаға ғана береді. Сол жігіт ат жалын тартып мініп азамат болғанда әулеттегі басқа бауырларымен дәулетімен бөлісіп отырғаны дұрыс, әйтпесе, ырысы қашады. Кейбіреулерді қарасаң, байып келе жатады да аяқ астынан бір пәлеге ұшырап қолындағысынан айырыла бастайды. Сонда ол өзінде барымен басқаларға қайырым-мейірім жасамаған соң, құдай «Мына құлым беріп жатсам да тоймайды, басқалармен бөліспейді. Жоқшылық қандай болады екен дәмін татсын», деп дереу берген бағын тыя қояды. Біздің әулетте дәулетті Түкенжанға берген, сондықтан сен басқа бауыр-қарындастарымен бөлісіп отыр. Әйтпесе, тоғышар байдың тоқырап күн кешуі оп-оңай», – деп қорқытып қоятын.
«Шырағым, сен жақсылықтың жоқтаушысы бол, жамандықтың іздеушісі көп болады. Оны керек адам сенсіз де тауып алады. Не іздесең, құдай соны береді». Апамның осы аманаты менің өмірлік ұстанымыма айналды.
Мен Әселді өмірге әкелгенде енем «Енді шалымның жанына жақындай берейін», – деп елдегі үлкен ұлының қолына барып тұруға жиналды. Апамның жанымызда жүргеніне, үйіміздің төрінде қарқарадай болып отырғанына үйреніп қалғанбыз, іштей қимай жүрдік. Бірде таңғы ас үстінде «Апа, сіздің әр сөзіңіз ақыл кені ғой, сонда да «Маған енем айтып кетті» дейтіндей бір үлгі айтыңызшы, өмір бойы айта жүрейін» дедім. «Жарайды, маған ойлануға мұрсат бер. Елге айта жүретіндей сөзді кемінде үш күн ойланайын», деді. Содан тіршіліктің күйбеңімен мен сұрағанымды ұмытып кетіппін. Бір күні тағы сол таңғы аста «Сәуле, сен менен: «Апам айтып кетіп еді дейтіндей ақыл сұрап едің ғой» деді. «Иә, апа!».
– Ол бір-ақ ақыл. Қашанда сабырлы бол! Құранда да солай айтқан. Мен одан мықты емеспін ғой. Бар ақылымды ақтарып, ары ойладым, бері ойладым, апам әрдайым сабырлы бол деген деп, әр істі тек ақылға салсаң – бәрі жақсы болады, – деді.
Апам «шалымның жанына жақындаймын», деп елге кеткенде көз жанары нашарлап, қарайғанды әрең ажырататын. Біздер ол жылдары Астанаға қоныс аударғанбыз. Анамызды сағынып барамыз. Үйдегі немерелері Жұлдызбек, Әйгерімдер біздің келгенімізді айтпай, «үндемей барып қолын ұстаңыздаршы» дейтін, апамның зердесін сынамақ ниетте. Қолына қолымыз тигенде, «Мынау, Ақнұрдың қолы ғой!» немесе «Дүкенжан!...», «Сәуле!», – деп тани қоятын. «Түкен, бағуың жақсы екен!, Сәуленің қолы неге жіңішке, жүдеу ғой!» деп күлдіретін. Амандасып болған соң ұлынан Астанадағы халықтың жағдайын сұрайтын.
Бір ғасыр өмір сүргенде өмірден басты түйгені – ел тыныштығы, отбасы амандығы, ұрпағының өсіп-өнуі ғана болды. Апамның төлқұжатында «1898 жылы» деген жазу болатын. Жүзге толғанда мына бір өлеңді арнап, «Жыр тәж» деген жинағыма кіргізген болатынмын:
Менің енем жүзден асып барады,
Соңғы он жылда күңгірттеніп жанары
Қалғанымен, отырып-ақ біледі
Дүниенің арғы-бергі хабарын.
Көре ме екен, көкірегінің көзімен
Салмақтай ма, жүрегімен сезіне
Сөз саптаса өткенінен сапырып,
Жол көрсетер көзі бардың өзіне.
Талантына соғыс өрті дөп келген,
Жақсыны да, жаманда да көп көрген.
Үш ғасырдың таңыменен таласып,
Үш ғасырда үш патшаны өткерген.
Шүйкедей-ақ, бірақ рухы шөкпейді,
Қоғамды да, адамды да сөкпейді.
«Не көрдіңіз?» деп сұрасаң апамнан,
«Жақсы адамдар дүниеде көп», – дейді.
Сегіз мүшел көріпті өмір сүргелі,
Байлық арсыз бір кетіпті, бір келіп.
Баянымен бұл өмірде қалғаны –
Ұрпақтары ел болыпты іргелі.
Әрбір адамға ұлттық тілден, ділден, діннен ажырамай, ата дәстүрден ауытқымай, ұрпақ бойына ұлттық тәрбие ұрығын себе білу – басты міндет десек, менің енем сол міндетін адал атқарып, 2004 жылы 11 желтоқсанда өмірден өтті. Ұлы Дүкенбай анасының басынан өткерген оқиғаларын елеп-екшеп, көркем тілмен кестелеп «Төрт патшаны көрген кейуана» атты хикаят жазды. Енемді есіме алғанда жоғарыдағы әдемі сәттер көз алдымнан маржандай тізіліп өтетіні бар.
Сәуле ДОСЖАНОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.