Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында бес мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына кейбір еуропалық елдермен реадмиссия туралы, сондай-ақ, халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері қарастырылған заң жобалары ұсынылды.
Жалпы отырыстың қарауына шығарылған заң жобаларын талқыға салмас бұрын биылғы жылы қазанның 13-інен 14-іне қараған түні Мәжіліс депутаты Сәкен Жылқайдаровтың кенеттен көз жұмғаны хабардар етілді. «Сұм ажал ардақты әріптесіміз, елдің елеулісі, халықтың қалаулысы болған асыл азаматымыз Жылқайдаров Сәкен Егінбайұлын арамыздан мәңгілікке алып кетті. Алланың ісіне амал жоқ. Сәкен Егінбайұлының жарқын бейнесі барша әріптестерінің жүрегінде әрдайым сақталатыны сөзсіз. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз», деді Қабиболла Қабенұлы. Төраға артынша еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жариялады. Сәкен Жылқайдаров 2012 жылдан бері Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаты болып келе жат-
қандығын айта кеткен жөн.
Еске алудан кейін күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Алдымен депутаттар өз әріптестері Ә.Ғалымованы Қаржы және бюджет комитетіне сайлап алды. Бұдан соң, «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Жалпы, келісім тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес, арнайы техника мен арнайы құралдарға қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік органдар арасында жасалатын шарттар негізінде арнайы техникалар мен құралдарды жеңілдетілген шарттар бойынша жеткізуді қарастырады.
Құжатта төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құралдарды жеңілдікпен жеткізу тетігіне арналған түзетулер де көрініс тапқан. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, бұл отандық құтқару бөлімшелерінің Ресей мен Беларусьтің арнайы техникаларын жеңілдетілген шарттар арқылы сатып алып жабдықтауға септігін тигізеді. Заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жол тартты. Сондай-ақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Бенилюкс мемлекеттері (Бельгия Корольдігі, Люксембург Ұлы Герцогтігі және Нидерланд Корольдігі) арасындағы реадмиссия туралы келісімді және Қазақстан Республикасы мен Бенилюкс мемлекеттері (Бельгия Корольдігі, Люксембург Ұлы Герцогтігі және Нидерланд Корольдігі) арасындағы реадмиссия туралы келісімді іске асыру хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды.
Келісім мен хаттаманың мақсаты тиісті тараптың аумағында заңсыз болатын адамдарды қабылдауды және шығарып жіберуге жататын адамдардың транзитін жалпыға бірдей қабылданған халықаралық құқық нормаларына сәйкес оңайлату болып табылады. Егер адамның сұрау салушы Тараптың аумағына кіру немесе онда тұру шарттарын орындамағаны не барынша сақтамайтыны анықталса, сұрау салушы тараптың құзіретті органы өз азаматының реадмиссиясы туралы өтінішхатты кез келген уақытта бере алады. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жауап дереу және кез келген жағдайда алынған күнінен бастап күнтізбелік жиырма бір күннен кешіктірілмей берілуге тиіс. Реадмиссия туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, бас тарту себептері жазбаша нысанда көрсетілуі тиіс.
Сол сияқты кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. Мұндағы мақсат екі мемлекеттің бірінің аумағына заңсыз келуді жүзеге асырған немесе заңсыз жүрген адамдарды кері қабылдауды оңайлату.
Атап көрсеткендей, қабылдайтын мемлекет берген жарамды ұлттық паспорты, визасы немесе болуға рұқсаты бар адамдарға қатысты реадмиссия туралы сұрау салу талап етілмейді. Әйтсе де, тараптардың құзыретті органдары жетпіс екі сағаттан кешіктірмей шығу күні туралы бір-бірін хабардар ететін болады. Бұл ретте сұрау салуға жауапты алған күннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірмей беруі тиістігі, ал жауап алынғаннан бастап адамдарды беру отыз күннен кешіктірілмеуі тиістігі де аталды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталған заңдық құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу туралы шартты бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейтіндігін атап кетті. Келісімді ратификациялау халықаралық құқықтар шеңберінде заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Заң жобасы Сенатқа жолданды.
Сондай-ақ, кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Енді этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыру мақсатында олардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін және төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндіктері берілетін болады. Айта кету керек, оралмандарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда ғана жағдайлар жасалады. Жұмыспен қамту бойынша этностық қазақтар үшін көлік шығындарын өтеу, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қамтылса, Үкімет белгілегендей бір орыннан екіншісіне ауысып жатса, әлеуметтік пакеттер сақталады. Ал Үкімет айқындаған өңірден бес жыл мерзімінен бұрын өз бетінше қоныс аударып кеткендер немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқандар мемлекеттік қолдауларды қайтарады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».