Аңдасаңыз, көнекөз қариялар тәубешіл келеді. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбетіне тамсанып, ертеңіне үлкен үмітпен қарайды. Ұрпағын ел мен жерді сүюге тәрбиелейді, еңбекке баулиды. Өйткені, олар сұрапыл соғыстың зұлматын көрген. Нағыз қиындықтың қандай болатынын жан-жүрегімен сезінген. Бірі жауды жеңіп елге оралса, енді бірі жеңісті жақындату үшін тылда жұмыс істеген. Әйкен Жайлаубекқызы да міне, сол тыл еңбеккерлерінің бірі. 1942 жылы әкесі соғысқа аттанғанда ол небәрі 6 жаста ғана еді.
Алты жас деген бүгінгінің көзімен бағдарласаңыз – ойын баласы. Ал сонау қырқыншы жылдары әжептәуір еңбек күші саналатын. Алматы облысының бұрынғы Шелек ауданы Бабатоған өңірінде өмірген келген қыздың балалық шағы аса қызықты болған жоқ. Қаршадай Әйкен анасымен бірге бидай орағына шықты. Үлкендердің орған бидайын балалар баулайтын. Сосын жиналған астық өгіз арбаға тиеліп, қырманға жеткізіледі. Көктемде жер атсоқамен жыртылады. Бір бала атқа мінсе, екінші бала соқаны басып отырады.
Қысқасы, балалардың қызметі ересектердің еңбегінен еш кем емес.
Әйкен апаның есінде күні бүгінге дейін ерекше сақталған бір шаруа – балалардың күріш алқабын белуарынан су кеше жүріп таптауы еді. Мұндай жағдайда дақылға зиян келмейді, бірақ қылтия бастаған арамшөптер жойылады. Ал жеткіншектердің денсаулығы ше? Әрине, ол кезде мұны ойлауға ешкімнің мұршасы болған жоқ. Қазір аяғы сырқырап қоя бергенде, кейуананың есіне баяғы күріш алқабы орала беретіні міне, сондықтан.
Енді осы жерде тарихи деректерге жүгінуді жөн көрдік. Өйткені, сұрапыл жылдардан жеткен мәліметтер тыл еңбеккерлерінің өлшеусіз еңбегін әйгілейді. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда, 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600 мың адамға азайып кеткен. Демек, осынша адам бірер жылдың ішінде соғысқа аттанды. Олардың орнын қариялар мен әйелдер және балалар басты. Ал 1944 жылғы дерек тіпті қорқынышты, қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер 22% болған. 8 Наурыз қарсаңында ардақты ананы құттықтай барғанымызда өткен жылдарды есіне түсірді.
– 1944 жылы мен үшін аса қуанышты бір оқиға болды. Әкем жараланып, майданнан оралды. Көп ұзамай еңбек майданына араласты. Әкем колхоздың сиырын бағып, анам сауыншы болды, мен бұзау бақтым. Біз өзіміз салып алған екі бөлмелі соқпа тамда тұратынбыз. Бір күні біздің үйімізге колхоз басшылары бір әзербайжан отбасын көшіріп әкелді. Сөйтсек, жалғыз біз емес, колхоздағы 15 үйдің әрқайсысына бір-бірден бауырлас әзербайжан ұлтының отбасылары әкелінген екен. Сөйтіп, екі бірдей отбасы екі ауыз үйде бір жыл тұрдық. Біз оларды жатсынбадық. Олар бізді бөтенсімеді. Сондағы адамдардың пейілі қандай кең еді, – деп ойға шомады көнекөз кейуана.
Кейін Әйкен апаны тағдыр Сағыныш Есбергенов сынды еңбекқор азаматпен жолықтырды. Сақаңның жапан даладан қазық қағып, болашақ совхоздың іргесін қалағаны, оны 30 жыл басқарғаны және бүкіл Кеңес Одағына танымал кеңшар деңгейіне жеткізгені өз алдына бөлек әңгіме.
Мерекеге орай, айтар тілегін білмек болып едік: «Сексенге толған ананың бар тілегі елдің амандығы ғой. Тәңірім тәуелсіздігімізді баянды етсін. Мен кейде соғыс жылдарының қызы едік деп отырам. Алла ондай соғысты кейінгі ұрпаққа көрсетпесін. Ұл ұлдай, қыз қыздай өмір кешсін» деп ойын түйіндеді.
Бүгінде Әйкен апаның өткенге өкініші жоқ. Еңбегі еленді, еңбек озаты атанды. Қай жұмысты қолға алса да, бар ықылас-пейілімен кірісетін. Сол қайсарлығының жемісіндей болып, кеудесінде медальдары жарқырайды.
Құдайдың берген 8 баласынан 17 немере, 11 шөбере сүйді. Тілеуі – ұрпағының амандығы мен елінің тыныштығы. «Біздерді еңбек есейткен, біз балалық дегеннің не екенін білмей өстік. Сендер бейбіт өмір, тыныш заманның қадірін біліңдер!» дегенді ұрпағына өсиет етуден шаршаған емес. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз осындайда айтылатын шығар, сірә.
Есімбай ЖӘКЕНҰЛЫ,
АЛМАТЫ.