15 Қазан, 2015

Қайшылықтар қыспағындағы әлем

280 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
14 10 2015 Дагдарыс-1a uk.reuters.com-Мемлекеттік облигациялар рыногындағы тоқырау Дүниежүзіндегі барлық орталық банктер АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларын сата бастады, дейді Vestifinance.ru сайты The Wall Street Journal басылымындағы деректерге сілтеме жасай отырып. Deutche Bank-тің халықаралық мәселелер жөніндегі бас экономисі Торстен Слок үстіміздегі жылғы маусым айында АҚШ-тың мемлекеттік облигация рыногынан капиталдардың сатылуы бұрын-соңды болмаған көлемге жетті, деп атап көрсетеді. Оның айтуынша, 12 айдың ішінде таза қаржының сыртқа кетуі 123 миллиард долларға жеткен. АҚШ-тың қарыздарын сатып алушы негізгі инвесторлар болып табылатын Қытай, Ресей, Бразилия және Тайвань мемлекеттері тарапынан облигацияларды сату көлемі ұлғайған. Бұның басты себебі, осы елдердің экономикасында орын алған қиындықтар болып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл күрделі қиындықтар енді АҚШ экономикасына ауысатын болады. «Әлемдегі орталық банктер тарапынан соңғы он жыл бойы АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларын сатып алу үдерісі бұл банктердің табысына кері әсер етті. Енді облигациялардан құтылу арқылы кері үдеріс орын алуда», дейді халықаралық валюта қорының бұрынғы экономисі Стефен Иен. Осы орайда, тек өткен жылы ғана орталық банктер 27 миллиард доллар тұратын АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларын сатып алғанын ескерте кеткен жөн. Мамандардың пікірінше, соңғы бір жыл мерзім ішінде Ресей өзінің АҚШ мемлекеттік облигациясына салған қаржысын 32,8 миллиард долларға азайтқан. Осы мерзімде Тайвань 6,8 миллиард доллар тұратын АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларынан құтылған. Дамыған елдер де өз бюджеттерінің шығынын толтыру мақсатында АҚШ қарыздарынан құтылуға тырысуда. Мәселен, Норвегия соңғы уақытта 18,3 миллиард доллар көлеміндегі АҚШ мемлекеттік облигациясын сатқан. Тек соңғы екі апта ішінде Қытай валюта рыногындағы тұрақсыздықты тоқтату мақсатында 100 миллиард доллар көлеміндегі АҚШ мемлекеттік облигациясын сатты. Үстіміздегі жылғы шілде айында жалпы көлемі 143 миллиард доллар болатын АҚШ мемлекеттік облигациялары 3 ай ішінде Бельгия арқылы сатылған. АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларынан құтылу үдерісі одан әрі жалғасуда. Мамандар тарапынан келтірілген соңғы дерек бойынша, бүгінде Қытай АҚШ-тың 1,48 триллион доллар көлеміндегі мемлекеттік қарызын бақылап отырған көрінеді. 14 10 2015 Дагдарыс-2Канцлердің саясатына қарсы Тюрингия Эрфурте атты неміс жерінің орталығында «Германия үшін балама» қозғалысының 8 мыңнан астам жақтаушысы көшеге шықты. Шерушілер Германия канцлері Ангела Меркельдің отставкаға кетуін талап етіп, босқындар мәселесінде Венгрия мемлекеті билігінің қолданып отырған шараларын қолдайтындықтарын мәлімдеді. Spiegel басылымының дерегі бо­йынша, митингіге қатысушылар ФРГ канцлері Ангела Меркельдің заңсыз мигранттар мәселесіндегі саясатына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, елдің шекарасындағы миграциялық бақылау мәселесін күшейтуді талап етті. Сонымен бірге, демонстранттар Сириядан ағылған босқындарды тоқтату үшін шекараны бекіту шараларын қолға алған Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның қадамдарын қолдайтындықтарын ашық мәлімдеді. Соңғы уақытта Германияның шығысында орналасқан қалаларда «Еуропа патриоттары Батысты исламдандыруға қарсы», «Германия үшін балама» және басқа қозғалыстардың жақтаушылары ұйымдастырған митингілер белең алды. Көшеге шыққан демонстранттардың басты талабы – Таяу Шығыстан ағылған босқындар тасқынын тоқтату. Олар бұл ретте Германия билігі ұстанып отырған саясатты қатты сынға алуда. Еске сала кететін болсақ, Еуропалық одақтағы босқындар проблемасы күннен-күнге ушығып барады. Соңғы уақытта тек Жерорта теңізі арқылы ғана Еуропаға 220 мыңнан астам заңсыз мигранттар келген. Ал осы уақытта теңізде болған апаттардан 2 мыңнан астам босқын қаза тапты. Кейбір сарапшылар Еуропалық одақ тарапынан қолданылып отырған босқындарды квота арқылы бөлу саясаты тек Италия, Франция, Германия сияқты мемлекеттерді қорғау үшін ғана жасалып отырған тиімсіз шара деп есептейді. Олардың пікірінше, Еуропаға ағылған босқындар тасқыны әлі шырқау шегіне жеткен жоқ. Жалпы алғанда, жақын арада Еуропалық одаққа 850 мыңнан астам босқындар қоныс аудармақ. Сондықтан, бұл келелі проблеманы түбегейлі шешудің кешенді шаралары күн тәртібіне қойылуы керек. Бразилияны оқшау қалдырды Транстынықмұхиттық серіктестік (ТТС) аймақтық бірлестігінің құрылуына байланысты Бразилия миллиардтаған доллар шығын шегуі мүмкін. Сарапшылардың айтуы бойынша, осы аймақтық бірлестіктің құрылуы Бразилияның экспорттық және өндірістік мүмкіндіктерін шектейді. Транстынықмұхиттық серік­тестік құру туралы келісімге өткен аптада қол жеткізілді. Бұл аймақтық бірлестік Азия-Тынық мұхиты өңірінде еркін сауда өңірін құрмақ. Тынықмұхиттық мемлекеттерге әлемдік экономиканың 40 пайызы және әлемдік сауданың үштен бірі тиесілі. ТТС аймақтық бірлестігіне Солтүстік Америкадан АҚШ, Канада, Мексика, Оңтүстік Америкадан Перу, Чили, Азиядан Жапония, Малайзия, Бруней, Сингапур, Вьетнам мемлекеттері, сонымен бірге, Австралия және Жаңа Зеландия мүше болды. Мамандардың пікірінше, бұл бірлестік Бразилияны америкалық континентте оқшау қалдырып отыр. «ТТС біздің мемлекетімізді бүкіл континент бойынша жеке қалдырмақ. Бразилия осы уақытқа дейін әртүрлі өңірлік және екіжақты интеграциялық бастамаларға қосылып, дербестік танытып келіп еді. Енді ТТС америкалық континентте Бразилияны әдейі оқшауландырып отырған сияқты», дейді бразилиялық Экономикалық қолданбалы зерттеулер институтының сарапшысы Флавиу Карнейру. ТТС аймақтық бірлестігінің құрылуына байланысты Бразилия осы бірлестікке кіретін 12 мемлекеттің рыногындағы квотасынан айырылады. OGlobo порталының дерегі бойынша қазір Бразилияның ТТС-ке кіретін елдерге шығаратын экспорты жылына 31 миллиард долларды құрайды. Өңірлік бірлестіктің құрылуына байланысты енді бұл көрсеткіш күрт төмендейді. 14 10 2015 Дагдарыс-3Жұмыссыздық өте жоғары Халықаралық Еңбек ұйымының жарыққа шыққан жаңа баяндамасында жастар арасындағы жұмыссыздық 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі кезеңінен де қиындап бара жатқандығы атап көрсетілген. 2014 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 13 пайызды құраған. Жұмыссыз қалған әрбір үшінші жас адам бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс іздеуде. Халықаралық еңбек ұйымының қызметкері Азита Берар-Авадтың айтуынша, Еуропалық одақтың кейбір елдеріндегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі дағдарыс кезеңіндегі ең жоғары деңгейден 1,4 пайызға төмендеген. Алайда, 2014 жылы бірқатар еуропалық мемлекеттердегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 20 пайыздан асып кеткен. Тіпті, кейбір мемлекеттерде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 50 пайызға дейін жетті. Баяндама авторларының айтуы бо­йынша, 2015 жылы да жастар арасындағы жұмыссыздық жоғары деңгейде қалып отыр. 14 10 2015 Дагдарыс-4Аңдарды заңсыз атып өлтірген Зимбабве ұлттық паркінде өмір сүретін 14 піл браконьерлердің құрбаны болды. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта Шығыс Африкадағы пілдер жиі-жиі браконьерлердің шабуылына ұшырауда. Кедейшіліктен тарыққан жергілікті тұрғындар пілдерді заңсыз өлтіріп, олардың азу тістерін сатуды кәсіпке айналдыруда. Соңғы уақытта пілдердің азу тістері Қытайда үлкен сұранысқа ие болып отыр. «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің мәлімдеуінше, Зимбабвенің Матусадона ұлттық паркіндегі 3 піл, Хванге паркіндегі 11 піл цианидпен уланып өлтірілген. Парк қызметкері Кэролайн Вашайю Мойоның айтуынша, пілдер цианид уы қосылған апельсиндерді жегеннен кейін өліп қалыпты. Содан кейін браконьерлер 6 пілдің азу тістерін қағып алған. Сонымен бірге, шілде айында Зимбабвенің Хванге атты ұлттық паркі аумағында АҚШ-тан келген тіс дәрігері Уолтер Палмер осы ұлттық паркте өмір сүретін Сесил атты арыстанды атып өлтірген. Бұл арыстан парк қызметкерлеріне, сонымен қатар, әлеуметтік желіде кеңінен мәлім. Сесил атты арыстанды Зимбабве елінде саяхат жасаумен айналысатын бірқатар жарнама компаниялары өздерінің жармаларына түсірген. Зимбабве мемлекетінің билігі Сесил атты арыстанның заңсыз атып өлтіргендігін мәлімдеп, Пальмерге қарсы қылмыстық іс қозғаған болатын. Алайда, америкалық тіс дәрігері Уолтер Пальмер АҚШ-қа барып бой тасалаған. Осы оқиға мәлім болғаннан кейін, Пальмер америкалықтар тарапынан қатты сынға алынды. Ол өзінің тіс емдейтін офисін жауып, бой тасалауға мәжбүр болды. Жақында 230 мың адам қол қойған америкалықтардың ашық хаты жарияланып, Ақ үйден Пальмерді Зимбабве мемлекетіне беруді талап етті. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».