21 Мамыр, 2015

Еуразиядағы тұңғыш кең ауқымды жаһандық шара

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Астана экономикалық форумы (АЭФ) бүгінде экономикалық міндеттерді талқылап, кешенді ұсыныстар әзірлейтін Еура­зия­дағы салиқалы үнқатысу алаңына айналды. Міне, биыл сегізінші рет өткізілгелі отырылған АЭФ-ке әлемнің 90 елінен 3000 астам делегат қатыспақ. Әлемде көпшілікке таны­мал санаулы халықаралық эконо­ми­калық алаңдар бар. Олардың ішінде Давос жаһандық форумын, Санкт-Петербург және Боао Азиялық экономикалық форум­дарын атап өтуге болады. Қазір әлем сарапшыларының пікірінше, Астана экономикалық форумының аталмыш эко­но­микалық алаң­дар­мен дәрежесі теңесіп үлгерді. АЭФ-тің басты мақ­саты, әлемдік сарапшылар қауым­дастығын жаһандық эко­но­ми­­каның өзекті мәселелері бойын­ша нақты шешім шығаруға жұмыл­дыру болып табылады. Фо­румда адамзаттың осындай көкейкесті мақсаттары бойынша ірі шарттар мен келісімдерге қол қойылады. Осы ретте АЭФ тарихына тоқ­тала кететін болсақ, 2007 жылы Санкт-Петербург қала­сын­да өткен Халықаралық эконо­ми­калық форумда Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев ғалым­дардың Еуразиялық клубын құру керектігін атап өткен болатын. Ел­басының осы ұсынысын іске асыру мақсатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қолдауымен Экономикалық зерттеулер институты 2008 жылғы дағдарыс қарсаңында «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығын құрды. Қазақстанда жаңадан ірге көтерген осы қауымдастықтың шеңберінде сол жылы көптеген елдердің белгілі ғалымдарының, бизнес, саясат және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен тұңғыш рет Астана экономикалық форумы өтті. Шын мәнінде дәстүрге айналған бұл форумның басты артықшылығы және халықаралық деңгейдегі өзге іс-шаралардан айырмашылығына әлемдік экономиканы сауықтыру мен дамытуға бағытталған G-20 елдері үшін ұсыныстар әзірлеу мәселелері кіреді. Аталған құжаттың жоғары мәртебесін ескертетін болсақ, оны дайындаудың өзіне әлемнің танымал ғалымдары қатысады. Бұл жаһандық экономикалық пікірсайыс алаңының тағы бір ерекшелігі, ғылыми және іскерлік қауымдастықтың, сонымен қатар, саясаткерлердің Астана форумының нәтижелері бойынша жыл сайын әзірленетін жалпы әлемдік экономикалық даму жолдарына қатысты жинақталған пікірлерін айқындайтын дағдарысқа қарсы ұсыныстары да басымдыққа ие болып отыр. Биылғы форум «Инфрақұрылым: экономиканың тұрақты дамуының драйвері» деген ортақ тақырыппен өткізіледі. АЭФ-2015-тің бұдан бұрынғы өткен басқа форумдардан ерекшелігі – барлық сессиялар мен талқылаулардың басты тақырып аясында өтетіндігінде. Форумда ең жоғары тиімділік пен мазмұнға баса назар аударылады. Биылғы форум бағдарламасында 30 сессия өткізу жоспарланған. Олардың ішінде «Жоғары деңгейдегі конференция», «Ұлы Жібек жолын жаңғырту», «Invest in Kazaкhstan» инвестициялық форумы», «Болашаққа бағдар – ХХІ ғасырдың әлемдік экономикасы» сияқты маңызды сессияларды атап өтуге болады. Тағы бір ерекшелік, биылғы форум алғаш рет «Жасыл экономика» қағидаттарына негізделіп өткізілгелі отыр. Форум жұмысы барысында оған қатысушыларға таратылатын материалдардың басым бөлігі қайта өңделген өнімдерден жасалған. Форумда бірінші рет ақылды навигация құралдары қолданылады. Осы технологияларды пайдалану арқылы форум қонақтары мен делегаттары Тәуелсіздік сарайында ғана емес Астана қаласында да емін-еркін жүріп тұра алады. АЭФ-тің еліміздің экономикасы үшін игі ықпалы зор. Форум ел экономикасына инвестиция тарту үшін таптырмас орта, сондай-ақ, туризм мен кәсіпкерліктің дамуына да зор ықпалын тигізеді. Биыл да АЭФ шеңберінде Қазақстанның ин­дус­триялық-инновациялық жоба­ларына миллиардтаған инвестиция тартылады деп күтілуде. Астана экономикалық форумының шетелдік ұйымдастырушылары мен серіктестері қатарында Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Бүкіләлемдік экономикалық форум, Халықаралық валюта қоры сияқты беделді халықаралық ұйымдар бар. Сонымен бірге, биылғы форумға төрт Нобель сыйлығының лауреаты қатысады. Олар: Фин Кидланд, Эрик Маскин, Томас Зюдов, Джордж Смут. Тұңғыш рет Астана форумына әлемге әйгілі америкалық экономист, Гарвард университетінің профессоры Кеннет Рогофф келмек. Сондай-ақ, атақты экономист, 2008 жылы жаһандық қаржы дағдарысын болжаған Нуриэль Рубини, белгілі америкалық бизнесмен, саясаткер «Forbes» іскерлік апталық журналының бас редакторы Стив Форбс АЭФ-2015-тің қонақтары болмақ. Тағы бір ерекше атап өтерлік мәселе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арналған салтанатты жиналыста Астана экономикалық форумының негізінде (электронды желілік Бреттон-Вуд сияқты) «G-Global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Осыған орай, 2012 жылғы 12 қаңтарда www.g.global.aef.kz сайтында «G-Global» сұхбаттасу алаңы ретінде зияткерлік желі іске қосылған болатын. «G-Global» жыл сайынғы Астана экономикалық форумының негізінде жүзеге асырылған, әлемдік қаржы дағдарысынан шығу бойынша тетіктерді талқылауға және әзірлеуге бағытталған халықаралық жоба. Бұл форум аясында да «G-Global» сұхбат алаңы шеңберінде әлемдік қаржы дағдарысынан шығу стратегиялары талқыланады. Бүгінгі таңда Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бірінші кезекте басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты мемлекеттік бағдарламаны күн тәртібіне қойып, еліміздің таяу болашақтағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында инфрақұрылымдық дамудың қаншалықты маңызды екендігін айқын көрсетті. VIII Астана экономикалық форумы тақырыбының «Инфрақұрылым: экономиканың тұрақты дамуының драйвері» деп аталуы да тегін емес. Ендеше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен дәстүрлі түрде дамып келе жатқан Астана экономикалық форумы – еліміз алға қойған осындай кешенді мәселелерді де шешетін тұғырлы алаң. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».