02 Сәуір, 2015

Тағылымы мол байқау

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақ қашанда таланттан кем болған емес. Тап басып таба ал­сақ, балабақша мен мектепте жүрген ұл-қыздың бойында алуа­н түрлі өнер жетіп-артылады. Оны ұлттық үлгімен ұштастырсаң, тіпті жанып кетері хақ. Соның бір дәлелі екі жылдан бері ұлт руханиятына бейімделіп өткізіліп келе жатқан «Ақберен» республикалық оқушылар байқауы дер едік. Бұл игі іске ұйытқы болып отырған – «Дарын» республикалық ғылыми - практикалық  орталығы.  Осы атау­лы мекеменің директоры Шолпан Қирабаеваға тілдескенімізде ол: «Бұл байқауды еліміздің мек­теп­­терінде оқып жатқан 5-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырып келеміз. Басты мақсат, бабалар дәстүрін қайта түлету, мемлекеттік дәрежеге ие болған тіліміздің қадір-қасиетін мектеп қабырғасында жүрген оқу­шылардың санасына  таза сіңіру, таланттарды тауып, өзгелерге үлгі ету. Бір сөзбен айтқанда, сөз қадірін, өнер мәнін, сауатты  жазу үлгісін үйрету.  Жасыратыны жоқ, осы күндері қадірлі қазақ сөзінің түп мағынасын түсінбей, айта беретіндер көбейді. Біз осыны білім ұясынан бастап қолға алуды ниет еттік. «Ақберен» бай­қауы алғаш Астанада шаңырақ көтерді. Биыл киелі Түркістан қала­сының азаматтары өткізіп беруге бел байлап, Н.Оңдасынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат базасында ұйымдастырды. Оларға жас ұрпақ атынан алғыс айтуға тиістіміз», деді. Алты бағытта өткен байқауда командалар бойынша бірінші орын – Шығыс Қазақстан, екінші орын –Жамбыл, үшінші орын – Қызылорда облыстарының еншісіне тиді. Сол секілді номинациялар бойынша да ақындар айтысында, мүшәйрада, ұлттық аспапта, шешендік өнерде, көркемсөз оқуда, шығарма жазу­да озық деп танылғандар дипломдармен марапатталып, бағалы сый­лықтарға ие болды. Алдағы жы­лы «Ақберен» байқауын Шығыс Қазақстан облысында өткізу көз­деліп отыр. Жалпы, ұлт рухания­тына ұрпақты мектептен баулу мақсатында ұйымдастырылған игілікті шараға қазақ жұртының сергек жандары серпіліс танытып, қолдап жатса нұр үстіне нұр болмақ. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».