Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанды қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар екі елдің өзара ықпалдастығының кең ауқымдағы мәселелерін, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарды талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Венгрия халықтарының тарихи тұрғыдан жақындығына тоқталып өтті.
– Біз Венгрияны нағыз досымыз деп санаймыз. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ және даму жолдары ұқсас. Венгрия – біз үшін Еуропадағы маңызды тірек саналатын ел, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті екі ел ынтымақтастығы дамуының үдемелі қарқынына назар аударды.
– Бұл біздің бірінші кездесуіміз емес. Бұл байланыстар біздің сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға ықыласты екенімізді көрсетеді. Біз Венгрияның Еуропалық одақ елдері арасынан алғашқылардың бірі болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанын жоғары бағалаймыз. Сіздің сапарыңыз нәтижелі болуы, ынтымақтастығымыздың нақты бағыттары бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілуі үшін біз қажетті күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
В.Орбан өз кезегінде Қазақстан Президентіне елге шақыру үшін ризашылық білдіріп, венгр халқының сәлемін жеткізді.
– Әлемдегі күрделі ахуал жағдайында біз Сіздің бұдан арғы ынтымақтастығымыздың перспективалары жөніндегі пікіріңізді білуге мүдделіміз. Қазақстан Еуропалық одақта оның біздің ел сияқты сенімді досының бар екеніне сенуіне болады. Будапеште біз Астана көшесін ашқанымызды жеткізгім келеді. Біз саяси және мәдени байланыстарымыз тиісті деңгейде деп санаймыз, оның ар жағында Сіздің қолдауыңыздың тұрғанын да сезініп отырмыз, – деді Венгрия Премьер-министрі.
В.Орбан, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға қатысу туралы шешімі Қазақстанның болашақтағы тұрақтылығын да қамтамасыз етудің кепілі екенін айтты. Осыған байланысты Венгрия Премьер-министрі өз елінің атынан Мемлекет басшысына зор табыс тіледі.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.