Қазақстан және ғарыш
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабынан
Менің ғарышқа деген көзқарасым, басқа да адамдардікі сияқты, ерекше болды және бүгін де солай қала береді. Бұл – бүкіл ғаламның, жерден тыс өркениеттердің кереметтей құпияларын бойына жинаған, ата-бабалар рухымен байланыстырып тұрған тылсым дүние. Ол мені қашанда қызықтыратын, жан дүниемді баурайтын. * * * Бүгінде Байқоңыр қаласында Ресей құрылымдарымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік заң құзыретін және Байқоңыр тұрғындарының тең жартысынан астамын құрайтын Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін қазақстандық басқару органдары қызмет жасайды. * * * Қазақстандағы ғарыш қызметінің даму барысын жалпы сараптай отыра, оны бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Бірінші кезең 1991-1994 жылдарды қамтиды, ол ашық ұлттық сипатта болды: екі қазақ ғарышкері ұшты, Қазақстанның бірінші ғарыш бағдарламасын іске асыру басталды. Екінші кезең, ғарыш кешенінің экономикалық және саяси жағдайымен тығыз байланыстағы, 1994-2004 жылдарды қамтитын соңғы он жылдағы нормативтік-базалық кезең. Бұл кезеңде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында «Байқоңыр» кешенін жалға беру жағдайындағы ғарыштық және әлеуметтік-құқықтық қызметтерді реттейтін, 30-дан астам халықаралық келісімшарттар мен келісімдер жасалынды. Үшінші кезең 2005 жылдан басталды. Бұл кезеңді мен Қазақстанның іс жүзіндегі ғарыш қызметінің белсенді даму кезеңі деп атар едім. Ол туралы мен тереңірек айтқым келеді, себебі ол осы саладағы біздің болашағымызды қамтиды. * * * Өткен жылдардың ішінде, жалпы алғанда айтарлықтай жағымды өзгерістер Қазақстан Республикасында да, сол сияқты «Байқоңыр» ғарыш кешенінде де болды. Бүгінгі Қазақстанның дамыған нарықтық экономикасы бар, қысқа мерзімнің ішінде біз табысты реформаны іске асырдық, қазір ол еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуде. * * * Көптеген мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да, ғарыштағы геосаяси мүдделердің маңыздылығын түсінуге жетті, соның себебінен ғарыш кеңістігін игеру және пайдалану бүгінде ұлттық саясаттың басым жақтарының біріне айналып отыр. * * * Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы Қазақстан ғарышкерлігінің тарихынан басталады, бұл – айшықты белгі.*Лебіздер легі
Нағыз қаһарман
Қасиетті Сырдың жері қазақ халқына талай дауылда ықтасын, жаугершілікте қорған, жоқ-жітікке пана, Алашқа ана болған қадірлі мекен. Бүгінгі ғалымдардың зерттеуінше, бұрынғы өткен заманда дария жағасында 150-ге тарта қала болған екен. Осының өзінен-ақ, Ақмешіт атырабында қандай өркениеттің болғанын біле беруге болатын шығар. Одан бөлек, ғарышқа тікелей сапар шектіретін, аспан әлеміне төте жол салатын Байқоңыр ғарыш айлағы да Қызылорда жерінде орналасқан. Бұл біздің аймақты бүкіл әлемге танытқан, еліміздің абыройын асырған жер екені даусыз. Ал осы Байқоңырдан қазақтың үш бірдей азаматының ғарышқа аттануы тек біздің халықтың ғана емес, тұтас мұсылман әлемінің мәртебесі десек, артық айтқандық емес. Жұртымыздан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ғарышқа бір емес үш рет барып келген Талғат Мұсабаев шын мәнінде біздің баға жетпес байлығымыз. Ал Тәуелсіз Қазақстанның көк туының астында дайындалып, күні кеше ғана аспан әлемінде он күн сапарлап келген Айдын Айымбетовтің еңбегі еліміздің атын аспандатып тастады. Ең алдымен, Айдынның осындай сапарға шығуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегі бар екенін айту парыз. Мынандай дағдарыс заманында, бүкіл әлем қаржыдан тапшылық көріп отырған кезеңде Айдынның ғарыш сапарына тиісті қаражатын тауып берді. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының Айдынға шын қамқорлығын ғарыштан қайтып келгенінде көрдік. Елбасы батырды қолтықтап, қасында демеп жүргеніне куә болғанда оның шын қамқорлығын сезіндік. Расында, Мемлекет басшысы азаттықтың алғашқы жылдарынан бастап елімізді осылай алға сүйреп келе жатыр ғой. Соның арқасында бүгін еліміз экономикалық тұрғыдан өсіп, әлеуметтік жағынан дамып, саяси салмағын арттыра түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Айдынның ғарышқа дайындығына жағдай жасап, оның сапарын ұйымдастырып, жерге түскенде жеке өзі күтіп алып, оған деген ерекше қамқорлығын көрсетті. Енді батырға еліміздің ең ерен атағын өз қолымен тапсырып отыр. Шын қуаныш, шын бірлік деген осы емес пе?! Ал Айдын Айымбетов Елбасының сенімін ақтаған азамат. «Халық қаһарманы» атағына лайықты батыр екені ақиқат. Сейілбек ШАУХАМАНОВ, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. ҚЫЗЫЛОРДА.Ел мерейін биіктеткен ер
Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағының берілуі туралы Президент Жарлығын оқығанда төбем көкке жеткендей қуандым. Ең алдымен, қазақ халқының мерейінің тасып, мәртебесінің өскеніне риза болдым! Мен мұны сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың уақыт кезеңіндегі қаһармандыққа ұласқан шынайылық болмысының көрінісі деп ұғамын. Айрықша тарихи құбылысқа көңілдің көкжиегінен зерделеп көз салсақ, шын мәнінде – шаңырағын бекіткен, уығын қатайтқан жас мемлекеттің әрбір қадамы, иә, иә... қазіргі әр күні ерлікке толы екен! Тәуелсіздігіміздің Туын көкке көтеріп, егемендігімізді қолымызға мықтап ұстар алдында ғана қазақтың қайсар жігіті Тоқтар Әубәкіров ғарыш көгін шарлап шығып, халықтың еңсесін көтерді. Оны қалай ұмытайық?! Одан араға 4 жыл салмай ғарышқа тағы бір қайсар жігітіміз Талғат Мұсабаев ұшты... Бір емес ғарышқа үш қайтара барды! Бұған қалай толқымайсың! Ел Тәуелсіздігімен қатар ғарышты игеруге ұмтылған жас мемлекеттің сәби секілді апыл-тапыл басқан қадамы қазақ тарихындағы мәні зор осынау екі оқиғамен шырайланып, тіпті, тұғырлана түскені өз алдына бір тарих, өз алдына бір ғажап құбылыс! Күні кеше ғана ғарыш зерттеудегі ілімін ілгерілетудегі бағытынан таймаған Қазақстан Тоқтар мен Талғаттың ізбасары Айдын Айымбетовті ғарышқа тағы ұшырды. Мемлекеттік жауапты міндет жүктеді! Айдындай қыранымыз Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, туған жерге аман-есен оралды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, дүниежүзінде ғарышты игеруге атсалысуға, шамасы жетсе ол жаққа ғарышкерін ұшыруға ынтық ел өте көп. Жасыратын несі бар, бірақ, ол екінің біріне бұйырмаған бақыт. Біздің бұл бақытқа қол жеткізуіміз тек қана Елбасымыздың арқасы екені баршаға мәлім жайт. Осы арада, расында да, ғылым мен өркениеттің алдыңғы шебіне шығуды халқына һәм өзіне игі мұрат етіп қойған Елбасымыздың көрегендігіне шын жүректен тебірене тәнті боласың. Ол мұрат – ұрпағымыз болашақ алдында ұялмасын деген қағидат! Қазақ қыраны Айдын Айымбетовтің «Халық қаһарманы» атануының түпкі сыры осында жатыр. Ендеше, қазақ халқының қуанышы ортаймасын! Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры. АЛМАТЫ.Батырдың еңбегі бағаланды
Қазiргі таңда адамзат баласының өмiрiн ғарышсыз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Ғарышты игеру – өмiрдiң барлық саласына жан бітіреді, тіршіліктің тамырына нәр құяды. Бір ғана мысал келтіре кетейік. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамыту керек делік. Ол үшiн ауа райының құбылысы, мал жайылымының жай-күйі, ауыз судың жеткiлiктiлiгi, бәрі де бақылауға алынуы тиiс. Ал оны бақылау тек ғарыш арқылы ғана жүзеге асады. Айдынның осы ғарыш сапарында еліміз үшін аса құнды зерттеулер жүргізіп қайтқанынан хабардармыз. Алдағы күндері оның игілікті жемісін көретінімізге күмән жоқ. Қазақстан азаматының, қазақтың қыран ұлының ғарышқа самғауының Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси тұрғыдағы табанды да қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болғанын атап өтуіміз керек. Яғни, Айдын Айымбетов елдің үмітін, Елбасының сенімін ақтаған нағыз батыр! Міне, елінің үмітін ақтаған ерге Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Отан» орденімен марапаттады. Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетовті «Халық қаһарманы» атағымен шын жүректен құттықтаймын! Омырауына таққан Алтын Жұлдызы жарқырап, алдағы уақытта да жұлдызды ғаламға деген ғарыштық сапарын жалғастыра берсін деген тілек айтқым келеді! Арыстан ҒАЗАЛИЕВ, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі.Олар абыройымызды асқақтатты
Ғарыш та бір жұмбақ әлем, оны игеру – қиынның ең қиыны. Алдымен бұған ғарышкерін ұшыратын мемлекеттің экономикалық, қаржылық қуаттылығы қажет. Екіншіден, ғарышқа ұшатын ғарышкердің батылдығы мен батырлығын танытатын жүректілігін айтпағанда, денсаулығы да мықты болуы тиіс екені дәлелдеуді қажет етпейді. Осы тұрғыдан айтқанда, тәуелсіз еліміз – Қазақстанның ғарышты игеруге дербестігін алған сәттен қадам жасағаны баршаған мәлім. Еліміздің ғарыш көгін бағындыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алған Ресей Федерациясының басшыларымен арадағы іскерлік, әріптестік қарым-қатынасты достық байланысқа ұштастыра алуының маңызы айрықша екені даусыз. Қазақстан – Орталық Азия елдері арасындағы ғарышты игеруге оң қадам жасаған тұңғыш мемлекет. Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында тұңғыш ғарышкеріміз –Тоқтар Әубәкіров ғарыш кеңістігіне көтеріліп, қазақ халқының қиынның қиынын бағындыра алатын ержүректілігін дәлелдеп еді. Ал екінші ғарышкеріміз – Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет жол салды. Ол тіпті ашық кеңістікке де шығып, еліміздің, халқымыздың абыройын асқақтатқаны әлі де жадымызда жаңғырып тұр. Енді міне, үшінші азаматымыз Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшуы –Қазақ елінің асқақ мәртебесі. Ғарышқа ғарышкер ұшыру – әр мемлекет үшін қайталанбас тарих. Әр ғарышкер үшін де солай. Кейбір шетелдердің ғарышкерлері ғарышқа туристік мақсатпен қас-қағым сәтке ұшуы мүмкін. Олардың ғылымға қосатын еш пайдасы жоқ. Ал біздің үш ғарышкеріміз де Қазақстанның ғылымын дамытуға ерекше үлесін қосты. Қазақтың қайсар, батыр халық екенін дәлелдеген ғарышкерлеріміз бұл салаға кездейсоқ келген адамдар емес. Үшеуі де көк жүзіне көтерілген кәсіби ұшқыш, үшеуін де тылсымы көп ғарыш саласын зерттеуге ден қойған ғалым деуге болады. Үшеуі де отандық ғалымдарымыздың ғылыми жобаларының іске асуына өз үлестерін қосты. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшінші ғарышкеріміз –Айдын Айымбетовке еліміздің ең жоғары марапаты – «Халық қаһарманы» атағын берді. Және оған «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағы да қоса берілді. Осылайша, Айдын Айымбетовтің тәуелсіз Отаны, барша отандастарының келешегі, Қазақстан ғылымы үшін сіңірген өлшеусіз еңбегін лайықты бағалады. Өйткені, ол еліміздің, халқымыздың асқақ мәртебесін жаһан елдері алдында тағы бір рет көтерді. Қазақ елі өз ғарышкерлерін әр кез құрметтейді, олардың батырға тән қаһармандық үлгісін мақтан тұтады. Шындығында олар ерлікке пара-пар іс атқарды. Самат САҒЫНДЫҚОВ, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкері. Атырау облысы.