Әлемде болып жатқан алуан түрлі келеңсіз оқиғалар, үрей туындататын ірілі-ұсақты жағдайлар, дағдарыстар мен дүмпулер тек үрейленіп отыруды немесе сырттай естіп қана қоюды емес, әлемдік жағдайларға қарсы қам жасап, кез келген ахуалға алдын ала дайын болу үшін әрекеттенуге ұмтылдырады. Әрине, біздің еліміз ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экономикалық әлеуетті нығайту бағытында жұмыстар жүргізуде. Қазақстандықтарға ұсынылған «100 нақты қадам» бағдарламасы – біздің алдымызда тұрған дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жасалатын нақты, нық және қарышты алға ұмтылудың алғышарты. Негізгі салалар қамтылған бағдарлама қоғамдағы күні бүгінге дейін орын алып келген әлсіз тұстарды «емдеп», болашаққа тың күшпен, етек-жеңін жиған тиянақтылықпен қадам басуға сеп болмақ. Бағдарламаның екінші бөлігі тұтастай заң үстемдігін қамтамасыз етуге арналған. Бұл – өте орынды. Халық әділдік пен қорған іздеп заң орындарына барады, ал олардың әлсіз болуы – қоғамды дімкәс халге түсіріп, тұрғындардың ренішін туындатуы мүмкін. Сонымен қатар, телі-тентектердің көбейе түсуіне жол беретіні белгілі. Сондықтан, заң саласын, құқық қорғау орындарын оңтайландыру, жаңғырту – өте өзекті, қажетті мәселе. Соның ішінде, 31-қадам, яғни этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі тұрғындардың ризашылығын туғызатын тапсырма деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қызметтік құқығын асыра пайдаланып, тіпті кей жағдайларда заңды өздері бұзып, орынсыз жағдайларға жол беретін полицейлер аталған саланың абыройына нұқсан келтіріп жатады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, осыдан келіп полицейге деген сенім мен құрмет аяқасты болып, жастардың қызығушылығын жоғалтады. Мұндай жағдайларда олардың тиісті орындарға шағымдануына тура келеді, полицейдің ісін, тәртібін тиісті орындармен бірге қоғамдық кеңестердің талқылауы, сараптауы дұрыс-ақ. Кез келген арыз-шағымды қоғамдық кеңес мүшелерінің қарауы полицей жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді әрі тұрғындардың аталмыш қызметке, заңға деген сенімін орнықтыра түседі. Сол себепті, осыншалықты жауапты, маңызды міндетті мойнына алған қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігі заңды түрде белгіленуі керек. Бұл кеңес қызметін арттырып, оның жұмысының формальды түрде емес, нақты сипатқа, салмақты маңызға ие екендігін қоғамға да, құқық қорғау органдары мен кеңес мүшелерінің өздеріне де ұғындыра түседі.
Мәнет ШЫРАҚБАЙ, «Жауқазын» балабақшасының директоры, Түпқараған аудандық мәслихатының депутаты.
Маңғыстау облысы.