Елбасы «Ұлт Жоспары – 100 қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасын жариялады. Бұл – мемлекетті заманның дауылы мен жауынына ұрындырмай, елімізді өркениет көшіне ілестіріп, дамуын одан әрі жалғай беретін баянды жоспар. Онда кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекет қалыптастыру секілді қадау-қадау мәселелер айтылған.
Бағдарламада айтылған мәселелердің барлығын халық жаппай қолдайды. Өйткені, бұл заман талабына сай жасалып отырған реформа. Ал оны жүзеге асыру үшін елдің бірлігі мен ынтымағы ауадай қажет. Сондықтан, 130-дан астам ұлт пен ұлыс мекендейтін Қазақстанда халық арасындағы достықты нығайта беру керек. Бұл ретте Елбасының «Ұлт Жоспарында» нақты айтылған. Бүгінде «Нұрлы Жолға» түскен Қазақстанның ең биік мұраты «Мәңгілік Ел». Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді ғұмырлы ету барысында үлкен жобалар қолға алынды. Соның бірі – «Мәңгілік Ел» патриоттық акциясы.
Мемлекет басшысы аталған акцияны одан әрі дамыта беруді тапсырып отыр. Сонымен қатар, азаматтық біртектілікті нығайту үшін «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеп, жүзеге асыруды міндеттеді. Осы жобаның негізінде «Қазақстан энциклопедиясы» атты кең көлемді интернет порталы құрылады. Мұндағы мақсат әрбір қазақстандық азамат пен шетелдік қонақтарға еліміз туралы жан-жақты ақпаратпен таныстыру болып табылады. Порталда Қазақстанның 3D бейне турлары, елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалар мен қарапайым адамдардың өмірі жайында ақпараттар жарияланады. Бір сөзбен айтқанда, портал Қазақстанның «сапарнама карточкасына» айналады.
Осы кезеңге дейін еліміздегі ұлтаралық бірлікті сақтап, біртұтас халық жасақтауға байланысты үлкен жұмыстар атқарылды. Бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, осы бірегей институттың төңірегіне түрлі ұлттың басын біріктірудің өзі айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде ауыр жұмыс. Дегенмен, Қазақстан оны өз қолымен жасап шықты. Ал бес институттық реформа барысында бұл тараптағы жұмыс тіпті жандана түседі деген ойдамын.
Тимур ҚАСЫМОВ,
облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы.
Қызылорда облысы.