15 Қазан, 2015

Шынайы қамқорлық аясында

319 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгінде Қостанай облыстық онкологиялық диспансерінде 400 қыз­меткер, 220 тәуліктік және 40 күндізгі стационарлық төсектік орын жұмыс істейді. Тәуліктік стационарда жылына 4 мың 800-ге жуық адам ем алса, күндізгі стационарда 2300 емдеу шарасы өткiзiледi. Диспансерде жылына 45 мың адамды қабылдайтын емханалық бөлімше бар. Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 24 онкологиялық бөлме және 13 маммологиялық бөлме денсаулық күзетінде тұр. Қазіргі уақытта есепте тұратын 11 мыңнан астам науқас онколог дәрігерлердің тұрақты диспансерлік бақылауына алынған. Бұлардың 5 мың 800-і 5 жылдан артық өмір сүруде. Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанды дамытудың басты бағыты» атты 2012 жылғы 27 қаңтардағы халыққа Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қабылданған Үкіметтің 2012-2016 жылдары ҚР-да онко­логиялық көмекті дамыту бағдарламасы бойынша облыстың онкологиялық қызметі жаңаша даму жолына түсті. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жасалды. Мақсат – халықтың онкологиялық аурулардан өлімін төмендету арқылы тұрғындардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыру. Қаулыда ерте нақтылау бағдарламасын (скринингтік қарау) дамыту жолымен он­ко­логиялық аурулардың алдын алуды же­тілдіру, жоғары технологиялық әдістерге жә­не ғылыми негізделген тиімділікпен емдеуге қол жеткізуді қамтамасыз ету, оңалту және жеңілдету көмегінің заманауи жүйесін құру сияқты келелі міндеттер қойылды. Бағдарлама қабылданғалы үш жылдан аса уақыт өтті. Бұл құжаттың әрбір бағыты бойынша Қостанай облысында атқарылған жұмыстар және оның нәтижелері ауыз тол­тырып айтарлық. Алдымен бастапқы ме­дициналық-санитарлық көмек ұйым­да­рында аурудың алдын алу жағына баса назар аударылды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі облыстық ор­талықпен бірлесе отырып, қатерлі ісіктің алғашқы белгілері, аурудың алдын алу, сол сияқты скринингтік қараудан өтудің қажеттігі бойынша парақшалар, кітапшалар, буклеттерді басып шығару және халық арасында тарату қолға алынды. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мақсатты топ арасында скрининг жүргізу жөнінде басшылыққа алатын әдістемелік құрал дайындап, сол бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек мамандарын оқыту ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау үшін бастапқы буын мамандарымен көшпелі семинарлар мен жетілдіру циклдары өткізілді. Қазіргі уақытта облыста сүт безі, жатыр мойны, тоқ және тік ішек, аталық без, өңеш және асқазан, бауыр обырын ерте анықтау жөнінде 6 скринингтік бағдарлама жұмыс істейді. Скринингтік зерттеулерді жүргізуге мемлекет тарапынан мақсатты қаржы бөлініп отыр. Қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау, көр­сетілетін қызметтің ауқымын кеңейту және сапасын жақсарту үшін аталған бағдарлама аясында облыстың емханаларына жалпы сомасы 245 миллион теңгеден асатын шағын инвазивтік эндоскопиялық шара қолдануға арналған 6 жиынтық, маммографиялық су­реттерді сандайтын 8 қондырғы, өңеш пен ас­қазанды, тоқ ішекті зерттейтін 10 эндобейне кешені, биопсия алатын 2 тапанша, автоматты жуу машинасы сатып алынды. Ауқымды бағдарламаның шапағаты Қостанай облыстық онкологиялық дис­пан­серінде айқын байқалады. Мұнда заманауи эндобейнеоташылық аппарат сатып алынды. Сәулелеу жүргізгеннен кейін, дәрігерлер ерте сатыдағы ауруларға шағын инвазивтік жедел шара қолдана бас­тады. Диспансерде заманауи иммунды-гистохимиялық зертхана жұмыс істейді, иондаушы сәуле көздері ауыстырылды, стационарлық және амбулаторлық деңгейде емдеу жүргізу үшін химиялық препараттармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Онкологиялық науқастарды электронды тіркеу енгізіліп, жұмыс істей бастады, ол үшін әрбір жұмыс орнына жоғары жылдамдықты ғаламторға қосу арқылы желіге біріккен компьютер сатып алынды. Осы аталған жайлардың бәрі сайып келгенде, мемлекет тарапынан қаржыландыруды 2011 жылмен салыстырғанда 2-2,5 есе арт­тырудың арқасында мүмкін болды. Сол сияқты амбулаторлық деңгейде емдеуді тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен жыл сайын 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп келеді. Кадрлық әлеуетті нығайтып, дамытуда жақсы қадам жасалды. Бастапқы буы­н­­ның барлық ұйымдарында онколог бөл­мелері ашылды, жоспарға сәйкес биылғы жылдың аяғына дейін 15 маммологиялық бөлме жұмыс істейтін болады. Оларға қажетті мамандар бағдарлама шеңберінде еліміздің түрлі оқу орындарында оқып жатыр. Сол сияқты диспансердің маманда­ры республикалық бюджеттің есебінен Израильдің, Францияның, Беларусь Рес­публикасының, Ресей Федерациясы мен Қа­зақстанның жетекші клиникаларында біліктілігін арттырды. Онкологиялық қызметтің инфра­құ­ры­лымын жетілдіру және оның мате­риалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері басты назарда ұсталады. Былтыр диспансердің жаңа емханасының құрылысы белгіленген мерзімнен бұрын қолға алынды, оны осы жылдың аяғына қарай пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс аяқталғаннан кейін төсектік қорды қайта бейіндеу жолы­мен диспансердің босаған орындарында онкологиялық науқастарды оңалту және қалпына келтіру бөлімшесін ашу мүмкіндігі туады. Бүгінде диспансерде паллиативтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, амбулаторлық деңгейдегі химиялық жолмен емдеу бөлмесі ашылды. Аталған бағдарламаның аясында мемлекет қаржысымен сараптық сыныпты ультра дыбысты аппаратпен, заманауи компьютерлік томографпен, эндоскопиялық бейне аппаратпен жарақтануға қол жетті. Елбасының, Қазақстан Үкіметінің, Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму ми­нистрлігінің халықтың денсаулығын ны­ғайтуға жасап отырған шынайы қам­қорлығы, бастапқы медициналық-сани­тарлық буын қызметкерлерінің қажырлы еңбегі бүгіннің өзінде айтарлықтай жемісін беріп отыр. Айталық, Қостанай облысында қатерлі ісіктен болған өлім 2015 жылғы 8 айда халықтың 100 мыңына шаққанда 2011 жылғы 113,7-ден 92,5-ке дейiн кеміді. Егер 2011 жылы науқастардың 44,6%-ы аурудың ерте сатысында анықталса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 55,6%-дан артық болды. 2011 жылы науқастардың 49,6%-ы 5 жыл және одан да көп өмір сүрсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 53,6%-дан асып түсті. Мұндай оңды жағдай тек Қостанай облысында ғана емес, бүтіндей республикада орын алып отыр. Жүргізілген скринингтік зерттеулердің нәтижелері өзінің тиімділігін айқын байқатты. Мәселен, 2012 жылы сүт безінің ерте сатыдағы обыры 68,4%-дық жағдайда анықталса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 77,2%-ға тең келді, қалғаны тиісінше: жатыр мойны обыры 83,5% және 93,7%, колоректальдік обыр 46,5% және 59,0%, аталық без обыры 28,2% және 58%, өңеш обыры 27,5% және 52,5%, асқазан обыры 17,5% және 39,6% болды. Бұл тек аралық нәтижелер ғана. Ең бастысы, мемлекет әлемдік экономикалық дағдарыстың қиындықтарына қарамастан әлеуметтік бағ­дарламаға, соның ішінде халықтың ден­саулығын сақтау бағдарламасына бөлінетін қаржыны қысқартпай келеді. Бұл тегіннен тегін емес, себебi, адам – еліміздің баға жетпес байлығы. Елік ДОСЖАНОВ, Қостанай облыстық онкологиялық диспансерiнiң бас дәрiгерi.