“Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. “Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы” 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 10, 35-құжат; 2007 ж., № 4, 34-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
“1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дәйектеу – келіссөздерге қатысушы әрбір тараптың өкілетті өкілдерінің халықаралық шарт мәтінімен келісу белгісі ретінде келісілген халықаралық шарттың жобасына немесе оның жекелеген нормаларына аты-жөндерімен алдын ала қол қоюы не халықаралық шарт мәтінінің тең түпнұсқалығын анықтау тәсілдерінің бірі;
2) депозитарий – халықаралық шарттың түпнұсқасы сақталуға тапсырылатын және осы халықаралық шартқа қатысты халықаралық құқық нормаларында көзделген функцияларды орындайтын мемлекет, халықаралық ұйым немесе оның басты атқарушы лауазымды адамы;
3) ескертпе – көпжақты халықаралық шартқа қол қою, оны ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе оған қосылу кезінде мемлекет немесе халықаралық ұйым кез келген тұжырыммен және кез келген атаумен біржақты жасаған мәлімдеме, бұл мәлімдеме арқылы осы мемлекет немесе осы халықаралық ұйым халықаралық шарттың белгілі бір ережелерінің заңдық күшін олардың аталған мемлекетке немесе аталған халықаралық ұйымға қолданылуына қатысты жоюды немесе өзгертуді қалайды;
4) келіссөздерге қатысушы тарап – халықаралық шарт мәтінін жасауға немесе қабылдауға қатысқан мемлекет немесе халықаралық ұйым;
5) күшін жою – Қазақстан Республикасының өзі жасасқан халықаралық шарттан тиісінше ресімдеп бас тартуы және Қазақстан Республикасы халықаралық шартының қолданылуын тоқтату тәсілдерінің бірі;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен (шет мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен (халықаралық ұйымдармен) жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім;
7) Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімі – халықаралық шарттардың түпнұсқалары мен депозитарий ресми куәландырған көшірмелерін, олардың деректемелерін және Сыртқы істер министрлігі айқындайтын олар туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі;
8) қол қою – халықаралық шартты жасасу сатысы немесе егер халықаралық шартта қол қоюдың осындай күші бар екендігі көзделген немесе Қазақстан Республикасы мен келіссөздерге қатысушы басқа да тараптардың қол қоюдың осындай күшке ие болуға тиіс екендігі туралы уағдаластығы өзге де жолмен белгіленген немесе Қазақстан Республикасының қол қоюға осындай күш беру ниеті оның өкілінің өкілеттігінен туындаған және (немесе) келіссөздер кезінде білдірілген жағдайда, халықаралық шарттың өзі үшін міндеттілігіне Қазақстан Республикасының келісім білдіру тәсілі;
9) мемлекетішілік рәсімдер – халықаралық шартты Қазақстан Республикасы Парламентінің ратификациялауы, Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуі немесе қабылдауы;
10) өкілеттік –
халықаралық шарттың мәтінін қабылдау немесе оның тең түпнұсқалығын белгілеу;
халықаралық шартқа қол қою;
Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін білдіру;
шартқа қатысты өзге де акт жасау мақсатында Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының немесе құзыретті органының шешімдері негізінде жүзеге асырылатын және келіссөздерге қатысушы тарапқа не депозитарийге тапсырылатын өкілеттілік сертификатымен тиісінше ресімделген бір адамның немесе бірнеше адамның Қазақстан Республикасы атынан өкілдік ету құқығы;
11) ратификациялау, бекіту, қабылдау және қосылу – жағдайға байланысты осындай атауы бар, тиісті нормативтік құқықтық акт негізінде жасалатын халықаралық акт, ол арқылы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттың өзі үшін міндеттілігіне халықаралық тұрғыдан өзінің келісімін білдіреді;
12) уағдаласушы тарап – халықаралық шарттың күшіне енгеніне немесе енбегеніне қарамастан халықаралық шарттың өздері үшін міндетті екендігіне келіскен мемлекет немесе халықаралық ұйым;
13) халықаралық ұйым – мемлекетаралық немесе үкіметаралық ұйым;
14) халықаралық шарт жасасу – Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіруі;
15) халықаралық шарттың тең түпнұсқа мәтіні – келіссөздерге қатысушы тараптар немесе уағдаласушы тараптар түпнұсқа (түпкілікті нұсқа) ретінде қарайтын халықаралық шарт мәтіні немесе егер ол шартта көзделсе немесе бұл жөнінде оған қатысушылар келіссе, әртүрлі тілдерде жасалған мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда басымдыққа ие мәтін.”;
2) 2-баптың 3) тармақшасындағы “атынан” деген сөзден кейін “Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған өз құзыреті шегінде” деген сөздермен толықтырылсын;
3) 3-баптың 2-тармағы екінші бөлігінің 2) тармақшасындағы “олардың күшіне енуі мен орындалуына” деген сөздер “оларды жасасуға, күшіне енуіне, орындауға, өзгертуге, олардың тоқтатыла тұруына және тоқтатылуына” деген сөздермен ауыстырылсын;”;
4) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
“4-бап. Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін
халықаралық шарттарға, сондай-ақ халықаралық
шарттардың жобаларына ғылыми сараптама
1. Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша осы шарттармен реттелетін құқық қатынастарына қарай ғылыми (құқықтық, экологиялық, қаржылық және басқа да) сараптама жүргізілуі мүмкін.
Міндетті ғылыми сараптама ратификациялауға жататын:
халықаралық шарттардың жобалары бойынша – оларға қол қойылғанға дейін;
Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар бойынша – оларды ратификациялау немесе оларға ратификациялау жолымен қосылу туралы шешім қабылданғанға дейін жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша ғылыми сараптама жүргізу қағидасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Ғылыми сараптаманы Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттың жобасын әзірлеуге қатысқан немесе халықаралық шартты жасасуға бастамашы болған адамдарды қоспағанда, ғылыми ұйымдар және (немесе) тиісті бейіндегі жоғары оқу орындары, қаралатын халықаралық шарттың немесе халықаралық шарт жобасының мазмұнына қарай ғалымдар мен мамандар арасынан тартылған, оның ішінде шетелдік бір немесе бірнеше сарапшы (сараптама комиссиясы) жүргізеді.
3. Ғылыми сараптама:
1) Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттың немесе халықаралық шарт жобасының сапасын, негізділігін, уақтылылығын және оған қатысудың заңдылығын бағалау;
2) Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шартта немесе халықаралық шарттың жобасында адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
3) Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттың, сондай-ақ халықаралық шарт жобасының ықтимал тиімділігін айқындау;
4) халықаралық шарт жасасудың ықтимал теріс салдарын анықтау;
5) Қазақстан Республикасы заңнамасының Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шартқа немесе халықаралық шарттың жобасына сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша ғылыми сараптама жүргізу туралы шешім:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының тапсырмасы негізінде;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бастамасы бойынша;
3) халықаралық шарт жасасу туралы ұсыныс берген орталық мемлекеттік органның бастамасы бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттың немесе халықаралық шарт жобасының келісілуін жүзеге асыратын басқа да орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша қабылдануы мүмкін.”;
5) 5-бапта:
1-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
“1) Қазақстан Республикасының Президентіне – халықаралық шарттарға қол қойылатын күнге дейін күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының атынан оларға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы, оның ішінде қол қою туралы ұсыныстар;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне - халықаралық шарттарға қол қойылатын күнге дейін күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан оларға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы, оның ішінде қол қою туралы ұсыныстар береді.”;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
“2. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан халықаралық шарттарға қол қою, оларды ратификациялау, бекіту, қабылдау туралы және оларға қосылу туралы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қою туралы - оларға қол қойылатын күнге дейін күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының атынан оларға қол қойылатын күнге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар береді.”;
3-тармақ “халықаралық шарттарға” деген сөздерден кейін “қол қойылатын күнге дейін күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей оларға” деген сөздермен, “қосылу туралы” деген сөздерден кейін “, оның ішінде қол қою туралы” деген сөздермен толықтырылсын;
6-тармақта:
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
“6) шартты жасасу тәсіліне қарай - қазақ және орыс тілдеріндегі, сондай-ақ басқа да жасасу тілдеріндегі халықаралық шарттардың жобалары;”;
мынадай мазмұндағы 6-1) және 6-2) тармақшалармен толықтырылсын:
“6-1) халықаралық шарттардың жасалу тілдерінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми куәландырған олардың (депозитарий ресми куәландырған халықаралық шарттардың) көшірмелері;
6-2) халықаралық шарттардың жасалуына жауапты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы ресми куәландырған олардың қазақ және орыс тілдеріне, егер олар жасалу тілі болып табылмаған жағдайда, аудармалары;”;
мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
“7. Халықаралық шарттардың тең түпнұсқа мәтіндерінің біріне қазақ және орыс тілдеріндегі аудармаларының сәйкес болуын оны жасауға жауапты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы қамтамасыз етеді.”;
6) 6-бапта:
тақырыбындағы “Халықаралық шарттарды жасасу мәселелері бойынша шет мемлекеттермен” деген сөздер “Шет мемлекеттермен” деген сөздермен ауыстырылсын;
“жасасу” деген сөзден кейін “, олардың күшіне енуі, оларды орындау, өзгерту, тоқтата тұру және тоқтату” деген сөздермен толықтырылсын;
7) 7-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
“3. Халықаралық шарттарға өзгерістер мен толықтырулар олар жасалған тілдерде ресімделеді.”;
8) 20-бапта:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
“4. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз құзыреті шегінде халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасы міндеттемелерінің орындалуын және құқықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықаралық шарттарға басқа да қатысушылардың өз міндеттемелерін орындауын қадағалайды.”;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
“6. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету мониторингі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.”;
9) 22-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
“1. Қазақстан Республикасының мүдделі орталық мемлекеттік органдары халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныс енгізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.”;
10) 24-баптың 3-тармағының мәтіні бойынша “мемлекеттік” деген сөз “қазақ” деген сөзбен ауыстырылсын;
11) 25-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
“Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.”;
3-тармақта:
“түпнұсқалары немесе ресми куәландырылған” деген сөздер “түпнұсқалары немесе депозитарий ресми куәландырған” деген сөздермен ауыстырылсын;
“осы халықаралық шарттардың көшірмелерін” деген сөздер “Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ресми куәландырған халықаралық шарттардың көшірмелерін (депозитарий ресми куәландырған халықаралық шарттардың көшірмелері негізінде) оларды жасасқан тілдерде” деген сөздермен ауыстырылсын;
12) 29-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
“5. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз құзыретінің мәселелері бойынша өздерінің атынан жасалған, Қазақстан Республикасының мүдделі орталық мемлекеттік органдарымен және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен келісілген халықаралық шарттардың қолданысын тоқтата тұру немесе күшін жою туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне табыс етеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасалған халықаралық шарттардың қолданысын тоқтата тұру немесе күшін жою туралы ұсыныстарды қарайды және олар бойынша қолданысын тоқтата тұрудың немесе күшін жоюдың сыртқы саяси орындылығы туралы қорытындылар береді.”;
13) 30-баптың 2-тармағының бірінші абзацында:
“немесе” деген сөзден кейін “олардың” деген сөзбен толықтырылсын;
“Қазақстан Республикасының бекітілген, қабылданған халықаралық шарттарының” деген сөздер алып тасталсын.
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2010 жылғы шілденің 15-і. № 335-ІV ҚРЗ