Елбасы жария еткен бес институттық реформаны жүзеге асыруға байланысты Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, заңның үстемдік құруы тұрғысында жұмыс басталғаны мәлім. Осыған орай кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Рамазан Сәрпеков пен Зағипа Балиева «Сот жүйесін жетілдіру және құқық қорғау органдарының қызметіне қоғам сенімін арттыру туралы» баспасөз мәслихатын өткізді.
Алдымен сөз алған Р.Сәрпеков бес институттық реформаны іске асыруға бағытталған қызу жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Депутат бұл ретте осы ауқымды тапсырмаға сәйкес жұмысшы топтары құрылған, ал олардың жұмыстарының нәтижесі Президент жанынан құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияда қараларын да алға тартты. Комиссияның негізгі мақсаты – осы бес бағыттағы реформаны жүргізу қарқынын бақылау, мемлекеттік органдардың қызметін бизнес-сектор мен азаматтық қоғамды үйлестіру арқылы жүргізу. Мемлекеттің алдында тұрған бұл реформалық мәселелердің маңыздылығына байланысты құрылған жұмысшы топтарына Парламент депутаттары да тартылғандығын айта кеткен жөн.
«Бүгінгі сіздермен кездесудегі біздің міндетіміз осы реформаның бір бағыты – елдегі сот төрелігінің беделін көтеру, судьялыққа үміткерлерге қатысты талаптарды жетілдіру, соттар шешімдерінің әділеттілігін жоғарылату мәселелеріне және қоғамның ішкі істер органдарының қызметіне сенімін арттыру мен азаматтарға, қоғамға және мемлекетке қарсы жасалған заңсыз әрекеттерге қарсы құқық қорғау органдарының қабілетін күшейту тақырыбына байланысты мәселелерге жан-жақты мәлімет беру», – деді Рамазан Құмарбекұлы. Сөйтті де депутат осы реформаға жауапты мемлекеттік органдарда ұйымдастыру мәселесіне және мүдделі органдардан түскен ұсыныстарды талқылауға арналған алғашқы отырыстар өткізілгендігін ортаға салды.
Депутаттың айтуынша, негізгі ұсыныстар Елбасының тапсырмаларына байланысты заңның үстемдігі мен меншік құқығын қорғауға, судьялар корпусын жемқорлықтан аластауға және біліктілік талаптарын күшейтуге, сонымен қатар құқық қорғау органдарының жұмысын жұртшылық үшін ашық түрде өткізуге, оның мәртебесін жоғарылатып, азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға, жергілікті муниципалды полицияны құру мәселелеріне арналған. Атап айтқанда, полиция қызметкерлерінің кәсібилігін арттыру, олардың азаматтар алдындағы есептілігін қамтамасыз ету және полиция қызметіне кандидаттарды тестілеуде арнайы жүйені пайдаланудың кешенді шаралары қаралатын болады. Полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық кеңестер құру да көзделген.
Мемлекеттік тілді міндетті түрде білу қажеттігін айтқан З.Балиева осы орайда нормаларды орынды қолдану жөніндегі біліктілік емтиханын қайта қарау керектігін де алға тартты. Тиімді құқықтық реттеу мақсатында «Сот жүйесі туралы» және «Судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңдарды қабылдау көзделіп отырғандығы белгілі болды. Депутат сөз реті келгенде облыстық сот судьялығына кандидаттың аудандық сотта кем дегенде үш жылдық жұмыс өтілі болуы туралы талабы қойылып отырғандығын да айта кетті. Судьялыққа кандидаттарды тағайындау үшін де олардың соттарда міндетті түрде бір жыл тәжірибеден өтуі қажеттігі де көзделіп отырғандығы ерекше аталды. Сот төрелігі институтын жаңғырту мақсатында оны Жоғарғы Сот жанынан жұмыс істейтіндей ету керектігі атап көрсетілді.
Сондай-ақ, соттардың ашықтығын қадағалау мақсатында қоғамдық бақылау институтын енгізу жайы да алға тартылды. З.Балиева бұл орайда судьялардың мінсіз беделге ие болуы тиістігін баса айтты. Сот жүйесінде меритократия принципін енгізу үшін біліктілік талаптарын қайта қарау керек, деді ол.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».