03 Шілде, 2015

Домна жүрегінің дүрсілі

453 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Без имени-1Бүгін қазақстандық тұңғыш шойын алынғанына – 55 жыл Әр дәуірдің, әр кезеңнің есте қалар оқиғалары бар! Уақыт дегеннің өзі қас-қағым сәт болғандықтан, көз алдыңда тарихқа айналатыны сияқты 1960 жылдың 3 шілдесінің де еліміз шежіресіне жазылғанына тура 55 жыл болған екен. Оның ерекшелігі неде делінгенде, Теміртауда буырқана бастаған металлургия алыбының тынысына тың күш бітіруші бірінші домна пеші көмейінен шойын селінің сарқырап ағуы Қазақстан экономикасының дамуында жаңа бетбұрыс жасалғандығын білдірді. Бәрін басынан айталық. Орталық Қазақстан аймағында үлкен металлургия зауытын салу идеясы өткен ғасырдың 30-шы жылдарында алға қойылған еді. Бұл мәселені геолог-ғалымдар Қаныш Сәтбаев пен Михаил Русаков әлденеше рет көтерді. Алайда, сол кезде шикізат базасы толық зерттеле қоймағандықтан, КСРО Қара металлургия халық комиссариаты ұсыныстарға біраз жылдан соң ғана мән бере бастады. Ақырында соғыс өртінің өршіп тұрған шағына қарамастан сайын даланың төсінде 1943 жылы салалық кәсіпорын салу туралы шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Кішігірім цехтардың өсуіне байланысты 1957 жылы алғашқы домнаның іргетасы қаланды. Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс болып жариялануы да осы кез. Жан-жақтан ағылған жастардың жалындаған күшімен екі-ақ жылда іске қосылды. Тұңғыш шойын міне, осы пеште қорытылды. 13

Қазақстан Магниткасы. 1960 жылғы 3 шілде. Алғашқы шойын алынған күн.

Қазір ойға алынса қызық, тарихи оқиға өзі орайластырды ма, не тағдырдың бұйыртуы ма, соның қарсаңында Дне­продзержинскіден горновойшы болып оралған бір топ қазақ жігіттері ішінен Нұрсұлтан Назарбаевқа осы іске арнайы іріктелген бригада құрамында бірінші шо­йын қорыту құрметі тиді. Горновойлардың бәрі армандаушы үлкен сенімді ақтау үшін саңлақ әріптестерімен қоян-қолтық шойын құйысқан сол күн болашақ Президентіміздің еңбек жолындағы бедерлі белеспен бірге ел тарихындағы алтын әріппен жазылған күндердің бірі болып қалды. Юный металлургБұл оқиға қалай болып еді?! Оған тікелей куә болған, көріп-білгенін «Ала­таудан ұшқан ақиық» атты мақа­ласында жазған көрнекті қаламгер Әмен Әзиев суреттемесінің бір тұсына көз жүгіртіп көрелікші. Алдымен айтарлығы, онда баяндалғандай шойын алу бір күндік қана жұмыс болмапты, үш күн дайындық жүргізіліпті. «Бір күн бұрын күндіз Василий Веретниковтың, Михаил Булыгиннің және Борис Яговитовтың майтмалман металлургтерден жасақталған бригадалары бірігіп, домнаның ауқымы үлкен өңешіне кепкен ағаш шпалдарды саңылаулап, текшелеп қалауға кірісті. Барлық горновойлар, газовищиктер, механиктер мен электриктер жіті қимылға көшті. Кешке қарай биіктегі бункерден кокстелген көмір түсірілді, оның үстіне Соколов-Сарыбай кенішінен алдын ала жеткізілген темір рудасы, іргедегі Солоничкадан әкелінген әк тасы салынды. Екі мың тоннаға жуық осынша «азық» (шихта) домнаның тік шахтасы бойына толтырылды. Домнаға от беру Николай Веремеенко басқарған бригаданың үлесіне тиді. Жауапкершілікті жете түсінген және неге болса да әзір тұрған сақадай-сай жігіттердің арасында Ақат Набибуллин, Саясат Қабдұлов, Төлеген Адам – Юсупов, Нұрсұлтан Назарбаев, Мұрат Мұхаметжанов, Болат Кәрімов бар еді. Кешкі сағат 18-ден 37 минут өткенде ауа үрлейтін тетік ашылды. От дүлейі үдеп, болат дене тіріліп қоя берді. Сағат сайын жанартаудай күркіреген үн күшейіп, есті алды. Ертеңінде жай және сұйық отынның орнына газ үрленді. Құжырадағы кешегі от одан сайын лаулап, домнаның күнге пара-пар дүлей қызуы 1000 градусқа тақалды. Бір сәтте обер-мастер К. Геращенко мен горновой А.Набибуллин отқа төзімді қапастың аузын бұрғылы найзамен бұзып жіберді. Жарқыраған жалын, қып-қызыл шоқ сап-сары ала өзен науаның үстіне лап қойды. Шыжылдаған, шашыраған алтын ұшқындар көбейді. Кең цех іші күндізгідей сан нұрлы сәулеге толды. Дәл осы шақта көктегі күннің от алауы адам баласының ғажап өнері арқасында домна пешінің аузынан қуатты өзен тәрізді ақтары­лып жатқан сықылданды. Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылатын бұл оқиға 1960 жылдың 3 шілдесінде сағат 15-тен 07 минут өткенде жүзеге асты. Оған қатысушы горновойшылармен бірге Нұрсұлтан Назарбаев та «Қармет зауыты. Тұңғыш Қазақстан шо­йыны. 1960 ж. VІІ» деп бетіне бедерленген медальондарды құйып алып, кеудесіне тақты», деп бейнелейді. Ал Төлеген Адам-Юсуповтың еске алуы бойынша, сол күні жұмысқа жігіттердің бәрі үлкен толқыныспен келіпті. Бір жағынан өздеріне көрсетілген жоғары жауапкершілік көңіл абыржытса, сондай-ақ, қанша айтқанмен өндірістің аты өндіріс қой, аяқ астынан әлдебір ағаттық істі бүлдіре ме деген қауіп қобалжытады. Іске кіріскендерінде пеш алдындағы атқыған от-жалынмен арбасудан қаймықпауды, шойын тасқынын бір арнаға жіберуді қалт еткізбеуді, ағылған бетте іле-шала қып-қызыл отқа айналып, сұра­пыл алау лап бергенде үрікпей, сескенбей, тайсалмай қимылдауды бірінші рет атқармақ жігіттердің көптен бері соған үйреніп кеткендей жіті ісі қуантып сала берген екен. Олардың жұмысына тілеуқор бола жиналған мыңдаған адамдардың ортасында көптің бірі болып осынау сәтті өз көзімен көрген, сол кездегі мартен цехының краншысы Алтынбек Асанов ақсақалдың айтуынша, жұрттың уралаған дауысынан бүкіл қала дүр сілкініп, шаттық үндер құлақ тұндырады. Содан кейін домна жүрегін соқты­­­рушылар қатарына днепродзержинскі­лік түлектер Төлеутай Сүлейменов, Қабидолла Сәреке­нов, Сатыбалды Ибрагимов, Рахметолла Жанарбаев секілді кілең сайдың тасындай істеріне жетік жігіттер қосылып, өндірістің осынау маңызды буы­нын өрлетеді. – Әр уақыттың адам мінезіне, күш-қай­ратына, қала берді қоғамдағы белсенділігіне әсер етер бір ерекшелігі болатын шығар деп ойлаймын. Біздің жалын атқан жиырма­дағы кезіміз сондай сәтке, соның өзінде мақтанышпен атайтынымыздай Қазақстан Магниткасының жұлдызы жарқыраған, мәртебесі биіктеген шаққа тап келуін айтсаңызшы. Отандық қара металлургияның алыбы пайда ­болуын паш етуімен ғана емес, халқымыздың қаншама ұландарын қанаттандырды десеңізші. Бәріміз Теміртау мектебінің тағылымынан Нұрсұлтан Наза­р­баевпен бірге өтіп, өскенімізді зор мақтаныш санаймыз, – дейді Елбасының кешегі еңбектес серіктесі, бүгінде елге танымал азамат Қабидолла Сәрекенов аға. Болашақ Президентпен бірнеше жыл ­шойын қорытысқан, сыйластықтары да жа­рас­қан КСРО-ның құрметті метал­­­­лургі, «Құрмет Белгісі», «Парасат» орден­дерінің иегері Владимир Колбасамен сөйлескенімізде сол кездері иық тірес­тіре еңбек еткендерін әрдайым мерей тұта сөйлейтінін қалайша айтпаспыз. Украинаның әйгілі «Азовсталь» металлургия алыбынан Теміртауға жіберілген бұл кісі бірнеше жыл бойы болашақ Тұңғыш Президентпен бірге жұмыс істе­гендердің бірі болатын. «Біздер сол уақыт­тарда қорытқан шойындарымызды есептеп көрмесек те, жүз мыңдаған тоннаға жеткендігіне дау жоқ. Ол өз әріптестерінен шеберлігі көш ілгерілігімен, кәсібінің қыр-сырына зерек­тігімен, ісіне сенімділігімен, қашанда қай­ратты жігерімен бәрімізді баурайтын. Бірін­ші шойын алыну оқиға­сына қатысуға келген академик Қаныш Сәтбаевтың ортамыздан Нұрсұлтан Әбішұлының қимылына назары ауып, сөзге тартқаны есімде. Әрине, жайдан-жай емес екен. Ұлы адамның кісі танығыштығына кейіннен көзіміз жетті ғой. Бақытыма бұйыртқаны шығар, Назарбаевпен еңбек арқылы жақын араласып, сыйлас болып кеткенімді мәртебе тұтамын. IMG_5137

Теміртау. 2010 жылғы 2 шілде. Елбасының ежелгі металлург серіктерімен мерекелік балқымаға қатысқан сәті.

Бастапқыда Назарбаев екінші, мен үшінші дәрежелі горновойшы болдым. Ісіне ешқандай енжарлық болмайтын, шойын ағатын жыраны алдын ала тазалап, құрал-жабдықтарды, механизмдерді мұқият тексеріп, жұмыстың кідіріссіз атқарылуына дайындықты қатты қадағалайтын. Көріп тұрып қалайша үлгі алмасқа?! Біз де міндетімізді мүлтіксіз атқаруға үйрендік. Соның арқасында шойын әрдайым кестеден ауытқымай, әрі сапалы қорытылатын. Арғын Жүнісовтің «Біздің Президент – металлург. Өмірдің ыстық-суығын жаста­­йы­нан халықпен бірге көрген. Сондықтан еліне қажымай еңбек ету де, елді біріктіру де, экономиканы дамыту да бәрі-бәрі қолынан келіп отыр» дегеніндей, өз ортамызда қалыптасқан адалдық, адамгершілік, салиқалық қасиеттері кейіннен мемлекет басқаруда айрықша жарқырай көрініс бергендігіне қуанамыз», деп еді Владимир Федорович соңғы бір кездесуімізде. Біз шойын қорытудың бір сәтін ­Н.Ә.На­зар­баевтың бұл оқиғаның 50 жылды­ғына арналған мерекелік рәсіміне қатысуынан көре алған едік. Басқа киіз қалпақ, үстіне киіз киім киіп, қолға ұзын сапты көсеу ұстап, оны­мен пештің аузын көсеп жібер­генде, астауға қып-қызыл шо­йын балқы­­масы құйыла жөнелген мезетте кәнігі метал­лургтердің өзі ұмытылмаған шеберлікке қызығып, сүйсініп қарап қалғандығы есімізде. Президент бас­тап ­берген істі жас горновойлар Сергей Жму­рин мен Нұрлан Әліпбаев іліп әкетіп, аға буын үлгісіне сай екендерін көрсетті. Сонда қуаныштан жүзі жарқыраған Нұрланның «Қай елдің азаматы өз Президентімен бірге домнадан шойын қорытып көріпті. Нұрсұлтан ағаның еңбек жолын горновой болып бастағандығын бала жасымнан білуші едім. Жастайымнан осы мамандықты меңгеруді қаладым. Ауылдан Теміртауға келуімнің себебі де сол болды. Мақсатыма жеттім. Нағыз горновойшы екенімді Прези­дент пен еңбектес серіктестерім алдында дәлелдей алуым – өмірімнің ең бір бақытты сәті болды. Нұр-ағаның «Теміртау – менің тағдырым» деп айтқанындай, Теміртау менің де тағдырыма айналды», деген сөзі қойын дәптерімізде сақталып қалыпты. Мұнан кейін Елбасы металлургтердің Мәдениет сарайында өткен жиында сөйле­ген сөзінде «Бұл тарихи мәні зор оқиға бүгін­гідей көз алдымда. Бұдан жарты ғасыр бұрын елімізде бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп алыбы дүниеге келді. Сарыарқа төсіндегі сол тұстағы шағын Теміртау қаласы қайнаған өндіріс орталығына айналды. Осында тұңғыш шойын қорытпасы алынды. Тоқсаныншы жылдардың еліміз үшін күрделі кезең болғанын білесіздер. Дер кезінде қуатты инвестор тарта алғанымыздың арқасында комбинатты аман сақтап қалдық. Біз дағдарыс салдарын дүбірмен емес, сабырмен еңсердік» деді. Соның шындығын кәсіпорынның қалыпты жағдайда жұмыс істеуі байқатып келеді. Алғаш шойын алын­ғанда жылына 270 мың тоннасын өндіруге қол жетсе, одан соң 5 миллион тоннаға дейін өсті. Домналар жөнделіп, жаңартылды. Биіктігі кешегі 60 метрден 100 метрге асқан, қуаты еселеп артқан қара қазанның бүгінде тұтынушылар сұранымына қарай өнімнің қандай да көлемін шығаруға күші де, мүмкіндігі де мол. Ең бастысы – соны жасап, жаңғыртушы адамдар бар. – Мен аға буын металлургтердің ізін басып, ісін жалғастырушы жаңа толқын жастардың бірімін. Әсіресе, горновойшы болуыма қуаныштымын. Мұның өзі шо­йын құюшылар, болат балқытушылар арасында аса қадірлі кәсіп саналса, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолы басталған дәл сол цехта, дәл сол дом­нада жұмыс істеуіме мақтанышым бөлек. Осы қатарға қосылғаныма біраз уақыт болып қалды. Сонда да ұдайы үйреністе, ізденісте болмаса болмайды. Өндіріс көп өзгерді, заманауи қондырғылар ұлғайды. Сондықтан, мамандығымыз талабына, аға буын әріптестер үрдісіне сай болуға ұмтылудамыз, – дейді жоғары білімді горновойшы Әлібек Алпысбаев. Елдің өрісі бірі бастаған игілікті істі екіншісі сабақтастырып, үшіншісі тереңдетуден өседі деген осы шығар. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ТЕМІРТАУ.