Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі публицист, қарымды қаламгер Жанай Омаровтың «Время, которое живет в нас» («Өзектен өткізілген уақыт») атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, республикалық БАҚ жетекшілері және автордың әріптестері қатысты. Кешті «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов жүргізіп отырды.
Кітапта қаламгердің ширек ғасырды қамтыған еңбектері топтастырылған. Яғни, 1990 жылдан 2015 жылға дейінгі уақыт аралығында мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен сұхбаттары, әр жылдарда жасаған баяндамалары, деректі фильмдерге жазған сценарийлері және естелік жазбалары енген. Туындының негізгі тақырыбы тәуелсіз Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық қалыптасуына, сондай-ақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің даму жолындағы қайраткерлігі мен рөліне арналғанын айта кетейік.
Кіріспе сөзінде Сауытбек Абдрахманов Жанай Омаровтың еңбек жолы, шығармашылығы және адамгершілік қасиетіне тоқталды. Сонымен қатар, ол қаламгердің әкесі Сейітжан Омаровтың белгілі жазушы, қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тұлға екенін айтып, естелік деректерді тілге тиек етті. Ал жаңа еңбек жөнінде: «Бұл – Елбасы туралы әдебиетті толықтыратын қомақты дүние», – деп өз бағасын берді.
Осыдан кейін Сыртқы істер министрлігі халықаралық Ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко сөз алды. Ол кітаптың тарауларына тоқталып, соның ішінде автордың өз отбасына арнаған бөлігін ерекше атап өтті. Одан бөлек, кітаптағы халықаралық тақырыптар жайындағы мақалалардың өзектілігін айтқан шешен Жанай Омаровтың белгілі журналист қана емес, білікті басшы, озық ұйымдастырушы екенін ерекше еске алды.
«Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басшысы Александр Тараков та автордың еңбектері туралы оң пікір білдірді. Әсіресе, Жанай Омаровтың сұхбаттары мен тәуелсіздік туралы ой-толғамдары оқырмандардың қызығушылығын тудыратынын айтты. Сондай-ақ, ол қаламгермен әріптес болғанын, сол жылдарды өміріндегі жарқын сәттердің бірі санайтынын жеткізді.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Аяған Сандыбай Елбасы туралы жаңа еңбектің философиясына ерекше назар аударды.
– Бұл кітап қазақ публицистикасына қосылған құнды жәдігерлердің бірі. Себебі, туындының философиялық мазмұны мен көтерген тақырыбының ауқымы оның өміршеңдігін айқындайды. «Время, которое живет в нас» деген атауының өзі көп жайттан хабар береді. Бұл тұрғыда автордың ой-пікірі қазақ көсемсөзінің хас шебері Шерхан аға Мұртазаның толғамдарымен үндесетінін айтқым келеді, – деді Аяған Өтенұлы.
Сонымен бірге, ол кітаптың журналистика саласындағы құнды әдебиеттердің бірі болатынына сенімді екенін айтты. Бұл туралы Аяған Сандыбай:
– Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында қазақ журналистикасы туралы орыс тілді әдебиеттер жетіспейді. Жәкеңнің бұл кітабы сол олқылықтың орнын толтырады деп сенемін, – деді.
Жанай Омаровты жаңа кітабымен құттықтаушылардың арасында белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков те болды. Ол кітаптың Елбасының ерен еңбегін айшықты баяндайтын тарихи туынды екенін айтты. Сондай-ақ, тек автордың жазбалары емес, ондағы суреттердің де сөйлеп тұрғанын қаперге алды. Солардың арасынан Жанай Омаровтың әкесі Сейітжан Омаровпен және тағы бірнеше зиялы қауым өкілдерімен бала күнінде түскен суретінің тарихын баяндап берді.
– Кітаптың «Время и память» деп аталатын соңғы тарауында Жанайдың бала күніндегі суреті жарияланған. Сондай-ақ, суретте қазақ әдебиетінің үлкен қайраткері Есмағамбет аға Исмайылов, башқұрт әдебиетінің классигі Сәйфи аға Құдаш, Сейітжан аға Омаров, жазушы Қасым Тоғызақов, Жанайдың анасы және мен бармын. Ол кез менің үлкен ғылымға енді аяқ басқан жастық шағым болатын.
Суреттің тарихына тоқталар болсам, 1960 жылы оқу бітіріп, университетте қалдым. Қазақ халқының ауыз әдебиеті деген пән бойынша дәріс оқыдым. Сөйтіп жүргенде, 1962 жылы Мәскеуден Уфада өтетін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры жайында Бүкілодақтық сессияға шақырту келді. Жиын жырдың башқұрт тілінен орыс тіліне аударылған кітабының жарық көргеніне 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Оған Қазақстаннан төрт адам шақыртылған. Оның біреуі – мен. Алайда, Уфаға барған кезде елден өзімнен басқа ешкім келмегенін білдім. Әр баяндамашыға 15 минут уақыт берілді. Сол жерде Қазақстаннан жалғыз келгенімді айтып, ұйымдастырушылардан тағы 15 минут қосып беруін сұрадым. Бұл өтінішіме отырғандар ду күлкімен жауап берді. Кенет залдың ортасында біреу орнынан тұрып: «Жолдастар, бұл жас қазаққа уақыт беріңіздер. Мен өтініп сұраймын», – деді. Сөйтсем, ол Сәйфи Құдаш екен. Ол жерде мен таныған жоқпын.
Баяндамамды аяқтап, орныма отырған кезде Сәйфи ағам қасыма келіп, өзін таныстырды. Сол жерде ол Бейімбет Майлинмен «Ғалия» медресесінде бірге оқығанын, «Садақ» журналын бірге шығарғанын, тіпті Сәбит Мұқановқа сабақ бергенін айтты.
Ал екі жылдан кейін Сәйфи аға Қазақстанға келді. Сол кезде Сейітжан ағаның үйінде болған қонақтан кейін бәріміз арнайы фотостудияға барып естелік суретке түсіп едік. Жанай ол кезде тоғыз жасар бала. Мына кітапта жарияланған сурет сол рәсім», – деп, өткен күннің бір үзік сырын айтып берді.
Тағы бірқатар әріптестері Жанай Омаровтың жаңа туындысы туралы пікір білдіріп, оған шығармашылық табыс тіледі. Құттықтаушылар кезінде Президенттің баспасөз хатшысы, «Қазақстан» телерадио корпорациясының, одан соң «Казахстанская правда» газетінің басшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарған публицистің бүгінде «Нұр Медиа» холдингінің жетекшілігінде де біліктілігімен көзге түсіп отырғанын айтты.
Шара соңында белгілі жазушы Нұрғожа Ораз бен Мырзатай Жолдасбеков кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, қаламгерге ақ баталарын берді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Советбек Мағзұмов.