Президент Н.Ә.Назарбаевтың қаламының жүйріктігі, ауызша сөйлегенде де ойындағысын еркін айта алатын алғырлығы жұрттың бәріне мәлім. Оның жазған кітаптарын ел қызығып оқиды. Оларда қазақ қоғамының, сондай-ақ, әлемдік мемлекеттік құрылыстың кешегісі мен бүгінгісі, келешегі жайлы терең ойлар, ғибраты мол кеңестер көп. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-жылдары ғана туып, мемлекеттік туын көтерген Қазақстан Республикасы деген елдің пайда болуы мен аз мерзімнің ішінде өзін әлемге танытуы, социалистік құрылымнан нарықтық экономикаға ауысудың тарихы мен проблемалары ойлы көзбен, терең білгірлікпен, соның бәрін қолымен жасаған адамның кең диапазонды қайраткерлік ақыл-ойы мен ұйымдастырушылық іскерлігі арқасында мүмкін болғаны жан-жақты талданады. Сондықтан да Президент еңбектері іште де, сыртқы елдерде де қызығушылық танытып, жиі оқылуда, талқыға түсіп көптеген шетелдер тілдеріне аударылуда. Сондай еңбектердің басты-бастыларын атасақ, «Әділеттің ақ жолы» (1991), «Ғасырлар тоғысында» (1996), «Тарих толқынында» (1999), «Евразия жүрегінде» (2005), «Қазақстан жолы» (2007) және тағы басқалары.
Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті кітабы «Өмір өткелдері» жаңа ғана баспадан шықты. Ол Президенттің белгілі журналист-қаламгер С.Абдрахмановпен жүргізген сұхбаттары негізінде туған. Журналистің әр мезгілдегі әңгімелесу сәттері бөлек-бөлек дүниелер болып газет тігіндісінде қалмай, Президенттің бүкіл өмір жолын, қоғамдық еңбегін, қайраткерлігін толық ашатын жүйелі деректер жинағы болып шыққан. Оны екеуара жоспарлап, уақыттың мүмкіншілігіне қарай жалғастыра бергені қандай жақсы болған. Нұрсұлтан Назарбаев жөніндегі кітаптар мен шежірелік хикаялардың көптігіне қарамастан, бұл кітап оларды қайталамайды. Қайта оқырманға таныс өмірбаяндық әңгімелердің қысқаша түйінделген конспектісі сияқты.
Сұхбат түрінде қағазға түскен кітаптың басты ерекшелігі автор әңгімелерінің ауызша айтылуы және бұрын жарияланған деректермен дәйектеліп отыруы: Президент әңгімелерінің бәрі де өзі басынан кешкен оқиғалар мен солардың негізінде туған толғамдар, толғаныстар, көзқарастар, ойлар арқылы шын өмірдің суреттерін, дәуір кезеңдерінің өзін, шындық дегеннің не екенін көз алдыңнан өткізеді. Болған оқиғаларды атап қана кетпей, олардың дайындалу жолдарын, кездейсоқ емес, белгілі тарихи жағдайдың қажет етуі негізінде туғанын, әлеуметтік өзгерістер кезінде басты және қосалқы проблемаларды іріктеп ала білу қабілетінің молдығын анық байқатады. Мысалы, ол кеңестік жүйенің құлауын кездейсоқтықтан емес, «тарихтың бүкіл ой қисыны соған алып келе жатқанынан, КСРО атты елдің идеологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да бәсекеге шыдас бере алмай, толықтай дерлік жеңіліске ұшырағанынан» көріп түсінеді. Сондықтан оңаша мәміле, яғни КСРО-ны ыдыратқан оқиға ретінде емес, сол үдерісті жылдамдатуға септескен оқиға ретінде қаралады. Оны ГКЧП бүлігі тездетіп жібергенін түсінеді. Бұл автордың болған оқиғаларды өз алдына бөлектеп қарастырмай, сондай шешімге алып келген жағдайларды терең талдауын, сараптаушылық қабілетін танытады.
Сұхбаттардың ұзына бойына көз салсаң, ел басына түскен жағдайларды жан-жақты барлаудың, оған төзіммен қараудың, одан шығудың жолын іздестірген ізденімпаздықты көреміз. Автор тек Қазақстан шекарасымен шектелмей, Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі сол территорияда өткен сергелдеңнің себептерін кең талдау арқылы тарихи талғаммен жинақтайды. Сол сияқты 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі де, сол кездегі билік айтқандай, ешкімнің ұйымдастыруымен емес, намысқой, ұлттық сезімі күшті жастардың ызаға толы батыл қадамынан туғанын дәлелдеп жазады. «Әр нәрсенің өзінің уақыты болады», дейді Президент. Бас-аяғы 20 жылдың ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың құрылып, толыққанды жұмыс істеуі де кездейсоқ туған көзқарастың туындысы емес, Еуропа-Азия құрлығын мекендеуші халықтардың бірігуге, ынтымақтастыққа ұмтылған, соғыстан кейін-ақ туған идеясы болғанын айтады.
Кітапта Елбасы басынан кешірген ғибратты өмір жолы, оның жасампаздыққа толы тартысты күрескерлігі, жоқтан бар жасап жаңа мемлекет құруы, ол мемлекеттің аз жылдардың ішінде әлемдік құрметке ие болғаны толығымен көрініс табады. Жаңа Қазақ елін жер-жаһан танып, Еуропаның төріне шығарғанының, ЕҚЫҰ сияқты құрметті халықаралық ұйымның төрағасы болғанының, ЭКСПО- 2017 секілді дүниежүзілік көрме ұйымдастыруға қолы жеткенінің куәсі боламыз. Бұлар – Қазақстанның есіктегі басының төрге шыққанының белгісін білдіретін дүниелер.
Ел ертеңіне сеніммен ілгері басты. Сол әңгімелердің негізінде біз өзіміз бірге өткен және бүгін басымыздан кешіп отырған қоғам және заман, адам тағдыры жайлы жаңа түсініктерге қанығамыз. Олардың шынайы шындықтан ғана тұратынын өз көзімізбен көріп келеміз. Кітаптың авторы және басты қаһарманының «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. «Блажен кто посетил сей мир в его минуты роковые» деп Тютчев жазғандай, менің маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!» (5-6-беттер) деген жан сыры да бізге түсінікті. 2015 жылғы президенттік сайлауда Қазақстан халқы Елбасына бірауыздан дауыс беріп, көрегендік көрсетуі де осы шындықты көріп, келешегіне сенгендіктен.
Сондықтан бұл кітапты халқымен бірге өткен тағдырын сонымен тығыз байланыстырған адамның өмірі деп қана қарамай, сол халықтың бірге өткен бақытты тіршілігінің жанды суреттері деп бағалаған жөн. Бұл шындықты бүгінгі жастар біле бермейді. Кітаптың тарихи маңызы да оның жас ұрпаққа арналуында. Біздің болашағымызға ие болатын жастар үшін ол әрі қызықты, әрі тәлімді. Елбасын үлгі тұтатын, елін сүйетін, жерін қорғауға дайын, Қазақстанның болашағына жасқанбай қызмет ететін жастар Президентін үлгі тұтуы керек, кітапты оқыған жас ұрпақ ел тарихын құрметтеуге, ер еңбегін бағалауға көтерілуі қажет.
Кітап жеке адамның өмірбаяны туралы болғаннан кейін оның құрылымы да автор әңгімесінің желісіне бағынып, ол өткен жолдың хронологиялық бағытына қарай дамиды. Оның балалық, жастық шағы, еңбек жолының басталуы мен жалғасуы, Қазақстанда тұңғыш құрыш құю сияқты ауыр еңбекте шынығуы, еліне, қоғамына, ел еңбегіне үлкен үлес қосып абыройға ие болуы, Теміртаудың, Қарағандының, республиканың, Кеңес өкіметінің жауапты жұмыстарын атқаруы, кеңестік құрылыс құлағанда елімен бірге, оған ие болып қалуы, Тәуелсіз Қазақстан Республикасын жариялап, оны басқаруы, осы жолдардағы қиыншылықтардың бәрін ерлікпен жеңе білуі, еңбек пен күреске шынығып, өзінің биік дәрежеге ие болуы мен елін де ілгері сүйреп әлемге танытуы – ол өткен жолдың жеңіл болмағанын көрсетеді. Олардың ішінде автордың көңіл-күйіне байланысты сезімді қозғайтын, ойды оятатын сырлар да аз емес. Құлаған қоғам орнына жаңа тәуелсіз мемлекет құру туралы ізденістер, қиындықтар мен жасампаздық оның ұйымдастырушылық, қайраткерлік, ғалымдық бейнесін оқырманға жан-жақты аша түседі. Олардың бәрі қосылып, тау мен далада ортақ өскен ауыл баласының әлемдік биіктікке шыққан қайраткерлік бейнесін тұтас күйінде көз алдыңа елестетеді.
«Ұшқан ұя ұлағаты» туралы әңгіме, бұрын бұл жайында жазылғанына қарамастан, автордың өз аузынан қызықты, ойлы, сезімге толы тың әңгімедей естіледі. Ол, ең алдымен, туған жері, Алатау баурайындағы ел мен жер жайлы әңгімелерден басталады («Адам – табиғат перзенті. Адамның қалыптасуына климат пен ландшафт қатысады»), «Таудың биіктігі мен даланың кеңдігі ақыл-ойына да, мінезіне де қатар ықпал еткенін» жеткізеді. Ел тарихына байланысты тың әңгімелер айтылады. Осы өлкеде туған тарихи адамдар, жер атаулары туралы ойлар тарихпен, топонимикамен шұғылданып жүрген ғалымдарға көп ой салатыны даусыз. Әкесі, анасы, бауырлары, ұстаздары, достары туралы хикаялар да қызықты, сезімге толы. Автор өзінің туған жерге арналған патриоттық жырлары мен өлеңдерінің («Шұбарат», «Үшқоңыр», т.б.) шығуы тарихынан хабар береді. Нұрсұлтанның бойындағы адам сүю, ел мен жерге деген құрмет, отаншылдық осы кезден басталғанын осы әңгімелерден әбден тануға болады.
Жас Нұрсұлтанның еңбек жолы соғыстан кейін Қазақстанда іске асқан үлкен бір тарихи оқиғамен – Магнитканың салынып, қазақ даласында тұңғыш құрыштың құйылуымен тығыз байланысты. Ол Украинада осы мамандыққа оқып келіп, алғашқы құрыш құюдың шөмішін ұстады. Қиындықтан қорықпай өзінің металлург деген мамандығын мақтан тұтты. Бірге келіп, еңбек жолын бірге бастаған достарының жұмыстың ауырлығын көтере алмай кеткендері жайлы айта отырып, өзін тежеген намысқойлық, жалпы қазақ бойындағы ер жігіттің намысы туралы әңгімеге ойысады.
«Адамның бір парызы өз ұлтының, туған халқының намысын бермеуі, жақсы атын шығаруы. Ұлт та, халық та жеке адамдардан құралады. Егер әр адам елдің туы менің қолымда деп санаса, онда елдің бағы жанады... «Ел намысы – ер намысы» дегенді қазақ содан айтқан. Халқымыздың «жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» дейтіні де бар. Абай да қара сөзінде бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар деп, соның біріншісіне қазақтың елбасы, топ басы деген кісілерге екі тізгін, бір шылбырды беріп сенетінін, екіншісіне намысшыл келетінін атаған ғой». Ұлтын сүю, намысын қорғау осылай шет ортада жүргенде айрықша көрінген. Шетелде, Украинада оқып жүргенде қазақ жігіттерінің өздерін қайрап, спортта, жарыстарда, күресте алдыңғы қатарға шығуы да осы намысқойлықтың белгісі. Днепродзержинскіге Бибігүл Төлегенова концерт қоя барғанда, сырт елде тыңдаушылар болмай қалмауы үшін қазақ әнінің намысы үшін тырысып Нұрсұлтан бастаған қазақ жастары концерттің афишасын ілдіріп, билет таратып, тыңдаушылар жинаған. Бұл да жас Нұрсұлтанның ұлт намысын қорғауы. «Металлург болу деген мен үшін нағыз еркек болу» дегеннің баламасы іспетті еді. Таңдадың ба – кіріс, кірістің бе – шыда, шыдадың ба – қатарыңның алды бол. Өзіме өзім осындай талап қоятынмын. Одан да асырып айтайын: металлург мамандығы маған адамның бойындағы өзгеше мүмкіндікті, өзгеше шыдамдылықты, өзгеше төзімділікті көрсететіндігімен де қымбат» (85-б.). Нұрсұлтанның патриотизмі осылай басталған.
Кітапта Қуаныш (Омашев) деген досы Магниткадан кеткісі келетінін айтып ақылдасқанда, Нұрсұлтанның оған айтқан сөзі келтірілген. Оны Қуаныш өзі айтқан. «Қуаныш, – деді ол мені мұқият тыңдап алған соң, – сен кетесің. Мен кетемін. Ол кетеді. Сонда Қазақстан Магниткасында кім қалмақ? Бізде, қазақтарда намыс деген бар емес пе еді? Бұл – біздің Магниткамыз. Бұл – біздің болашағымыз. Ұрпағымыздың мақтанышына айналар алып өндіріс. Жан-жақтан келіп жатқан өзге ұлттардан металлургияның қыр-сырын үйреніп, келешекте өз қолымызға алмаймыз ба Магнитканы? – «Досымның ауыр сөзі мені тоқтатты», – дейді Қуаныш (118-б.).
Кейінгі әңгімелерден біз Қазақстан Магниткасының өсіп, өркендеуі жолын, сонымен бірге, металлург Назарбаевтың да бірге шыңдалу, өсу жолы қабат жүргенін көреміз. Магнитканың, Теміртаудың тарихына, ондағы адамдардың тағдырына ол өз тағдырынан бөлек қарай алмайды. «Азамат ретіндегі алтын бесігім – Теміртау» (104-б.) дегенді осыдан айтқан. Ол өз қатарындағы жұмысшылар ішінде өзінің ұйымдастырушылық, көсемдік қабілетімен ерте көзге түскен. Комсомол жұмысына араласып, кейін партия қатарына кірген. Қалалық партия комитетінде, Магнитка партия ұйымында жауапты жұмыстар атқаруға жеткен. Ол кезде Магнитканың партия ұйымы КОКП Орталық Комитетінің тікелей қарамағында болатын. Соны пайдаланып, заводтың мұқтаждары туралы мәселелер қояды. Онымен КОКП Орталық Комитеті шұғылданады. Солардың араласуымен комбинатты өркендетуде жаңа істер жүреді. Комбинат Одақ бойынша алдыңғы қатарға шығып үлгілі ауыр өндіріс мекемелерінің біріне айналады. Сөйтіп, Қазақстан Магниткасы аяғынан тік тұрады.
Назарбаевтың комбинат партия ұйымының хатшысы ретіндегі батылдығы мен іскерлігі осыған жеткізген еді. Ол Мәскеуде КОКП Орталық Комитетінің секретариатында сөйлейді, М.А.Суслов, В.И.Долгих сияқты партия басшыларының қабылдауында болады. Назарбаевтың Теміртау мәселесін талқылауда проблеманың түйінін тап басып, басшылыққа жеткізе алуы оның беделін көтереді. Мұның ар жағында Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы, Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметтері тұр еді. Ол қызметтерде Нұрсұлтанның Теміртауда шыңдалуы, жинаған тәжірибесі, орталықпен байланысы, сөйтіп, бойына дарытқан іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті көмекке келгені даусыз. Кейін Президент болғанда да сол тәжірибелер пайдаға асты.
Назарбаевтың азаматтық жаңа өмірі оның Республика Президенті болып сайлануынан басталады. Бұрынғы қызметі кеңестік жүйедегі қалыптасқан дағды көлемінде жұмысты батыл, іскерлікпен жылжытумен шектелсе, енді ескі қоғам күйреп, жаңа қоғам құрудың жолын ойлану мен атқару міндеттері алда тұрды. Қоғамның тоқырай бастағанын ол ерте сезінді. Партия қызметінде жүрген кездерінде-ақ, жаңа жағдайлармен таныса жүріп, ойланарлық дүниелер тапты. Партия жұмысшылар ортасымен байланысын әлсіретіп алғанын, олармен пікірлесіп отырудан қалғанын, қарапайым халықтың жағдайларымен есептеспейтінін көрді. Жұмысшы ортасынан шыққан оның бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтатын мінезі басшылық ортасында дөрекілік, партиялық этикадан тыс мінез саналатынын байқады. Кемшілікті көрсе де, көрмегендей болып, оны басшыларға ашық айта алмайтын, тігісін жатқызып сөйлейтін адамдармен ол келісімге келе алмады. Заманға, іске өзгерістер керектігін түсінді. Орталықта да осы дағды қалыптасқанының куәсі болды. Орталық ұлттық республикалар басшыларына сенімсіздікпен қарайтын болған. Халық тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің жетімсіздігіне ұлттық республикалар кінәлі сияқты, оларды орыстың ырзығын жеп жатқандай түсіне бастаған. Жұмыс өнімі де әлсіреп кеткен. Он екінші бесжылдықтың негізгі көрсеткіштері орындалмай қалған. Елдің ең үлкен басшысы Горбачевтің өзі өмірді, халықты, экономиканы білмейтін адам болып шыққанын Нұрсұлтан көзімен көрді. Мұның аяғы коммунистік партияның тарауына, мемлекеттің өмір сүруін тоқтатуға әкелгені түсінікті еді.
Осы жағдайлардан соң Қазақстан Республикасына ие болып қалып, Тұңғыш Президент сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың ендігі ел тағдыры не болатыны жайында ойлануына жол ашылды. Ол көп ізденді. Социалистік экономиканың өзін өзі ақтамағанын түсініп, елдің бәрі жүрген жолға, сынақтан өткен нарықтық қарым-қатынастарға көшудің қажеттігін көрді. Өз елін басқарып, экономикасын көтерген еуропалық ірі мемлекеттер басшыларының тәжірибесін зерттеді. Қазақстанның ұлттық менталитетін сақтай отырып, оларды ілгері дамыған елдер қатарына қосу міндетін мойнына алды. Үлкен ойлар Нұрсұлтанды тек Қазақ мемлекетінің тағдырымен шектемей, әлемдік дамудың проблемаларын түсінуге, олармен бұл жөнінде пікірлесуге жетеледі. Ол Қазақстанның дамуын жалпы мемлекеттер дамуымен, қоғамдық өзгерістермен байланыстыра қарауға көтерілді: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын жазарда Нұрсұлтан ойының осылай өрбігенін көреміз.
«Ол мақаланы дайындарда көп ойландым, көп толғандым, – дейді Елбасы. – Әлем неге тұрақсыз? Дүние неге бір дағдарыстан кейін бір дағдарысқа ұрынып жатыр? Батыс Еуропаның бұрын бұлжымастай көрінетін қоғамдық жүйесі, сынақтарда сыр бермейтіндей саналатын экономикалық жүйесі неге қайта-қайта қиындықтарды бастан кешуде? Неге ол елдерде жұмыссыздық күшейіп, әлеуметтік қорғау тетіктері әлсіреп барады? Осыдан бірнеше жыл ғана бұрын ауқатты делінетін мемлекеттердің басына қазір неге дефолт төніп тұр? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Үлкен сегіздік деп те, үлкен жиырмалық деп те үстін-үстін үдемелете жиын ашып, талқылағанмен бұл түйін тарқатылмай келе жатыр. Бұл түйін, әрине, оңайлықпен тарқатылмайды. Адамзат басына төніп тұрған қатердің қара бұлтын сейілтудің – жаһандық қаржы дағдарысын болдырмаудың жолдарын бүкіл адамзат бірлесе талқылағаны жөн».
Ол мақаласында осы жағдайларды талдай келе, өз идеясын – G-Global идеясын ұсынады. Осы арқылы дағдарыстардан қорғалатын, тиімді әлемдік валютасы бар, ортақ сауда жүйесі, ықпалдастықтың әділетті жүйесі бар жаһандық экономика құруға болады деп есептейді. Тұтынушылық идеясына қарама-қарсы мемлекет саясатының негізіне өндірістік еңбекті алып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға шақырды. Мақалада патернализм, әлеуметтік инфантилизм деген идеяларды қозғап, әлеуметтік масылдықтан арылуға, «баяғыдай кеңбалақ жүрісті» тоқтатуға үндеді. «Инфантилизм деген адамның қара басын, өзінің отбасын алып жүре алмауы» деп түсіндіре отырып, адам жауапкершілікті сезінетін азамат ретінде жастай қалыптасуы керектігін, жалған намысты қойып, бұрын қазақтар істемейтін кәсіптерге – таксист, даяшы, етікші, сатушы, сантехник, шаштараз сияқты мамандықтарға баруын қажет санайды.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылу жолы, заңнамалық негіздерін қалыптастыру, ұлттық экономика құру, өз ақшамызды айналымға шығару, мемлекеттік меншікті жекешелендірудің жағдайлары Президент сұхбатында кең әңгімеленеді. Өйткені, бұл оқиғалардың кезінде халық әртүрлі көңіл-күйін басынан кешкенін ескеріп, оның ұйымдастырылуы жолдарын кеңірек түсіндіруді орынды санайды.
Тәуелсіздік біздің бәрімізге зор жауапкершілік артатынын, бостандықтың қолға тиюі ешқандай масайрай беруге мұрсат бермейтінін Президент халыққа үнемі айтумен келеді. Өз күшімізге, өзіміздің жасампаздық қабілетімізге сенуге үйрендік. Республика жағдайын жаңғыртуда оның «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» тұжырымдамасы өзін-өзі ақтады. Қазақстан халқының құқықтық теңдігін қамтамасыз ету үшін ұлттық келісім сақталды. Саяси тұрақтылық мемлекеттік саясаттың басты қағидасына айналды. Жаңа Парламент құрылды. Мұның бәрі кейін көптеген шараларды іске асыруға жол ашты. Президент сұхбатында талдап айтылған осы мәселелер көпшілігіміздің көз алдымызда іске асқан еді. «Біздің жүрер жолымыз тәуелсіздіктің алғашқы бірер жылында белгіленіп үлгергені, әрине, біздің үлкен бағымыз, – дейді Президент. – Біз қоғамның басты байлығы – адам, елдегі игіліктің бәрі адам үшін жасалады деп жарияладық».
Ол ел дамуында 1992 жылғы «Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», 1997 жылғы «Қазақстан-2030», 2013 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиялары қандай рөл атқарғанын атап, талдап берді. Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасының негізгі бағыттары жайында айтты. Социалистік көзқарастардың да, дәстүрлі ұғым-парасаттың да, либералды қозғалыстардың да құндылықтарының екшелуі, тәуелсіздік идеясына лайықтары іріктелгені де орынды сөз болған. 1992 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы шетелдердегі бауырларымызға құшақ ашып, олардың біртіндеп елге келе бастауына жол ашты.
Кітапта ел тарихындағы орасан оқиғалардың бірі – Семей полигонының жабылуы жөніндегі әңгіме кім-кімге болса да құштарлық туғызады. Полигон Президент Жарлығымен 1991 жылы 29 тамызда жабылған. Бұл Жарлықтың айрықша маңызы – оның Кеңес Одағы бар кезде, Мәскеу билігі тұсында шығуында. Бұл – қазақстандықтар үшін, әсіресе, полигонға жақын тұрған халық үшін үлкен қуаныш болса, Мәскеу оған риза болмай, бас шайқасқан. Олар «КСРО-ның қорғаныс қабілетін бүлдіру әрекеті», «Елдің басты стратегиялық нысанына қастандық» есебінде қараған. Н.Назарбаевтың алғашқы президенттік тұсында жасалған осы шешім оның тәуекелге бел байлаған ерлігі деп бағалануға лайық. Сұхбатта Қазақстанда атом қаруын жасаудың алғашқы қадамынан бастап, барлық тарихын, Абай жерін полигон үшін таңдау себептерін, атомдық жарылыстардан зардап шеккен халықтың трагедиясын, полигонға ешкімді жібермей жасырын ұстағанын (оған бірінші барған басшы Нұрсұлтан Назарбаев екен) түгелдей айтып жариялаған.
Президенттің полигонды жабу жөніндегі шешімін тездеткен, оның ашу-ызасын тудырған жағдай Семей сынақ полигонының аумағын кеңейту жөнінде жоғарыдан түскен хабар екен. «Қаным басыма шапшыды. «Немене, Орталық Комитет пен Үкіметтің қаулысы шығып па еді? Неге мен, Қазақстан Үкіметінің басшысы, мұны алғаш рет естіп отырмын? – десем, «Қаулы шықпаса, шығады. Жоба жасалған, Орталық комитет келіскен. Біз құжатты жібергенде, қол қойыңыз да, айтқанды істеңіз», деп түйеден түскендей сөйлейді», – дейді Елбасы. Ол Колбиннің қол қойып қойғанына қарамай, Орталықпен қатты-қатты сөйлесіп («Бұлай бара берсе, 1986 жылғы желтоқсандағы жағдай қайталануы мүмкін»), жобаны тоқтатады. Назарбаев бұл жөнінде КСРО Жоғары Кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде сөйлейді, Олжас Сүлейменовті бас қып, «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырады. Ақыры, 1990 жылы ел Президенті болып сайланғаннан кейін алғашқы басты шаруаның бірі етіп полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қояды.
Полигонды жабумен, әрине, мәселе түгел шешілмейді. Республика қолында үлкен атом қаруы қалады. Президент кітапты «Ядролық қару-жарақ және олардың ұшырғыштары жөнінен АҚШ-пен стратегиялық тепе-теңдікке жеткізілгенін, ал жекелеген позициялар бойынша, бүкіл НАТО елдерінің бәрін қосқандағы қуаттан да артық әскери әлеует жиналғанын» келтіреді. Батыс әлемі осыдан қатты қауіптеніп, оны жою үшін мазалай бастайды. Назарбаев «Қолда бар қару болашақта да сақталады» деп жариялайды. Ол Америкадан Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік сұрайды. Олар келіспеген соң, басқа ешбір келісімді қабылдамайды. Онымен келіссөз жүргізген У.Кристофер оны «оңай шағылмайтын жаңғақ» атандырады. Соңында америкалықтар амалсыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қабылдайды. Ақыры Мемлекет басшысы қолда бар атом қаруын жойып, бұл аймақты ондай қауіптен арылған аймақ етіп жариялайды.
Қазақстан Конститутциясы үшін күрестің тарихы ұзақ әрі қызғылықты. Оны автор толық әңгімелейді. Онда Конституцияның жалпы ел тарихындағы, негізгі Ата Заң ретінде мемлекет пен адамның ара қатынасын белгілеудегі орнына тоқталады. Оқыған, зерттеген елдердің конституцияларымен салыстыра отырады. Ол ұзын саны 20 елдің конституциясын оқып конспектілепті. Жекелеген мәселелердің конституциядағы көрінісі қандай болуы керектігі жөніндегі айтыстар мен таластарға тоқталады.
«Мен ел Президенті ретінде биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының бірлескен жұмысын жолға қоюға бар күшімді салдым. Кейде апталар бойы күнімен Парламентте отырып, депутаттардың дау-дамайын тыңдайтынмын, сауалдарына жауап қайтаратынмын. Түнге қарай кабинетіме келетінмін де, шешімі қабылдауды талап етіп тұрған, кезек күттірмес мәселелермен айналысуға кірісетінмін» (340-б.). Міне, ол кезде Президенттің жұмыс режімі қалай қалыптасқан!
Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын бекіту, сыртқы саясатын белгілеу мәселелері бойынша да арнайы сұхбат өткізіліпті. Оның алғашқысында әңгіме оқырмандарға жалпы шекара ұғымы, оның мемлекет үшін маңызы жайлы пікірлермен басталады. «Шекаралар жөніндегі мәселе кез келген сәтте жарылуы мүмкін оқ-дәрі қоймасы сияқты екенін түсіну қиын емес, ал оның жалыны әдетте тек отпен ойнаушыны ғана емес, оған мүлдем қатысы жоқтарды да шарпиды», – дейді Президент. «Ұзындығы 13 мың шақырымнан артық мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялау – Елбасымыздың стратегиялық тұрғыдан ойлау қасиетінің тағы бір дәлелі» және ол «жер көлемі бойынша дүние жүзіндегі тоғызыншы орында тұрған біздің мемлекетіміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігі тұрғысынан ерекше маңызға ие», – дейді көп жылдар Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін басқарған Қ.Тоқаев. Ол тәуелсіздікке дейін осыншама әкімшілік шекара заңды түрде бекітілмегенін, шекараның тұтастығына ешкімнің кепілдік бермегенін атап айтады. Шекаралық шептерді анықтап, оны құжаттау қажеттігін көтерген және атқарған да Н.Назарбаев екенін көрсетеді. «Сыртқы саясат – толықтай Мемлекет басшысының құзыретіндегі іс. Президенттің бұл салаға жасаған қамқорлығының арқасында тәуелсіздіктің таңсәрі шағында-ақ Қазақстанның дауысы барлық көп жақты форумдарда естіле бастады», – деп жалғастырады.
Осы мәселелер сұхбатта кеңінен талдана айтылады. Шекараны айқындау мен құжаттаудың қиындықтарына, басты-басты үлкен мемлекеттермен шекара туралы келіссөздердің жүргізілгеніне назар аударылады.
Сыртқы саясат туралы әңгімелегенде ЕҚЫҰ-ға төраға болып, сол ұйымның саммитін өткізе алған жалғыз ел – Қазақстан болғаны ерекше аталады. Қазақстанның сыртқы саясаты көп жақты бағдар ұстанып келе жатқанына, Еуразиялық одақтың мәселесі Қазақстанда туып, көтерілгеніне, Ресеймен шекара және Байқоңыр мәселесіне, Америкамен қарым-қатынасты жақсарту шараларына сұхбатта кең орын берілген.
Қазақстанның даму келешегі, оның қарқынын көтеру, сөйтіп, дамыған елдердің қатарына қосу идеясы соңғы жылдардағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойы мен ақылын билеген проблемаларға айналды. Ол «Қазақстан жолы» деген кітап жазды. Онда қазіргі әлемде аты жиі аталатын, осыдан 20 жыл бұрын-ақ тәуелсіздікке қолы жеткен елдің ішкі және сыртқы саясаты, оның дамуының қазақстандық өзгеше жолы суреттеледі. Сұхбатта осы дамудың бес өзекті мәселелеріне тоқталған. Олар: мемлекеттік стратегия ұстанымдарының қалыптасуы мен белсенді әрекет жасайтын қабілетті азаматтың тұлғалану жолы, президенттік биліктің бюрократияның күні өткен және басы артық буындарынан арылатындай тиімді жүйесі мен осы жолдағы үздіксіз ізденістер, егемен Қазақстанның дағдарысқа қарсы жүргізген шаралары мен одан шыға білуінің жолы, экономикалық өсу үрдісі мен жыл сайын мемлекеттің алдында тұрған міндеттердің күрделене түсуі, ең соңында адамдардың жеке қарым-қатынастарының өзгеруі, жаңа қоғамдық ізденістерге ыңғайласу мәселелері. Кітаптан уақыт, тарих, адам өмірінің жаңалықтары жайында көп мәлімет аласың, заманның рухын сезінесің. Автор өткенді байыпты бағалай отырып, бүгінгі болмысқа ақиқаттық тұрғысынан қарайды, келер күннің үмітін сезінеді. Ішкі талдауларында бұрын біз сияқты күй кешкен, кейін бәсекелестікке қол жеткізген Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін пайдалану жолы сөз болады. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламалары арқылы осы идеялар іске асып жатқанын көреміз.
Одан кейін «Нұрлы Жол» бағдарламасы қабылданды. Қазақстан сияқты жері кең, далалы, жолдары жоқ елде қатынастың оңай болмайтыны белгілі. Осыны баяндай отырып, автор Қазақстанның ішкі аймақтарын жалғайтын жаңа темір, автомобиль, әуе, су жолдарын салу, кеңейту мәселелерін күн тәртібіне қояды. «Ұлы Жібек жолы» жаңартылады. Олардың біраз бөліктері іске қосылған. Қалғаны бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Біздің жерді басып өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының қазақстандық бөлігі аяқталуға жақын. Көлік пен коммуникация мемлекет экономикасын көтеруге қызмет жасап қана қоймайды, елдің саяси тұтастығын қамтамасыз етеді. «Нұрлы Жол» бағдарламасының осы талаптары да іске асу үстінде. Каспий мен Қара теңіз аралығынан канал салу баяғыда сөз болып тоқтап қалған Сібір өзендері арналарының бір бөлігін Қазақстанға бұру идеяларын көтеру де алдағы міндеттердің қатарын толықтырады.
Соңғы сұхбат Астана жөнінде. Елбасы «Астана – тәуелсіздіктің жемісі» дей отырып, ең алдымен оны «саяси күштердің бүкіл әлемде жаңаша орналасуының нәтижесі» деп қарайды. Астананың көшіп келуі тәуелсіз мемлекеттің дамуына, орнығуына зор ықпал еткеніне тоқталады. Бұл идеяның өзінің басына келуі мен іске асу жолын шолады. Қаланың бас жоспарының қабылдануы, оны орындауға шетел архитекторларын қатыстыру мәселесі де үлкен шаруаның бірі болған екен. Осы негізде қала құрылысының қалай жүргені, ондағы әр үлгідегі үйлер, қатысқан, өзіне жәрдемдескен адамдар, қайшылықты көзқарас туралы әңгімелер біріне-бірі жалғасып кетеді.
«Астананың қызығын, ең алдымен, өзіміздің халқымыз көріп жатыр. Елдің қиыр-қиырынан құйылған көш елорданы жылдан жылға қазақыландырып барады. Азаматтарымыздың патриоттық рухын көтеруде де елорданың орны бөлек. Астана бүкіл елдің дамуына локомотив болып отыр. Облыс орталықтары елордаға қарап бой түзеп жатыр. Астана арқылы ел түлеп сала берді. Бұл қала адам ресурстарын дамытуға қатты ықпал жасады. Талайлар осы қалаға келіп, қызықты жұмыс тапты, білім алды, жаңа мамандықтар игерді, өзінің шаруасын дөңгелетіп алып кетті. Астана қазақты ширатты. Астана бүкіл халқымызды түлетті. Елді сілкіндірді», – дейді Елбасы.
Сұхбаттың қорытындысында Елбасы Қазақстан халқы жеткен табыстарға елдің бәрі ортақ екенін баса көрсетеді. «Мен не істесем де, қабырғалы халқыма сүйеп істедім. Халқымыз бұл бастаманың елдің болашақтағы тағдыры үшін қандайлық мәні барын бірден ұқты. Жасы да, жасамысы да ұлы көшке көлікті болсын айтты, тілек қосып қана қойған жоқ, жан-тәнімен қолдады. Ұлы көшке қосылды. Арқаның желіне қағылып, күніне тотығып, жаңбырына малшынып, аязына тоңып жүріп, елдік ғимаратының қадасын қағысты, балшығын илесті, кірпішін құйысты», – дейді.
Сөйтіп, Елбасының сұхбат кітабы өзі бастап, еліміз бастан кешкен тәуелсіздік тарихын қысқа да нұсқа үлгіде әңгімелеп шыққан бағалы еңбек деп қорытуға болады. Қанша дегенмен, ауызша айтылған әңгімелер ғой, бірақ жазып алған үлгідей таза, басы артық сөзі жоқ, жатық, шешен. Ел тарихын, оның мемлекет есебіндегі дамуы мен әдебиеті, тарихы, өнері, салт-санасы, әдет-ғұрпы, басқа елдер мен олардың көрнекті қайраткерлері мен жазушыларының шығармаларын көп білетін адамның кең диапазонды білімі әңгімелерден аңғарылып отырады. Оны оқыған адам Қазақстан, Тәуелсіздік, Назарбаев деген ұғымдардың қаншалықты бірігіп, туысып кеткеніне, бірінсіз бірін түсіну қиын екеніне көзін жеткізеді.
Сұхбат жүргізген Сауытбек Абдрахманов та тәжірибелі қаламгер, ойлы, білімді азамат, осылардың бәрін кітапта толық сақтаған. Қанша дегенмен, сұхбат ресми сөйленген сөз емес, екі адамның өзара бөліскен, түсініскен жан сыры ғой. Президент еңбектерін, онда сөз болатын әңгімелердің бәрінің жанды куәсі болған адамның сұраулары да нақты, әдемі ойластырылған. Кейбір жайларды өз аузынан есту үшін әдейі тәптіштеп, нақтылап, ондағы өзі көздеп отырған проблеманы атап сұрайды.
Тұтастай кітап кім-кім үшін болса да қызықты, жақсы оқылады. Оның соңғы бетін оқырман Елбасына деген үлкен ризалық сезіммен жабады. Тәуелсіз Қазақстанның қарышты дамуынан біз Тұңғыш Президентіміздің ойының кеңдігі мен қиялының, арманының биіктігін танимыз. Бір бағдарламадан соң екіншісі, одан үшіншісі туып, ұлы жоспарлардың тынбайтынын түсінесің. Ұлы жоспарларлың авторы да ұлы екенін ел біледі. Бірақ, өзі олай сезінбейді, еңбек астында өскен адамның қарапайым тұлғасы қашан да сол қалпында көрініс береді. Бұл кітапта да солай. Бәрі де біз көрген, есте сақталған үлкен өмір сыры. Оның біз білмейтін жайларын Елбасының өзінен тыңдап, мәз болып отырмыз. Президент таяу күндері алда тұрған туған күнінің қарсаңында өмірі, көрген-білген, істеген істері жайлы сыр шертіп, халқына сыйлық жасап отырғаны да қуанышты. Қуанышқа құтты болсын айтамыз. Елбасына ұзақ өмір, алдағы жоспарларының орындалуына сәттілік тілейміз.
Серік ҚИРАБАЕВ,
академик.
АЛМАТЫ.