27 Тамыз, 2015

Қаржы нарығындағы жағдай қауіпті бола түсті

275 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазіргі күндері жер-жаһандағы жұрттың бірінші кезекте әңгімеге өзек ететін тақырыбы, сөз жоқ, дүйсенбіде әлемнің қаржы рыногында орын алған ауыр ахуал болып тұр. Сарапшылар оны сол бойда «қаралы дүйсенбі» деп атап та үлгерді. Шын мәнінде оның түсі мен тұрқы қандай болмақ екенін білмейміз, бірақ мұның зардабы мен залалы әлі талай уақытқа дейін баратынын экономика ғылымынан хабары барлардың бәрі айтып жатыр. Олар өзінің әлем экономикасын қиратып өтетін сұрапыл соққысы жағынан 1929 және 1987 жылдары орын алған апатты жағдайларға пара-пар екенін талмай айтып жатыр. Осы жолы алдымен Қытайдың қор биржасы құлады. Дүйсенбі күні АҚШ пен Еуропа елдерінің қор рыноктары соны бастан кешті. Бұл қатардан Ресей мен БРИКС елдері де, Таяу Шығыс пен Азия-Тынық мұхиты аудандары мемлекеттері де тысқары қала алмады. Олардың барлығының ұлттық валюталары құнсызданып, мұнайдың бағасы арзандап кетті. Осы дүмпумен төмен сырғыған мұнай баррелінің құны тарихи ең төменгі шектеуіне дейін түсті. Осының бәрі әлемнің қаржы жағдайының өте бір қиын, аумалы-төкпелі кезеңге келіп, килігіп тұрғанын көрсетеді. Мұның ақыры қалай боларын әзірге ешкім де дөп басып, дәл айтып бере алмайды. Ендеше, біз де әліптің артын бағамыз.

Қытай халық банкі акция құлауына АҚШ-ты айыптады

дагдарыс-1Қытайдың халық банкі дүйсенбі күні АҚШ-тың монетарлық саясатты қатайту жөніндегі ниеті әлемнің акция рыногында құнсызданудың орын алуына апарып жеткізгенін мәлімдеді. Қытай жағы әлемнің акциялар рыногы оған қатысушы ойыншылардың АҚШ федералды резерв жүйесі қыркүйек айында есеп ставкасын көтереді деп күткендіктен орын алды, деп есептейді. Осыған орай China Daily газеті Қытай халық банкі жанындағы қаржы институтының директоры Яо Юйдунның ставканы көтерудің әлемдегі қаржы дағдарысына алып баратынын айтқанын алға тартады. «Бұл жаңалық нарықтың бақылаусыз жағдайға жетуінің бастапқы тетігі болды. Пайыздық ставкаларды көтеріп жіберу Америка акцияларының бағамдарын да төмен түсіреді, мұның соңы сосын бүкіл әлемде акция сатуды қиындатып жіберуі мүмкін, қорытындыда ол әлемдегі жаңа қаржы дағдарысын алып келеді», деген тұжырым жасады сарапшы. Юйдунның айтуынша, АҚШ инфляцияның деңгейі 2 пайызға жеткенше «төзімділік сақтап» отыра тұруы тиіс еді.

Америкада жұмыссыздар саны 93 миллион адамнан асты

АҚШ президенттігіне үміткер сенатор Дональд Трамп Time журналына берген сұхбатында елдегі жұмыссыздар көлемінің ресми мәліметтерде келтіріліп жүргеннен әлдеқайда көп екенін жеткізді. дагдарыс-3Трамп Америка экономикасы туралы айтқанда, бұрын естілмеген жаңалықтарды жайып салды. Оның мәліметінше, елдегі жұмыссыздықтың көлемі көрсетіліп келгендей 6 пайыз емес, тура 21 пайызға дейін барады. «Мен нақтылы жұмыссыздық ауқымы туралы айтып отырмын. Бірер күн бұрын оның біздегі көлемі туралы ақпарға көз салып, 90 миллион адамның жұмыссыз отырғанын байқадым. Дәлірегі тіпті – 93 миллион. Ендеше, нақтылы сан арқылы шаққанда, мұның алып жатқан ауданы 42 пайызға дейін барады», – деді сенатор. Ол елдегі жұмыссыздық деңгейінің ресми мәліметте 5,3 пайызға теңгеріліп келе жатқанын сөз ете келіп, мұның шындыққа мүлдем жанаспайтынын айтты. «Бізде жұмыс іздеп жүргендер ғана жұмыссыздар қатарына жатқызылады, – деді ол. – Ал іздемей жүргендер бұл тізімге кірмей қалады. Егер шын мәнінде ешқандай жұмысы жоқтарды тізіп шығар болсақ, олардың саны 93 миллионнан астам адам болатыны анық». Трамп жоғарыда келтірілген цифрларды еңбек министрлігінің ай сайынғы есебі негізінде жасап алған болуы мүмкін. Ал аталмыш есеп Wall Street Journal басылымында жарияланып тұрады. Сол басылымда шілде айының көрсеткіштері жайлы мынадай ақпарлар бар. Айталық, осы кезеңде америкалықтардың тек 59 пайызында ғана жұмыс болған, адамдардың 62 пайызы ғана өздерін «жұмыс күші» санайды. Шын мәнінде жұрттың 40 пайызы жұмыссыз жүр. Экономистер бұл жайында өте жақсы біледі. Алайда, олар бұл цифрды жария ете бермейді. Себебі белгілі. Біріншіден, жұмыссыз саналатындардың басым бөлігі – жасөспірімдер мен зейнеткерлер. Кестеде әрбір жастағылар топтарының қаншасы жұмыспен қамтылғаны, қаншасы жұмыссыз жүргендері немесе «жұмыс күші» болып саналмайтыны көрсетілген. Еңбек министрлігі бұл адамдарды жұмыссыздар қатарына қоспайды. Қазір америкалықтардың 42 пайызында жұмыс жоқ екенінің мынадай да себебі бар: АҚШ-та 42 миллион тұрғынның жасы 60-тан асып кеткен болса, тағы 10 миллионы жасөспірімдер көрінеді. Сонымен бірге, бұл категорияға жататындар арасында жұмыс істейтіндер де аз емес. Тағы бір мәлімет: елде жұмысқа қабілетті саналатындар жасындағы кісілердің 80 пайызында жұмыс бар. Бұл жаңағы Трамптың статистикасының ойға оралымды екенін байқата түседі.

Янцзы: елсіз үй, шырмауық басқан көше

26-08-15-derebushka-1Қытайдың Янцзы өзенінің шығыс жағалаудағы құярлығында орналасқан шағын деревня табылды. Бір кездергі атауы Хату Ва болған деревняның ерекшелігі қазіргі күндері бір адам да тұрмайтын, жұрт түгел тастап кеткен ондағы үйлердің бәрін, сондай-ақ, елді мекеннің соқпақтары мен алқаптарын түгелдей шырмауық басып қалған. Алыстан қарап тұрғанда, ол құдды бір қолдан тоқылған түкті кілемнің түсіндей болып көрініп тұрады. Бүгінде қаңырап қалған сол деревня бір кездері балықшылардың жайлы тұрағы болып, күнде қанбазардың қалпындай тіршілік танытып тұрған екен. Бірақ соңғы жылдары айналаны шырмап бара жатқан дағдарыс осы бір арал-ауылды да айналып өте алмапты. Бұған ең алдымен Қытайда кейінгі кездері қолмен балық аулаудың тиімсіз бола бастауы себепкерлік еткен сияқты. Соның салдарынан тұрғындар күнкөріс қамымен жан-жаққа бытырап, көшіп кеткен. Ал елсіз қалған үйлер мен сүрлеулер біртіндеп шырмауық пен мүктің астында қалып, адам танымастай болып өзгеріп шыға келген. Сөйтіп, табиғат қайтадан бастапқы қалпына келіп, бұл жерді гномдар қонысына айналдырып жіберген көрінеді.

Ресей мен НАТО арасындағы шиеленіс бәсеңдеуі тиіс

[caption id="attachment_74247" align="alignleft" width="375"]A Ukrainian army serviceman looks through binoculars as he stands guard at a checkpoint near the town of Debaltseve, in Donetsk region August 2, 2014.  REUTERS/Valentyn Ogirenko A Ukrainian army serviceman looks through binoculars as he stands guard at a checkpoint near the town of Debaltseve, in Donetsk region August 2, 2014. REUTERS/Valentyn Ogirenko[/caption] Қазіргі күндері жаһандағы бірқатар елдердің бұрынғы сыртқы істер және қорғаныс министрлері Ресей мен НАТО-ны «аяқасты әскери жанжал туып кетпеу жолдарын» қарастыруға шақырды. Ресейдің бұрынғы қорғаныс министрі Игорь Иванов, Германияның бұрынғы қорғаныс министрі Волькер Рюэ, сондай-ақ Ұлыбритания, Франция, Испания және Түркия елдерінің бұрынғы қорғаныс министрлері теңіз бен әуеде қарым-қатынас қалыпты тәртіп орнатудың бірінші кезектегі маңызды мәселе екенін атап өтті. Қазіргі күндері Ресей мен НАТО құдды бір өзара бәсекеге түскендей, Украинадағы дағдарысқа байланысты соңғы айларда құрлықта да, әуеде де әдеттегіден жиі әскери жаттығу өткізіп жатыр. Мысалы, осы кезде Ресей сондай жаттығуды Қытаймен бірлесіп өткізуді қолға алды. «Жағдайдың ушыққаны сонша, сәл ғана бір қате есеп немесе төтенше бір оқиға дағдарысты шиеленістіріп, тіпті тікелей әскери жанжалға ұрындыруы әбден мүмкін» деп атап өтілді экс-министрлердің тамыздың 25-і күні European Leadership Network сараптама орталығы басылымында жарияланған мәлімдемесінде. Лондон қаласында орналасқан сараптамалық орталық Ресей мен НАТО, Ресей мен Швеция және Финляндия әскери күштері арасында 66 рет «әскери жанжалға ұрындыра жаздаған төтенше оқиға» болғанын мәлімдейді. Бірақ екі жақтың сабыр сақтауы арқасында бірде-бір рет мылтықтың даусы естілген жоқ. Енді одан да сақ және мұқият болатын кезең келді.

Эстония неден қауіптенеді?

дагдарыс-4Эстония полициясы мен шекара күзеті департаменті елдің Ресеймен аралықтағы шекарасына дуал орнатуға ниетті екендерін мәлімдеді. Бұл туралы «Коммерсантъ» хабарлады. Эстонның Postimees басылымының ақпарына қарағанда, көзделіп отырған ықтимал қабырғаның құрылысы 2018 жылы басталады. Оның биіктігі 2,5 метр болады. Эстон жағы екі елдің шебіндегі шекті техникалық жағынан нығайта түсудің басты себебі ретінде ресейліктер тарапынан болып тұратын тәртіп бұзушылықты атады. Жалпы, Таллин Еуропадағы Ресеймен арадағы шекараларын тас қылып бекітіп тастауға ұйғарым жасап отырған жалғыз ел емес. Бұған дейін дәл осындай ойлары бар екенін Латвия сыртқы істер министрлігінің басшысы Рихард Козловский де білдірген болатын. Ол мұны бірақ Азия елдерінен келетін мигранттар тасқынынан қорғану үшін жасайтындарын айтып еді. «Бізге бұл астыртын келген келімсектерге билет сатып алып бергеннен гөрі әлдеқайда тиімді», деп отыр Козловский мырза. Эстонияның шекараны «шегендеп тас­тау» жөніндегі жос­пары жайлы елдің ішкі істер министрлігіне қарасты шекара күзеті басшысының саясат саласы бойынша кеңесшісі Юлле Вяйне жеткізді. «Біздің мақсатымыз Ресеймен араға жиектетіп салып қоя салатын биік дуал ғана емес, осы аумақты тұтас бақылап тұратын техникалық қадағалау болып табылады. Шекара бәрінен бұрын техникалық құралдар тетіктерімен бақылауға алынуы керек», – деді ол. Вяйненің айтуынша, сол кезде шекарашылар құзырына қадағалау камерасы мен ұшқышсыз ұшақ беріліп қойылады. Осы тұста сондай-ақ бақылау-із салу белдеуіне де  бақылау орнатылады. Олар дуалдың екі жағына да қойылады. Оның ұзындығы жалпы аумағы 136 шақырымды алатын құрғақтағы шекара сызығының 108 шақырымын қамтиды. Биіктігі 2,5 метр болатын дуалдың жоғарғы жағы, 1,6 метрлік биіктіктегі ішкі жағы тікенекті сымдармен көмкеріледі. «Бұл бақылау аймағына аңдардың түсіп кетпеулері үшін жасалады», – деп түсіндірді мұны Юлле Вяйне. Кеңесші «жобаның әзірге талқылау кезеңінде тұрғанын» да еске сала кетті.  Енді екі жылдан кейін қолға алынуға тиісті бұл жұмыс мемлекет үшін €71 млн. көлемінде қаржы керек етеді. «Шамасы, Эстония өзінің азаматтары үшін резервация жасап қоюға бекінген сияқты. Бұл – өте бір демократиялы тірлік», – деді осы орайда Ресей мемлекеттік думасының ұлттық қауіпсіздік және жемқорлыққа қарсы комитетінің төрайымы Ирина Яровая. Ол «демократиядан ештеңені аяуға болмайтынын» айта келіп, «дұрысы, биіктікті бес метрге дейін көтеріп, шығынды €142 млн. сомасына жеткізу керек еді, сонда дуалдан ешкім қарғып өтіп кете алмайды» дегенге тоқталды.

Виргиния: қару ұстаған оқушы мұғалімдерін кепілге алды

дагдарыс-5АҚШ-тың Батыс Виргиния штатында 14 жасар қару ұстаған оқушы өзі оқитын мектептің бір топ оқушылары мен мұғалімдерін кепілге алған. Осыған орай «Ассошиэйтед Пресс» агенттігі оқиға болған жерге полицейлердің шұғыл жеткендерін жазады. Тәртіп сақшылары келген бойда мектептің қалған оқушылары мен оқытушыларын алып шыққан. Полицейлермен арада болған келіссөздің ақырында бала өз еркімен беріліп, кепілге алған жандарын босатты. Нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ. Полиция өкілі Майкл Байлустың айтуына қарағанда, жасөспірім қолға түскен бойда денсаулық жағдайын тексеріп көру үшін жергілікті ауруханалардың біріне жіберілген. Ал оның неліктен мұндай қадамға барғаны әзірге белгісіз. Беттің материалдарын дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20