15 Қазан, 2015

Байланыс аясы кеңейеді

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атыраулықтар оңтүстікқазақстандықтарға шағын автобус сыйлады Достық көңіл үшін жердің шалғайлығы кедергі жасай алмайды. Бұдан үш ай бұрын Оңтүстік Қазақстанда Атырау облысының күндері өткен еді. Сол кезде атыраулық өнер шеберлері оңтүстікқазақстандықтарға ән мен жырдан шашу шашқан болатын. Енді жақында Оңтүстік Қазақстан облысының Атырауда мәдениет күндері өтті. Қос облыстың атаулары басқаша аталғаны, бірі оңтүстікте, екіншісі батыста орналасқаны болмаса, Оңтүстік Қазақстан мен Атырауды байланыстыратын ұқсастықтар жетерлік. Атырау мен Шымкентті шекара қоспағанымен, адамдары байланыстырып жатыр. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен тойлануда. Егер оңтүстік пен батыс байланыспағанда, хандықтың бір астанасы төстіктің төріндегі рухани астана – Түркістан, екінші астанасы киелі Сарайшық болмас еді. Еліміздің мемлекеттік Әнұранының сөзін Жұмекен Нәжімеденов, әнін Шәмші Қалдаяқов жазбас еді. «Ақ алтын» терген оңтүстік пен «қара алтын» өндірген мұнайлы Атыраудың арасында географиялық ұқсастық та бар екен. Қазақтың сары даласының ұлы өзені – Сырдарияны оңтүстік еміп отырса, аялы Ақ Жайықтан батыс өңірі нәр алуда, деді оңтүстікқазақстандықтар өнер шеберлерінің гала-концертінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясына шағын автобусты сыйға тартты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов аймақаралық байланыстың тәжірибе алмасу үшін қажеттігіне көңіл аударды. Ол Оңтүстік өңірде жарыққа шыққан «Ұлы Дала өсиеті» кітабының 50 данасын, «Өркендеген, көркемденген Оңтүстік» кітабы мен «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығын, Түркістандағы Қ.Ясауи кесенесі салынған гобелен мен Арыстан баб кесенесі бейнеленген кілемді атыраулықтарға тарту етті. Атыраулықтарға «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің, «Тұмар» фольклорлық ансамблі мен қобызшылар ансамблінің, Ш.Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармония ұжымының, «Семсер» тобы мен «Қазына» би тобының, әншілер мен әртүрлі аспаптарда ойнайтын шеберлердің өнері ұсынылды. Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театры ұсынған Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз» қойылымы да мұнайлы өңір тұрғындарының ыстық ықыласын тудырды. Айтқандай, оңтүстікқазақстандық өнер шеберлері Махамбет және Исатай аудандарында өнер көрсетті. Сонымен бірге, оңтүстік Қазақстандағы мұражайлар жәдігерлері мен қолөнер шеберлері мен суретшілерінің туындылары «Шырайлы оңтүстік шежіресі» атты кеңейтілген көрме-экспозицияға қойылды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.