15 Қазан, 2015

«Нұрлы Жол» бар қазақты болашаққа бастайды

301 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
IMG_3623Ресейлік қандастардың кіші құрылтайында Елбасы Жолдауы талқыланды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған мәселелерге Ресейдегі қандастарымыз да қанықты. Халқымыздың «баласы көкпар шапса, әкесі үйде отырып тақымын қысады» деген тәмсілі тағдырдың айдауымен өзге елдің суын сулап, тіршілік кешіп жүрген Ресей жеріндегі қандастарымыздың басында бар. Олар атажұртқа алаңдап, Қазақстанда атқарылған жақсы істерді естіген сайын түлеген құстай қуанып, елдің тілеуін тілеп отырады. Оның үстіне қашаннан көрші қонған, тарихы да, халқының тағдыры да ұқсас Ресей мемлекеті мен Қазақстанды бір кеменің жолаушысы десе де болғандай. Қазіргі уақыт қай елге де жеңіл емес. Дүниежүзілік қаржы, экономикалық және сая­си дағдарыс әлемді бір тарының қауызына сыйғызғандай, қысып келеді. «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы тек бүгіннің ғана емес, болашақтың ісін, қиындықтан шығар жолды көрсетеді. Ресейлік қазақтардың кіші құрылтайы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жолдауы тақырыбына арналған дөңгелек үстел мәжілісінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бұл маңызды құжатта айтылған қадау-қадау мәселелер, бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамы жөнінде және теңгенің еркін айналымға жіберілуіне орай елде жүзеге асып жатқан істер жөнінде айтып берді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық мінберлерден сөйлеген сөзі, оның жыл сайын Қазақстан халқына жолдайтын Жолдаулары, жүзеге асып жатқан бас­тамалары тек ресейлік қандастарымыздың ғана емес, дүниеде тарыдай шашылып кеткен қазақтардың барлығының да назарын аударып отырады. Біз жыл сайын Ресеймен қатар, Еуропада, Орталық Азияда және басқа да елдерде тұратын қандастарымызбен кездескен сайын Елбасының сындарлы саясаты туралы айтып отырамыз, Жолдауларын, бағдарламаларын түсіндіреміз. Қауымдастық Жолдауды ресейлік қандастарымыз үшін қазақ және орыс тілдерінде әкелді, ал Қытайдағы қандастар үшін төте жазумен, Моңғолиядағы қазақтар үшін қазақ және моңғол тілдерінде, Түркиядағыларға қазақ және түрік тілдерінде, Өзбекстандағы бауырлар үшін қазақ және өзбек тілдерінде шығарамыз, – деді Талғат Асылұлы. Мұнан кейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Солтүстік Қазақстан филиалының жетекшісі Сағындық Салмұрзин «Болашаққа қазақстандық көпір» тақырыбында ой толғады. Ол, әсіресе, елімізде 2017 жылы өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне ерекше тоқталды. Елбасы айтқандай, көрмеге дайындық барысында болашақ энергиясын және жасыл экономиканы жасау үшін елімізді әлемдегі озық тәжірибелерді енгізу, іздеу және зерттеу орталығына айналдыру жұмыстары жүретіндігі туралы ақпараттан хабардар етті. Ресейлік қандастардың кіші құрылтайына арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Ербол Нұрғалиев Елбасы Жолдауындағы бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамын қандастарға егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сонымен қатар, дөңгелек үстел мәжілісінде Елбасының «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала елі» идеясы, патриотизм, елдік туралы да кеңінен сөз болды. Пікір алмасуға ресейлік қандастарымыз да белсене қатысты. – 2014 жыл халықаралық дәрежеде ауыр жыл болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы осы қиындықтарды алдын ала болжап білгендей, дәл уақытында сезінгендей әсер қалдырады. Онда айтылған мәселелер айтылып қала салатын сөз емес, барлығы да нақты жоспарға, тіпті цифрларымен берілген. Мысалы, жолдарды алайық. Елбасы Жолдауының Саратов облысына да қатысатын жері бар екенін мақтанышпен айтқым келеді. Гамбург-Шанхай тас жолының бір учаскесі Саратов облысы өңірінен өтеді. Нұрекең экономиканың қозғаушы күші шағын және орта бизнес екенін бұрыннан айтып келеді. Осы бизнеске Қазақстан мемлекеті тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа тек қызыға қараймыз. Ресейлік кәсіпкерлер жылдық 6 пайыз үстемемен беретін несиені тек түсінде ғана көреді, – деді Саратов облысында тұратын қандасымыз, тарих ғылымдарының кандидаты Геннадий Ташпеков. Осы дөңгелек үстел мәжілісінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шығарған «Казахская диаспора и репатриация. 1991-2012» атты монографиялық еңбектің тұсаукесері болды. – Сырт елдерде тұратын қазақ диас­поралары біздің ұлтымыздың үштен бірін құрайтынын түсінуіміз керек. Біз сырттағы қазақтардың тарихын ғылыми, кәсіби түрде жазуымыз керек. Сондықтан, қандастарымыз тұратын жердегі тарихшыларды ұлтына қарамай осы іске тартқан орынды болар еді, – деді Қауымдастықтың талдау орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева. Ол, сонымен қатар, кітаптың алдағы уақытта қазақ тіліне аударылатынынан да хабардар етті. Кіші құрылтай аясында өткен тағы бір дөңгелек үстел мәжілісінің тақырыбы «Ресейдегі қазақ этномәдени қозғалысы: тәжірибе, міндеттер, сабақтар» деп аталды. Онда Ресейдегі қазақ этномәдени қозғалысы жетекшілері мен белсенділерінің тәжірибе алмасуы, диаспораның бірігуін, нығайту, ата-жұртпен байланысын дамыту және ресейлік қандастарға қазақ тілін оқыту мен оның шешімін табу жолдары секілді тақырыптар төңірегінде сөз болды. Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүсенбаев Ресейдің әр шалғайындағы қандастар жүргізіп отырған жұмыстарға, олардың өзекті мәселелеріне тоқталды. Жалпы, кіші құрылтай жұмысына, оның ішінде осы дөңгелек үстел мәжілістеріне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы консулы Асхат Сыздықов қатысты, ол Ресейдің 20 өңірінен келген қандастарымыздың талап-тілектерін тыңдап, оларға жауап берді. Шекаралас Батыс Қазақстан облысынан келген делегация мүшелерінің Самара облысымен жұмыс тәжірибесі тыңдалды. Ресей қазақтарының кіші құрылтайы аясында Еділ бойындағы қандастарымыз өздерінің тілін, дәстүрін ұмытпауға, дамытуға ұйытқы болып отырған «Ақ жол» аймақтық ұлттық-мәдени автономиясына 10 жыл толуын мерекеледі. Облыстық филармонияға Самара облысының аудандары мен қалаларынан жиналған қандастарымыз, сол аудандардың, облыстың басшылары тапжылмай алты сағат отырып, мерекелік шараны және фото, қолөнер көрмелерін қызықтады. Самаралық қандастарды Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы консулы Асхат Сыздықов құттықтады. Әр аудандардағы қазақтардың қоғамдық ұлттық-мәдени ұйымдары мүшелері құрған би ансамбльдерінің өнері тамашаланды, Қазақстаннан барған өнер жұлдыздары, әншілер Ерлан Рысқали, Меруерт Түсіпбаева, Тілеубек Қожанұлы, «Қыздар-ай» тобының мүшелері Бақыт Райбаева мен Айнұр Алшынбаева әннен шашу шашты. «Ақ жол» ұлттық-мәдени автономиясы он жылдың ішінде Тоқтарбай Дүсенбаевтың басқаруымен қазақтың ұлттық дәстүрін, тілін, мәдениетін дамытуда, Самара жеріндегі ұлттар достығын нығайтуда, ата жұрт –Қазақстанмен жан-жақты байланыс­ты нығайтуда қыруар жұмыс атқарды. Самарада 2009 жылдан бастап, қазақ тілін үйренушілердің жексенбілік мектебі жұмыс істейді. Жыл сайын «Наурыз» мерекесі өтеді, оған облыстағы қазақтар тұратын 13 муниципалды ауданнан «Ақ жол» филиалдарының мүшелері келіп қатысады. Самара облысын жайлаған 16 мыңнан аса қазаққа газет шығарылады. Мерекеге жиналғандарға самаралық қазақтардың «Ақ жол» ұлттық-мәдени автономиясының құрылуы мен қалыптасуы туралы деректі фильм көрсетілді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай – САМАРА – ҚОСТАНАЙ.