15 Қазан, 2015

Тергеуден соң, сотқа шақырады

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
14 10 2015 Шарайна-1Флоренция соты Италияның премьер-министрі Маттео Ренциге, оның 2009-2014 жылдары қаланың мэрі қызметін атқарған кезде бюджет қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен тергеу шараларын бастады. «Рейтер» агенттігінің ақпараттарына қарағанда, М.Ренци Флоренция қаласын басқарып тұрғанда, мейрамханаларда бюджет ақшасымен есеп айырысқан. Агенттік осы мақсатқа оның 600 мың еуро шығындағанын келтіреді. Өткен жылдың ақпанынан премьерлік лауазымға ие болған ол тергеу аяқталған соң, жауап беру үшін сотқа шақыртылады. Жақында, яғни 8 қазан күні Рим қаласының мэрі И.Марино өз отбасымен бірге мейрамханада түскі ас ішіп, 20 мың еуроны муниципалды картадан төлегені үшін дауға қалып, қызметтен кеткен еді. Мадуро мен Моралес және Руссефф Венесуэла президенті Николас Мадуро Бразилия оппозициясының ел президенті Дильма Руссеффті қызметтен кетіру әрекеттеріне қарсы іс-қимыл көрсетуге шақырды. Мұндай мәлімдемені ол Боливия басшысы Эво Моралеспен кездес­кеннен кейін жасаған. Мәлімдемесінде Н.Мадуро Бразилиядағы саяси жағдайға назар аудару қажеттігіне тоқтала келіп, әзірленіп жатқан «төңкерістік әрекеттерге» үнсіз қалуға болмайтынын атап өткен. Сонымен қатар, ол өзінің боливиялық әріптесі де Бразилиядағы жағдайға «қатты алаңдаушылық» білдіретініне тоқталған. Бұған қоса, Мадуро ел президенті Руссеффке қарсы «төңкеріске» наразылық білдірген Бразилия әлеуметтік қозғалысына қолдау көрсетуге шақырды. Жанжал халықаралық сотта қаралады Шар-001Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Фату Бенсуда палаталардан 2008 жылы Оңтүстік Осетиядағы қарулы жанжалға қатысты тергеуді бастауға рұқсат сұрады. Аталған соттың таратқан баспасөз релизіндегі ақпараттар бойынша, прокурор 2008 жылдың 1 шілдесі мен 10 қыркүйегі аралығында Оңтүстік Осетияда әскери қылмыстар және адамзатқа қарсы қылмыстар жасалған деп есептейді. Бұл жерде сөз республика аумағынан этникалық грузиндерді көшіру, сондай-ақ, грузин әскерлерінің бітімгершілік миссиясы күштеріне шабуыл жасауы жөнінде болып отыр. Халықаралық қылмыстық соттың мәліметтеріне қарағанда, күштеп көшіру барысында саны 51-113-тей болатын Грузия азаматтары өлтірілген, 13,5-18,5 мыңдай этникалық грузин босқын атанған. Оларға тиесілі 5 мыңнан астам үй қиратылған. Прокурордың мәлім етуінше, грузин әскерлеріне оншақты ресейлік әскери қызметшіні өлтірді деген күдік келтіріліп отыр. Қысқа қайрып айтқанда:
  • Сауд Арабиясының билігі Умра қажылығының жаңа жүйесін және соған сәйкес атқарылатын іс-шаралар жоспарын жариялайды. Келесі жылдан бастап Умра қажылығын өтеушілер саны үш есеге артып, қасиетті қағбаға айына 1,25 миллион адам тәу ететін болады.
  • Қытайдың Хунань провинциясында туристерді көбірек тарту үшін әлемдегі ең ұзын әйнек көпір Чжанцзяцзе үлкен шатқалының үстінен салынды. Оның ұзындығы 430 метр, ені 6 метр болады.
  • Түркияның сыртқы істер министрлігі Ресей мен АҚШ-тың осы елдегі елшілерін шақыртты. Оған ресми Мәскеу мен Вашингтонның сириялық күрдтерге әскери қолдау көрсетуі себеп болса керек.
  • Сириядағы ұрыс кезінде Иранның екі генералы – Ф.Хасунизаде мен Х.Мохтарбанд қаза тапты. Олар Ислам революциясын қорғау корпусы құрамында қызмет еткен.
Қала басшысын тірідей өртеп жіберді Гватемаланың батысындағы Консепьсон қаласының тұрғындары қала мэрін тірідей өртеп жіберіпті. Наразы топ оның үстіне жанармай құймас бұрын, марқұмды үйінен күштеп алып шығып, әбден тепкілеген көрінеді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, қала басшысын сайлау кезінде саяси бәсекелесі оны «жемқорлық жасады, бюджет қаржысын желге ұшырды, лауазымын асыра пайдаланды», деп айыптаған екен. Осы мәлімдемелерден кейін, яғни өткен аптада қала басшысын айыптаған саясаткерге қылмыскерлер автокөлік ішінен оқ жаудырып, қызы мен жақын туысын өлтіріп кетіпті. Қылмыскерлер оғынан, сондай-ақ, саясаткердің өзі және оның отбасының төрт мүшесі жараланған. Ал қала мэріне кандидат болған саясаткердің ағасы Карлос Балан қайғылы оқиғаға дейін қала басшысының тарапынан қоқан-лоқы көрсеткен ескертулер болғанын айтады. Жер дүмпуінің жаһандық болжамы 14 10 2015 Шарайна-2«Жер сілкінісінің жаһандық моделі» ұйымының бас хатшысы Ансельм Смолка пайдаланушылар үшін интернет-сервистер арқылы жер сілкінісі тәуекелдерінің болжамы мен статистикасының бүкіләлемдік моделі 2017 жылға қарай жасалатынын мәлімдеді. «Жұмыс әлемдік ауқымда жүргізілуде. Нақты жұмыстар 2009 жылы басталған. Бүгінде бізде Еуропа мен таяу Шығыстың осындай картасы бар. Қазіргі кезде Оңтүстік Америка мен Африканың картасы жасалуда, олар келесі жылы дайын болады», – деп атап өткен А.Смолка Мәскеудегі халықаралық конгресте жасаған баяндамасында. Оның айтуынша, интернеттегі қолжетімді нұсқа тұтас елдерге дейінгі әртүрлі ауқымдағы жерасты дүмпулерінің түрлі сценарийлерін, өңірлік жер сілкіністері туралы ақпараттарды және қауіптер мен тәуекелдер бойынша жаһандық мәліметтер жиынтығын қамтиды. «Біздің өнімімізді қауіптерді бағалау үшін қазірдің өзінде пайдалануда, тәуекелдер моделі бірнеше елдер бойынша жасалған. Оның ішінде Ұлыбритания мен Оңтүстік Африка Республикасы бар», – деді А.Смолка. Қаладан әскерін шығара бастады «Талибан» қозғалысы өз мақсатына жеткендіктен, Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз қаласынан әскерін шығаратын болды. Бұл ақпаратты «Би-би-си» таратты. Соңғы аптада осы қаланың маңында «Талибан» қозғалысының содырлары мен үкімет әскерлері соғыс қимылдарын жүргізген еді. «Талибанның» баспасөз хатшысы Құндыз қаласындағы түрмеден жүздеген жасақтарын босатып алғанын және әскери техникаларды қолға түсіргендерін атаған. Ал Ауғанстанның үкіметтік әскері қазіргі кезде қаланы толық бақылауда ұстап отырғандығын хабарлады. «Талибан» содырлары қыркүйекте Құндыз қаласындағы бірқатар мемлекеттік органдар орналасқан ғимараттарды басып алып, онда үш күндей тұрған еді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, елдің оңтүстігіндегі Газни провинциясында жаңа қақтығыстар туындаған сияқты. Қаза тапқандар да бар. Жергілікті тұрғындар қақтығыстар болған аудандардан көшіп жатқан көрінеді. Интернет материалдары негізінде әзірленді.